«Нұр Астана» мешітіне тура 6 жыл толды

Еліміздің кіндік қаласынан орын тепкен «Нұр Астана» орталық мешіті бүгінде Аллаға шүкір рухани орталыққа айналып үлгерді. Мұнда бес уақыт намаз өткізу, діни сауат ашу курсының жұмыстары, неке қию, баланың құлағына азан шақыру, құран оқу, қайырымдылыққа мұқтаж жандарға көмек қолын созу, рухани-танымық семинарлар мен жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ендеше, сайтымыздың оқырмандарына мешітіміз жайында кеңінен мағлұмат беруді жөн көрдік.

Әлем жұртшылығын өзінің әсем сәулетімен тамсандырған «Нұр Астана» орталық мешітінің құрылысы 2002 жылы басталып, 2005 жылы пайдалануға берілді. Мешіт Астана қаласы Қабанбай батыр даңғылы, 36 мекен-жайында орналасқан. Бұл мешіт Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері — Түркияның «Пасинер» компаниясы. Ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Әрлендіріп, безендіру кезінде ұлттық нақыштармен астастырылып, оған ашық жасыл түсті бояулар пайдаланылған. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Қажетті материалдар мен бояулар Санкт-Петербург, Испания және еліміздің өз кәсіпорындарынан алынды. Ал енді ою-өрнектерге келсек, мұнда өсімдік оюлары мен ғарыштық оюлар таңдалды. Сол ою-өрнектер ұлттық нақыштармен астастырылды. Қаланың қай бұрышынан қарасаң да менмұндалап көрініп, тұратын «Нұр Астана» орталық мешіті әсіресе, Астана әуежайынан қалаға кіріп келе жатқанда ерекше көзге түседі. Бұл ғибадат үйі есілдің сол жағалауындағы қала көркіне көрік қосып, ажарын ашуда. Бұл еліміздегі сыйымдылығы жағынан ең үлкен мешіт болып саналады. Мешіт құрылысы аяқталғанға дейін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың назарынан тыс қалған емес. Дінбасы Ә.Дербісәлі хазрет те мешіттің ішкі-сыртқы жұмыстары мен безендіру жұмыстарын мұқият қадағалап, безендіру жұмыстарындағы бояу түстері мен жазуларға ерекше көңіл бөліп, өз бақылауында ұстады.

Михраб жақтауларына «Бақара» сүресінің 255-ші аяты, яғни «аятул курси» жазылса, ал маңдайшасына «Бақара» сүресінің 144-ші аяты нақышталған. Бұл мешіттің айрықша ерекшелігі — михрабы. Мешіт михрабы балкон тәрізді жасалған. Мешіттің ішінде көздің жауын алып адамзат баласының жан дүниесіне шапағат шуағын шашып тұратын басқа да қасиетті жазбалар бар. Михрабтың ең үстіндегі шаңырақ төбеде: оң жақтағы үлкен шеңберде «Аллаһ. Алла ұлық», сол жақтағы үлкен шеңберде «Мұхаммед. Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын», одан төмендегі төрт шеңберде Ислам халифалары Әбубәкір, Омар, Осман, Әли (Алла ол кісілерден разы болсын) есімдері жазылған. Михраб маңдайшасының екі жағындағы алты шеңберде (оңнан солға қарай) төмендегі сөздер жазылған. Бірінші шеңберде: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!». Екінші шеңберде «Тақуалық пен игі істерде бірігіңдер». Үшінші шеңберде «Алладан басқа тәңір жоқ!». Төртінші шеңберде «Мұхаммед (с.а.с.) Алланың елшісі». Бесінші шеңберде «Кеңшілік деген тақуалыққа тән нәрсе. Демек, өзара кешірімділікті де ұмытпаңдар. Алла сендердің істеріңді көріп тұрады». Алтыншы шеңберде «Барлық мақтау әлемдердің раббысы Аллаға тән». Михрабтың оң жақтауынан солға қарай «Алладан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да, ұйықтамайды. Көктегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдындағысын (дүниедегі) да, кейінгісін (қияметте) де біледі. Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көк пен жерді сыйдырады. Оған ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол өте биік, аса зор», — делінген Аятул күрси жазылған. Тіреу діңгектерді бір-бірімен байланыстырып тұрған арқалықтың Қыбла жақ бетінде «Әл-Имран» сүресінің 133-135-ші аяттары жазылған. Есіктен кіргенде оң жақ бетте «Тәубә» сүресінің 18-ші аяты жазылса, сол жақ бетте «Әл-Имран» сүресінің 189-192-ші аяттары өрнектелген.

Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы мешіттің ашылу салтанатында барша мұсылман халқын елордадағы үлкен имандылық үйінің ашылуымен құттықтай келе, 1994 жылы Сауд Арабияға арнайы жасаған сапарында құтты елдің Әмірі Фаһд бин Әбдел Азиз сыйға тартқан қасиетті Қағбаның жабуы қисуаның бір бөлігін және қасиетті құран кәрімді мешітке сыйға тарту етті. Ол қисуа бүгінде мешітіміздің төрінде дәлірек айтсақ, михрабта ілулі тұр. Қисуада «Хаж» сүресінің 27-ші аяты жазылған. Аятта «Адамдарды қажылық етуге шақыр. Олар жаяу және көлік үстінде әрбір алыс жолдардан саған келеді», — делінген.

Есілдің сол жағалауындағы «Нұр Астана» мешітінің алтынмен апталған бас күмбезінің биіктігі 43 метр болса, одан өзге 25 кіші күмбездері бар. Мешіттің іргетасы бетоннан, қабырғасы пеноблоктан тұрғызылған. Ішкі қабырғалары жартылай табиғи мәрмәрмен көмкерілген бұл мешіттің биіктігі 63 метрлік төрт мұнарасы бар. Оның күмбездерін тіреп тұрған 8 тіреу діңгектері бар. Мешіт орналасқан жердің көлемі 6,7 гектар. Төрт жолдың торабында орын тепкен ғибадатхананың жалпы алаңы 3631,5 шм. Мешіттің 58,8 шаршы метрлік кіреберіс дәлізінде ҚМДБ-ның сараптау комиссиясы мақұлдаған әдебиеттердің бірқатары таныстыру мақсатында шынылы тақтаға ілінген. Сондай-ақ, мешітке келуші қыз-келіншектер осы кіреберістен арнайы қойылған ұзын көйлектерді киіп кіреді. Мұнда бір мезгілде 10000 адам намаз оқи алады. Жоғарғы қабатта әйел кісілерге арналған 290 шаршы метрлік, 2000 кісіге арналған балкон бар. Әйелдер ғибадатханасында 9 люстра, 93 жарық шамдары бар. Оған мешіттің кіреберісінің оң жақ және сол жағымен баспалдақ арқылы көтеріледі. Жоғарғы қабатта әйел кісілерге қатысты ислам ғылымхалы мен түрлі тақырыптарда уағыз ілінетін тақта орнатылған. Мешіттің негізгі есігінен бөлек қосалқы қоңыр түсті 4 есігі бар. Қосалқы есіктердің мешітке кіргенде сол жақтағысы жоғары лауазымды қызметкерлер мен құрметті қонақтарды қабылдауға арналған. Мешіттің алдыңғы жағында Бас имамның 28,90 шаршы метрлік кабинеті және 28,10 шаршы метрлік қабылдау бөлмесі бар. Сондай-ақ, наиб имамдар үшін 29 шаршы метрлік кабинет пен 28,80 шаршы метрлік азаншы бөлмесі де жасақталған. Барлық дыбыс күшейткіш қондырғылар мен мекрофондар азаншы бөлмесінен іске қосылады. Бас имам мен наиб имамдар кабинеттері екі қабатты болып орналасқан.

Цоколдік қабатта ерлер мен әйел кісілерге арналған дәретханалары бар. Бір мезгілде 72 ер кісі дәрет ала алатын ерлер дәретханасының көлемі 253,50 шаршы метрлік болса, 1,50 шаршы метрлік 32 әжетханасы, 4,10 шаршы метрлік 1 жуынатын орын (душ) бар. Жасанды жарық 32 люминесцентті шамдар арқылы беріледі. Әйел кісілердің дәретханасының жалпы көлемі 319 шаршы метрлік болса, онда 1,70 шаршы метрлік 18 әжетханасы бар. Мұнда бір уақытта 50 кісі дәрет алатындай жағдай жасалған. Бұл дәретханаға да 45 люминесцентті шамдардың көмегімен жасанды жарық беріледі. Дәретханаларда діни уағыз-насихат тақталары қойылып, дәрет алудың шарттары мен тәртібі ілінген. Мешіттің арнайы құран оқитын, неке қиятын бөлмелері болмағандықтан кез келген діни рәсім мешіттің ішкі залында атқарылады. Мешіттің шыға берісінде бес уақыт намаздың күнделікті уақытын көрсетіп тұратын және ағымдық тақырыптарда уағыз-насихаттар ілінетін үлкен тақта орнатылған. Мешіттің үлкен залының кілемі қанық қызыл түсті, сап түзеуге ақ түсті жолақ сызық түскен. Бұл кілемдер Түркияның мешіттер үшін арнайы кілем тігетін зауыттарынан тапсырыс бойынша алдырылған. Сонымен қатар ғибадатхананың ішкі аумағында аяқ киім шешетін орындар қамтылған.

Бас күмбездің 16 терезесі, оның төмен жағында 15 кішкентай терезесі, кіші күмбездердегі 15 үлкен терезе мен мешіттің ішкі залында үлкен 16 терезе және кіші 10 терезе арқылы күн сәулесі төгіліп, мешіт ішін жарқыратып тұрады. Мешіттің ішкі залында 1 үлкен және орташа 33 люстралар бар. Бұл люстралар мешіт ішіндегі жаңғырықты қалыпты жағдайда сақтауға арналып ерекше үлгіде жасалған. Оларға орнатылған 477 жарық шам арқылы мешіттің негізгі залына жасанды жарық беріп тұрады. Барлық жарықтану көздері қорғаныш плафондарымен көмкерілген.

2010 жылы «Нұр Астана» орталық мешітінің дыбыс күшейткіш қондырғыларын жаңарту мақсатын халықаралық тендер жарияланды. Аталмыш тендерді Біріккен Араб Әмірліктерінің «TeshnoPro» фирмасы ұтып алып, қондырғыларды түгелдей ауыстырып шықты. Ауыстырылған дыбыс күшейткіш қондырғылар мен колонкалар Италияның өнімі. 250 ватт қуаттылықты құрайтын мешіт ішіне 40 колонка, ал сыртына 46 колонка қойылды. Олардың барлығы өртке жанбайтын желі сымдармен жалғанды. Соңғы үлгідегі технологияның жетістігі болып табылатын бұл қондырғылар әлемнің кез келген мешіттеріндегі құрылғылардан кем түспесі анық. Қомақты қаражатқа жасалған бұл шараға жергілікті мешіт жанашыры демеушілік жасады.

Мешіттің алдында үсті ашық мешітпен қабаттастырылып салынған сырты қоршалған алаң бар. Мұнда жаз мезгілінде сырт дәрет алуға арналған арнайы орын қамтылған. Сондай-ақ, жұма күні бұл алаңға қосымша кілемдер төселіп, сыймай қалған жамағат намазға жығылады. Рамазан айында ауызашар дастархандары да осы алаңда жайылады.

Цоколдік қабатта 158 шаршы метрлік көлемде мешіттің жылыту жүйесі орналасқан. Мешітке жылу еден арқылы беріледі. Жылу жүйесінде соңғы технологиялар қолданылған. Бұл қалалық орталық жылыту жүйесіне қосылған. Қажет болған жағдайда қосалқы автономды жылыту жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ, су болмай қалған жағдайда уақытша сумен қамтамасыз ететін ені 3ш.м, ұзындығы 5 ш.м, бойы 3 шаршы метрлік су қоймасы да осы цоколдік қабатта. Мешіттің негізгі залында желдеткіш қондырғылары және 4 өрт сөндіру крандары қойылған.

Мешіттің сыртқы алаңы көгалдандырылып, әр түрлі ағаштар отырғызылған. Адамдардың демалуы үшін мешіт маңында арнайы отыратын 60 орындық қойылып, қазақтың киіз үйі тәріздес 3 беседка жасалған. Жаз айында мешіт ауласына текемет тәріздес етіп, әртүрлі гүлдер отырғызылады. Қысы-жазы мешіт аумағын тазалау, көгалдандыру, қар күреу секілді жұмыстарының барлығын қалалық шаруашылық мекемелері атқарады. Мешіттің биік мұнаралары мен сыртқы ауласында орнатылған жарық шамдар арқылы мешіттің түнгі бейнесі әсем Астананы одан сайын ажарландыра түседі. Мешіт маңдайшасына «Нұр Астана» мешіті деп неонмен жазылған. Сонымен қатар мешіт ауласында мешіттің қысқаша сипаттамасы, мешіт әдептері және басқа да асыл дініміздің құндылықтары баннерге жазылып ілінген. Қарсы алдында үлкен айналмалы тасы бар субұрқағы орналасқан. Мешіт ауласында 200 көлікке арналған автотұрақ және діни кітаптар мен заттар сататын дүкен қарастырылған. Барлық санитарлық талаптарға сай қасапханасы мен гаражы да мешіт ауласынан орын тепкен.

«Нұр Астана» орталық мешітінде уағыз-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, қаладағы қарттар үйі, жетім балалар үйі, жоғарғы оқу орындары, мектептерде және басқа да қоғамдық орындарда келісім бойынша лекциялар оқылып, кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, кез келген діни рәсімдерді белсене атқарады. 2010 жылдың маусым айында ашылған мешіттің ummet.kz сайты да насихат жұмыстарының бір құралына айналып отыр. Бүгінгі насихат көзі болып табылатын Республикалық БАҚ-мен тығыз байланыс орнатылып, маңызды тақырыптар бойынша сұқбаттар мен мақалалар берілуде. Қасиетті Рамазан айы мен айты, Құрбан айт, Мәуліт мерекесі қарсаңдарында белсенді түрде үгіт-насихат қызметтері атқарылып, мол тиражбен кітапшалар тегін таратылу да дәстүрге айналған.

Мешіт ашылғалы бері біршама ғылыми жұмыстарды өткізіп те үлгерді. Атап айтар болсақ, 2006 жылы Бас имам Қ.Заңқоевтың аталмыш мешіт жайында кең мағлұмат беретін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Нұр Астана» мешіті атты кітабы жарық көрді. 2008 жылы 18 маусымда Евразия ұлттық университетінде «Ислам және Ұрпақ тәрбиесі» атты ғылыми танымдық семинары, 2008 жылы Астана қаласы бойынша қарилар жарысы, 2009 жылы Агротехникалық университетінде «Ислам және Заман» атты ғылыми танымдық семинары, елімізде тұңғыш рет 2009 жылы 21-22 қазан күндері «Әдемі әуезді азаншы» республикалық азаншылар жарысын жоғары деңгейде ұйымдастырды. 2007-2008 жылдары БАҚ-да жарық көрген астаналық имамдардың мақалалары мен сұқбаттары топтастырылған «Насихат айттым, Жамағат!…» деген жинақ шықты. 2010 жылы мамыр айында тұңғыш рет «Нұр Астана» орталық мешіті Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтымен бірлесіп, діни уағыз-насихат және оқу ағарту жұмыстарына байланысты астаналық мұсылман халқының көзқарасын білу мақсатында сауалнама өткізді.

2005 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төралқа мәжілісінің шешімі бойынша кіндік қаладан бой көтерген бұл мешітке «Нұр Астана» орталық мешіті деген атау берілді. Сондай-ақ, бұл имандылық үйі -елордадағы барша мешіттердің қызметтерін бақылайтын орталық мешіт және ҚМДБ-ның филиалы болып табылады. Сондай-ақ, мешіт жанында оқу базасы толықтай жабдықталған 100 шәкіртке арналған «Астана» медресесі бар. Елордамыздан тұңғыш ресми ашылған бұл діни оқу орнының өз жұмысын ойдағыдай атқаруына аталмыш мешіт қызметкерлері оң ықпалын тигізуде.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: 

Пікір жазу