ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА ИСЛАМ ДІНІНІҢ ДАМУЫ ТУРАЛЫ

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасы мен Орталық Азия мүфтилері
Кеңесінің Төрағасы, Бас мүфти

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы – көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекет, онда қырықтан аса конфессияны ұсынатын үш мыңнан астам діни бірлестіктер еркін жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының егеменді дамуы барысында, 1990 жылы дін мәселелерімен айналысатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ұйымдастырылды.

Егеменді Қазақстандағы Исламның жаңғыруы, дінді мемлекеттік қолдау, сондай-ақ еліміздің Ислам конференциясы Ұйымының (ИКҰ) төрағалығына кірісуі және Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халықаралық қызметі туралы өз сұхбатында ҚМДБ және Орталық Азия мүфтилері Кеңесінің Төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ әңгімелейді…

– Ұлы мәртебелі Шейх мырза, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ислам дінінің дамуына қандай көңіл бөлініп отыр?

– Ел тәуелсіздігі ата-баба дінімен қайта қауыштырды. Бұл үшін Алла тағалаға сансыз шүкірлігіміз болсын.

Кеңес Одағының құрамында болғанда жаназамызды жасырын, азанымызды ақырын айтып келдік. Тәуелсіздікке қол жеткізгенде халқымыз ең бірінші ата дінімен сағына қауышты. Мұның бәрі, әрине, егеменділіктің арқасында мүмкін болды.

Тәуелсіздігімізді алғанда елімізде бар-жоғы 68 ғана мешіт бар болатын. Оның бірінің күмбезі, екіншісінің мұнарасы жоқ еді. Ал бүгінде Алла үйлерінің саны 2200 шамасында. Олар негізінен халықтың, жекелеген кәсіпкер азаматтардың, араб және түрік демеушілерінің қаражаттары есебінен салынды. Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы Алла тағалаға деген сүйіспеншілігімізді арттыруға, шариғат қағидаларын жан-тәнімізбен терең түсінуімізге жол ашатын, халықтың рухын Ислам дінімен қуаттандыратын мешіттердің көбірек бой көтергені бізді қуантады. Өйткені Алла үйі береке, бірліктің, ұлтаралық, дінаралық татулықтың тірегі, имандылықтың алтын ұясы.

Сөйтіп, соңғы он шақты жыл ішінде республикамызда бірқатар сәулетті мешіттер бой көтерді. Атап айтқанда, мешіт салып, Алла тағала разылығына бөленудің үлгісін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы көрсетті. Ол туған жері – Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған кентінде 1,5 мың орындық «Қарасай батыр» атындағы мешіт салдырып, халықты қуантты.

Тәуелсіздіктің арқасында ата дінімізбен қауышсақ та, оны орнықтырып дамыту біздің алдымызға бірқатар күрделі мәселелерді қойғаны шындық. Бұл күнде оның барлығы өз ретімен мемлекет тарапынан жасалған және жасалып отырған қамқорлық арқасында оң шешімін табуда. Елбасымыздың тікелей қамқорлығының нәтижесінде Ислам діні қанатын кеңге жайып келеді. Ал дінімізді дұрыс насихаттау үшін білім керек. Сондықтан, ең алдымен, діни рухани таза орта қалыптастыру мақсатында мешіттер жанынан діни сауат ашу курстарын ашып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркияның дін істері жөніндегі басқармасы арасында жасалған Келісімге сәйкес, жыл сайын 28 түркиялық ұстаз ірі қалалардағы мешіттерде дәріс беріп келеді.

2001 жылы Діни басқарма жанындағы аты бар да, заты жоқ бұрынғы екі жылдық ислам институтының орнына, Египет Араб Республикасындағы әл-Әзһар университетімен бірлесіп, имам-хатиб мамандығын тереңдетіп оқытатын заманауи 4 жылдық «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті іске қосылды. Ол бүгінгі стандартқа сай еліміздің Білім және ғылым министрлігінің лицензиясын алды. Онда әл-Әзһар университетінен арнайы келген доктор, профессор ұстаздар дәріс береді. Қазірге дейін оны 206 шәкірт бітіріп, бұл күндері еліміздің үлкенді-кішілі мешіттерінде қызмет атқаруда. Мұнан әрі де білімін арттырғысы келгендер осы оқу орнында магистрлікті жалғастыра алады.

Мұның барлығы мемлекетіміздің дінге деген жанашырлығы емес пе? Қазақстанда мешіттердің саны қарқынды өсіп жатыр дедік. Ендеше, сол мешіттерде пәрменді уағыз жүргізетін білікті де білімді мамандарға деген сұраныс арта түседі. Сондықтан, 2005-2010 жылдар аралығында 9 медресе (Астана, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Орал, Шымкент қалалары мен Үш қоңыр, Сарыағаш, Тараз, Қосшы елді мекендерінде) ашылып, мемлекеттік тіркеуден өтіп, Білім және ғылым министрлігінен лицензия алып, қызмет етуде.

Медреселерімізде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес жоғары оқу орнын бітірген білікті ұстаздар дәріс беруде. Сонымен қатар, әл-Әзһар университеті мен ҚМДБ-ның келісім-шарты бойынша Мысыр елінен келген 14 доктор-профессор оқытушылық қызмет атқаруда.

2002 жылдың тамызында Алматыда бұрын болмаған, имамдардың білімін жетілдіретін республикалық Ислам институты ашылып, онда күні бүгінге дейін 763 діндар өз білімдерін жетілдірді.

Егемендік арқасында ел жастары әлемнің алдыңғы қатарлы Ислам университеті болып есептелетін Мысырдағы әл-Азһар, Пәкістандағы «Дауа» университетінде және тағы басқа да діни жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Исламды уағыздауда БАҚ-тың алар орны орасан. ҚМДБ жанынан шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналынан өзге де ислами басылымдар жарық көруде. Көптеген мұсылман баспа үйлері де ашылып, халықты білім нәрімен сусындатуда.

Мұсылмандардың ұлық мерекесі болып есептелетін Құрбан айттың алғашқы күнінің мемлекеттік мейрам болып бекітілуі де осы тәуелсіздігіміздің жемісі екені сөзсіз. Тәуелсіздікке дейін елімізден санаулы адам ғана қажылық парыздарын өтеуге мүмкіншілік алса, қазіргі таңда небәрі он тоғыз жылдың ішінде 15 мыңнан астам отандасымыз Алла алдындағы парызын өтеп қайтты.

– Құрметті Шейх мырза, осы жылы еліміз Ислам Конференциясы ұйымына (ИКҰ) төрағалық етеді деп күтудеміз. Аталмыш Ұйымға төрағалық етуіміз қандай мүмкіндіктер туғызады деп ойлайсыз?

– Еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін ИКҰ-ға мүше елдер ризашылықпен қабылдады. Өйткені, Қазақстан халқының басым бөлігі мұсылмандар екенін бүгінде көп жұрт біледі. Әрі, бұл – ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасында тығыз байланыс орнату мүмкіндігі. Сондай-ақ, Қазақстанның осы абыройлы орынға ие болуы, бір жағынан, оның әлем мемлекеттері алдындағы беделін арттырса, екінші жағынан, ол Батыс пен Ислам әлемін байланыстыратын, ымыраластыратын алтын көпірге айналмақ. Бұл, әрине, оңай келе салған мәртебе емес. Бұл – халқын, Отанын, мемлекетін Мұса пайғамбар (ғ.с.) сияқты жарқын болашаққа бастап бара жатқан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Еліміздің жарқын келешегі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Президентіміздің бұған сіңірген еңбегі орасан.

Ал енді ИКҰ-ның тізгінін ұстау – еліміз үшін үлкен мүмкіндік, әрі Қазақстанның көпвекторлы саясатының бір қыры. Бұл саясаттың өзін-өзі ақтағанына күн өткен сайын көзіміз жетуде. Барлық мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен мейлінше жақсы дипломатиялық байланыстар мен қарым-қатынастар орнату бұл алпауыт елдермен таразы басын тең ұстау үшін де керек.

Тағы бір мәселе, қарқынды бәсеке дәуірінде мұсылман елдері де әлем деген үлкен сарайдағы өз кетігін табуға барынша әрекет жасауда. Ал Қазақстан бүгінде – әлемдегі ең мол инвестиция құйылып жатқан мемлекет. Ел экономикасын дамыта беру үшін ірі инвесторларды көптеп тарту керектігі сөзсіз. Олай болса, ИКҰ арқылы да Қазақстанға көп инвестиция келмек. Қазақстанның мұсылман елдерімен ақша айналымы шамамен 8 млрд. АҚШ долларын құрайды, оның 3 миллиарды – Орталық Азия елдерімен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Біз қазір мұсылман елдеріне 2 млн. тонна ұн тасымалдаймыз, Сауд Арабиясы, Мысыр мен Тунис республикамыздан бидай алады. Мамандардың пікірінше, мұнай саласында да елеулі ауыс-түйістер бар. Қысқасы, ИКҰ-ның Қазақстан экономикасының дамуына септігі мол. Бұл тұрғыдан алсақ та, мұсылман елдердің мәдениетін, тілін, экономикасын зерттеу артықтық етпейді.

Елімізде іске асырылып отырған әлеуметтік-экономикалық жобаларға ИКҰ-ның арнайы органдары мен институттарының қаржылық мүмкіншіліктерін тартып, оларды еліміздің мүддесіне пайдалану жұмыстары атқарылуда. Осының шеңберінде, ғарышты игеру саласында Қазақстанның ИКҰ елдерімен ынтымақтастығы даму үстінде. Мысалы, 2009 жылы желтоқсанда Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев бастаған делегация Сауд Арабиясында болды. Сапар барысында екі елдің өкілдері жер серігі технологияларын жасау жөніндегі мегажобаға қатысу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік көлік дәлізін салуға ИКҰ-ның арнайы органы болып табылатын Ислам даму банкінің (ИДБ) қаржылық мүмкіншіліктері мен сарапшыларының әлеуеті кеңінен пайдаланылуда. Айта кетерлік жәйт, бүгінгі күнге дейін ИДБ елімізге жалпы сомасы шамамен 497 млн. АҚШ долларын құрайтын қаражат бөлді. Ол Қазақстан аумағында көптеген жобаларды іске асыруға көмек болуда. Мысалы, Сызғанов атындағы институтқа – 10 млн., шағын және орта бизнесті қолдауға 15 млн. АҚШ доллары бөлінді.

Сондай-ақ, ИДБ-ның әлеуетін пайдаланып, шариғат талаптарына сай жұмыс істейтін Ислам банктерін елімізде көптеп ашу мүмкіндігі бар. Оның алғашқысы – «Al Hilal» Ислам банкі Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметтерінің 2009 жылдың 7 шілдесінде жасасқан Келісіміне сәйкес 2010 жылы 17 наурызда өз қызметін бастап та кетті. Банктің құрылтайшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің «Al-Hilal Bank» акционерлік қоғамы болып табылады.

Осы күндері бүкіл әлем бойынша 50-ден астам елде 300-ге жуық ислами банк қызмет етеді. Олардың активтері шамамен 700 млрд. – 1 трлн. АҚШ долларына тең, қызмет ету аумақтары тек қана араб елдерін ғана емес, сонымен қатар, АҚШ-ты, Канаданы, Ұлыбританияны және Австралияны да қамтиды.

Ислам банктерінің ең үлкен орталықтары Иранда ($235 млрд.), Сауд Арабиясында ($92 млрд.) және Малайзияда ($67 млрд.). Демек, осыншама мол қаржыны Ислам банктерін ашу арқылы Қазақстанға тарта алсақ, экономикамыздың жаңа тынысы ашылары сөзсіз. Ал, ең қуаныштысы, бұл қаржы ұйымдарының барлығы шариғат талаптарына сай жұмыс істейді.

Әрине, басты мүмкіндігіміздің бірі әрі бірегейі – рухани, мәдени байланысымызды күшейту. Жыл басында елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» құрылған болатын. Қордың негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстанның мұсылмандық ұйымдары үшін Ислам дінінің негіздерін үйрететін әдебиеттерді көптеп шығару мен тарату, медреселер жанынан ислам кітапханаларын ашу, кітап қорын жасау, Қазақстанның Ислам дінін ұстанатын елдермен, оның ішінде Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдермен жақындасуына ықпал ету және осы мүмкіндікті пайдаланып, ханафи мәзһабының негізінде жазылған кітаптарды шығарып, халық арасына тарату.

Бүгінде Астана әлемдік діндердің келісім орталығына айналды. Бірақ, біздің мұсылман елі екенімізді басқалар да, өзіміз де сезінуіміз тиіс. Сондықтан, елордада Ислам кітапханасын ашсақ, еліміздің мәртебесін көтеруге және ата дінімізді насихаттауға таптырмас орын болар еді. Оның құрылымында Ислам сөздіктерін дайындайтын орталық ашу да маңызды.

ХХI ғасыр – толассыз дамыған техника мен ақпарат заманы. Оған ілесіп жүру – бізге сын. Олай болса, ислами телеарналардың қатарын көбейтуге де төрағалығымыздың тигізер септігі орасан. Елімізде кабельдік желілер бойынша ғана хабар тарататын әзірше жалғыз «Асыл арна» ислами-ағартушылық арнасы жұмыс істейді. Бұл ел мұсылмандарының қажеттілігін қанағаттандырмасы белгілі. Сондықтан ИКҰ-на мүше елдердің озық, жетекші ислами телеарналарымен бірлесе отырып, жаңа телеарна ашу қажет. Оны тікелей ҚМДБ-ның қарамағына беру де аса маңызды.

Тағы бір үлкен мүмкіндік – елімізде жаңадан мешіттер салуға тың серпін беру. Осы уақытқа дейін Ұйымға мүше Катар мемлекеті елордадағы «Нұр-Астана» мешітін салып берсе, Сауд Арабиясы, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері бірнеше ғибадат орындарының ашылуына мұрындық болды.

– Ұлы мәртебелі Шейх мырза, Қазақстанға келсек, Сіздің ойыңызша, еліміз ИКҰ-ның Төрағасы ретінде қандай ұсыныстар жасай алады немесе Ұйымның қандай мәселелерінің шешілуіне айтарлықтай пайдасын тигізеді?

– Ұлт көшбасшысы, сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев қашан да елімізде және әлемдік қоғамдастық алдында ынтымақ пен бірлік мәселесіне ерекше маңыз беріп келеді. Бұл, әрине, негізсіз емес. Бірлік бар жерде тірлік бар. Басқасын айтпағанда, ИКҰ-ға мүше араб мемлекеттерінің алауыздығы оның халықаралық азулы ұйымға айналуына кесірін тигізуде. Біздің төрағалығымыз кезінде осы мәселе күн тәртібіне қойылып, аз да болса, алға жылжушылық болады деген үлкен үміт бар.

Екінші мәселе еліміз ЕҚЫҰ-ға Төраға болған кезде Ауғанстан мәселесіне әлем назарын әлденеше рет аударды. Енді мұны ары қарай жалғастыра берсек, өз жемісін әкелері сөзсіз. Бұл елдегі тұрақсыздықтың шешімін нақты көмек қолын (жан-жақты) созу арқылы табуға болатындай. Қазақстан бұл ретте де басқаларға үлгі. Биылдың өзінде ол Ауғанстанның біраз студентін оқытып беруге кірісті. Ондағы билікке таласқан топтардың басын қосып, бір үстел басында өзара мәмілеге шақырды. Оған Ислам елдерінің атсалысып, жанашырлық танытуына жаңа серпін берді. Астанада 2011 жылы маусым айында ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің 38-ші мәжілісі өтеді. Осы кезде осы мәселе Қазақстан тарапынан ұсыныс ретінде айтылса, айтарлықтай нәтижеге қол жетіп қалар, иншаллаһ. Өйткені, ауған жеріндегі тұрақсыздық тек Орталық Азия мемлекеттеріне ғана емес, күллі әлемге де қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес.

Исламофобия – күрделі мәселе. Соңғы жылдары БҰҰ немесе өзге де осы секілді биік халықаралық мінберлерден ИКҰ батыстық кейбір желөкпелердің Исламға жауып жатқан жалаларына тойтарыс берерлік күшті уәж айтпады деген сөздерді естіп қаламыз. Керісінше, бұл ретте Исламның лаңкестік пен лаңкестерге зәредей де қатысы жоқтығын айтып, үзбей ата дінімізді қорғап келе жатқан Н.Ә. Назарбаев екенін халық біліп, бағалап отыр. Бұған да ИКҰ-на мүше елдер бірігіп, қарсы тұратын уақыт әбден пісіп-жетілді. Тіпті, Исламға тіл тигізген мемлекеттерге – экономикалық эмбарго, жекелеген азаматтарға ескерту мен белгілі бір жазалау шаралары қолданылса, ата дінімізге күйе жағу азаятынына сенімдімін.

Ұйымға мүше елдердің даму деңгейінде де алшақтық көп. Мысалы, Гвинеяның жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 600 АҚШ долларын құраса, ал Кувейтте бұл көрсеткіш 58 мың АҚШ долларын құрайды. Міне, осы себептен де кедейшілікті еңсеру – өзекті мәселе. Сауатсыздықпен күресудің де толғағы жеткен. Ислам мемлекеттерінің артта қалуының бір себебі де сауатсыздық пен ғылым-білімге деген селқостық екенін жасыруға болмайды.

Қазақстан ИКҰ-ға Төраға болатын 2011 жылы түрлі мәжілісте бүгінгі әлемдегі Ислам мемлекеттерінің рөлі, ИКҰ-ға мүше елдердің экономикалық тұрғыдан бірігуі, лаңкестік, экстремизм, есірткі саудасы және т.б. қасіретті мәселелерге қарсы күш біріктірудің маңызды екені үнемі есте болуы керек.

– Қызықты да мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!

«Дипломатия жаршысы» 1 (28) 2011ж
ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің басылымы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1147

    Намазхандар бизнес ашу үшін адал кредитті қайдан ,қалай ала алады?. Қазақстанда неге ондай мүмкіндік жоқ.

Пікір жазу