Алып «Титаниктің» ақыры

1912 жылы «Уайт Стар Лайн» атты кеме қатынастары компаниясының арнайы тапсырысымен жасалған «Титаник» — сол уақытқа дейінгі жасалған ең алып кеме еді. Алыптығын сол кезгі газет біткен жарыса жазды. Расында да, онда жанға керектің бәрі табылды. Салтанатты баспалдақтан бастап, әсем безендірілген мейрамхана, бай кітапхана, кең гимнастика залы, демалатын алаң, бассейн, монша түрлері – бәрі де болды. Көргендердің айтуынша, кеме ұзындығы сол кезгі қала кварталының үшеуіне тең келетін 268,98 метрді құрады, ені 28,2 метр, биіктігі үш-төрт қабатты үйдің биіктігімен теңескен. Тіпті, «Титаник» якорын Бельфаст көшелерімен ең күшті деген 20 жылқы сүйреп жеткізген көрінеді. Оны жасауға мыңдаған адамның жұмылдырылғаны белгілі. Инженерлер ең үздік технология қолданды. Жайлылығы мен қауіпсіздігі та-маша ойластырылды. Қоғамдағы ақшасы көп еркетотайларға көңіл көтеру мен ләззатқа бөленудің түрлі жағдайы жасалды. Қызмет көрсетудің аясы кең болды. Көліктерін бір жерге реттеп қоятын арнайы кран дейсіз бе, медициналық көмек көрсетуде жаңа заманға сай операциялық залмен жабдықталған арнайы емхана, фото сурет шығарумен әуестенетін жолаушыларға дейін өз үлдірлерін шығаратын арнайы бөлме болды. Әр дәрежедегі жолаушыларға сықпа сабыннан бастап шаш құрғататын құралға дейін жаңаша жабдықталған арнайы шаштараз бөлмелері де жұмыс істеді. Әйелдері үшін де бөлек-бөлек залдар бар еді. Тіпті, жоғарғы топтағы лауазымды жолаушылардың ерте шыққан иттеріне ғана арналған өзінше бөлме де даярланды. Көңілі соққан жолау-шы жаңа үзілген гүл иіскемек болса да еш қиындық жоқ еді. Қысқасы, жан-жақты ойластырылған осыншама алып кемеге зор мақтанышпен ауыз керіп айтатын әдемі ат та табыла кетті: — ТИТАНИК!

«Титаник» атауы көне грек аңыздары бойынша табиғат пен теңізге соғыс ашатын құдай есімінен алынды. Осыншама әспеттеген алып кеменің Ұлыбританиядан АҚШ-қа басталған алғашқы сапары — оның соңғы сапары екен. Өкінішке орай, ол Канаданың Ньюфаундленд аралы маңында айсбергке соғылып, (Сәуірдің 14 – нен 15-не қараған түні) аз күндік су бетіндегі салтанатты сапары — су астындағы мәңгі сапарға айналды. Ойын-сауық, ырду-дырдудан шыққан емен-жарқын көңілді дауыстар бір демде-ақ өліммен арпалысқан айғай-шу, шыңғырысқа ұласып, жүздеген жолаушы мінген кеме су түбіне бет алды.

Титаниктің ең басты ерекшелігі – оның қауіпсіздігі еді. «Уайт Стар» компаниясы қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз етті, жолау-шыларды кеменің «батпайтындығына» сендірді. Алдын ала бәрі ойластырылғандықтан егер күтпеген жағдай бола қалса, кеменің сол зақым келген тұсы өз-өзінен бөлектеніп, тепе-теңдік сақталуға тиісті. Кеменің тұмсығын жасауда қолданылған құрыш болат конструкциясы мықтап тартылған қауіпсіздік белдігін еске түсіргендей еді. Алда-жалда басқа бір кемемен соқтығысқан ең қиын жағдайда кеме су бетінде ең кемінде 3 күнге шыдас беру керек болатын. Ал бұл үш күндік мерзім кемедегі жолаушылардың барлығын толықтай құтқарып қалуға жеткілікті еді. Алайда, тарих бетінде Титаник бұндай ерекшеліктерімен емес, қайғылы, ауыр апатымен қалып қойды.

Құтқарылғандардың айтуынша, қазаға ұшыраған түн біртүрлілеу болған. Ауа райы дереу бұлыңғырланып, ай тұтылғандай әсер қалдырады. Титаник капитаны кеменің мықтылығына сенгендігі болар, ауа райының бұзылғандығына аса мән бере қоймады. Радарына бір қарады да, бағытын жалғастыра берді. Титаник тас қараңғы түнді жарып, жылдамдығын өзгертпестен алға қарай заулап келеді. Температураның жылылығы тоңу нүктесіне жақындады. Бір уақытта көру арақашықтығының тарылып кеткені сонша, көмекшісі капитанды қатаң ескертуге мәжбүр болды. Алайда, есірік капитан ештеңені ескерер болмады. Түн жарымына жеткенде бортта «Құрыдық! Мұзтау!» деген үлкен шу көтерілді (1-сурет). Барлық қоңырау жүйесі іске қосылды. Барша жылдамдығымен келе жатқан кеме шұғыл бұрыла алмаған күйі екпіндеп келген арынымен сол жағынан мұзтау-айсбергке соғылды. Капитан әлі де қорқыныш жоқ деп ойлады. Не болғанда да инженерлер бәрін егжей-тегжейлі ойластырмап па еді? Алайда жазмыштан озмыш жоқ. Ең нәзік есептермен құрылса да су тосқауылдарының бірінде мүлт кеткен «аз бір қателік» кеменің астаң-кестеңін шығарды. Инженерлер апат бола қалған жағдайда су горизонтальді әрекет етеді, ол жайлап жоғарылағанша тосқауылдар ауырлық тепе-теңдігін сақтайды деп жобалаған. Бір қызығы, бұл апатта су кеме ішіне горизонтальді пішінде жайылмай, тек бір басына ғана құйыла берді (2-сурет). Құтқарып қалады деген тосқауылдар керісінше кеменің жылдам батуына жағдай жасады. Үрейленген ояу жолаушылардың барлығы дереу жапа-тармағай қайықтарға жүгірді. Бір сағат ішінде алғашқы қайық суға түсірілді. Бірақ, кеме батпайды деп ойлағандықтан, оған алынған қайықтар саны жолаушылардың жартысына ғана жеткілікті еді. Артынша-ақ үш күн бойы суға батпайды деген Титаник үш сағатқа ғана шыдас берді де 3218 метр терең тұңғиыққа шөгіп кете барды. 1500-дей жан бірге батып кетті. Кемеде жалпы 2201 адам болған. /Негізгі жолаушы сыйымдылығы 3547 адамдық/. Нәтижеде қайыққа мінген 705-і ғана құтқарылды (3-сурет).

Арадан 80 жыл өтті. Табылған Титаник қалдықтары 1992 жылы су бетіне шығарылды. Канадалық зерттеуші ғалымдар табылған кеме қалдықтарының, әсіресе, металдардың еш бұзылмастан сол күйі сақталғандығына таңғалысты. Қалдықтардың бұлайша мұрты бұзылмастан сақталуы «ей, адам баласы, ешбір мінсіз дегендеріңнің ақыры міне мынау болды» дегенді ұқтыру болғандай. Топтың металлургия маманы бұны қарапайым құбылысқа балады. «Соншалықты тереңдікте оттегі болмағандықтан, тотықпауының себебі сол» дегенді алға тартты. Алайда, топтың басшысы Стев Бласко кеме қалдықтары арасында жүзіп жүрген балықтарды көргенін айтқанда, ол еріксіз тілін тістеуге мәжбүр болған. Бласко «Температура мен қысымның тепе-теңдігін сақтаушы бір нәрсе болуы керек» деп сөзін жалғады, — Қалай екенін қайдам, бұндай оқиғаны алғаш рет ұшырастырдым».
Су астында 20 сағаттан көп болған зерттеу тобы Титаниктің мұзтауға соғылған бөлігіне жүргізген зерттеуден өте қызықты жайттарға куә болған. Мұзтау-айсберг кеменің дәл сол тұсына әдейі есептегендей кеп ұрғаны сонша, әлгі бұрыш сәл аз немесе сәл көбірек болғанда зияны бәлкім азырақ болар ма еді, қайтер еді?!

Апатқа себеп болған осы «кішігірім шарттар» бір нүктеге жиналып, кеменің тағдырын шешті. Алып кеменің бір басына су толғанда, бос жағы тік көтеріліп ортасынан опырылды да екіге бөлініп, мұхит түбіне батты да кетті.

Канадалық зертеуші мамандар зерттеулерінен кейін Титаникті «1912-нің Челленджерi» деп атады (Оның мәнісі: 1986 жылы 28-қаңтарда АҚШ-тың «Challenger» ғарыш кемесі әуеде апатқа ұшырап, 7 ғарышкер түгелдей қаза тапқан болатын). Оған себеп, екі апаттың да өзара ұқсастығы, яғни қателіктің ұқсастығы еді. Олардың ойынша, Титаниктің бату себебі, құрыш болат темір құрамына көп күкірт қосылғандығы болса, «Челленджерді» жарып жіберген нәрсе қате қойылған каучук болатын.

Титаник қалай теңізге атойлап шықса, «Челленджер» де дәл солай көкке атойлап көтерілді. Өйткені, Челленджер «атой-лаушы» деген мағынаны білдірді. Алапат дауыс, зор қошемет, үлкен құрметпен ұшырылған алып ғарыш кемесі сәлден кейін-ақ, нақтырақ айтсақ, ұшырғанына 73 секунд болғанда миллиондаған адамның көзінше күл-паршасы шыға жарылды. Мыңдаған бөлшекке шашыраған ол әп-сәтте-ақ жанып, бықсыған күлге айналды.
Бірақ адамдар сабақ алуға келгенде қандай енжар десейші?!

Батпайды деп жер жаһанға жар салған ең алып лайнер «Титаниктің» масқара түрде батуы мен айтулы ғарыш кемесі «Челленджердің» апаты түсінгенге көп нәрсені ұқтырды. Алып кемені жасаған уақытта жиырмасыншы ғасыр адамдары бұл шеберлікке масаттанғандықтары сонша «бұны енді батыруға Құдайдың да шамасы келмейді» деп күпірлікке барған екен. Адамдар сірә, өздерін сонша ісінткен техногендік өркениет жетістігінің соңы бұлай боларын еш күтпеген болар.
Қ.Бағашар. Ақпарат көзі.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: ,

Пікір жазу