«Дін мәселесінде арабтарға мұқтаж емеспіз» — Өкіл имамның «Рейтинг» газетіне берген сұхбаты

Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қаттани» мешітінің бас имамы.

- Бейбіт Әліпбекұлы, Оңтүстіктің бас имамы қызметіне келгеніңізге тура бір жыл болыпты. Бұған дейін «Нұр Астана» мешітінде наиб-имам болып жұмыс істеген екенсіз. Мұнда келгелі бірінші кезекте қай мәселеге  назар аудардыңыз?

- Ең әуелі жұмысты ретке келтіріп, жүйелендіруге күш салдым.  Таңғы сағат 9-да  міндетті түрде жұмыста отырамын. Таң намазын мешітте оқуға тырысамын. Мені таңқалдырғаны – бас имамның бөлмесінде  есіктің болмағаны. Мұндайда жұмыс қалай жүреді? Сондықтан бөлмеге есік қойып, кезекшіні отырғыздым. Кейбіреулердің «мешіт емес, мекеме болып кетіпті» деп наразылық  білдіргенін де білемін. Бірақ, қызмет болған соң жұмысты жүйеге түсірмей, қызметкерлерден тәртіпті талап етпей, тірліктің жүрмейтіні айтпаса да түсінікті ғой. Басқа мешіт имамдарының  да өз жұмысына деген көзқарасы өзгере бастады.

- Соңғы кездері ислам дініне қатысты қоғамда пікірталас көбейіп барады. Бұл, әсіресе, кірме діни секталар мен ағымдар төңірегіндегі дау әлі шешімін таппай тұр. Жалпы, бұл мәселені шешудің қандай да жолы бар ма?

- Тәуелсіздік алған тұста «егемендігімізбен бірге  дініміз де қайта оралды. Енді  ата-салтымызды, дінімізді өз деңгейінде ұстануға, оның шарттарын еркін орындауға мүмкіндік туды»,  деп қуандық. Шындығында да дәл сондай болды. 90-шы жылдардың басында халық діннен мүлдем бейхабар еді. Ол кезде діндарларға қойылатын сұрақтар да жеңіл болатын. Жұртты көбінесе намаз оқуға қатысты, ислам жайлы жалпы деректер қызықтыратын. Содан бергі уақытта көпшілік дін жайлы кең көлемде мағлұмат алатындай деңгейге жетті. Әрине, мұның жақсы жақтары өте көп. Ең бастысы — халқымыздың діни сауатының өскендігі байқалады. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес.  Алғашқы уақытта шетелге барып, білім аламын, дінді үйренемін дегендердің барлығына  ықыласпен қарап, қолдайтынбыз. Олар елге оралған соң білімін пайдаға асырады, кейінгі жастарға үлгі, өнеге көрсетеді деп қуандық. Бірақ, өкінішке қарай үй ішінен үй тіккен, біздің айрандай ұйып отырған ынтымағымызды, бірлігімізді көре алмай, ортамызға алай-дүлей орнатуды көксегендер сырттан келе бастады. Басқа діндерді айтпағанның өзінде ислам дінінің өзінде бұрмалаушылықтар көбейе түсті.  Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген мазһабты тәрк етіп, басқа бағытпен жүретіндер пайда болды. Әлбетте, осы тұста ең үлкен ауыртпалық діни басқармаға түсті.

- «Діни басқарма» теріс ағымдармен күресте белсенділік танытпай жатыр»  деген сыни пікірлер жиі естіліп жатады. Бұл шындыққа жанасады ма?

- Кірме діндермен күрес тек діни басқармаға керек пе? Бұл еліміз үшін ортақ мәселе.    Меніңше, бұған бүкіл қоғам бір кісідей атсалысуы керек. Біреуден кінәні іздеуді қашан қоямыз?  Шындығын айту керек, «теріс ағыммен күресіңдер, кітаптарды шығарып, халыққа тегін таратыңдар» деп  аса ауқымды көлемде қаражат беріп жатқан мемлекет  жоқ. Діни басқарманың өзі, қала берді барлық мешіттер халықтың беріп жатқан қайырымдылығымен өмір сүріп жатыр. Топтап ашылып жатқан мешіттерді қалай ұстап қалсақ, осы мешіттер тозып кетпесе екен деп алаңдаймыз.   Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 800-ден астам мешіт бар. Солардың  тек 8-нің өзін-өзі қаржыландыра алатындай  мүмкіндігі бар. Қалған 792 мешітке кім қарайды? Мешіт имамдары жалақы алмай жұмыс істейді. Оларға не тапсырма беріп, қандай нәтиже күтесіз? Айлығы жоқ,  бала-шағасын асырау керектігін біле тұра дін қызметкерінің шалғай ауылға баруы екіталай. «Ауылды жердегі мешіттерге білімді, сауатты жастарды тарту керек» деп жатады. Кім барады ол жаққа? «Дипломмен ауылға» деген мемлекеттік бағдарлама қабылданып,  барлық жағдайын жасап бергеннің өзінде жас мамандар шалғай ауылдарға бармайды. Дін саласында да сондай жағдай. Біз имамдарды  «бір Алланың ризалығы үшін жұмыс істеңіз» деп қызықтыру арқылы ғана жұмыс істете аламыз. Сондықтан, дәл қазіргі таңда діни басқарма қолынан келгенін жасап жатыр деп сеніммен айта аламын.    Имамдардың білімін жетілдіру үшін көптеген шараларды қолға алдық. Алматыдағы имамдардың білімін  жетілдіру  институтына жіберіп тұрамыз. Сонымен қатар Шымкентте де медресенің жанында арнайы  курстарды аштық.

— Жалпы, сырттан келіп, елдің шырқын бұзған діни ағымдармен күресудің жолы қандай? Бұдан нәтиже шыға ма?

- Мұндай ағымдармен күресудің жалғыз-ақ жолы –  білім. Отанын шын сүйген азамат дінді  терең зерттемесе де,  тым болмаса өзінің мазһабының негізін білуі керек. Ал білімің жоқ бола тұра басқа біреуге нені түсіндіріп, не талап ете аласың? Жалпылама кінәлағаныңмен не ұтасың? Қазіргі таңда әлем мұсылмандарының 70 пайызы біздің мазһабты ұстанады. Бұл бекер емес. Осыдан 10 ғасырдай  бұрын, пайғамбарымыз өмір сүрген заманға жақын кезеңде  беделді, елді аузына қаратқан ғұламаларымыз қоғамда туындаған барлық мәселелерді таразылап, дәлелдерді жан-жақты зерттеп, үкімін айтқан. Біздің мазһаб тек Құран мен сүннетке негізделген.  Имам ағзам Абу Ханифа қарама-қайшылық туғызатын  тақырыптарға қатысты да көзқарастарын білдіріп кеткен. Міне, сондықтан біздің ата-бабамыз дәлелмен емес, үкіммен  өмір сүрген. Яғни, кез-келген мәселеде шариғаттың үкімі белгілі болған. Ал қазіргі таңда діннен аз-кем мағлұмат алып, өзін білімді санаған жастар көбейді. Олар «үкіміңмен қанағаттанбаймын,  дәлеліңді келтір» деген соң  ғасырлар бұрын жан-жақты таразыланып, шешімі айтылып қойылған дүниелерді қайтадан шығарып, көрсету керек болды.

Кез-келген заманда түрлі пікірлер, түрлі көзқарас болған. Оның ішінде бидғат, яғни ойдан шығарылған дүниелер бар. Бидғаттың өзін жақсы мен жаман деп бөлуге болады.  Салт-дәстүріміздің барлығы бірдей дінмен біте қайнасып жатыр деу қисынға келмейді. Сонау шаманизм, фетишизм заманынан  қалған қалдықтар әлі де бар. Өкініштісі сол, діннің не екенін толық түсінбей жатып, араб тілінен кішкене сауатын  ашқан кейбір жастар осыны алға тарта отырып, бұрынғы ата-бабаларымыздың жүрген жолы қате деп санайды. Осыдан-ақ олардың мәселені жете түсінбегенін,  тарихқа байланысты білімінің тар екенін байқаймыз. Жалпы, дін мәселесінде біз араб елдеріне мұқтаж емеспіз. Тіпті пайғамбарымыз да арабтарға «өзге ұлт өкілдерінен дін үйренетін, солардың шәкірті болатын уақыт келеді» деп ишарат білдіріп кеткен. Адамның  арабша сайрай жөнелуі оның діндарлығын білдірмейді.

- Соңғы кездері хиджабқа байланысты пікірталас тым күшейіп кетті. Бұл мәселеге қатысты тіпті лауазымды шенеуніктер де пікірін ашық айта бастады.  Тіпті кейбір оқу орындарында хиджаб кигендерге қысым көрсетіліп жатқанын естиміз.

- Хиджаб деңіз, орамал немесе кимешек деңіз, басты мәселе біреу — Алла Тағала қасиетті Құранда әйелдердің бөгде еркектерден әурет жерлерін жауып жүруді бұйырды. Мазһабымыз бойынша ер адамның ұятты жері – кіндік пен  тізенің арасы, ал әйелдердің бет, білезікке дейін екі қолы, ал аяқ тобыққа дейін әурет болып есептелмейді. Денесінің қалған тұстарын шариғат бөгде еркектерге көрсетпеуге бұйырады. «Хиджаб киюдің дұрыс еместігін айтыңыз, жастарды үгіттеңіз» деп маған хабарласқан шенеуніктердің  болғанын жасырмаймын. Бірақ, менің ұстанымым сол – бұл Алланың әмірі. Мен хиджабқа қарсы емеспін. Дегенмен,  дененің  ашық жерлерін салтымыздың негізінде ұлттық киімдермен жауып жүруге мүмкіндік бар ғой.   Бұл мәселеге қатысты  халқымыз осы тұрғыда жанашырлық танытса мен қуанар едім. Әурет жерін толық  жауып жүрген  қыздарымызға қарсы шығу, оларға зеку  дұрыс емес. Өйткені, ол Алла Тағаланың әмірін орындаушы. Сол әмірді орындатпауға қатысты айтқан әр сөзіңіз үшін сіз де күнәға қаласыз. Сондықтан   Діни басқарма тарапынан жуырда арнайы байқау жарияланып, ұлттық киімнің үздік үлгілерін анықтап, мұсылмандық киімнің үлгілерін насихаттау қолға алынды. Ең үлкен қиындық тудырып тұрғаны – бас киім. Оның сәтті үлгісі жасалса бұл мәселе өзімен өзі шешіледі деп сенемін.

Әңгімелескен Жандар Наурызбайұлы

«Рейтинг» газеті №18, 19 мамыр 2011 жыл

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: ,

Пікір жазу