«Бiзге керегi ынтымақ, бiрлiк және бейбiт өмiр»

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкiлi, облыстық «Абдулхамид Қаттани» мешiтiнiң Бас имамы
Бейбiт қажы МЫРЗАГЕЛДИЕВ:
Газетiмiзде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, интернет-конференцияның кезектi қонағы ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкiлi, облыстық «Абдулхамид Қаттани» мешiтiнiң бас имамы Бейбiт қажы Мырзагелдиев болды.
Елiмiздегi дiни ахуалға, тұрмыстық және өзге де мәселелерге бей-жай қарамайтын жерлестерiмiзден 40-қа жуық сұрақ келiп түстi. Интернет-конференцияны бас редактор Бейсенбай Тәжiбаев жүргiзiп отырды.

Облыста 833 мешiт бар
— Құрметтi Бейбiт Әлiпбекұлы, редакциямыздың өтiнiшiн қабыл алғаныңызға алғыс бiлдiре отырып, Шымкент қаласының 17 жастағы тұрғыны Мұрат Салқынбаевтан түскен алғашқы сауалды қоюға рұқсат етiңiз.

— Бүгiнде елiмiзде мешiттердiң саны уақыт өткен сайын артып келедi. Бұл да болса тәуелсiздiгiмiздiң арқасы. Бiлейiн дегенiм, облыста нақты қанша мешiт бар, олардың бәрi құжатталған ба, сiздерде де кадр тапшылығы сезiле ме және имам болу үшiн қандай оқу орнын бiтiру қажет?

— Мұрат бауырымыз бiрнеше сұрақты топтап қойыпты. Осыларға рет-ретiмен жауап берейiн. Облысымызда Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасына қарасты 833 мешiт бар. Оның 105-i намазхана ретiнде тiркелген. Өңiрiмiз елiмiз бойынша мешiттер саны жағынан алғашқы орынды иеленедi. Десек те, облыста Алла үйiне деген мұқтаждық әлi де туындап отыр. Айталық, 139 елдi мекенде арнайы үлгiде салынған мешiт жоқ. Оның 100-ге жуығында жергiлiктi тұрғындар бұрынғы клубтарда, балабақшаларда және өзге де ескi ғимараттарда құлшылығын жасауда. Тiптi, мүлдем мешiтi жоқ ауылдар бар. Ол елдi мекендердегi жамағат бiр күнi бiр адамның үйiнде, ал, келесi күнi тағы бiр мұсылман бауырымыздың шаңырағында жиналып намаздарын, ораза кезiнде тәрәбiлерiн оқиды.

Осыдан бiршама уақыт бұрын өте қиын едi. Елiмiзде дiни оқу орындары болмады. Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасына шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi хазiретiмiз келгеннен берi бұл бағытта көптеген игi iс атқарылды. Алдымен имамдардың бiлiмiн жетiлдiру институты ашылды. Мiне, 10 жылдан асты, сол оқу орнынан қаншама имамдар бiлiмдерiн жетiлдiруде. Сонымен қоса Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрәк» Египет ислам университетi дiни қызметкерлердi даярлайтын бiрден-бiр оқу орны. Алдағы уақытта бұл оқу орнына грант бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, институттар мен университеттерге дейiн шәкiрттердi тәрбиелейтiн елiмiзде 10-нан астам арнайы медресе жұмыс iстейдi. Оның бiреуi Шымкентте орналасқан.

— Бұл медреселердi бiтiрген азаматтардың имам болуға мүмкiндiгi бар ма?

— Әрине. Аталған медреселер елiмiздiң Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң лицензиясын иеленген және Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының қолдауымен ашылған.

— Осы жерде нақтылап кететiн бiр мәселе бар. Бiршама уақыт бұрын шетелдердегi кейбiр дiни оқу орындарын бiтiрген азаматтарды имамдылыққа қоймау туралы әңгiме болған. Тiптi, ол жақтағы студенттер қайтарылған едi. Жалпы, қазiргi таңда қазақстандықтарға қай мемлекеттiң дiни оқу орнында бiлiм алуға рұқсат етiлмейдi?

— Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әрбiр азамат әлемнiң кез келген елiнде бiлiм алуға және оны жетiлдiруге құқығы бар. Дегенмен, мүфтият азаматтарымызды Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасымен келiсiмшартқа отырған мемлекеттерге ғана жiберу туралы өз ұсынысын бiлдiрiп келедi. Бүгiнде Түркиямен келiсiмшартымыз бар. Соңғы бiрнеше жылдан берi ол елден келген ұстаздар Қазақстандағы мешiттерде дәрiс беруде. Сонымен қоса имамдардың бiлiмiн жетiлдiру үшiн екi ай мерзiмге Түркияға жiберiп тұрамыз. Алдағы маусым айында облысымыздан 4 азаматты аттандыру жоспарлануда. Бұған дейiн де бiраз имамдар оқып келген.

Қайрат КӨПЖАСАРҰЛЫ, Шымкент қаласы:
— Сәуiрдiң 20-сы мен 21-i күндерi «Хабар» телеарнасынан қазақ және орыс тiлдерiнде «исматуллашылар» немесе «зiкiршiлер» деп аталатын сопылық бағыттың әрекетiн әшкерелейтiн деректi фильмнiң көрсетiлуi Оңтүстiк жұртын бей-жай қалдырмады. Осыған байланысты ойыңызды бiлсек. Жалпы, сопылық iлiм, оның қазiргi ұстанушылары турасында не айтасыз?

— Өзiм iссапарда болғандықтан ол фильмдi көре алмадым. Бiрақ осыған қатысты талай мұсылман бауырларымыздың сұрақтарына жауап беруiме тура келдi. Аталған iлiм алғашқы уақытта қазақ даласына бiз ұстанатын ханафи мазхабы тасаууф жолымен тараған. Бұған дәлел ретiнде Қожа Ахмет Ясауи бабамызды айтсақ та жеткiлiктi. Ал, қазiргi «зiкiршiлердiң» жасап жатқан әрекетiн мен былайша сипаттаймын. Мәселен, тағам iстелiнген кезде оған тұз салынады. Егер оны сұранысына қарай салса, онда тағам дәмдi болады. Ал, тұзды шамадан тыс артық салса, ол ащы болады. Әлбетте, оны ешкiм жей алмайды. Дәл осы секiлдi әлгiлер «сопылық бағытты ұстанып, дiндi уағыздаймыз» деген сылтаумен саясатқа араласпақшы болған. Бастысы, фильмнен көрсетiлген қатыгездiк, алдап соғу деген нәрселер бiздiң дiнiмiзге жат. Ұстанған дiни жолымыз ол емес. Ислам – бейбiт дiн. Ешқандай зорлық жоқ. Сондықтан, Аллаға шүкiр, оларды дер кезiнде құзырлы органдар ауыздықтады.

Әсем күмбез марқұмға пайдалы ма?

Ислам ЖОРАБЕКОВ, Шымкент қаласы:
— Қазiр далаңызда да, қалаңызда да ақшасы барлар марқұм болған ата-ана, өзге де ет жақын туысқандарының басына зәулiм күмбез орнатуда. Ол қайтыс болғандарға қажет емес. Алайда, сол тұрғызылған кесенелерден зираттарымыз қалаға айналып бара жатқандай. Осы мәселенi мүфтият тарапынан бiр iздiлiкке келтiруге болмас па екен?..

— Бiздiң үлкен бiр ұятқа қалатын жерiмiз, бүгiнде зираттардың сарайға айналып бара жатқандығы. Алып шаһардың iшiне кiргендей көңiл-күйге түсесiң. Осыған байланысты Әбсаттар қажы Дербiсәлi хазiретiмiз үлкен бастама көтерген. Соның негiзiнде қазiргi таңда облыстарда жергiлiктi мемлекеттiк органдар мен дiни қызметкерлер мазараттардың мәселесiн шешудi қолға алуда. Мүфтият арнайы пәтуа шығарып, мемлекеттiк және тазалық сақтау мекемелерi оны бiрауыздан қолдады. Бұл жерде мазаратқа мәйiттi апарған кезде көлiктiң iшке кiруi, су, тазалық секiлдi ретке келтiретiн мәселе көп.

Жалпы, шариғат бойынша белгi қоюға рұқсат етiлген. Бiрақ онда марқұмның аты-жөнi немесе реттiк саны жазылған, кiндiктен аспайтын қарапайым ғана тас болуы қажет.

— Дегенмен, күмбездер көтерiлiп, сағаналар салынып жатыр. Ескерткiштi қандай жағдайда ауыстыруға болады?

— Иә, өкiнiшке қарай, бұл үрдiс тыйылмай отыр. Дiни қызметкерлер айтуындай-ақ айтуда. Кезiнде жас кеткен азаматтардың ұл-қыздары өсiп, белгiлi бiр кәсiп иесi атанғаннан соң «әкемiздiң басы қараусыз қалған едi» деген уәжбен үлкен, әсем күмбездер тұрғызып жатады. Бiрақ оның марқұмға мүлдем пайдасы жоқ.

Шариғатқа сәйкес ескерткiштердi белгiлi бiр жағдайларда ауыстыруға болады. Мәселен, мәйiт қойылған жер бiреудiң меншiгi болса немесе қандай да бiр қауiп төнсе қабiрдегi сүйектiң орнын ауыстыруға болады. Зиратқа су кеткен жағдайда сүйектi алып, басқа жерге қайта жерлегенде ескерткiшi бiрге көшiрiледi. Алайда, оған қосымша құрылыс салуға шариғат рұқсат бермейдi. Ол – ысырапшылдық.

— Ал, бүлiнiп, ескiрген жағдайда ше?

— Алғашқы уақытта қойылған ескерткiшi, қоршауы құлаған немесе бүлiнген жағдайда шариғат бойынша қайтадан қалпына келтiруге болады.

Серiк АЛДАНОВ, Шымкент қаласы:
— Жақында Ордабасы ауданына қарасты Шұбар елдi мекенiне жолым түсiп, ауылдың мазаратына соқтық. Сонда әр бейiттiң басында кесемен су қойылғанын көрiп таңқалдым. Ислам дiнiнде мұндай жоралғылар бар ма, әлде бұл базбiреулердiң әдейi iстеген тiрлiгi ме?

— Мұндай жоралғылар Ислам дiнiне дейiнгi фитишизм және фатимизм дәуiрлерiне тән. Дүниеден қайтқан адамды атымен, сауытымен бiрге жерлеу, оның басына ыдыс-аяқпен ас-су қою деген секiлдi… Сол кездегi наным бойынша марқұм одан дәм ауыз тиiп, күш-қуат алады деп ойлаған. Ал, шариғат мұндай мәселеге үзiлдi-кесiлдi қарсы. Бұл бауырымыздың айтқан мәселесiн анықтау керек.

— Жерлеу рәсiмiне қатысты мазмұндары бiркелкi көптеген сұрақ келiп түстi. Соларды топтастырып қойсам, шымкенттiк Баққали Жүсiпбеков «бiршама уақыттан берi өлiк шыққан үйде марқұмның жетiсiне дейiн ас-ауқат әзiрлемеу мәселесi көтерiлiп жүр. Тiптi, бұл жоралғыны кейбiр елдi мекендер iске асырып та жатыр. Ағайынның ортасында отырсаң мұны атқаруға болатын шығар. Алайда, қалада қиын. Осыған қатысты пiкiрiңiздi бiлсек. Жалпы, бұл мәселеге байланысты Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы қандай да бiр пәтуа шығарған ба?» десе, ал төлебилiк Әнуар Сандыбаевтың сауалы жыртыс жөнiнде екен. «Қазiргi таңда оны бiр жерлерде таратуда, ендi бiр жерлерде бермейдi. Осы жағын шариғат тұрғысынан айтып берсеңiз?» деп өтiнедi.

— Бұл өте күрделi мәселе. Шариғаттың осы ұстанымының өзi жер-жерлерде әртүрлi қалыптасқан. Дегенмен, бұған қатысты Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының шығарған жаназа пәтуасы бар. Сонда «өлiк шыққан үйде үш күнге дейiн тамақ асылмайды» деп көрсетiлген. Мал сойып, қан шығаруға рұқсат етiлмейдi. Ендi бұл қазалы болып қиналысқа түсiп жатқан отбасына материалдық тұрғыда қосымша ауыртпалық түсiрмеу мақсатында шығарылған.

Ертеректе халқымызда дүниеден қайтқан адамның ет жақын ағайындары қара киiз үй тiгетiн болған. Шамасына қарай. Алыстан келген жекжаттарды, туысқандарды, жалпы, көңiл айтушыларды сол үйлерде күткен. Ал, қазiр бәрi басқаша. Баққали бауырымыз айтқандай, қалада қиын. Әсiресе, көпқабатты үйлерде. Ол жердегi көршi-қолаңның арасында өзге ұлттың өкiлдерi де бар.

Кейбiр ауылдарда бұл мәселе дұрыс жолға қойылған. Мұндағы ең негiзгi мақсат – мәйiт шыққан үйге ауыртпалық түсiрмеу. Бiзде қазiргi таңда өлген адамның отбасына көңiл айтып келушiлер ақшалай жәрдем бередi. «Құран оқытыңыз, мал алып, құрбандық шалыңыз» деген ниетпен. Дұрыс-ақ. Алайда, қаражаттың дәл сол кезде көзге көрiнбейтiнi рас. Сондықтан аталған мәселенi қалада да уақыт оздырмай бiр жүйеге қою керек. Бұл жерде өзбек халқы үлгi. Көршiлерi, ағайын-туыстары шарасын көтерiп келедi. Бiрi сорпа пiсiрiп, ендi бiрi нанын, өзге де қажет тағамдарын әкеледi. Өлiк шыққан отбасына ешқандай ауыртпалық түспейдi. Бұл мәселе халықтың жағдайына, орналасуына, тұрмысына қарай шешiлуi тиiс.

Ал, жыртысқа келсек, бұл өзi пайдаға асуы қажет. Қазiргi таңда матаның бiр бөлшегiн бередi. Ол – пайдасыз. Егер жағдайына қарай жыртысқа тәспi, жайнамаз немесе тақия үлестiрсе, үлкен сауап болады. Мұның екiншi жағы бар. Қаржылай немесе заттай болсын, жыртыс алған адам оның ақысын өтеу керек. Ол – екi ракәт намаз. Жыртысты алған соң дұғаңызды оқып, оның сауабын дүниеден өткен адамға бағыштауыңыз керек. Алайда, бiрқатар көңiл айтушылар бұл талапты орындамайды. Бiреулерiнiң дәретi болмайды, ендi бiрi Құран сүрелерiн бiлмейдi немесе жол үстiнде дегендей… Сондықтан Алла тағаланың алдында шариғатты бұзған бiр iс болмасын деген ойменен жыртысты бергiзбеуге тырысамыз. Егер оның талаптары сақталып жатса, онда ешқандай қарсылық жоқ.

«Қарамен тұмшаланғанды қолдамаймын»

Шолпан СIРГЕБАЙҚЫЗЫ, Төлеби ауданы:
— Қазiр қоғамда талас тудырып отырған үлкен бiр мәселе хиджабқа қатысты болып отыр. Оны жақтаушылар да бар, даттаушылар да табылады. Ислам дiнiн ұстанғандықтан қазақтың қыз-келiншектерi ұятты жерлерiн жауып жүруi тиiс, әрi мiндеттi. Бұған қосыламыз. Бiрақ сонша тұмшаланудың қажетi қанша, оның үстiне бұл өзi араб елдерiнiң киiм үлгiсi екен…

— Жалпы, бұл хиджабқа тек арабтың киiмi деп қарау дұрыс емес. Өз басым оны Өзбекстанда да, Қырғызстанда да, Түркияда да көрдiм. Мәселен, Түркияда «арабтың киiмi, оны кимеуiмiз керек» деп байбалам салып жатқан мұсылманды көрген жоқпын. Сондықтан хиджабты айтып үрей тудырудың қажетi шамалы. Әрине, тек қара түстi матадан киiнiп, тұмшаланып алғанды қолдамаймын. Бiз ұстанатын ханафи мазхабында әйелдерге жүзiн көрсетуге рұқсат берiлген. Лажы болса, әйелдерiмiздiң ашық түстен киiнгенi дұрыс. Оның үстiне қазақтың салт-дәстүрiнде қара киiмдi азалы жағдайға ұшыраған кезде киген. Дегенмен, «Нұр», «Ахзаб», «Әнғам» сүрелерiнде «әйелдерге әуреттi жерлерiңдi жауып жүрiңдер» деген Алла тағаланың бұйрығы бар. Ал, оны қалай жабады? Мұны өзiмiздiң салт-дәстүрiмiзге қарай бiр жүйеге келтiруге болады. «Ислам және өркениет» газетiнiң үш санында және интернет сайттарда Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мұсылман әйелiнiң киiм үлгiсiне конкурс жариялады. Жүлделерi де бар. Сондықтан дiнiне, қазағына, қыздарына жанашыр адамдар болатын болса, сондай киiм үлгiсiн шығарсын. Өзiмiздiң дәстүрiмiзге сай етiп… Ал, ендi әуреттi жерiн өзге еркектен жауып отырған әйел адамына барып, «бұл арабтың киiмi, шешiп таста» деп қалай айтамыз?..

— Тiкелей байланыста телефон арқылы сауал түстi, тыңдап көрелiк.

Қазығұрт ауданы:
— Мен базарда газет-журнал, өзге де баспа өнiмдерiн сатып, отбасымды асыраймын. Аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерлерi «сараптама жасаймыз» деп, «Иман шарт», «Мұхтасар» және «Құран Кәрiмнiң» қиссаларын тәркiлеп алып кеттi. Бұл қаншалықты заңды және қандай көмек бере аласыздар?

— Тәуелсiздiкпен бiрге елiмiзге баспасөз еркiндiгi де келдi. Қазiргi таңда түрлi дiни кiтаптар да көп. «Пәлен кiтапта мынандай бiр ғалым көзқарасын былай бiлдiрген екен, ал, мына кiтапта былай бiлдiрген екен» деген секiлдi сұрақтар тым көп қойылуда. Сондықтан бiз дүңгiршектен немесе базардағы жаймалардан руханиятыңызға қажеттi бiр дiни кiтапты сатып алмас бұрын бiрiншi бетiн ашып қараңыз, онда «Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының сараптауынан өткен немесе Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мақұлдаған» деген сөздер болуы қажет. Мұндағы мақсат сол кiтаптардағы мәтiндер мемлекетiмiздiң құрылымына, ұстанып отырған саясатына қарсы келетiн баспа өнiмдерiнен сақтандыру болып табылады.

Ал, сауал жолдаған азаматша ешқандай уайымдамасын. Әлгi айтқан кiтаптарыңыз бұрыннан саудада бар. Құқық қорғау органының қызметкерлерi дiни сауаттары болмағандықтан, сараптаушыларға апаруға мiндеттi. Бұған да түсiнiстiкпен қараған абзал. Дегенмен, заң бойынша сiздiң де кiтаптарыңызды керi қайтарып алуға құқыңыз бар.

— Жақсы. Ол кiсiнiң толық аты-жөнi мен мекенжайын сiздерге берейiк, бақылауға алсаңыздар. Бiз әрi қарай әңгiмемiздi жалғастырсақ. Ордабасылық Талғат есiмдi жiгiттiң сұрағы мынадай:

— Бүгiнде үлкендерге қарағанда жастар мешiтке көп барады. Өзiм М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнде оқимын. Құрбан, Ораза айт күндерi мешiтке барамын. Сондағы байқағаным, кейбiр мешiттерде имамдар имандылыққа бет бұрған адамды бiрден ақиретпен қорқытып-үркiтедi. «Сен мынаны бүйт» немесе «ананы үйт» деген секiлдi… Әйтпесе, о дүниеде тозақ отына жанасын деген сарында әңгiме айтады. Сонда имамдар ол жаққа барып келе бере ме, бәрi бiр Алланың қолында емес пе? Бұл адамның, әсiресе, жастардың психологиясына қатты әсер ететiнi белгiлi. Бастысы, Алла үйiнiң табалдырығын алғаш рет аттаған жанды шошытады. Осылайша о дүниемен қорқыту арқылы дiнге бет бұрғызу қаншалықты орынды?

— Жалпы алғанда мешiтке келген дiннен хабары жоқ азаматтарға ақпар беру имамның, дiни қызметкерлердiң тiкелей мiндетi. Сондықтан жалпылама көпшiлiкке айтқан сөздi өзiме айтылды деп қабылдау қисынға келмейдi. Одан кейiн о дүниенi айтып қорқытады дегенi ақылға мүлдем сыймайтын нәрсе. Өйткенi, Құранда, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисiнде Алла тағала не бұйырды, сол нәрселердi имамдар айтады. Сондықтан да бұл мәселенi дұрыс түсiнуiмiз керек. Жалпы, қазiргi таңда суицид мәселесi көп айтылып жүр. Әлем бойынша бұдан Қазақстан алдыңғы қатарда. Зерттеулерге қарайтын болсақ, мұсылман елдерiнде бұл мәселе мүлдем жоқ. Шындығында солай. Неге? Өйткенi, олар дiннен хабардар. Өз-өзiне қол жұмсаудың, жалпы басқа да әлсiздiкке барудың шариғатта харам екенiн және о дүниедегi азабы ауыр болатындығын жақсы түсiнедi. Өкiнiшке қарай, бiзде имамның аузынан не шықса да «о дүниенi айтып қорқытады» деп ойлайды. Сондықтан бұл сауалды қойып отырған азаматтың ой-өрiсi дiннен таяз деп ойлаймын.

Егер дiннен бiлiмiңiз болса, не нәрсенiң қажет немесе қажет емес екендiгiн өзiңiз түсiнесiз. «Ана құрсағынан шықтық базарға, бiр кебiн алып қайттық мазарға» деген сөз бар. Бұл осы дүниеде қандай дәрежеде болғанымызға қарамастан, о дүниедегi дәрежемiз, құнымыз бiр кебiн дегендi бiлдiредi. Оны имамдар, дiндарлар айтып түсiндiрмесе, кiм түсiндiредi? Ендi, дiндарлардың да аузына «о дүние туралы айтпа» деп қақпақ қоялық. «Кiмде-кiм қабiрге дайындықсыз кiрсе, ол теңiзге кемесiз түскенмен тең» дейдi. О дүниеге де дайындықпен бару керек. Ал, ол үшiн имамдар «намаз оқы, ораза тұт, зекет бер, шамаң келсе қажылыққа бар» деп уағыз айтады. Сондықтан сұрақ қойған бауырым қорықпасын, тек өзiне қажеттi нәрсесiн ала бiлсiн.

«Өзге дiндi қызды алуға қарсы емес»

— Күнделiктi тұрмысқа қатысты сұрақтар да бар. Солардың бiразын қоя кетсем. Жанар есiмдi азаматша «жетi нан садақа жөнiнде бiлгiм келедi. Алла ризалығы үшiн көршiлерге шелпек таратып, дұға оқыған дұрыс па?» дейдi.

— Алла разылығы үшiн жасалған әрбiр iске оның құзырындай сауап бар. Сондықтан да бұл сұрақты қойған қарындасымызға айтарымыз, бұрынғы әжелерiмiз әрдайым нан пiсiрген кезде ең соңғысын жетiге бөлiп, оны көшеде ойнап жүрген балаларға құдайы ретiнде тарқатқан. Мұны «үшiр» деп айтады. Яғни, Алла тағаланың берген ырыздығына, несiбесiне шүкiршiлiк. Сондықтан бiр жаман түс көргенде немесе қандай да бiр өзiңiздiң руханиятыңызға қажеттi бiр жағдай болған кезде «Алла осы үшiн шелпек пiсiрiп, көршiлерге тарқатайын» деп ниет етiп, оны орындасаңыз, үлкен сауапқа ие боласыз. Ал, егер ниетте шатасып, шелпектi пiсiрiп, «мұны мен пәленше атамның әруағына арнаймын» деп ниет қылсаңыз, ол дұрыс емес. Сондықтан әрбiр iстi Алла разылығы үшiн жасаңыз. Тек ниеттен шатаспаңыз.

Айгүл ИБРАГИМОВА, Шымкент қаласы:
— Кезiнде атамыздың басына темiрден қоршау қойғанбыз. Шамамыз келгенде қоршауды алып, ескерткiш орнаттық. Сұрайын дегенiм, әлгi темiр қоршауды үй тұрмысында қолдануға бола ма?

— Әрине, болады. Өйткенi, шариғатта әрбiр iсте ысырапкершiлiкке жол берiлмейдi. Жалпы, ысырап харамға жетелейдi. Сондықтан жаңағы темiрмен қора-қопсы бекiтiлсе нұр үстiне нұр.

Марат (тегiмдi айтпай-ақ қояйын), Жетiсай қаласы:
— Жасым 21-де, Жетiсай қаласында ата-анаммен бiрге тұрамын. Өзiм Шымкенттегi орыс мектептерiнiң бiрiн бiтiрдiм. Ұнатқан қызым бар, ұлты – орыс. Алайда, отбасым «дiнi бөлек» деп онымен шаңырақ көтеруiме рұқсат бермей жатыр. Бiрақ жүрекке әмiр жүрмейдi ғой. Ислам дiнiнде аралас неке туралы не айтылған, сiзден бiлуге бола ма?

— Мұндай мәселе аракiдiк көтерiлiп тұрады. Негiзiнде «Тең-теңiмен, тезек – қабымен» деген сөз бар. Өйткенi, мұсылман ердiң мұсылман әйелдi алғаны, мұсылман әйелдiң мұсылман ерге тұрмысқа шыққаны дұрыс. Шариғатымыз да осыған бұйырады. Ал, қыз беру жағына шариғатымыз үзiлдi-кесiлдi қарсы. Себебi, дiнде өзге дiнге болатын құрмет туралы аз айтылған. Бұл мұсылман қыздың намысына, дiнiне және арына зиянын тигiзуi мүмкiн. Өзге дiн өкiлiнен қыз алуға шариғат қарсы келмейдi. Оған рұқсат берiлген. Бұл бауырымыздың христиан дiнiнiң өкiлiн алуға толық мүмкiншiлiгi бар. Шариғат бұзған болып саналмайды. Алайда, айтарымыз, мұсылман тек мұсылманмен отбасын құрғаны абзал.

Шолпан (тегiмдi айтпай-ақ қояйын), Сайрам ауданы:
— Шетелдiң киноларынан дiн қызметкерлерiнiң түрмелерге барып, ондағылармен жолығып тұратынын көремiз. Сiздер де темiр тордың арғы жағындағылармен кездесу өткiзiп тұрасыздар ма?

— Мiндеттi түрде. Онда барып, дiннен дұрыс түсiндiрме беру жүйелi түрде жолға қойылған. Барлық тәртiптi түзеу мекемелерiмен келiсiмшартымыз бар. Бiр орынбасарым осыған жауапты. Арнайы түзiлген кестеге сәйкес имамдар кезегiмен барады.

— Осы тұста бiр мәселенi нақтылай кетсек, кейбiр тәртiптi түзеу мекемелерiнде намазханалар бар. Орталарынан бiр имам бекiтiлiп, парыздарын орындап жатады. Сол жерде айтылған дiни уағыздар бiздiң ұстанған мазхабымызға, шариғаттардың талаптарына сай келетiнiн қадағалай аласыздар ма?

— Ондағы мешiттерге, намазханаларға имам етiп өз араларынан бiр азаматты бекiтемiз. Әрине, оның мазхабына, дiнге деген көзқарасын тексерiп алғаннан соң. Бұл жағынан қадағалау бар.

— Өткен жылдары Шымкент қаласындағы бiр ғана әл-Фараби аудандық сотында 15-тен астам адам терiс дiни ағымдарға қатыстылығына байланысты iстi болған. Қазiр ол азаматтар әртүрлi жазаға кесiлген. Осылармен сөйлесу арқылы бетiн берi қаратып, өзiмiздiң ұстанған мазхабымызға қайтаруға болмас па екен?..

— Қазақстан — құқықтық, зайырлы мемлекет. Дiн мемлекеттен бөлек. Бiз ол азаматтармен жолыққанда саяси мәселеге араласып кеткендерiн айтамыз. Олар белгiлi бiр деңгейде мемлекетке зиянын тигiзгендiктен iстi болады. Жалпы, түсiндiру жұмыстары жүргiзiледi. Олардың арасында тәубелерiне келiп, керi қайтқандары бар. Сондықтан бұл жердегi мәселе — бiлiмiн арттыру. Осы 15-тен астам адамның кем дегенде 10-ы бұл әрекетке бiлiмсiздiктен және дiннен хабары жоқтығынан барды. Яғни, басқалай мақсат-мүддесi бар жат пиғылды бiреулердiң оңай олжасына айналған жiгiттер. Бұл жерде олардан қатты қауiптенетiндей дәнеңе де жоқ. Сондықтан олармен имамдар қажеттi жұмысты өз деңгейiнде жүргiзуде.

Асқар ЖАМАЛБЕКҰЛЫ, Қазығұрт ауданы:
— Биыл ораза қай айда басталады? Бiлуiмiзше, шiлдеге тура келетiн секiлдi. Ауа райына байланысты шариғатта қандай да бiр жеңiлдiктер қарастырылған ба?

— Биыл ораза 1 тамызда басталады. Шiлдеге тура келедi. Жаздың кезiнде былай, қыста басқаша деп шариғатты бұрмалай алмаймыз. Ораза жылдың қай мезгiлiнде болмасын бiр шартпен орындалады. Ал, қаншалықты қиындықты, сабырды талап ететiн iстiң сауабы да соншалықты артық болады. Ендi қатты шөлдесе, ол қияметтегi шөлдi немесе өлiм аузында жатқан кездегi бiр тамшы суды елестетедi. Сондықтан жаз мезгiлiнде кiмде-кiм нәпсiсiмен күресiп, ораза тұтса, оның сауабы өте үлкен.

Жақсылық ӨСЕРҰЛЫ, Ордабасы ауданы:
— Қазiр компьютер заманы. Облыстағы имамдар интернеттi қаншалықты игерген? Сiздiң жеке сұрақ-жауап сайтыңыз бар екен, оған қалай байланысса болады. Өңiрiмiздегi мешiттер телефон және қажеттi заманауи құрал-жабдықтармен қалай қамтамасыз етiлген?

— Имамдарымыздың жағдайын ойлап, осындай сауал қойған бауырымызға Алланың нұры жаусын. Иә, арнайы сайтымыз бар. Өмiрге келгенiне он бiр айдың жүзi болды. Түркiстан қаласынан имамдық қызметтi атқарып жүрген Ұлықбек Алиакбарұлы деген азаматты сайт әкiмшiсi етiп алдым. Осы күнге дейiн 600-ден астам сұраққа жауап бердiк және 70 мыңнан астам оқырман сайтқа кiрген. Бұл мәселе күнделiктi талқыланып отырады. Әртүрлi сұрақтар келiп жатады. Сайттың ұтатын тұсы көп. Кез келген адам өзi жеке келiп сұрауға ыңғайсызданып жүрген сауалдарын қоя алады. Аудан имамдарының барлығын осы сайтқа отырғызуды алдағы уақытта жоспарлап отырмын. Қазiр соның отыз пайызы орындалды. Сайт арқылы өзiме де тiкелей сұрақ қоя алады. Сонымен қоса одан облысымызда өтiп жатқан түрлi iс-шараларды, жаңалықтарды, дiнге қатысты ақпараттар туралы да оқып бiлуге мүмкiндiк бар. Алдағы уақытта шалғай аудандағы имамдармен он-лайн жүйесiнде бейнеконференция өткiзудi жоспарлап отырмыз.

Бас имамның жалақысы – 25 мың

— Ленгiр қаласының тұрғыны Венера Айыпбергенова есiмдi азаматша «облысымыздағы мешiттерге айына қанша садақа түсетiнiне есеп жүргiзiле ме және ол қаржылардың қайда жұмсалатынын бiлуге бола ма?» дейдi.

— Оған байланысты да айта кетейiн. Жасырын ештеңе жоқ. Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының жарғысына сәйкес, жәшiктердегi қаражат саналады. Мысалы, Шымкент қаласындағы 40 мешiттiң бухгалтериясын он есепшi жүргiзедi. Шындығын айту керек, қаладағы екi мешiттен басқалары өзiн-өзi қамтамасыз ете алмайды. Айына 20-30 мың, тiптi, 2-3 мың ғана теңге садақа түсетiн мешiттер бар. Ал, оның жылуын, суын, жарығын және имамның айлығын төлеу керек. Барлығы мешiтке түскен қаражат есебiнен берiледi. Қай мешiтте садақа тәуiр түсетiн болса, сол мешiттiң имамы жақсы айлық алады. Облыстың бас имамы ретiнде мен 25 мың теңге еңбекақы аламын. Ал, ендi қалғаны, әсiресе, ауылдық жерде 2-4 мың теңге аралығында айлық алатындары бар. Бiрақ ең төменгi айлық келiсiмшарт бойынша 15 мың теңгеден кем болмауы керек. Мешiттiң басқа да күнделiктi қажеттiлiктерiне қаржы қажет. Мәселен, жұма күнi келiп бiр мезгiлде қанша жүздеген адам дәрет алады. Олардың суы, ластап кеткен орны бар, оған тазалайтын адам жалдау керек. Сонымен қатар айналасын көгалдандырып ұстап отыру қажет. Мешiт те тиiстi салығын төлейдi. Кiрiс-шығыс құжаттары толтырылады. Үкiметтiк емес ұйымдар секiлдi жұмыс жасаймыз. Барлығы заңға сәйкес. Бұл мәселеге тиiстi адамдар Алла тағаланың алдында әрбiр тиынына дейiн жауабын бередi.

Наргиза МАВЛАНОВА, облыстық «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетiнiң тiлшiсi:
— Қазiргi таңда көпшiлiк, әсiресе, жастар жағы қалыңмал мен мәһрдi шатастырып жатады. Осы туралы не айтасыз?

— Орынды сұрақ. Мәһрдi қалыңмалмен де, ана сүтiмен де шатастыруға болмайды. Бұл жерде қыз ұзатып отырған үйге қалыңмал берiледi. Ал, мәһр бұл – сыйлық. Өзiнiң пәк сезiмiн сiзге бағыштаған әйелге берiлетiн дүние. Жастарымыз, әсiресе, болашақта келiн болатын қыздарымызға айтарымыз мәһр сұраудың еш ұяты жоқ. Бұл былайша айтқанда, ер адам мен әйелдiң арасындағы келiсiм. Ерiңiз уәдесiнде тұрып, мәһрдi алып берсе, неке дұрыс болады. Оны орындай алмаса, неке есептелмейдi. Бастысы, мәһрге әйел адамы өзiне жеке пайдаланатын затты сұрауы тиiс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Хадиша анамызға үйленген кезде 10 диһрам мәһр берген. Сондықтан ол 10 диһрамнан кем болмауы тиiс. Бұл шамамен 15 мың теңге.

Түркiстан қаласының бiр топ тұрғындары:
— Түркiстан қаласында (Жуковский көшесi жақта) бiр көше тұрғындарының басым бөлiгi белгiсiз дiни ағымға өтiп кеткен бе дерсiң. Бұлай айтуға себеп те жоқ емес. Өйткенi, кешкiсiн әлгiлер бiр үйге жиналып алып, орталарына от жағып, түсiнiксiз бiр рәсiмдерiн жасап жатады. Осыны тексерсеңiздер?

— Бұл мәселе бойынша Түркiстан қаласының бас имамына тапсырма берiледi. Қандай да бiр заңға, шариғатқа және әдет-ғұрпымызға қайшы әрекеттер анықталса, құзырлы органдарға тапсырылады.

Гүлнәр ( тегiмдi айтпай-ақ қояйын), Мақтаарал ауданы, 16 жаста:
— Қыз бала мешiтте имам бола ала ма?

— Мешiттерде тек ер кiсiлер имам болады. Бiздiң мазхабымызда қыздардың имам болуы макруһ, яғни жек көрiлген iс болып есептеледi.

Мұхамеджан НУТИЛЛАЕВ, Шымкент қаласы:
— Биыл қажылық сапары қай уақытта басталады? Екiншi сауалым, намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын адамның қажылыққа баруы қаншалықты дұрыс?

—Биыл Құрбан айт 6 қарашада басталады. Сондықтан қажылыққа бұдан 2 апта бұрын баруыңыз керек. Намаз оқымайтын, ораза ұстамайтын адамға қажылыққа барма деп айта алмаймыз. Дегенмен, алғашқы екi парызды орындаған соң қажылыққа барғаны абзал.

Ербол БОРАНБАЕВ, Шымкент қаласы:
— Ақтөбе қаласындағы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi облыстық департаментiнiң алдында өзiн-өзi жарып жiберген шахид туралы хабар елдi елең еткiздi. Әдетте, лаңкестер алыста ма деп ойлаушы едiк. Мына оқиғадан кейiн не айтарымызды да бiлмеймiз. Осыған қатысты пiкiрiңiздi бiлсек…

— Бiрiншiден, ол адамды шахид деп айту қиын. Өзiн өзi өлтiру арқылы құрбан болған адам шахидке жатпайды. Бұған радикалды дiни топтардың қатысы болуы ықтимал. Исламда жазықсыз бiр адамды өлтiру бүкiл адамзатты өлтiрумен тең күнә. Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мұндай опасыз әрекеттерге мүлдем қарсы. Бiзге керегi ынтымақ, бiрлiк және бейбiт өмiр. Менiңше, елiмiздегi тiзгiнсiз кеткен түрлi дiни ағымдар мен секталардың iс-әрекеттерi шұғыл түрде мемлекеттiк деңгейде қолға алынуы тиiс. Мұндай мәселелерге байланысты өз ұсыныстарымызды тиiстi органдарға үнемi айтып отырамыз.

— Облыстың бас имамы ретiнде жамағатқа айтатын тiлегiңiз болса…

— Алла тағаладан iстерiңiзге береке, дендерiңiзге саулық һәм отбасыларыңызға амандық тiлеймiн. Барша мұсылмандар асыға күтiп отырған қасиеттi Рамазан айына төрт көзiмiз түгел жетейiк.

— Рахмет.

P.S. Интернет-конференцияда қамтылмай қалған сұрақтардың жауабын облыстық «Абдулхамид Қаттани» мешiтiнiң www. kattani.kz сайтынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРМЕНТАЕВ.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Амин, копш1л1кке деген ниет-т1лег1н1зге ракмет! С1зге де Аллаh разы болсын курметт1 Бейб1т кажы! Бул интернет-конференцияда койылган сурактар мен айтылган жауаптарга жане де ой-п1к1рлер мен1н кон1л1мнен шыкты деп айта аламын, кездесуде ешб1р орынсыз сурактар жок кер1с1нше каз1рг1 уакытта болып жаткан жайттар мен карапайым халыкка кажетт1 сурактарга ОКО бойынша ок1л имамнын т1келей оз1нен жауап алгандыгымыз куантады…

Пікір жазу