Бас Мүфти Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына келген делегаттар мен елорда тұрғындарына уағыз айтты

ҚМДБ төрағасы Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына келген делегаттар мен елорда тұрғындарына уағыз айтты.  Қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі «Нұр Астана» орталық мешітінде жұма намазына қатысып, көпшілік жамағатқа уағыз айтты.

Орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанның айтуынша, ҚМДБ-ның басшысы Ә.Дербісәлі Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына келген делегаттар мен елорда тұрғындарының алдында тәубе қасиеттері тақырыбында уағыздарды молынан айтты.

Тәубе әр пенденің өзі жасаған күнәларына шын жүректен өкiнуі, күйiнуі дегенді білдіретін күллі мұсылман қауымына ортақ араб сөзі. Әрине, күнәсіз пенде кемде-кем. Себебi, Алла тағала Адамды (а.с) жаратқан кезде, оның топырағына жамандық пен жақсылықты қоса илеген деген сөз бар. Ал, жиренішті тірліктерден және жаман әдеттерден арылу тек қана екi оттың бiрiмен: яғни бұл фәниде бiлiп-бiлмей iстеген қателiгiне iштей, шын жүректен қатты өкiнiп, Аллаға жалбарынумен немесе ақыреттегi тозақ отымен ғана болады. Сондықтан, ақырет азабынан құтылуды ойлаған әрбір мүміннің бұ дүниеде тәубе еткені абзал.

Осыны атап өткен Бас мүфти, исламда әрбiр мүмiн мұсылман үшiн тәубе ету уәжiп екендiгi турасындағы аят-хадистерден мысалдар келтірді.

Дінбасы жамағатпен бірге жұма намазына қатысып, намаз соңында игі бата жасады. Онымен көптен бері қауышпаған көпшілік шынайы алғыстарын білдіріп жатты. АСТАНА. ҚазАқпарат.



Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*