Ой салу — «ИСЛАМИ САУАТСЫЗДЫҚТЫҢ САЛДАРЫ»

Жаһандану тасқыны қарқын алып күшейген дәуірдің куәсі болып жүрміз. Қайда қарасаңыз да, сол сұрқия алып жыланның бармаған тауы, баспаған жері қалмады. Сұрқия жылан деуімнің себебі, оның пайдасынан зияны қаншама есе асып түсті. Бастауын батыстан алатын осы бір ой жемісі, адамның болмысына, адамшылдығына қайшы келетін неше түрлі арсыз қылықтар мен жалаңаштандыруды өте шебер түрде жайып келеді. Мұны біз айтпай-ақ, көшеге бір шықсаңыз, көз жеткізесіз: анайы әңгімелер, жалаңаш тәндер, атыс-шабыс, ұрып-соғу, ұрлық-қарлық, т.б.

Қыздарымыздың инабаттылығы мен ибалылығын, ұятын, арын оп-оңай олжаға, құнсыз, қадірсіз нәрсеге айналдырғаны қатты ашындырады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Жөнін біліп, қыз мінезін, қасиетін сақтап, батыстың улы тырнағынан өзін аман алып жүргендер де жоқ емес. Өкінішке орай, олардың саны өте аз. Жігіттеріміз қарындастарына қамқоршы болудың орнына олардың арасында да бір күндік қызыққа оп-оңай беріле салатын жеңілтектер қаптап кетті. Қыздарға баса мән беруім, олар болашақ ана ғой, қоғамның қандай болуы солардың тәрбиесімен тікелей байланысты.

Міне, санай берсең, жаһанданудан кеп жатқан залал-зияндар шаш-етектен. Біздің мақсатымыз оларды тізбектеп беру емес, соның шарасын іздеу, емін табу. Айтпақшы, адам баласы тығырық пен қиыншылықтан құтылатын бір жол тауып алған. Ол – кінәні өзгеге артып қоя салу. «Маған тимеген жылан мың жасасын» деген қағиданы місе тұту. Мұндай қағиданың ақыры өкінішке апарып соқтырары хақ. Адам қауымдасып өмір сүретіндіктен ондағы болып жатқандар бірінен екіншісіне әсер етпей қоймайды. Бұған дәлел «сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген нақыл сөз. Сондықтан бұндай кезде өзгелерді кінәлай бермей, өзіміздің істеп жүрген әркетемізге бір қарап шыққанымыз жөн болар. Себебі, Бауыржан атамыздың «Үлкен бастықтың оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені әлдеқайда күшті» дегені бар. Ұятты, ар-намысты ерекше бағалап, «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын», «Мал сақтама, ар сақта», «Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы» деген халықтың ұрпағымыз.

Біз неге осыншалықты өзгеріп кеттік деген сұрақтың бір ғана жауабы бар деп білемін. Ол – Ислам дінінен қол үзгендігіміз. Филология ғылымдарының кандидаты Мекемтас Мырзахмет ағамыз бір сұхбатында біздің тақырыбымызға байланысты былай деген еді: «Бұл дүниенің қызығын көру жолында не істеймін десе де ерікті Еуропа бұл күндері жазылмайтын «рухани кеселге» ұшырап отыр. Еркек пен еркек, әйел мен әйел қосылып, ойына келгенін істеуде. Қоғам одан, әрине, бұзылады. Оның салқыны бізді де шарпыды. Еуропа бұл «сырқатынан» енді құтыла алмас. Шығатын жол, қолында құтқарардай идеологиялық құрал жоқ. Бізде бар, ол – Құран».

Әлемді жайлаған осы бір дерттен, тұңғиықтан құтылар бір ғана жол бар екен, ол Алланың түсірген діні – Ислам. Адам ақиқаттан қаншалықты ұзаған сайын азғындай түседі. Оның бойында адамгершілік қасиеттер жаншылып, хайуандық сипаттар жайлайды. Бұл шындық жайлы Құранда былай деген: «Рас тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне, солар мүлде кәперсіздер». («Ағраф» сүресі, 179-аят).

Исламның құндылықтарынан бейхабар өмір сүргендердің бейшара халінің куәсі болып жүргеніміз шындық. Мәселен, қазір Америкада адамдар ақырзаманнан аман қалудың жолдарын қарастарып жатқанға ұқсайды. Олар түрлі апаттарға төтеп беретін құны 20 мың доллар тұратын темір үйлер салып жатыр екен. Бұл олардың өлімге, яғни ақырзаман келгендегі апатқа қарсы жоспарлаған шаралары. Осы әрекеттерімен олардың ақиқат діннен қандай алшақ екендігін байқауға болады. Құран аятында былай демейтін бе еді: «Сендер қайда болсаңдар да, тіпті мықты қорғандарда (жұлдыздарда) болсаңдар да өлім жетеді…» («Ниса» сүресі, 78-аят).

Осыған ұқсас тағы бір оқиға Шымкент қаласында орын алған. Бір қандасымыз ақырзаман пәлен күні болады екен деген қауесетті естісімен, дереу қарызға алған үйін сатып. қарызынан құтылады. Өзі бала-шағасымен аз ақшаға пәтер жалдап, ақырзаманның келуін күтіп отыра береді. Айтылған күні ақырзаман болмаған соң, жанұясында ұрыс-керіс шығып, ажырасуға дейін барған. Міне, бұл да Ислами білімнің саяздығының салдарынан туындап отыр.

Орайы келгенде, жалпы ақырзаман жайында да шариғи тұрғыдан әңгіме қозғап кеткеніміз жөн шығар. Себебі, қазір арамызда жасалынып жатқан көптеген күпірлік істер осы қияметке сенбегендіктің салдарынан боп жатқаны жасырын емес. Иә, ақырзаман жайлы неше түрлі алып-қашты әңгімелердің шыққаны бүгін емес, қаншама жылдар бойы айтылып келе жатыр. Бұл сұрақ адамзат баласын ежелден қызықтырғандығы Құранда да айтылған:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.), олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды: «Шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін Ол ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай (қиямет) сендерге кенеттен-ақ келеді» де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді де» («Ағраф», 187-аят).

«(Мұхаммед (с.ғ.с.) адамдар сенен қиямет мерзімінен сұрайды. Оларға: «Оның білімі Алланың қасында; қайдан білесің, мүмкін мерзімі жақын шығар» де» («Ахзап», 63-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәуірінде де бұл сұрақ адамдарды қызықтырмай қоймады. Алла елшісі (с.ғ.с.) бұған алаңдағандарды былай қанағаттандырып отырған. «Хазреті пайғамбар (с.ғ.с.) бір мәжілісте өсиет айтып отырған болатын. Бір көшпенді келіп: «Ақырзаман қашан болады?», – деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.) әңгімесін жалғастыра берді. Онда отырғандардың кейбірі: «Пайғамбар оның сөзін естіді, бірақ бұл сұрақты ұнатпады», – деді. Кейбіреулері: «Пайғамбар көшпендінің сұрағын естімей қалды. Сол үшін оған жауап бермеді», – десті. Пайғамбар (с.ғ.с.) әңгімесін бітіргеннен кейін: «Ақырзаман жайлы сұраған адам қайда?», – деп сұрады. Ол: «Уа, Алланың елшісі! Мен мұндамын», – деді. Хазреті пайғамбар (с.ғ.с.): «Аманатқа қиянат жасалған кезде ақырзаманды күте бер», – деді. Әлгі адам: «Аманатқа қиянат жасау қалай болады?», – дегенде, хазреті пайғамбар: «Іс маманына берілмеген кезде ақырзаманды күте бер», – деп жауап берді». (Бұхари, 1/14 (Әбу Хұрайрадан). Осы бір шындықты жете түсінген аталарымыз: «Тауық сойса да, қасапшы сойсын», – деген. Өкінішке орай, бүгінгі күні бұл қағида ұмыт болып бара жатқандай. Тамыр-таныстық пен ағайын-туғандық, жекжаттық белең алды. Мұның да ақыры ақырзаманның келуіне алып баратындығына жоғарыда көз жеткіздік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) істің маманына берілуіне ерекше ден қойғандығын мына жайттан аңғарамыз. Мұсылмандар Мекке қаласын өз қолдарына алғанда ол (с.ғ.с.) Қағбаның есігін аштырып, ішін тазартқаннан кейін кілтін Осман бин Талһаға береді. Осман бин Талһа ол кезде иман келтірмеген болатын. Қағбаның кілтінен үміттеніп тұрған беделді сахабаларға кілт берілмеді. Иман келтірмеген болса да, істі маманына берген хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол ұстанымынан айнымады. (Уақиди, 2 том, 838; Әзраки, 1 том, 268 б; Ибн Қаюм, 2 том, 184 б.). Бұл жайт қазіргі күні адамдарға үлгі болса кәне.

Сөз соңында Батыстың күнде өзгеріп отыратын адамдыққа жат мәдениетіне еліктемей, өз құндылықтарымыздың қадірін білсек, ешкімнің қолшоқпарына айналмаған болар едік. Ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кете бермеу үшін Ислами сауатымызды ашсақ екі дүниенің қызығы мен іздеген бақытымыз оңай табылар дегім келеді. Алла тағала баршамызға тура жол нәсіп еткей!

 

Берік Қалдаров,

«Ислам және өркениет» газеті, №17, 2011 жыл

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Әмин! Әмин! Әмин!

Пікір жазу