*Баспасөз күні — Қазақ сайттары әлі даму үстінде

«Киберпол» ұйымы қажет пе?

Ана тіліміздің жаһандық желідегі үлес салмағы әзірге 4 пайызды ғана құрайды. Мұны әлемдегі елдердің интернет кеңістігінінің дамуын зерттейтін орталық —  OpenNet Iniative ұйымы жақында жариялады. Былтыр Қаз­нетте 6997 сайт тіркелген болса, солардың тек 617-і ғана қазақ тілді сайттар екен. Өзіңіз көріп отырсыз, он есе аз, қазақ сайттарына жаңаша қарқын керек. Ертеңгі күні ізімізді өкшелей ғаламтордан бас алмайтын буын өсіп келе жатыр, қазірдің өзінде олардың дені орыс тілді, не ағылшын тілді интернет-ресурстарымен сусындап «ауыздықталуда». Ендігі сәтте ғаламтор кеңістігінде еркін жүзіп, қазақ қоғамына қандай ақпарат береміз деген сұрақты алға тартып қамданбасақ, қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалуымыз әбден мүмкін. Байланыс және ақпарат министрлігі алдағы жылы интернет желісі түкпір-түкпірдегі барлық ауылға тартылады дегенді айтты. Дұрыс. Алайда, дәл қазір қазақ ауылына қандай ғаламтор баратынын бағамдап отырған боларсыз… Әрине, ғаламдық ақпараттың тасқынынан бой тасалай алмаймыз, дегенмен ащы-тұщының дәмін талғамай жұта беруге бола ма? Біріншіден, бүгінгі сан-сапалақ пайдалы-пайдасыз орыс тіліндегі сайттардың шаңына көміліп қалмаймыз ба, екіншіден, бейкүнә баланың қолына «ойнай ғой» деп қару апарып берген қандай, бұл сол секілді емес пе? Ендеше ақпараттық технология ғасыры деп ғаламдық кеңістікке өзімізді ұмытып жалаң қойып кетпей, ақпараттық өнімімізді де қатар алып жүруді басты мақсат етуге тиіспіз.

Шетел тіліндегі балалар сайты немесе балалар тақырыбына арналған сайттар, денсаулық, білім, спорт, ойын-сауықтыру, ас-ауқат, әзіл-сықақ сайттары мен ақпараттық танымдық порталдардың қаншалықты заманға сай тартымды дами түскенін және ғаламтор кеңістігін оп-оңай жаулап алғанын көре тұрып, біздің де қам-қарекетсіз қалуымызға жол жоқ. Кейбір бей-берекет, қылмысқа итермелейтін сайттардан жас ұрпақтың бойын аулақ ұстау үшін де осындай танымдық, ақпараттық электронды БАҚ-ты көбейтуге тура келеді. Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер арасында «Киберпол» ұйымын құру туралы идея ұсынды. Интернеттегі адам төзгісіз қаскөй сайттардан қорғана білу тәсілін меңгерсек, Қазақ үкіметі ақпараттық технологияға басты назар аударып, қазақ ғаламторының жедел дамуына мүмкіндік беретіндей жағдай жасауы керек. Мейлі, бұл мемлекеттік тапсырыс негізінде іске ассын, болмаса, басқалай қаржылық-демеушілік тетік көздері болсын… Қазақ электронды БАҚ-қа қалайда қолдау мен ілгерілеушілік қажет.

Мешітте бір сайт бар

Мәселен, бес айдан бері белсенді жұмыс істеп жатқан Kattani.kz сайтында күніне шамамен 6 00 мен 2 000 оқырман қонақ болады екен. Шымкент қаласындағы орталық мешітке қарасты Kattani.kz сайтының ұйымдастырушысы, араб тілінің маманы, кәсіби діни сауаты бар Ұлықбек Алиакбарұлының айтуынша азғантай уақыт аралығында осы діни сайттан жүз мыңға жуық адам қонақ ретінде кіріп-шығып,  ақпарат алған. Мұның өзінен біздің қоғамдағы азаматтардың діни білімін арттырғысы келетін ынтасы барын байқауға болады. Kattani.kz сайтындағы материалдар кирилл және латын қарпінде, жуырда төте жазумен ұсынылмақ. Мұнда Құранның арабша, қазақша онлайн нұсқасы берілген. Сондықтан сайттан Құранды оқи да аласыз, тыңдай да аласыз, mp3 арқылы намаз оқып үйренуді және уағыздарды естисіз. Сайтқа төрткүл дүниенің арғы жағы мен бергі жағы — АҚШ, Канада, Біріккен Араб Әмірлігі, Исландия, Франция, Германия, Польша, Ресей, Грекия, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай мемлекеттерінен де азаматтар мағлұмат алатын көрінеді.

— Мысалы, бүгін маусымның 20-сы, сағат 15.19-да АҚШ-тың Калифорния штаты, Мантано қаласынан бір адам, ал, сағат 15.20 минутта Исландиядан бір қонақ кіріп отыр, — дейді Ұлықбек. Мұнда аптасына үш рет жаңа мақалалар жарияланса, басқа күндері күнделікті 3-4 жаңалықтар жарияланып отырады. «Сұрақ-жауап» айдарында осыған дейін мыңға жуық сұрақ келіп түсіпті. Олардың барлығына жауап беріліп, қазір баспадан кітап етіп шығару алдында тұр. Бұл жұмыстардың барлығы корпоративтік қазақ сайттарының алғашқы баспалдақтары деп білейік, олар әлі де даму үстінде.

BAQ.KZ өзінің оқырмандарын күтеді

Әзірге қазақ тіліндегі интернет-ресурстарының ішінде белсендісі BAQ.KZ ақпараттық  порталы. Былтыр қараша айында құрылған бұл ақпараттық порталдың негізгі қызметі – ғаламтор желісінде қазақ тілді БАҚ-тардың сайтын бір алаңшаға топтастыра келіп, мемлекеттік тілдегі электронды ақпарат құралдарының қатарын көбейту және рейтингісін көтеру болып табылады. Бүгінде порталға республикадан 29 газет, 6 журнал, 4 радио, 6 телеарна және 18 электронды БАҚ топтастырылған. Бұл жерден мүйізі қарағайдай «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» республикалық қоғамдық –саяси газетінің сайтынан бастап, оқырманға кеңінен танымал «Айқын», «Алаш айнасы», «Дала мен қала», Атыраудан «Алтын Орда», «Серпер», өзіміздің өңірден «Замана», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінің сайттарын оқып көре аласыз. Әсіресе, көп оқырман «Балапан» телеарнасының ашылғанына, ондағы балаларға арналған бағдарламалардың мазмұндылығына ризашылықтарын жиі білдірген.

Жақында «BAQ.KZ» ақпараттық порталы Шымкент қаласында болып, баспасөз өкілдері арасында семинар өткізді. Семинардың мақсаты – осы BAQ.KZ ақпараттық порталын қалай пайдалана білуді түсіндіру болды. Портал редакторы Қамбар Ахметовтің мәлімдеуінше бұдан былай республикамыздың кез-келген қаласы мен ауданынан таралатын, жеке сайты жоқ басылымдарға «Бақ-кз» ақпараттық порталынан интернет-парақша ұсынылады. Бұл елімізде жарық көретін барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтары мен мақалаларын бір сілтеме арқылы тауып алып, хабардар болып отырасыз деген сөз. Ол үшін BAQ.KZ порталында тіркеліп, жеке интернет-парақша ашуға рұқсат алу жеткілікті.

-Алғаш семинарды біз Қарағанды облысынан бастадық. Жергілікті БАҚ өкілдері бастаманы бірден қолдап, қазір осы өңірдің 11 аудандық газетін біздің порталдан оқу мүмкіндігі туды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы үш газет, Атырау аймағынан алты басылым, порталдан өздерінің жеке интернет парақшасын ашты. Осындай семинарларды біздің республиканың барлық аймағында өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді Қамбар Ахметов.

Сонымен бірге порталға ене отырып, сіз тек сайттардың материалдарына көз жүгіртіп қана қоймайсыз, жеке блогтармен де таныс боласыз, мұны жеке адамның көпшілікке ұсынған қойын дәптері десек болады. Қазір соңғы кезде солардың ішінде елімізге танымал өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері, қаламгерлердің жазбалары іліккен.

Қысқасы, алдағы болашақты интернетсіз елестету қиын. Ғаламтор қаласаңыз теледидар, радио, кітап, газет, журнал… шетсіз-шексіз ақпарат әлемі. Енді бір үш-төрт жылда қазақ тілді электронды БАҚ жаҺандық желіден өз орнын кеңінен ойып тұрып алатынына сенім білдірейік.

Құралай АХМЕТОВА,Жанерке ЖҮСІПБЕКОВА.

«Шымкент келбеті» №16 24 маусым2011 жыл

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу