Қасиетті миғраж түні

Биыл миғраж түні 28-29 маусымға тура келіп отыр. Миғраж сөзінің тілдік мағынасы – «көтерілу, биікке шығу, рухани дәреженің шыңына биіктеу». Бұл Екі дүние Сұлтанының (с.ғ.с) Алла тағаланың шексіз құдіретін тамашалап, Оның құзырына көтерілген киелі сапары. Әлем Патшасы Жаратушының рұқсатымен болған таңғажайып кездесу. Бұл түн мұсылман мемлекеттерінде және елімізде де ерекше аталып өтіледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тарихында ерекше назар аударатын осы бір түн Жаратушының пайғамбарымызға (с.ғ.с) берген сыйы. Бір түн ішінде Алла тағала сүйікті пендесі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедті (с.ғ.с) Меккеден Құддысқа, Құддыстан көкке, одан кейін ешбір періштенің жете алмаған мақамдарына көтерген. Осы бүгінгі біз баяндап отырған «Миғраж», «Исра» уақиғасы – пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең үлкен мұғжизалары. Хижреттен бір жыл бұрынғы бір түнде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккедегі Харам мешітінен Құддыстағы әл-Ақса мешітіне барды. Осы аралықтағы сапарға Исра есімі беріліп, бұл жайында Құранда: «Құлын (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін  Харам мешітінен біз айналасын мүбарак қылған Ақса мешітіне апарған Алла тағала әртүрлі кемшіліктен пәк. Шексіз Ол естуші, білуші», – дейді «Исра» сүресінің алғашқы аятында.

 

Миғраж оқиғасын біз хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінен оқып үйренеміз. Оның (с.ғ.с) Жәбірейілмен (ғ.с) болған жолаушы сапарында көкке көтерілу сәтінде өзіне дейінгі пайғамбарлармен дидарласқаны турасында хадистерде кеңінен түсіндірілген.

 

Ережеп айының 27-сi – Исра және Миғраж түнi. Осы түнде пайғамбарымыз хазретi Мұхаммед (с.ғ.с.) Харам мешiтiнен Ақса мешiтiне бiр сәтте исра жасап барған. Одан Миғражға – жетi қат көкке көтерiлiп, Алла тағаламен сөйлескен, бес уақыт намаз осы түнде парыз етiлген. Миғраж – Аллаға жақындаудың ең жоғарғы дәрежесi.

 

«Исра және Миғраж» – Ислам тарихындағы ең қиын, ауыр кезеңде болған оқиға. Бұл кезде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) басшылығындағы аз санды мұсылмандар мүшіріктердiң зорлық-зобалаңынан, Алла жолынан мұсылмандарды қайтару үшiн жасаған әрекеттерiнен әбден қиналған едi. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) олардан қорғап, үлкен қамқоршысы болған, өз баласындай аялап асыраған атасы Әбдiмүттәлiп, ағасы Әбу Тәлiп және сенiмдi жолдасы, жұбайы Хадиша анамыз дүниеден қайтқан шақ еді. 621 жылы, ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбiде, Алла тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с.) исра және миғраж оқиғасымен кереметтедi. Бұл оқиға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшiн  Алла тағала тарапынан үлкен бiр жұбаныш әкелдi. Үмiт шамын қайта жақты.

 

Осы түнде Жәбiрейiл (ғ.с.) перiште пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келiп: «Ей, Мұхаммед, Алла тағала ешкiмге нәсiп етпеген шарапатты саған нәсiп еттi. Сенi құзырына шақырып жатыр», – дейдi.

 

Миғраж оқиғасының ұлықтығы – Алла тағала шексiз ғаламды, ұшы-қиырсыз ғарышты, көктегi аспан қабаттарын, пейiш пен тозақты көрудi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға нәсiп етті. Онда Алла тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көптеген мұғжизалар көрсеттi. Бұл оқиғаның растығын «Исра» сүресiнен басқа «Нәжiм»  сүресiнде де бүтiн пайғамбарлар  тарихында жалғыз болған, теңдессiз мұғжиза – Мұхаммед (с.ғ.с.) миғражға шыққандығын қуаттай отырып, Алла тағала пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адаспағандығын, ол өзiнше сөйлемейтiндiгiн, көргенiнiң барлығы растығын, тiптi Жәбірейiлдi (ғ.с.) де өз бейнесінде көргендiгiн серт берiп айтады. Әдетте Жәбірейiлдi (ғ.с.) барлық пайғамбарлар адам бейнесінде көргені белгілі. Ал осы кеште және бұдан бұрын бiр мәрте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейiлдiң нағыз өзiн көрген едi. Мұны Алла тағала Құран  Кәрiмде растап: «Расында ол, Жәбiрейiлдi өз суретiнде екiншi рет Сидрат әл-Мунтаһада  (соңғы ағаш маңында) көрдi» («Нәжiм» сүресi, 13-14-аяттар), – делiнген.

 

Оқиға арқылы көзделген тағы бiр мақсат – Алла тағала Құран Кәрiмде: «(Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.), Саған (миғражда) көрсеткен нәрселерiмiздi адамдарға бiр сынақ еттiк» («Исра» сүресi, 60 аят), – деген.


Бұл жайт пайда жолына түсiп кеткен, ой өрiсi тар, ақылдары шектеулі, барлық iстi өз санасымен өлшейтiн, дүниенiң қалай пайда болғанын ойламай және Алла тағала құдiретiне күмәнмен қарап, сауатсыздық төңiрегiнен аса алмайтын, «Керуен бiр айда әрең барып келетiн ұзақтықты Мұхаммед қалай басып өтедi?» деген сияқты мәнсiз нәрселермен айналысқан ақылсыздардан, «Егер Ол осыны айтқан болса, онда Ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын», – деген Әбу Бәкiр сияқты шынайы мұсылмандарды айқын ажыратып бердi.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұнан кейiнгi сапары жайында: «Жәбiрейiлмен қоштасып қайырласқан соң, қорқа бастадым. Сол мезет Раббым Алланың дауысын естiдiм. Алла тағала маған: «Ей, Мұхаммед, менiмен сөйлес!», – дедi. Мен сөйлеуге сөз таба алмадым. Бiрақ Алла менiң көкiрегiме салды. Мен: «Ей, Жаратушым Алла! Тiлмен, жан-тәнiммен, мал-дәулетiммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшiн», – дедiм. Сонда Алла тағала: «Ей, Алланың  елшiсi, саған сәлем мен Алланың рахметi және берекетi болсын!», – дедi. Мен: «Сәлем бiзге және Алланың iзгi пенделерiне болсын», – дедiм», – дейді.

 

Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейiн Ұлы Ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында перiштелер бiр ауыздан танымал сөздi оқыды: «Алланың барлығы мен бiрлiгiне, хазретi Мұхаммед Алланың пендесi және елшiсi екендiгiне куәлiк беремiз», – дедi. Бiз әр намазда оқып жүрген «Әттаһият» дұғасы – осы. Алла тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтiң миғражда сөйлесуiнен келiп шыққан дұға.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғраж түнi  «Үмбетiм, үмбетiм»  деп  жылап, өзiне iлескен барлық мұсылмандар үшiн көп дұға-тiлектер жасады, ғапу сұрады. Алладан үмбеттерi үшiн де Миғраж сұрады. «Ей, Тәңiрiм, Миғраж мұғжизасымен менi нығметтендiрдiң. Үмметiм үшiн де осындай бiр нығмет тiлеймiн», – дегенiнде, Хақ тағала: «Намаз – момындардың миғражы», – деп, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметiне миғраж дәрежесiнде жүретiн намаз ғибадатын сыйлады.

 

Миғраж түнiнде пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) үш сый жасалды:


1. «Бақара» сүресiнiң соңғы екi (285-286) аяты «Амәнәр-расул» уаһи етiлдi.


2. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қиямет күнi үмбетiне шапағат ету мүмкiншiлiгi берiлдi. Қияметте ол (с.ғ.с.) күнәһар мұсылмандарға жәрдем берiп, оларды азаптан құтқарады.


3. Миғраждың ең үлкен сыйы – бес уақыт намаз.


Сол себепті, бұл түнде көбірек намаз оқып, рухани амал жасап, дұға, тілек жасаған дұрыс. Игі істерімізді, салихалы амалдарымызды, құлшылық ғибадаттарымызды Аллаһ қабыл етсін! ҚМДБ.

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу