«Рәжәб», «Шағбан», «Рамазан»

«Рәжәб», «Шағбан», «Рамазан» барша мұсылман әлемінде қасиетті мүбәрак айларға жатады. Олардың діни ерекшеліктері жайында көп деректер бар.

Үш айдың қасиетті болуы Рағайып пен Миғраж түнінің Рәжәб айына, Бәраат түнінің Шағбан айына, Қадір түнінің Рамазан айына дөп келуіне тікелей байланысты.

Бұл жайлы Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен мүбәрак сүннеттерінен мол мәлімет алуға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айымен қатар Рәжәб, Шағбан айларында ауыз бекіткен. Рәжәб айы кіргенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

اللهم بارك لنا في رجب وشعبان وبلغنا رمضان

«Раббым Рәжәб пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз»,[1] деп дұға жасаған.

Қасиетті үш ай Рәжәб айымен басталады. Ал Рәжәб Ислам діні келместен бұрын да құрметті ай болған. Ислам діні келісімен бұл айға деген құрмет күшейе түсті. Мұны қасиетті Құран Кәрімде:

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الشَّهْرِ الْحَرَامِ قِتَالٍ فِيهِ قُلْ قِتَالٌ فِيهِ كَبِيرٌ وَصَدٌّ عَن سَبِيلِ اللّهِ وَكُفْرٌ بِهِ وَالْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَإِخْرَاجُ أَهْلِهِ مِنْهُ أَكْبَرُ عِندَ اللّهِ وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ وَلاَ يَزَالُونَ يُقَاتِلُونَكُمْ حَتَّىَ يَرُدُّوكُمْ عَن دِينِكُمْ إِنِ اسْتَطَاعُواْ وَمَن

يَرْتَدِدْ مِنكُمْ عَن دِينِهِ فَيَمُتْ وَهُوَ كَافِرٌ فَأُوْلَـئِكَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَأُوْلَـئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ
«Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? — деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу — үлкен күнә, — де. Ал адамдарды құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-аль-харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару — құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау — кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшрик кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны — тозақ, онда олар мәңгі қалады»,[2] дейді.

Бұл қасиетті айлардың қадірін осы аяттар анық аңғартады.

Рәжәб айында қасиетті екі түн бар. Айдың алғашқы жұмасы Рағайып түніне, ал жиырма жетінші түні Миғраж түніне сай келеді. Миғраж түнінде мүміндерге бес уақыт намаз парыз етілді әрі Бақара сүресінің соңғы екі аяты уахи етілді.

Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

و عن عائشة رضي الله عنها قالت لم يكن النبي صلى الله عليه وسلم يصوم من شهراكثرمن شعبان فإنه كان يصوم شعبان كله

وفي رواية كان يصوم شعبان إلاقليلا

«Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім», дейді.[3]

Айша (р.а): Алла Елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін Шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын» Ибн Нәжжардың риуаятында: «Айша! Бұл айда ажал періштесі жаны алынатындардың тізімін жазады. Менің де атым ораза тұтқан кезімде жазылғанын қалаймын» деген еді.[4]

Алланың сүйікті елшісінен не үшін Шағбан айында көп ораза тұтатындығы сұралғанда: «Шағбан — амалдар Алла тағалаға ұсынылатын ай. Мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын. Шағбан адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен Режеп айларының ортасында мән бермей кететін ай. Мен ол айды босқа өткізгім келмейді,»- деп жауап берген.[5]

Шағбан айының маңыздылығы туралы:

وعن أنس رَضِىَ اللّهُ عَنْه قال: سُئِلَ قَالَ رَسُولُ اللّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أيُّ الصَّوْمِ أَفْضَلُ بَعْدَ رَمَضَانَ ؟ قَالَ: شَعْبَانَ لِتَعبَانَ رَمَضَانَ، وَأىُّ الصَّدَقَةِ أَفْضَلُ؟ قَالَ في رَمَضَانَ. أخرجه الترمذي .

Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?» деп сұралғанда ол: «Рамазанға құрмет ретінде Шағбан айы», «Қай садақа абзал?» дегенде, «Рамазан айында берілген садақа» деп жауап берді».[6]

Мүбәрак Шағбан айының 15-түні — Бәраат кеші. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түннің маңыздылығын былайша түсіндіреді: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін,» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді».

Тағы бір хадисте:

«Алла тағала Шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірін жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандар мен басқаларды кешіреді».[7]

Осы хадис Шағбан айының тек өзіне тән маңызын ашып көрсеткен.

Рамазан — айлардың сұлтаны. Бұл айда мұсылмандарға ораза ұстау парыз.

Рамазан — Құран Кәрімнің алғаш түскен ай. Алла тағала бұл туралы Құран Кәрімде былай дейді:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ

«Рамазан айы адам баласына тура жол және ақиқат пен жалғанды айыратын Құран түсірілген ай. Кімде-кім ораза айында болса, ораза ұстасын».[8]

Әбу Һурайра Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген:

كل عمل إبن آدم له إلا الصيام فهو لي وأنا أجزي به

«Адам баласының барлық амалы өзі үшін жасалады. Алайда оразаның жөні бөлек Ол мен үшін. Оның қарымын тек Мен беремін» дейді.[9] Өйткені адам баласы тек Алланың разылығы үшін ішіп-жеуден бас тартты. Алланың разылығы үшін аштықтың тауқыметін тартып бұл дүниеде қиналған адам о дүниеде шексіз рақымға бөленбек.

Рамазан — пенденің өзінің ішкі жан-дүниесі есеп алып, шын ықыласпен тәубаға келу айы. Рамазан — жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұң-мұқтаждардың қабағын кірбіңнен арылтатын шынайы жанашырлық айы. Бұл айда Алланың рақымынан үміт ете отырып, ауыз бекітіп, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілетін күзгі ағаштай күнәларынан арылады.

Қасиетті Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Сондай-ақ бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көзі тірісінде Рамазан айының оразасын тоғыз рет ұстау нәсіп болды.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде:

إِذا جَاءَ رَمَضَانُ ، فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الجنَّةِ ، وغُلِّقَت أَبْوَابُ النَّارِ ، وصُفِّدتِ الشياطِينُ

«Рамазан — тамұқ есіктері жабылып, жұмақ есіктер айқара ашылатын, шайтан атаулы кісенделетін ай», дейді.[10]

Бұл айда шайтан атаулы шідерленіп, тамұқ есіктері жабылып, жұмақ есіктерінің айқара ашылады. Бар ынтасымен ауыз бекітіп, жан дүниесін таза ұстаған адамды қанша азғырғанмен, дегенін істете алмай шайтанның дымы құриды.

Рамазан айында тұтылған оразаның маңыздылығы былайша түсіндіріледі:

عن ابي هريرة رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم قال مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَاناً واحْتِساباً،

غُفِرَ لَهُ ما تَقَدَّمَ مِنْ ذنْبِهِ

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін риуаят етеді: «Кімде-кім Рамазан оразасын шын көңілмен сеніп, сауабын тек Алладан ғана үміт етіп тұтса, оның күнәларының барлығы кешіріледі».[11]

Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды.

Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде терең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмбетке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмбеттің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмбеті туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.ғ.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үмбет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді.

Құран Кәрім — мұсылмандар өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Олай болса, мүминдер үшін бұл кітап түскен түннің қадірі аса жоғары екендігі сөзсіз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігіне әсіресе, тақ түндерін іздеу керектігін нұсқайды.[12]

Мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.ғ.с.):

«Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі».[13]

Сонымен қатар бұл мүбәрак ай жоқ-жітікке қол ұшын беру айы. Ұлы Жаратушы жомарттар үшін былай дейді:

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ ثُمَّ لاَ يُتْبِعُونَ مَا أَنفَقُواُ مَنّاً وَلاَ أَذًى لَّهُمْ أَجْرُهُمْ

عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ

«Мал мүлкін құдай жолына жұмсаған, соңынан онысын міндетсімейтін адамдар Алланың сауабына ие болады (қиямет күнінде) оларға қорқыныш та, қайғы-қасірет те жоқ».[14]

Сондықтан да Алла жолында мәрттік жасап садақа беру-үлкен сауап. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде-кім ақиқат жолында ізгі амал жасаса, оның қарымтасын алғаны сияқты өзінен кейін бұл істі жасағандардың да бір есе сауабын алады. Ешқайсысының сауабы да кемімейді…» дейді.[15]

Рамазанда біліп, білмей жасаған күнәларға кешірім тілеп, Алла тағаланың берекеті мен рызықтарына шүкіршілік етіп, тәубе ету керек. Алла тағала тәубе еткендердің тәубесін қабыл ететіндігі туралы Құран Кәрімде былай дейді:

وَمَن يَعْمَلْ سُوءاً أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللّهَ يَجِدِ اللّهَ غَفُوراً رَّحِيماً

«Егер кімде-кім бірер жамандық жасап немесе өзіне зиян келтіріп алып, одан соң Алладан тілек тілесе, ол Алланың жарылқаушы әрі өте мейрімді екенін көрер еді».[16]

Исламда Рамазан тұтылған ораза тұтумен мен қатар Режеп пен Шағбан айларында да ораза тұтуға үлкен мән берілген. Аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері мен айдың он үші, он төрті және он бесінші күндерін оразамен өткізу сауапты амалдарға жатады.

Бұл айларда оқыған әрбір намаз жамағатпен оқылғаны жөн. Құран Кәрімде:

اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ

«Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды», деп ескертеді.[17]

Бұл мүбәрак айларда Алла тағалаға шүкіршілік етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуымыз керек. Өйткені жүрек тек Алланы ғана еске алғанда жай табады. Ал дұғалар сәлем жолдау арқылы қабыл болады. Ұлы Жаратушы сәлем жайлы Құран Кәрімде:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيماً

«Сөзсіз, Алла Тағала және Оның періштелері әрдайым пайғамбарға салауат етеді. Ей, иман еткендер! Сендер де Оған (Мұхаммедке) салауат айтып, жан-дүниелеріңмен сәлем жолдаңдар!».[18]

Сәлемі қабыл болған адам сәтсіздікке ұшырап, сау басы саудаға түспейтіні анық.

[1] Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259
[2] «Бақара», 2/217
[3] Мүслім, Сиям, 176
[4] Суюти, Дүррул Мансур, 7/402
[5] Риязус Салихин аудармасы, т.V
[6] Тирмизи, Зекет, 28 Ибрахим Жанан, Кутуби Ситта, аудармасы, 9/428
[7] Сүнән-и Ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191
[8] «Бақара», 2/185
[9] Бұхари, ІІ/807; Мүслим, ІІ/806
[10] Бұхари, Саум, 5
[11] Бұхари, Фазлу Ләйлатил Қадир, 1
[12] Қараңыз: Бұхари, Қадір, 3; Мүслим, Сиям, 216
[13] Бұхари, Қадір, 1
[14] «Бақара», 2/262
[15] Мүслим, Сахих, ІІ/704 (1017))
[16] «Ниса», 4/110
[17] «Әнкабут», 29/45
[18] «Ахзаб», 33/56

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: , , , , ,

Пікір жазу