Қазақстанның бас қаласы — Астана бүгін 13 жасқа толды

Саумалды Сарыарқа төсінде, Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстанның бас қаласы — Астана бүгін 13 жасқа толды. Бір мүшелден аман-есен шыққан Астанамыздың туған күнін бүгін Қазақстанның дүйім халқы кеңінен атап өтуде. Той иесіне арналған негізгі мерекелік шаралар елорданың өзінде өткізілуде.

Астананың қалай астана болғандығы туралы деректерден аздаған мәліметтер беріп өтсек. 1994 жылғы шілденің 6-сы күні Қазақстан Республикасы  Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы қаулысы қабылданды. Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке маусымның 10-ы күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге — Астана күні атауы беріліп, оны атап өту — шілденің 6-сына бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, шілденің 6-сы — Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.
13 жасқа толған Астананы адамның жас өлшемімен алатын болсақ, оны 13 жастағы жеткіншекпен ешбір салыстыруға келмейді. Астана — мақсат-міндеттері айқындалған, аяғына нық тұрған — кемелденген шаһар. Тың идеялар мен нақты істердің ұйытқысы, елдігіміздің тұғыры, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі. Қазір Қазақстан — елі мен халқы жері мен жағрапиясы сияқты өзімен бірге өзгелерді бір-біріне жалғайтын бауырлас, меймандос және бейбітшіл, ХХІ ғасырдағы жаһандану үрдісінің позитипті дамуына әсер ететін тамаша ел. Ал Астана әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланатын бірегей диалог алаңына айналды. Астана қаласы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етуі кезінде жоғары деңгейдегі меймандарды өз төріне жинады. «Ислам Давосы» атанған Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының 7-ші отырысы да биыл Қазақстанның бас қаласында өтті. Ал ғаламдық экономиканың проблемаларын терең талқылауға бағытталған — Астана экономикалық форумын өткізу елорда үшін дәстүрге айналды.

Сондай-ақ күні кеше аяқталған «Astana mining & metallurgy» атты 2-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресі — Астананың туған күні қарсаңында өткізілетін игі бастамалардың бірі. Биылғы жылғы форумға дүниежүзінің 25 елінен 900-ден астам делегаттың қатысуы әлемдік қоғамдастықтың тау-кен металлургия саласына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Қатысушылардың арасында Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Италия, Беларусь, Австрия, Швейцария, Испания, Үндістан және тағы да басқа елдердің өкілдері болды. Президент Н.Назарбаев өзінің конгрес қатысушыларына жолдаған құттықтауында, бүгінде отандық металлургияның үлесіне ішкі жалпы өнімнің 7 пайызы, өнеркәсіптік өндірістің 17 пайызы және экпорттың 20 пайызы тиесілі екендігін атап өтті.

Иә, Астананың туған күні жыл сайын саяси-экономикалық маңызды іс-шаралардан басталады. Бірақ кейін қала күні бір жеті бойғы ұлан-асыр тойға ұласады. Мерекелік, мәдени іс-шаралардың алғашқы легі биыл да әдеттегідей, 1 шілдеде бастау алды. Олардың қазақ тілдегі «Бәйтерек» мультипликациялық фильмінің премьерасымен басталуы өте маңызды. Себебі мультфильм жоба авторларының Астана күні мерекесіне және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тартуы болды. Фильмнің алғашқы көрермендері мүмкіндігі шектеулі балалар болды.

Биыл Астана күні қарсаңында кино өнерін сүйетін қазақстандықтар голливудтық және ресейлік кино жұлдыздармен кезекті рет қауышты. Экш-фильмдердің «Астана» атты І халықаралық фестивалі аясында жайылған қызыл кілеммен былтыр Голивудттық жұлдыздар Майк Тайсон, Дольф Лундгрен, белгілі продюсер Харви Вайнштейн, «Оскар» сыйлығының екі мәрте иегері Хилари Суонк, «Матрица» фильміндегі трюктарды қоюшы Ву Пин және тағы басқалар жүріп өткен. Экшн-фильмдердің биылғы -  фестиваліне келген Голливуд жұлдыздарының салмағы былтырғыдан кем болмады. Бұл жолы Қазақстанға Голливудтан Стивен Сигал, Мишель Родригез, Майкл Мендсен және Арманд Ассанте арнайы ат артып келді. Ресейлік жұлдыздардың арасынан Дмитрий Нагиевті, Николай Валуевты, Марат Башаровты, Егор Кончаловскийді, Сергей Светлаковты, Гоша Куценконы, Екатерина Стриженованы, Виктор Вержбицкийді көруге болды. Фестивальға Асанәлі Әшімов бастаған қазақстандық кино өнерінің майталмандары да молынан қатысты. 1-5 шілде аралығында өткен фестиваль барысында барлығы 21 фильм көрсетілді. Картиналардың шеруін қазақстандық үш фильм бастап берді. Атап айтқанда, олар — Егор Кончаловскийдің — «Возвращение в А», Денис Куклин мен Лев Мариупольскийдің — «Два пистолета» және Ақан Сатаевтың «Ликвидатор» фильмдері.

Фестиваль барысында жас сценарийшілердің кино-жобаларының байқауы өтті. Биыл байқаудың жеңімпазы ғылыми-фантастикалық триллер жанрындағы«Аполлон 18» фильмін ұсынған Брайан Миллер атанған еді. Биыл фестивальдың жүлдесі қазақстандық сценарист Бахтияр Қадыровқа бұйырды. Оның ұсынған «После одного дня» жобасы бойынша Тимур Бекмамбетовтың «Базелевс» кинокомпаниясы енді фильм түсіретін болады.

2 шілде күнгі мерекелік шаралар отау құруды жоспарлаған жұптардың салтанатты неке қию рәсімімен басталды. Жас жұбайлар әдетте бақыт әкеледі деген ырыммен тойларын елеулі даталарға сәйкестендіріп өткізуге тырысады. Сондай күндердің бірі — Астана күні. Қос мерекеге арналған салтанатты түрде неке қию рәсімі — көркем де қызықты жоба. Биыл қала күніне орай салтанатты жағдайда 40 жұптың некесі қиылды.

Астана күнімен халықаралық, республикалық деңгейдегі бірқатар іс-шаралар бастау алып, дәстүрге айналды. Солардың бірі — «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің халықаралық фестивалі. «Азия жаңғырығы» -  түрлі акробаттық трюктар мен бағдарламалар көрсететін әлемнің талантты әртістерін жинайтын бірегей шоу. Мұндай цирк өнері фестивалінің баламасы бүгіндері тек Мәскеуде ғана бар. Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген әртістер апта бойы өздерінің бірегей бағдарламаларымен Астананың тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлады.

29 маусым-4 шілде аралығында өткен «Опералия — 2011» VI халықаралық музыкалық фестивалі италяндық композитор Джакомо Пуччинидің «Манон Леско» операсының тұсаукесерімен басталды.  Одан кейін балеттің әлемдік жұлдыздарының гала-концерті. Оған — Надежда -  Сайдакова, Яна Саленко, Дина Тамажлакару (Германия),  Владимир Малахов (Австрия),  Юргита Дронина (Латвия), Йоэль Карреньо (Куба) және Томас Лундтың (Дания) қатысты. «Әлемдік опера жұлдыздарының» гала-концерті — итальяндық әнші Сальваторе Личитра, Амарили Ницца мен қазақстандық опера әншілерінің қатысуымен өтті. Фестивальды Арман Мырзағалиевтің (АҚШ) қатысуымен Скрипка музыкасының кеші аяқтады.

Астана күнін атап өту аясында осымен төртінші рет өткен «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі келушілерді биыл да қазақ халқының терең мәдениетімен, тұрмысымен таныстырды. Биыл фестиваль аясында «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешенінің маңына 50 киіз үй тігілді. Хан шатыры тәрізді пішінде құрылған сахнада этникалық музыка мен күй кештері өтуде. Ауылға келген қонақтар сондай-ақ, көшпенділер өміріне өздері араласып, тікелей қатысу мүмкіндігін алды. Мысалға, атқа мініп, үй тігу, киіз басу ісіне араласуына болды. Келушілер сондай-ақ, ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттердің өнерін, қазақтың қыз ұзату, беташар, тұсау кесу, шашу, бесікке салу салт-дәстүрлерін, қазақтың ежелгі ұлттық киімдерімен таныстыратын театрландырылған қойылымдарды, айтысты және көшпелі цирк өнерін тамашалай алды.

Дәстүрлі іс-шаралардың арасында сондай-ақ, түркі әуендерінің «Астана-Арқау» фестивалі бар. Өзіндік ерекшелігі бар түркілік әуен әлемі өте қызықты және тамырын тереңнен тартады. Ұзақ жылдар қолдау көрмеген бұл бірегей мәдениеттің жоғалтқаны өте көп, сондықтан да оның ғасырлар тезінен өтіп бізге жеткен бөлшектерін сақтау, қайта жаңғырту — бүгінгі таңдағы маңызды мақсат. Мерекеде халықаралық деңгейде бағасын алған якут шамандарының қайталанбас өнері, Батысты таңғалдырған алтай, хакас, тувалықтардың көмей әндері, Оңтүстік Сібір, Орталық Азия, Солтүстік Кавказ халықтарының әндері мен эпикалық жырлары, түрлі аспаптармен дәстүрлі әуендер шырқалып, ғасырлар тереңінен тамыр тартқан мәңгілік музыка салтанат құрды.

Астана қаласының 10 жылдық мерейтойынан бастау алған «Әуен — ағыс» классикалық музыка және балет кеші биыл Сергей Прокофьевтің қойылымындағы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» балетімен басталды. «Ромео мен Джульеттаның» Астана қаласындағы ерекшелігі — балеттің алғаш рет қалқымалы көпір үстінде қойылды. Қазақстанның кәсіби бишілері бұл сыннан абыроймен өтті. Одан кейінгі күндері Н. Үсенбаева, Ж. Баспақова, С.Байсұлтанов, Г.Дәурбаева, Т.Мұсабаев, С. Рахметова,  сондай-ақ Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының балет труппасы мен симфониялық оркестрі, өнер көрсетті. Бүгінгі  бағдарламада Штраус, Чайковский, Моцарт сынды әлем классиктері мен Л.Хамиди, Е.Рахмадиев, А.Жұбанов, Т.Қажығалиев, С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев сынды отандық композиторлардың туындылары ойналады. Қатысатындар — Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі.

4 шілде күні Астана күніне арналған негізгі мерекелік іс-шаралар әдеттегідей, Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен Мемлекеттік рәміздер алаңында Қазақстанның көк байрағын көтеру рәсімімен басталды. Елбасы — ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы шара барысында сондай-ақ бірқатар жас әскериге офицерлік шендерді табыс етті.

Осы күннен бастап қала тұрғындары мен қонақтарына арналған бағдарламалардың ауқымы кеңейді. Астанада және қала аумағындағы елді мекендерде өткізіліп жатқан іс-шаралардың саны 20-дан асып-жығылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі биыл да ұйымдастырылды. «Asia Park» сауда, ойын-сауық орталығының аумағында ашылған жәрмеңкеден ет, сүт өнімдерін, көкөністер мен жемістерді 15-20 пайыз төмен бағамен сатып алуға болады.

Биыл Астана күні мерекесінде өнер сүйер қауым Ресейдің халық әртісі Сергей Безруковтың тағы бір туындысын тамашалай алды. Талантты әртіс былтыр «Басбұзар» — музыкалық-поэтикалық қойылымын алғаш рет көпшілік назарына ұсынған болатын. Режиссерлік қырынан таныла бастаған әртіс биыл орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің өмірі мен өлімі туралы кино-қойылымды дүниеге әкелді. Аталмыш қойылымның тұсаукесері маусымның 4-і күні «Михайлов» мұражай-қорығында өткен болатын.

5 шілдеде асық атудан «Алтын сақа» сайысының турнирі өтті. Астанада бұл спорт ойынынан жарыстар үшінші мәрте өткізілді. Былтыр турнирге 500-ден астам адам қатысқан болатын. Сайыс нәтижелері бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

«Астана самалы» үрлемелі аспаптар оркестрлерінің фестивалі Қазақстандық оркестрлер мен танымал сахна шеберлерінің орындауындағы классикалық әуен мен заманауи шығармалары ашық аспан астында өтті. «Астана Самалы» көптеген елдің өкілдерін бір сахнаға жинайтын қайталанбас сазды думан.

Осы күні сондай-ақ, «Аспазшылардың шеберлігі — сүйікті қалаға» атты фестивалдің аясында ұзындығы 150 метрлік «Кимпаб» роллын дайындау бойынша әлемдік Гиннес рекорды жаңартылады. Жаңа әлемдік рекордты қуаттау үшін Астанаға Гиннес рекордтары кітабының өкілдері арнайы келді. Рекорд қуатталғаннан кейін шеф- аспаздың командасы роллды теңдей бөліктерге бөліп, астана тұрғындары мен қала қонақтарына дәмауыз тигізді.

Кешегі күнгі премьералардың бірі Лара Фабиан мен Игорь Крутой ұсынған «Мадемуазель Живаго» шоу-концерті болды.

Мерекелік шаралардың шырқау шегі — 6 шілдеге жоспарланған әнші Сара Брайтманның жеке концерті. С. Брайтман өзінің асқан шебер сопрано даусының арқасында әлемге танылып, ән падишасы атанды. Ол өз шығармашылығында екі музыкалық бағытты — өткен ғасырдың классикалық музыкасы мен соңғы онжылдықтағы «поп» жанрын шебер үйлестіре білді.

Астананың туған күніне арналған мерекелік бағдарлама «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтетін «Астана — бақыт мекен» атты гала-концерт аяқтайды. Концертке Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуы күтілуде.

Шара аяқталған соң Қазақстанның бас қаласы құрметіне — мерекелік отшашу болады.

АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу