Тахауи ақидасы — Алғы сөз

АЛҒЫ СӨЗ

Барша мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаһ Тағалаға ғана тән! Соңғы Пайғамбар Мұхаммедке (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын), оның жанұясы мен туған-туыстарына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Құрметті оқырман қауым! Сіздерге ұсынылып отырған бұл кітапшамыз Имам Тахауидың бүгінге жетіп, Ислам әлеміне кеңінен танымал болған «әл-Ақидату әт-Тахауийя» атты еңбегі. Сіздерге ұсынылып отырған кітапша имам Тахауидың күні бүгінге дейін, Ислам әлемінде кеңінен танымал болған «Әл-Ақидату әт-Тахауия» атты еңбегінен көптеген мағлұмат алады деген сеніміміз мол. Аталмыш еңбекте Ислам дінінің сенімдік негіздерін қамтитын мәселелер жинақталған. Сондай-ақ, бұл еңбекте Имам Әбу Ханифа[1], Имам Әбу Юсуф[2] және Имам Мұхаммедтің[3] діндегі ұстанған сенімдері қамтылған. Имам Тахауи аталмыш Имамдардың Құран және хадистен түсініп, өздерінің сенім негіздері ретінде ұстанған ұстанымдарын жинақтаған және қазіргі таңға жетуіне дәнекер болған. Әрбір мұсылман осы сенім негіздерін жақсылап біліп ұғынуға аса мән беруі қажет. Сенім ұстанымдарын ақылмен емес, тек нақыл[4] арқылы ғана тануға болады.

Бұл кітапшамызда ескере кетер жәйт, Аллаһтың көркем есімдерін және Пайғамбар, Елші деген сөздерді үлкен әріптермен жазып өттік. Сонымен қатар һижреттік санақты (һ), миләди санағын (м) әріпімен қысқартып жаздық. Өлімі деген сөзді (ө) әріпімен көрсеттік.

Осы еңбектің жарыққа шығуына мұрындық болған өкіл имам Бейбіт Мырзагелдіұлына, имамның орынбасары М.Естеміровке, имамның көмекшісі Ұ.Алиакбарұлына және басқада бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Аллаһ Тағаладан осы кітапшаны барлығымызға екі дүниеде де пайдалы етуін тілейміз. Аллаһ Тағала баршамызға тура жолын нәсіп етсін!

Азамат Жамашев.

Шымкент-2011.


[1] Әбу Ханифа һижреттің 80 (м. 699) жылында Ирактың Куфа қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Нұғман ибн Сәбит, ұлты парсы. Әкесі Сәбит жіп және мата сатумен айналысқан. Әбу Ханифаның жастайынан Құранды жаттап, жеті қырағат имамының бірі Асымнан қырағат ілімін үйренгендігі жайлы айтылған. (Ибн Хажар Һәйтәми, Хайратул Хисан, 265 бет.) Әкесімен бірге он алты жасында қажылыққа барғанда Ата бин Әби Рәбәх және Абдуллаһ бин Омармен танысып, олардан хадис алған деген риуаят бар. (Ибнул Әсир, Усдул Ғабә, III, 133.) Әбу Ханифа 18 жыл бойы Ирактың атақты ғалымы Хаммад бин Әби Сүлейманнан (ө. һ. 120/м. 737) дәріс алды. Сонымен қатар Ибраһим Нәхәғи, Шағби, Алқама бин Қайс және Масруқ бин Әждәғ секілді көптеген ұстаздардан білім алған болатын. Әбу Ханифадан Әбу Юсуф, Мұхаммед бин Хасан, Дәуіт Тай, Әсәд бин Амр, Хасан бин Зияд, Қасым бин Мағн, Али бин Мусһир секілді көптеген ғалымдар дәріс алды. Имам Әбу Ханифа һижраның 150 (м. 767/768) Бағдатта дүние салып Хайразан мазарына жерленген.

[2] Имам Әбу Юсуфтың толық аты-жөні Яқуп бин Ибраһим әл-Әнсари. Имам Әбу Ханифаның ең атақты шәкірттерінен бірі болып табылады. Һижреттің 133 (м. 731) де Куфада дүниеге келген. Әбу Ханифадан 17 жыл дәріс алды. Оған Имам Мұхаммед бин Хасан, Ахмед бин Ханбал, Бишр бин Уәлид, Хилал бин Яхия сияқты ғалымдар шәкірт болған. Әбу Юсуф Һижреттің 182 (м. 798) жылы дүниеден өтті. Әбу Юсуфтан мирас болып мына кітаптар қалған: Китәбул Хараж, Ихтиләфу Әби Ханифа уә Ибн Әби Ләйлә, Китабул Әмәли, Китабун Нәуәдир т.б.

[3]. Әбу Ханифаның алдыңғы қатарлы шәкірттерінің бірі болған Имам Мұхаммедтің күниясы Әбу Абдиллаһ. Әкесінің аты Хасан. Ирактың Уасыт деген жерінде һижреттің 132 (м. 749) жылы дүниеге келген. Кейінірек Куфаға келді. Ұстазы Әбу Ханифа дүниеден өткенде 18 жаста болатын. Көптеген жерлерге ілім саяхатын жасап білімін шыңдаған. Шамда Әузағидан, Меккеде Суфян бин Ғуяйнадан, Хорасанда Абдуллаһ бин Мубарактан дәріс алды. Сонымен қатар Мәдинада 3 жыл болып Имам Маликтің дәрісіне қатысып, «Муатта» атты еңбегін басынан соңына дейін тыңдаған. Имам Мұхаммед әрі Фақиһ (фиқһ ғылымын толық меңгерген) әрі Мухаддис (хадис ғылымын жетік меңгерген) болған. Одан Әсәд бин Фурат, Имам Шафи, Әбу Хафс әл Кәбир сынды ғалымдар білім алған. (Ибнун Нәдим, Фиһрист, 295-бет). Имам Мұхаммед һижреттің 189 (м. 805) жылы Бағдатта дүние салды. Имам Мұхаммед пен Имам Әбу Юсуф Ханафи Мәзһәбінің өркендеп дамуына және бұл мәзһәбтің жайылуына ерекше септігін тигізген ғалымдар. Әбу Ханифаның Құран және хадистен шығарған үкімдері, пікірлері, қысқаша айтқанда Ханафи фиқһы қазіргі таңға Имам Мұхаммедтің кітаптары арқылы жеткен. Ханафи мәзһәбінің кітаптары I. Заһирур-Риуая, II. Надирур-Риуая және III. Уақиғат деп үшке бөлінеді. I. Заһирур-Риуая мына алты кітаптан тұрады: 1. әл-Мәбсут, 2. әз-Зиядат. 3. әл-Жамиғус-Сағир, 4. әл-Жамиғул-Кәбир, 5. әс-Сиярус-Сағир, 6. әс-Сиярул-Кәбир. Имам Мұхаммед осы аталмыш алты кітапы мүтәуәтір жолмен Әбу Ханифа және Әбу Юсуфтан риуаят еткендігі үшін ішінде күмән жоқ деген мағынада «Заһирур Риуая» деп аталған. Сонымен бірге бұл кітаптарда Имам Мұхаммедтің көзқарастары да бар. Ханафи мәзһәбінің негізі осы кітаптардан алынғандықтан «әл-Усул» деп те аталады. II. Надирур-Риуая болса мына бес кітаптан құралады: 1. Кәйсәният (Имам Мұхаммедтен Шұғайб бин Сүлейман әл Кәйсәни риуаят еткендіктен осылай аталған) 2. Харуният (Харун Рашидке ұсынылғаны үшін осылай аталды) 3. Журжаният (Журжанда жазылғандығына байланысты немесе Али бин Салих әл-Журжани риуаят еткендіктен осы атауды алған) 4. Раққият (Имам Мұхаммед Раққада Қазы болған кезінде шешкен мәселелерін қамтығандығынан осылай аталды) 5. Зиядатуз-Зиядат. Бұл кітаптарға Науадирур Риуая немесе Ғайру Заһирир Риуая деп аталуының себебі, бұл кітаптардың риуаяты мүтәуәтір дәрежесіне жетпегендігінен болып табылады. III. Уақиғат төмендегі екі кітаптан тұрады: 1. ән-Нәуәзил, 2.әл-Фатауа.

[4] Құран және хадис.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу