Тахауи ақидасы — Имам Тахауи

Имам Тахауи

Әбу Жағфар күниясымен[1] танылған Тахауидың негізгі есімі Ахмед болып табылады. Әкесінің аты Мұхаммед. Һижреттік жыл санауы бойынша 239 (миләди 853) жылы Мысырға қарасты Таха ауылында дүниеге келген. Осыған байланысты ол кісіні туып өскен жеріне байланыстырып Тахауи деп атаған. Ата-анасы білімді кісілер болған. Ал немере ағасы, Имам Шафидың[2] ілімін кейінгі халыққа жеткізген атақты Шафи мәзһабының ғалымы әл-Музәни[3] екендігі баршаға мәлім. Жалпы, білімді әулеттен шыққандығын көруге болады.

Имам Тахауи жиырмаға толған кезде Шафи мәзһабынан Ханафи мәзһабына өткен. Бұған байланысты бізге жеткен әртүрлі риуаяттардың бірінде былай деп келген: «Тахауидың ұстазы әрі немере ағасы болып табылатын Шафи мәзһабының Имамы әл-Музәни алдынан шыққан мәселелердің шешімін табу үшін Әбу Ханифаның кітаптарына көбірек үңілетін болған. Мұны байқаған Тахауидың ханафи мәзһабына деген қызығушылығы артқан.» Ол 300-ден астам ғалымнан дәріс алған. Ибн Асакир «Тарих» атты кітабында Ибн Юнустың: «Тахауи — сенімді, риуаяты қуатты[4], Фақиһ[5], Зерек және біртуар ғалым болған» деп айтқанын жеткізген.[6] Имам Зәһәби: «Тахауи — Имам, Ғалым, Хафыз, Мысырдың Мухаддисі[7] әрі Фақиһы. Оның еңбектерін зерттеген адам, Оның ғылымдағы орнының ерекше және мұхит іспеттес білімі бар екендігін аңғарады.» деп мәлімдейді.[8] Имам Тахауи һижреттің 321 (миләди, 933) жылында дүниеден өтті.

 

Имам Тахауидың еңбектері:

1. әл-Ақидату әт-Тахауийа: Имам Әбу Ханифа, Имам Әбу Юсуф және Имам Мұхаммедтің сенім негіздерін жинақтай отырып жазған. Міне қолдарыңыздағы қазақшаға аударылып, сіздерге ұсынылып отырған кітапшамыз осы болып табылады.

2. Шарху Мағаанил-Әсәр: Бұл кітапта фықһи мәселелердің дәлел дәйектері берілген.

3. Мушкилул-Әсәр: Хадистердің ішіндегі туындаған мәселелерді шешу жайлы жазылған. Имам Тахауи бұл кітабында тартысты болып көрінген хадистердің рауилерін танытып, олардың жағдайларын зерттеген. Аяттар мен хадистердің түсу себептерін анықтап, хадистер арасындағы күрделі мәселелерді шешкен.

4. Мұхтасар фи-л-Фықһи ала-л-Ханафияти: Ханафи фықһына байланысты жазылған кітап.

5. Сүнәну-ш-Шафиғи: Немере ағасы Музәнидің Имам Шафиден естіген хадистері жинақталып жазылған.


[1] Әке немесе Ана сөзінің ұл баланың есіміне байланыстырылып құрастырылған есімге Күния дейміз. Мысалы: Хз. Пайғамбарымыздың Қасым деген ұлы болғандығы үшін Әбул-Қасым деген күния есімге ие.

[2] Төрт мәзһабтың бірі болған шафи мәзһабының негізін қалаған Имам. Есімі Мұхаммед, әкесінің аты Идрис. Күниясы Әбу Абдиллаһ. Һижреттің жыл санауы бойынша 150 (м, 767) жылы Ғаззада дүниеге келген. Анасы 2 жасында Меккеге алып барды. Сол жерде өсіп, 7 жасында Құранды бастан аяқ жаттап шықты. Суфян бин Ғуяйнә, Муслим бин Халид, Малик бин Әнәс сияқты ғалымдардан білім алды. Ахмед бин Ханбал, Сүләймән бин Дәуіт, Абдуллаһ бин Зубәйр сияқты ғалымдар Имам Шафидан дәріс алған. Мысырда һ. 204 (м, 820) жылын 54 жасында дүниеден өтті.

[3] Әбу Ибраһим күниясымен танылған. Бұл кісінің негізгі есімі Исмайл. Әкесінің аты Яхия. Һ. 266 (м, 879) жылы дүниеге келген. Шафи мәзһабының көптеген кітіптарын жазған. «Мәбсут» деп аталатын әл-Мұхтасарул-Кәбир және әл-Мұхтасарус-Сағир атты еңбектің авторы болып табылады.

[4] Хадис риуаят еткенде сенімді рауилерден алуды жөн деп білетін. Имам Тахауи сенімді рауилерден болып табылады.

[5] Фықһ ғылымын жетік меңгерген мағынасында.

[6] Ибн Асакир, Тарихуд-Димашқ, VII, 368.

[7] Хадистердің сәнәдін (тізбегін), мәтінін және рауилердің есімдері мен жағдайларын білген кісіге Мұхаддис дейміз.

[8] Зәһәби, Сияру Ағламин-Нубәлә, XV, 27.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу