ӘЛ-МАТУРИДИ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ

Біз, түркі халықтарының бірлігін тарих, саясат, экономикадан ғана емес, ортақ мәдениетіміздің өзегі саналатын дін біртұтастығынан да іздеуге тиістіміз. Мұсылман түркі халықтары амалдық мәселелерді реттеуде ханафи мәзһабын ұстанса, сенімдік мәселелер бойынша матуриди мәзһабына жүгінеді.

Ендеше, «түркі» деген алып бәйтеректің бір өзектен сусындап, жайқала өсуіне мұрындық болып келген, сондай-ақ, ортодоксальді мұсылмандық сенімде рационалдық ойлауды дамытқан Әл-Матуриди дегеніміз кім?

Алғашқы серпін

Әбу Мансұр бин Мұхаммед әл-Ханафи ас-Самарханди әл-Матуриди (870-944) Самарқан маңындағы Матурид ауылында дүниеге келді. Фиқһ (құқық) теориясын Самарқандағы ханафиттік құқықтанушылардан үйренді. Кейін өзі осында фиқһ пен қаламнан (сенім мәселесі) дәріс берді. Әл-Матуридидің каламдық көзқарастары алғашқыда тек Мәуреннахрға ғана тарады (Ислам энциклопедиясы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. 110 б.).

Оның өмір сүрген уақытында Мұғтазила мәзһабы басынан бағы тайып, халықтың тепкісіне ұшырап, күйрей бастаған болатын. Мәуреннахр өлкесі фиқһ пен хадис ғалымдарының пікірталас алаңы еді. Пікірталас көбіне ханафи және шафиғи мәзһабтары өкілдерінің арасында өрбитін. Пікірталастардың қызықты өтетіні соншалықты, небір басынан қайғы арылмаған адамдар факиһтердің (мұсылман заңгерлері) сөз таластыруын келіп тыңдағанда, пікірталастан рухани нәр алып, кәдімгідей айығып, рухани ләззатқа бөленетін. Муғтазила өкілдері және факиһтер мен хадисшілер де ұдайы каламдық мәселелер бойынша өзара тартысқа түсетін. Имам Матуриди жас шағында осындай әрбір мәселеге ақылмен қарайтын пікірталасы өркендеген кеңістікте өсті.

Ұлы ұстаздың ұлағатынан сусындады

Имам Матуриди фиқһ мәселелері бойынша ханафи мәзһабын ұстанды. Ол, сөйте тұра, фиқһпен бірге сенімдік (ақида) тақырыптарда да шығармалар жазды. Имам Матуриди калам (сенім) ілімін жетік меңгергендіктен, фиқһ мәселелері бойынша өзімен сөз таластырған факиһтер мен хадисшілерге каламды да айтып састыратын. Оның каламдық әдісі Имам Әшғаридің әдістемесінен едәуір айырмашылығы бар еді. Десек те, негізгі көптеген пікірлері әшғари мәзһабымен бірдей-тін.

Ханафи мәзһабы ғұламаларының көпшілігі Имам Матуридидің көзқарастары Имам Ағзамның сенімдік пікірлерімен ұйысатынын айтады. Имам Ағзам адамзат тарихындағы құқықтық мәселелер бойынша үкім беруде кемеңгер тұлға саналады. Сөйте тұра, ол калам мәселелері бойынша да шығармалар жазды. Алайда, оның бұл саладағы шығармалары өте аз болды. Бұл туралы ол өз шығармаларында да баяндайды. Ол сенімдік мәселелер бойынша ғалымдармен пікірсайысқа түсу үшін Басраға жиырма екі рет сапар шекті. Имам Ағзамның өмірін зерттеушілер оның сенімдік мәселелермен шұғылдануы фиқһ саласына біржола бет бұруынан бұрын болғандығын айтады. Оның сенімдік шығармалары сол дәуірдегі кейбір бұзылған топтарға қарсы бағытталды. Яғни, Имам Ағзам туындаған теріс жайттарға орнықты жауап беріп, Исламға қарсы шабуылдарға дер кезінде тойтарыс жасайтын.

Имам Ағзам ақидаға қатысты кішігірім трактаттар жазды. Оның шығармаларында Хақтың сипаттары, иманның ақиқаттығы, Алланы ақылмен бе, жоқ әлде нақлмен (Құран мен сүннет) тану керек пе, жақсы және жаман іс-әрекеттерді кім жаратады, тағдыр және өзге де сенімдік мәселелер қарастырылған.

Сол дәуірде Ирақ фақиһтерінің көшбасшысы болған Имам Ағзамның бұл шығармалардағы көзқарастарын Имам Матуридидің сенімдік тұрғыдағы көзқарастарымен салыстырып көретін болсақ, бірізділікті аңғару қиын емес. Осы себептен де, зерттеушілер екі ғұламаны бір-бірінен ажыратып жатпайды. Дегенмен, Имам Ағзам мен Имам Матуридидің көзқарастарын салыстырып қарағанда, қайсы пікір кімдікі екендігін ажырату қиын. Осы тұрғыда, зерттеушілер Имам Матуриди өз шығармаларында Имам Ағзамның мынандай кітаптарын қолданғандығын анықтаған: ««әл-Фиқһул-әкбар», «әл-Фиқһул-әбсат», «Рисалату Әбу Ханифа ила Осман әл-Ветти», «Васиету Әбу Ханифа ли-тилмизихи Юсуф б. Халид әс-Семти».

Имам Матуриди бұл кітаптарды ұстаздары Әбу Насыр Ахмад б. Аббас әл-Бейади, Ахмад б. Ысқақ әл-Жүржани және Насыр б. Яхия әл-Балхиден үйренгендігін, олар болса Әбу Сүлейман Мұса әл-Жүржаниден үйренгендігін, әл-Жүржани болса ұстазы Мұхаммед б. әш-Шайбаниден үйренгенін айтқан.

Зерттеуші Захид әл-Кәусари «Ишаратул-Мерам» атты шығармасының кіріспесінде былай дейді: «Мәуреннахр өлкесі бидғат пен бұзықтықтан ада бір өлке еді. Бұл аймақтағылар сүннетті берік ұстанатын. Хадистер ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде қалдырылатын. Алайда, Имам Матуриди деген ғалым шығып, ол әрбір мәселеге өзінше дәлелдер келтіре бастады. Ол, шариғат үкімін және өзінің ақылымен де үкім беретін».

Осы шығарманың тағы бір жерінде Имам Матуриди туралы мынандай пікір айтылады: «Матуриди бұл шығармаларды (Имам Ағзамның еңбектерін) өзінің еңбектерінде нақты дәлелдер келтірумен және жеке-жеке бөліп қарастырып түсіндірме жасаған».

Яғни, Захид әл-Кәусаридің пікірінен біз Имам Матуридидің Имам Ағзамның сенімдік көзқарастарын індете зерттеп, оның ізашары болғандығын ұға аламыз. Имам Матуриди Имам Ағзамның шығармаларынан тыс қалған сенімдік мәселелерді қарастырып, оларға өзінің көзқарастарын айтты. Оның сенімдік тақырыпқа ең басты әкелген жаңалығы, шариғат негіздерін бұзбастан, ақыл мен қисын арқылы дәлел келтіруі еді.

Имам Матуриди өзі ерекше үңіліп зерттеген сенімдік мәселелерге арнайы шығармалар жазды. Олардың кейбіріне тоқталар болсақ: «Китабу тәуили-Құран», «Китабу меһазиш-шерай», «Китабул-жәдел», «Китабул-усул фи усулид-дин», «Китабул-мекалат фил-калам», «Китабүт-тәухид», «Редду әуайлил-әдилле лил-Каби, «Редду теһзибил-жәдел лил-Каби», «Китабу редди усулил-хамсе», «Редду китабил-Имаме», «әр-Ред алел-Карамита».

Бұдан басқа кейбір зерттеушілер Имам Ағзамның «әл-Фиқһул-акбарына» Имам Матуридидің түсіндірме кітап жазғанын айтады. Ал, кейбір зерттеушілер бұл түсіндірме кітапты Ханафи мәзһабының ірі өкілі Әбул-Лейс әс-Самарқанди жазған деп біледі.

Мұсылмандық сенімнің қос қанаты

Имам Матуриди мен Имам Әшғари бір дәуірде өмір сүріп, бір мақсатта күресті. Бірақ, бұлардың біреуі Исламды іштен ірітпек болған дұшпандармен қатар күн кешкен. Ол Имам Әшғари еді. Себебі, ол өмір сүрген Басра қаласы Муғтазила мәзһабының отаны болатын. Жалпы, Муғтазила өкілдері және фақиһ пен хадисшілер арасындағы қақтығыстың майданы Ирак өңірі-тін. Ал, Матуриди өмір сүрген Мәуреннахр өлкесінде мұндай қайшылықтар едәуір бәсең еді. Дегенмен, Мәмун, Муттасым, Васик секілді халифтердің дәуірінде Муғтазила пікірлері мемлекеттік идеологияға айналуына байланысты халифаттың барлық өңіріне таралды. Олар басым күшке ие болмағанмен, бірлі-жарым өкілдері өз пікірлерін уағыздайтын.

Имам Әшғари мен имам Матуридидің күресі бір майдан болғаннан кейін, олардың ортақ ұстанымдары ғана емес, күресу тәсілдері де бір-біріне ұқсайтын. Десе де, екі имамның кейбір тәсілдік ерекшеліктері мен өмір сүру кеңістігінде біршама айырмашылықтар болды. Бірақ, зерттеушілердің көпшілігі имам Матуриди мен имам Әшғаридің арасында үлкен сәйкессіздіктің болмағандығын айтады. Осындай зерттеушілердің бірі Шейх Мұхаммед Абдух «әл-Акайдүл-адудие» атты шығармасында имам Әшғари мен имам Матуридидің арасындағы ерекшеліктер ешбір үлкен қарама-қайшылық туғызбайтынын айтқан.

Екі имамның ақидаға қатысты көзқарастарын жеке-жеке талдағанда ғана олардың пікірлерінде кейбір өзгешеліктер бар екендігін аңғарамыз. Екі имам да Құран Кәрімді зерттеу барысында ақыл мен қисынға мейлінше арқа сүйеді. Сөйте тұра, көзқарастарының теориялық-әдістемелік тұрғыдан алғанда, айырым тұстары болды. Имам Әшғари Алланы Құран мен сүннет арқылы тануға көп мән берсе, имам Матуриди имам Ағзамның әдістемесін ұстанып, Алланы ақылмен тануға көп күш жұмсады. Имам Әшғари ақыл шариғатпен жымдасқанда ғана кемелді (хусни зат) бола алады десе, имам Матуриди шынайы (иманмен біріккен) ақыл шариғатсыз да кемелді болуы мүмкін деген пікірде болды.

Жалпы, имам Матуриди ақиқатты тануда рационалдық ойлауды алға шығарып, ақылды қолдануда асыра сілтеушілікке ұрынбай, ақыл мен қисынды орнықты пайдалануымен ерекшеленеді. Ал, имам Әшғари мен оның мәзһабы нақылға (Құран мен сүннетке) көп мән беруімен өзгешеленеді. Осыған қарай, матуриди мәзһабын муғтазила мен әшғари арасындағы, ал әшғариді муғтазила мен сәләфидің арасындағы мәзһаб десек болады.

Имам Матуридидің ақылға жүгінуін шариғаттың шеңберінің негізінде деп ұққанымыз жөн. Осы тұрғыда, ол ақылмен ақиқатты іздеуге жүрексініп, тек Құран мен сүннеттен ақиқатты іздеген сәләфи өкілдерімен пікір таластырды. Имам Матуриди сәләфи өкілдеріне қарсы екендігін «Китабут-тәухид» атты шығармасында былай жеткізеді: «Ақылды терістеушілік – шайтанның азғыруы болып табылады. Себебі, ақылды теріске шығарған адам, ақылдан басқа ештеңеге жүгіне алмақ емес. Бұл біздің ақылға деген мұқтаждығымыздың дәлелі бола алады. Алла тағала құлдарын ақылмен әрекет етуге шақырады. Ақиқатты іздеуде ақылмен ізденуді әмір етіп, ақылдық тұрғыдан ғибрат алуды ұсынады. Бұл ақылдың негізгі қайнар көздердің бірі екендігіне дәлел».

Имам Матуриди ақылды дәлел келтірудің дербес қайнар көзі деп бағалағанмен, ақыл бойлай алмайтын жәйттер де бар деп білді. Бірақ, тек нақылға мән беретін сәләфия өкілдері секілді ақылдың дәрежесін тым жерге ұрған жоқ. Керісінше, ол ақылмен әрекет ету барысында ақиқат арнасынан ауытқып кетпеуге барынша мән берді. Имам Матуриди бұл тұрғыдағы пікірін былайша сабақтайды: «Кімде-кім нақылмен бірге ықтиятты болуды терістесе, сондай-ақ, құпия ілімді (мутәшаббих) кемшілігі бар ақылмен анықтағысы келсе, онда ол адам ақылға оның көтере алмайтын жүгін артқан болып, зұлымдық жасаған болып табылады» (Пр. Др. Мұхаммед Ебу Зехра. Исламда саяси, итикади, фыкһи мәзһабтар тарихы. 183-187 б.).

Имам Матуридидің бұл пікірінен, оның тек шариғатқа қайшы келмейтін ақылдық дәлелдерге ғана сүйенгенін, шариғатқа қайшылық келтіретін ақыл үкімін терістеп, бұндай жағдайда ақылдың шариғатқа мойынсұнуын үндегенін аңғарамыз.

Зерттеуші Ташкөпурзаде «Мифтах» атты шығармасында Имам Матурудидің ақылды дінмен ұйысқан ақыл және діннен тысқары ақыл деп қарастырып, мәселелерге тек дінмен біріккен ақылмен ғана үкім беру керек деген пікірде болғандығын алға тартады (Проф. Др. Халил Жин. Проф. Др. Ахмед Ақгүндүз. Түрік құқық тарихы. І том. 132 б.).

Шариғат негізінде ақылмен әрекет етуді үндеген имам Матуриди өзінің Құран Кәрімге жасаған түсіндірмелерінде (тәпсір) бұл тәсілді өмірлік ұстаным етті. Десек те, ол Құран Кәрімге түсіндірме жасағанда, мутәшаббих (мағынасы құпия) аяттарға махкем (мағынасы анық) аяттардың негізінде жорамал (тәуил) жасады. Оның пікірінше, егер мүміннің ақылы тәуил жасауға күші жетпесе, ол мәселені Аллаға қалдырған жөн. Имам Матуриди мүмкіндігінше Құран Кәрім аяттарының мәнін ашуға тырысты. Себебі, Құран Кәрім аяттарында қарама-қайшылық жоқ болатын. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Егер, Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық болар еді» («Ниса», 82-аят), – делінген.

Белгілігі дінтанушы Омар Насихи Билмен өз шығармаларының бірінде: «Имам Әшғари мен имам Матуридидің арасында үлкен бір өзгешелік жоқ, олар сахабалар мен табиғиндердің жолындағы мәзһабтар саналады. Екеуінің арасында кейбір пікір ерекшеліктері болғанымен, негізінен екеуі әхлі сүннет мәзһабтарына жатады. Бүгінде мұсылмандардың басым көпшілігі осы екі мәзһабты ұстанады», – дейді (Омер Насухи Билмен. Большая Исламская Энциклопедия. 878-с.).

 Мұхан Исахан. 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу