Рамазан айы – айлардың сұлтаны

Бейбіт қажы Мырзагелдиев,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

өкіл имамы, дінтанушы

 

 Қасиетті Рамазан айы мүбарак болсын!

Мейірімді, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Қасиетті Рамазан айы үстіміздегі жылғы 1-тамыздан жалғасады. Рамазан — барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Бұл ай барша адамзат баласына рахметті ала келеді. Осы айда бір айы бойы ораза тұту парыз етілді. Рамазан айынның фазилаты жайында Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламның хадистері бар.

Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.

Рамазан — айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады.

Ораза ұстаған адам Құдайға жақын болады. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қасиеттерге бой ұсынады.

Бұл айдың кереметтері жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Кімде кім ораза тұтса және Аллаһ разылығы үшін шын ықыласпен мақтанбай тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды» деген.

 

          «Ораза» сөзінің мағынасы

 Араб тілінде оразаны (әс-соум) деп атайды. «Ораза» сөзі тіл саласында «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдіреді.

«Ораза» сөзінің шариғи мағынасына келер болсақ, ол: құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.

                                          

Сонымен бұл айда мұсылман нені білуі керек?

 Оразаның негізгі шарттары:

а)  Әуелі рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі; Ниеті: «Ниет еттім қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Аллаһ тағала қабыл етсін, Әмин!» делінеді.

ә)  Таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.

   

Рамазан айының айырықша белгілері:

а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;

ә) Бұл айда ораза ұстау – пенденің  өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;

б) Аллаһ тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.

Оразаның пайдасы:

в) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады. Яғни Аллаһ тағаланы таниды;

г) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;

д) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;

е) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;

ж) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.

 

Оразаны  қандай амалдар бұзады?

а)   Күндіз ішіп-жеу, сусын қабылдау;

б)  Ауыз бекіткен кезде әйелімен жыныстық қатынаста болу;

в)  Әйелдердегі ай сайын келетін етеккір; Бұл кезде ораза ұстау уақытша тоқтатылады.

г)   Ғайбат сөз айту, біреуді балағаттау.

        Ескерту: Білмей тамақ жеп қойған болса, оның оразасы ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта береді. Хадисте: «Кім де кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Аллаһ оның тамақтандырған болады» делінген.

Әйел кісілерге байланысты  тәртіптер:

а)  Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айы өткеннен  соң өтеп береді.

ә) Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.

 

Қадір түнінің қасиеті

 

          Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің сұлтаны Қадыр түні.

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадыр кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары  көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған  түн.

Қадыр кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері  мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді», және де «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».

Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы  бойынша Қадыр кеші рамазан айының 26 -нан 27 — не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш — жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.

 

Құран оқығанның сауабы

         Аллаһ тағала айтқан: «Рамазан  айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім кітабы адам адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін  жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тиып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады». Жалпы, рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.

 

Рамазан – мырзалық пен мейірбан айы

        Хадисте: «Кімде кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді» делінген.  Бұл айда әр адам өзінің қал жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе сауабы мол.

 

Ауызашар және сәресін ішу мәселесі

              «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке  жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» және   «Аллаһ тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді» және бір хадисте «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресіде береке бар» деген.

 

 

        Оразашының екі қуанышы бар

         Оразашының екі қуанышы бар, бірі кешкісін ауыз ашарда, екіншісі Жаратқан Аллаһ тағаланың алдында тұрған сәтте. Аллаһ тағала айтады: «Адамзат не істесе де өзінікі, бірақ оразадан басқасы, ораза менікі. Мен оның есесін өзім беремін. Ол Мен үшін ішіп-жеуін, нәпсісін тыйды ғой» деген. Аллаһ тағала қиямет күні оразашыны жәннаттың арнаулы қақпасына кіруге шақырады. Хадисте: «Жәннатта Раййан деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан қиямет күні оразашы жәннатқа кіреді».

            Құрметті мұсылман бауырлар! Аллаһ тағала қасиетті Рамазан айындағы оразаларымыздың қабыл етіп, барлық игі істерімізді сауапқа жазып, ел аман жұртымыз тыныш болсын, Әмин!

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Аллаһ Тағала оразаларыңызды қабыл етсін

Пікір жазу