Ауызашар берудің сауабынан құр қалмаңыз

Ораза ұстағандарға ауызашар берудің сауабы мол, әрі ол мұсылман баласына тән қонақ күту ғұрпы болып табылады. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді»[1], – дейді.

Аузы берік адамға бір құрма немесе зәйтүн тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді. Әсілі ауызашар беруді үлкен игілікті іс деп білген жөн. Хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған. Бір хадисте былай делінген: «Қияметте Аллаһ Тағала кей адамдардан:

«Маған неге тамақ жегізбедің?», деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің Иесісің ғой, мен саған қалайша тамақ бермекпін?», дейді. Сонда Аллаһ Тағала: «Қарны ашып келген досыңа тамақ бермедің. Егер оған тамақ бергеніңде маған тамақ жегізгендей сауап алар едің»[2], дейді. Сонымен қатар Жұмақта майда тілділерге, басқаларға тамақ жегізгендерге және ел тегіс шырт ұйқыда жатқанда тұрып намаз оқығандар үшін арнайы берілетін керемет сарайлардың болатындығы да риуяттарда кездеседі.

Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Саад ибн Убадәның жанына келгенде, ол Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бір тілім нан мен зәйтүн ұсынды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ауыз тиіп болып: «Дастарханыңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер сіздерге дұға етсін»,[3] – деді.

Жора-жолдастарға дастархан жайып тамақ берудің артықшылығы жайлы хазірет Әли (р.а.): «Достарға жегізген бір нан пақырларға берген бес наннан артық. Достармен бірге тамақ жеу құл азат еткеннен сауапты» деген екен[4].

фото: http://muftiyat.kz


[1] Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажа, Сиам, 40

[2] Муслим, Бирр уә Сыла, 43

[3] Нәуәуи, Риядус-салихин, 2, 517

[4] С. Гүлер, Сору ве жевапларла оруч, Измир, 2005, 80-81-б.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу