Ораза ұстаған адамның әрбір сәті Аллаһпен қауышуды әрі Жаратушының нығметін түйсіну тұрғысынан аса маңызды. Таңның атысынан күннің батысына дейін түрлі қиындықтарға шыдап ораза ұстаған адам бұл ғибадатымның жемісін ақыретте көрем деп сенеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар, бірі ауызашар уақыты, екіншісі Раббысымен қауышатын сәт»[1],- дейді.
Адам баласын періштелерден даралайтын негізгі ерекшеліктердің бірі – нәпсісінің болуы. Періштелерде нәпсі болмағандықтан олар ішіп-жемейді, үйленбейді, Аллаһ Тағаланың әміріне қарсы келмейді. Олардың басты міндеті – Аллаһты ұлықтау, пәктеу. Ал адам баласы ішіп-жеуге мұқтаж, кейде Жаратушының бұйрығына қарсылық білдіріп қателік жасайтын тұстары да кездеседі. Ораза тұтқан мүмин болса бұндай қателіктен бойын аулақ салып, таңның атысынан күннің батысына дейін тағамға, түрлі ғайбат сөзге және жамандыққа жоламай, тақуалығын арттыра түседі. Тіпті ол періштелерден жоғары деңгейге де жетуі бек мүмкін. Аллаһ тағала ондай құлдарын періштелерге үлгі етіп, мақтан тұтады.[2]