Рамазан айының сауабы мол

Аллаға шүкір, Рамазан айымен аман есендікте қауышып, Алланың берген денсаулығының арқасында ораза ұстап, кешкі екі-үш сағатты Алланың ғибадатына арнап, тарауих намазын оқуға мешіттерге келіп Құран хатымға қатысып жүрген жамағатымыз бар. Алла сауаптан жазсын. Қасиетті Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) өзіңе уахи етілген кітаптан (яғни, Құраннан) оқы және (рүкіндерін толықтап) намаз өте! Намаз, расында, жиіркенішті істерден және жамандықтан тыяды. Алланы еске алу (басқа құлшылықтың бәрінен) – ұлы. Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұрады» («Әнкабут» сүресі, 45-аят), – делінген.

Осы аятта «намаз өте!» деген сөздің арабшасы – «ақимус-солат» деп, «намаз» сөзі «соллу», яғни «намаз оқы» деген етістікпен емес, «солат-намаз» сөзі көмекші «ақиму» етістігімен бірге жазылған. Мұның өзіндік себебі бар. «Ақимус-солат» пен «иқамат» сөздерінің мағынасынан намаздың тек суретін ғана жасауға тұру деген емес, намазды рүкіндерін толықтап, барлық ішкі-сыртқы ережелеріне сай толық өтеу үшін орнынан тұру түсініледі. Демек, аятта Алла тағала пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.) «ақимус-солат» деп тектен-тек айтып тұрған жоқ. Мұның астарында намазды тәртібіне сай, шын көңілден Алла ұлылығының шексіздігін мойындап, өзінің қауқарсыздығын ескеріп, аса бір кішіпейілділік танытып, намазды барлық ішкі-сыртқы ережелерін сақтай отырып атқару әмір етілгендігін аңғару керек.

Ал намаз ережесіне сай шынайылықпен орындалса, аятта айтылғандай «намаз, расында, жиіркенішті істерден және жамандықтан тыяды». Міне, осылай бағаланудың арқасында біздерге кімнің оқыған намазы шынайы екенін ажыратып алу күрделі емес. Сондықтан, намаз – иманымызға сын. Шынайы мұсылманды екі жүздіден (мұнапықтан) айырып береді. Шынайы мұсылман намаз оқуды білмегендігі үшін ұялады. Дәрет алуды, намаз оқуды үйренуді бас міндеті санайды, намазын толық орындауға ұмтылады, арсыздықтан аулақ, жиіркенішті істерден қашық жүреді, жамандықтан жиренеді, күнәдан өзін тыяды. Ал екіжүзді адам намазға селсоқ қарайды, арсыз, жаман істерден қайтпайды. Бұл – оның оқыған намазы шынайы болмағанын білдіреді.

Алдағы Рамазан айын ғанибет біліп, тек тарауих намазын ғана емес, күнделікті бес уақыт намазды шынайы оқысақ, одан көп пайда табамыз. Өйткені, намазда мұсылман Алламен болады. Жоғарыдағы Қасиетті Құранның «Әнкабут» сүресі, 45-аяттың келесі: «Алланы еске алу (басқа құлшылықтың бәрінен) – ұлы», – деп айтылған сөйлемінен намаз ең ұлы ғибадат деген мағына шығады. Демек, намаз – Алланы еске алу. Намаз басқа құлшылықтың бәрінен артық.

Намазда дене мүшелеріміз рукуғ бен сәжде жасайды. Ақылымыз Алланың аяттарының, тілеген тілегіміздің мәнін түсінумен ынтық болып, терең ойға батады. Тәнің, тілің, жаның, яки барлық тұла бойың Аллаға жалбарынып, рахатқа кенеледі. Сондықтан да Алламен осындай байланыс орната алмаған адам, әсте бақытты бола алмайды.
«Әнкабут» сүресі, 45-аят: «Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұрады»,- деумен аяқталды. Алла тағала намазды барлық ережесіне сай толық оқығанды да, намазда жіберілген кемшіліктерді де біледі. Алладан ешбір іс құпия боп қалмайды.

Ендеше, намазды оқи алмауыңыз – мұсылман атыңыз үшін үлкен айып. Намаз – әрбіріміздің Жаратқанның алдындағы міндетіміз. Сондықтан, мешітке келушілер, біздің соңымызда тұрып намаз оқып жатқан жамағатымызға намаз оқуды үйрету – біздің ең бірінші міндетіміз деп білеміз. Кімде-кім намаз оқуды ережелеріне сай үйренгісі келсе, мешітке келсін. Намазды сізге имамдардың өзі үйретеді. Әрбір өзін мұсылман санаған бауырларымызға айтарым, бүгінгі күнде намазды оқып үйренуге ешқандай кедергі жоқ, үйренбеуге ешқандай себеп, желеу жоқ. Адам баласы намазды екі себеппен оқымайтын көрінеді: бірі – тәкаппарлықтан, екіншісі – ғапылдықтан. Бұл екеуі рухани дерт саналады. Осы қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, тарауих намаздарына қатысып жүріп, осындай рухани дерттерден арылып, бес уақыт намазды оқып кетсеңіз, құптарлық. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір нәрсенің есігі бар. Ораза – Аллаға құлшылық жасаудың есігі»,- деген. Демек, ғимараттың есігі сияқты, ораза – ғибадаттың есігі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім намазын толық орындаса, тұрғызса, ол дінін тұрғызыпты. Кім намазын оқымаса, дінін бұзыпты»,- дейді. Сондай-ақ Расулулла (с.ғ.с.): «Намаз – діннің тірегі»,- деген. Осы хадистерде дін биік ғимаратқа, намаз сол ғимараттардың тірегіне ұқсатылған. Ал иман сол ғимараттың іргетасы. Ораза – сол ғимараттың есігі. Жоғарыдағы аятта да намаз жамағат көтере алатындай биік діңгекке баланды. Расында, ислам діні шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік бір киелі ғимарат тәрізді. Оның сәулетшісі – Алла тағала. Ал ғимараттың құрылысшылары – мұсылмандар. Әсем ғимараттарды тұрғызу, соғу, қолдану, сол ғимаратқа қоныстанушылардың бақытты ғұмыр кешулері, адамдарға байланысты. Осы біздің елордамыз Астана да өзінің шұрайлы ғимараттарының арқасында әсем қалаға айналып, әлемге танылып отырған жоқ па?! Ғимараттары сүйкімсіз болса, қалайша мақтанышымызға айналар еді?! Сондықтан, дініміз ислам, бұйырған намаз да адамның бойынан мұсылман екенін көрсететін ғимарат. Қалада ғимараттар бой көтере берсе, қала әсемдене бермек. Сол сияқты, қала тұрғындарының арасында намаз оқитын мұсылмандар көбейе берсе, жақсылығымыз артып, босағамыз берік, керегеміз кең, шаңырағымыз биік елге айналарымыз хақ. Лайым солай болсын, Инша Алла!

Ұсталғалы отырған оразамыздың да адамға берері мол. Исламдағы ораза – тәрбиелік маңызы зор ғибадат. Ораза – пенденің Аллаға деген сезімін оятатын, Алланың ризалығына бөлейтін, ораза пендені тамақ жемейтін, шөліркемейтін, жыныстық сезімдерге берілмейтін періште мәртебесіне көтеретін, тозаққа жетелейтін жаман қылықтарға қалқан болатын, жаманнан жирендіріп, көркем мінез-құлықтарға бейімдейтін және көп жақсылықтарға жеткізетін ғибадат. Оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық.

Ораза қалыптастыратын адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі – тақуалық.

Оразаны парыз еткен аятта: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалы болуларың үшін ораза парыз етілді», – деп басталды. Ораза бізді діндар, тақуа болуымыз үшін парыз болған ғибадат. Тақуалық – жаманнан жирендіріп, жақсы, көркем мінездерге бейімдейтін, жақсылыққа жетелейтін қасиетті күш. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тақуалық қайда деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Сондағысы көкірегі ояу адамдарды тақуалы адамдар дегені ғой. Ораза тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі. Ораза ұстаған адам тақуалыққа жету керек, яғни көркем мінезді болуы қажет. Ал егер кім ораза ұстаса, бірақ тақуалық сезімі, көкірегі оянып, көркем мінезі пайда болмаса, ол адам оразаны шынайы, ықыласымен ұстамаған саналады. Оның оразасынан тек қиналғаны, аш жүргені ғана қалады. Осылай болып қалудан Алла сақтасын. Қасиетті рамазан айының ораза ғибадатын шынайы ықыласымызбен ұстауды Алла нәсіп етсін!

Кейбір өзін мұсылман санап жүргендерге Рамазан басталғанын, ораза ұстау парыз екенін, тарауих намазы жүріп жатқанын, жаратқан Аллаға құлшылығыңды, ғибадатыңды жаса, ақиреттік қамыңды ойла деп айтсаң, «маған әлі ерте, алпыстан асқан соң ораза ұстаймын, намаз оқимын, уақытым әзірге болмай, дүние қамы жар бермей тұр», – дейді. Алайда, Алла тағала кімнің қанша өмір сүретінін, ажалы қашан келетінін алдын ала айтып қоймайды. Ажал айтып келмейтіні жалпыға мәлім емес пе?! Сөйте тұра, адам баласы Алла тағалаға сәжде етіп, ақырет азығын жинауға асыға қоймайды. Бұл заманда адамның өмірі, жалпы алғанда, алпыс жастың о жағы мен бұ жағы. Ендеше, әрбіріміздің қанша жыл өміріміз қалғаны жалғыз Аллаға аян.

Бұл жалған өмірге адам баласы ақиқат пен жалғанды ажыратып, сауап пен күнәні жию үшін келеді. Қасиетті Құранда: «Алла тағала сендердің қайсыларың ең ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» («Мүлк» сүресі, 2-аят), – делінген.

Бәрін біле тұрса да, жастық пен байлықтың мастық буы мен дүние қамының таусылмас күйкі тіршілігі пендені сұм ажалдың қақпасына жіпсіз байлап, жар жағасымен жүргізеді. Иә, қу тіршілік көзімізді байлап, жалған дүниенің соңынан елітіп қойғаны жасырын емес.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінің бірінде: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсені ғанибет деп біл: өміріңді өліміңнен бұрын; деннің саулығын сырқаттанудан бұрын; бос уақытты қолың байланып қалудан бұрын; жастық дәуреніңді әлжуаз қария болудан бұрын; байлығыңды кембағал болуыңнан бұрын», – дейді.

Баршамызды Алла сауаптан кенде етпесін. Алла жасап жүрген ғибадаттарымызды қабыл еткей!

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ, С.Ғылмани атындағы мешіттің Бас имамы,

Астана қаласы, www.namys.kz

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу