Ораза нәпсіні тізгіндейді

Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған тақуа құлға айналады. Ораза тұтқан кез-келген адам өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни ораза тұтқан адамның рұқсатсыз еш нәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің иесі өзі емес, өзінің бар болғаны әлсіз құл екенін түсінуіне себепші болады. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Аллаһтың рақымдылығына қарай бет түзейді.

Ораза күнәларға қарсы қалқан болумен қатар, оның жұмаққа кіруіне себепкер қасиетті қақпа, кәусар суын ұсынған адал дос бейнесінде болмақ. Аллаһ елшісі (саллал-лаһу аләйһи уәсәлләм): «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы жетпегендер ораза тұтсын. Себебі ораза ол үшін қалқан»[1],-деген.

Асқазанның әрдайым тоқ болуы адам ағзасындағы барлық мүшелердің қызметін арттырады, бұл болса өз кезегінде адамның түрлі нәпсілік қалауларын да оятып, тіпті азғындыққа да түрткілейді. Адам тіпті тілін де басқара алмайтын жағдайға жетеді. Бұл өз кезегінде оның ақыреті үшін де аса қауіпті. Ал тілді жүйелі басқарудың жолы нәпсінің қалауын тыю болса, бұның ораза тұту арқылы ғана жүзеге асатыны белгілі. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) айтқан мынандай хадистері бар: «Араларыңыздан біріңіз ораза тұтқан болса ол екінші біреуге жаман сөз айтпасын, дауыс көтеріп айқайламасын. Егер ол біреумен сөзге келіп қалса «Мен оразамын» десін»[2]. «Кімде-кім ауыз бекіте жүріп жаман қылықтарын қоймаса, оның оразасы бекер»[3].

Оразаның ең кемел түрі – асқазанға ғана емес көз, құлақ, жүрек, қиял, ой секілді адамның рухани сезімдеріне де ораза ұстатқызу. Бұл адамның аталмыш ағзаларын да түрлі харамнан сақтап, өздеріне тән құлшылыққа бағыттау дегенді білдіреді. Ораза арқылы адамның ең маңызды ағзасы саналатын асқазанды бақылауға алсақ, өзге ағзаларды бағындыру ешбір қиындық туғызбайды.

фото: ertai.dosym.kz


[1] Бухари, Саум, 10; Әбу Дәуд, Никаһ, 1; Нәсаи, Сиям, 43; Ибн Мажа, Никаһ, 1

[2] Бухари, Cаум, 9; Нәсаи, Сиям, 42; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/273

[3] Бухари, Саум, 8

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу