Мың айдан қайырлы қасиетті Қадір түні

Ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн — Қадір түні. Құран кәрімде Қадір түнінің қадір-қасиеті мен артықшылығын түсіндіретін «Ләйләтүл-қадр» деген арнайы бір сүре бар. Қадір түнінің өзге түндерден, тіпті өзге күндер мен айлардан артықшылығы сол – ол түні жер бетіне өтек көп періштелер түседі. Олардың ішінде барша пайғамбарларға Алланың хабарларын жеткізіп отырған Жәбірәйіл періште болады. Періштелер жай ғана түспейді, олар жердегі ізгі мұсылман құлдарға ең рақымдылардың рақымдысынан, ұлы Алла Тағаладан қайыр-береке мен мол жақсылық ала түседі.

 

Хадис шәріпте: “Қадір түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады”,– делінген. Тағы бір хадисте: “Ол түнгі түскен көп періштелерге жердің беті тарлық етеді”, – делінеді.

 

Сондай-ақ осы түннің қадірлі болуының тағы бір мәні — бұл түнде қадірлі үмметтің қадірлі пайғамбарына қадірлі Құран түсті. Құран Кәрім — мұсылмандар өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Олай болса, мүминдер үшін бұл кітап түскен түннің қадірі аса жоғары. Әрине, қасиетті Құран жер бетіне толығымен бір-ақ түспеген. Бірақ осы түнде ардақты Пайғамбарымызға адамдарға Алла Тағаланың дінін жеткізетін елші болу міндеті және Құранның ең алғашқы аяттары түсе бастады. Міне сондықтан Құранда: «Біз оны Қадір түнінде түсірдік» делінген («Қадір» сүресі, 1-аят).

 

«Қадір» сүресінің түсу себебін ғалымдар түрліше түсіндерген. Солардың бірінде былай делінген: «Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) Исрайыл ұрпақтарынан бір кісінің Алла жолында мың жыл ойы қару асынып жүргені жайлы хабар береді. Сонда мұсылмандар оған таң қала және қызыға қарады. Сонда Алла Тағала: «Шынында, біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнін не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аяттарды түсірді». Екінші бір нұсқада былай делінеді: «Исрайыл ұрпақтары заманында бір кісі болыпты. Ол түні бойы Аллаға құлшылық етіп, ал күндіз кеш батқанға дейін Алла жолында күреседі екен. Осы әдетін тап мың жыл бойы жалғастырыпты. Ардақты Пайғамбарымыз осы хабарды жеткізгенде Алла Тағала «Қадір» сүресін түсірді». Ендеше, қадір түнін дұрыс пайдаланған адам мың ай бойы Алла жолында қару асынып, ел қорғаған адамнан да, күндіз-түні тоқтаусыз құлшылық ететін адамнан да мол сауапқа ие болмақ. Демеке, небәрі жүз жылдың ары-берісінде ғана өмірі бар біздің үмбет үшін мынадай мың жылға татырлық түннің нәсіп етілуі Алла тағаланың мұсылман үмметіне берген үлкен нығметі.

 

Аталмыш сүреде: «Қадір түнін не екенін білесің бе?» аят бар. Оны тәпсірші ғалымдар «Бұл түннің қаншалықты ұлық екендігін сен білмейсің ғой» деген мағынаны білдіреді деп түсіндірген.

 

«Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятқа келсек, былайғы жұрт көп мән бере бермейтін бір мәселе бар. Біз Қадір түні мың айдан қайырлы дейміз да қоямыз. Бірақ оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Бұны Қадір түнінде жасалған әрбір іс-әрекет, құлшылық өзге уақытта мың ай тоқтаусыз жасағаннан да артық деп түсінген жөн. Мысалы, бұл түнде Құран оқысақ, мың ай бойы тоқтаусыз Құран оқығанмен тең болады. Намаз оқысақ, мың ай бойы намаз оқығандай боламыз. Басқа ізгі амалдарымыз да сол секілді еселенеді. Енді өзіңіз елестете беріңіз. Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. Ал кейбір ғалымдар мың деген санды араб халқы негізінен «өте көп» деген мағынада қолданады. Сондықтан Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Бұл жағдайда ол сан одан да өсуі мүмкін.

 

Ислам ғұламалары Қадір түнінде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығын айтқан. Араб тілінде «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда бұл «тағдырлар жазылатын түн» дегенді білдіреді.

Қадір түнінде Жәбрейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Бұл туралы аталмыш сүреде: «Періштелер мен Рух түсіріледі» деген аят бар. Мұндағы «Рух» сөзін ғалымдар Жәбірейіл періште деп  тұжырымдар жасаған.

 

Олар бұл түнді ғибадаттармен өткізген миллиондаған мұсылмандардың шын ықылас­тарын, ниеттерін байқап, тілек-дұғаларына «әмин», «әмин» деп, ал Қиямет қайымда Қадір түніндегі жасаған ғибадаттарымызға, құлшылық­тарымызға куә болады.

Алайда бұл түнда төрт топ кісінің тілегі қабылданбайды. Олар: «Арақ ішкіш, ата-анасының қарғысын алған, туыстарынан қол үзген, мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдар».

 

Қадір түнін қалай өткізген жөн?

 

Мұсылман жұртшылығы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген (Бұхари, Қадір, 1). Ал Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.а.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді.

 

Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес. Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.

 

Алла тағала бұл түнде жасалған бүкіл құлшылықтарды қабыл етсін. Әмин.  

ҚМДБ Уағыз насихат бөлімінің маманы

Асылбек Ноғаев

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу