Бүгін түнде Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған — Қадір түні

Бүгін тамыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған — Қадір түні.

Өткен тамыз айының 1-і күні кірген Рамазан айы аяқталуға жақын. Қасиетті айдың аяқталуына аз қалғандығын Қадыр түні білдіреді. Бұл түннің нақты уақыты анық белгілі емес. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің біріне және тақ түндеріне сәйкес келетіндігін нұсқаған. Ғалымдардың көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндеріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді (Бұхари, Қадір, 3; Мүслим, Сиям, 216). Олардың айтуынша, Қадыр түнінің нақты датасының белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар Рамазан айының тек сол түнімен ғана шектелмей, он күнді түгелдей құлшылықпен өткізсін деген де болуы мүмкін. Себебі, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзі соңғы он түннің бәрінде де құлшылықпен өткерген еді. Бұл туралы Айша анамыз: Рамазанның соңғы он күні келгенде, Алла елшісі (с.ғ.с) түндерін намазбен өткізген, отбасы мүшелерін оятқан және құлшылықтарында ерекше ынта танытқан», — деген (әл-Бухари 2024, Муслим 1174).

Бұл түн тек Рамазан айында ғана болады және сауабы жағынан бұл түнге сәйкес келетін түн жоқ. Қырық жасқа келген Пайғамбарымыз Хира үңірінде жалғыз отырғанда оған Жәбрейіл алейһиссалам Құранның алғашқы аяттарын түсірген. Сонда Жәбірейіл Пайғамбарды қатты қысып: «Оқы!», — деп бұйырады. Бірақ сауаты болмаған Пайғамбар оған: «Мен оқи алмаймын!», — деп тіл қатады. Бірақ алған бетінен қайтпаған Жәбірейіл оны: «Оқы!», — деп үш рет қысқаннан кейін, Алла елшісі (с.ғ.с.) аяттарды оқи жөнеледі. Құран Кәрім — мұсылмандар өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Олай болса, мүминдер үшін бұл кітап түскен түннің қадірі аса жоғары екендігі сөзсіз.

Қадыр түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында Алла Тағала былай деді: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадыр түні түсірдік. Ал саған Қадыр түнінің не екенін не білдіреді? Қадыр түні мың айдан да артық. Ол кезде Раббыларының қалауымен, Оның әрбір әмірі үшін, періштелер мен Рұх (Жәбрейіл) түседі. Ол (түн) — таң атқанша сәлем!» (Қадыр сүресі 1-5 аяттар). Және де былай деді: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі» (Духан сүресі, 2-5 аяттар). Яғни, Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Ал мың ай дегеніміз сексен үш жылдық мерзімді қамтиды.

Түннің «Қадір түні» деп аталуын ғалымдар бұл түнде Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Әнәс ибн Мәлик былай айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда, мың айдан да артық бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның игілігінен тек нағыз ғана мақрұм адам айырылып қалады!», — деді» (Ибн Мджаһ 1/289. Сенімділігін хафиз әл-Мунзири және шейх әл-Әлбәни растаған. «әс-Силсилә әс-сахиха» 1307).

Қадір түнінде Жәбрейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде, Қадыр түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады», — деген. Сондықтан, кейбір мұсылмандардың Қадыр түнiнде Қыдыр атаны күтемiз деудiң ешқандай дiни негiзi жоқ. Бұл аңыз. Бұл түнді бiреудi күтiп емес, аятта бұйырылған ғибадаттарды жасап, сауап үмiтiмен өткiзген дұрыс. Ал түннің барлық уақытын құлшылықпен өткізе алмайтын кісілер, түннің бір бөлігін болса да ізгі амалдармен өткізсе болады.

Қадыр кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады. Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастархан жайып қойып, қолдарын қусырып отырумен шектеледі. Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей шықсақ жеткілікті деп есептейді. Бұл да — қате. Имамдардың айтуынша, Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес.

«Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб-имамы Төлеби Оспанның айтуынша, Қасиетті түнді Алла Таһалаға құлшылық жасау, намаздарды оқу, Құран оқу, үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, шариғат үйрену, тәсбіх тарту, діни кітаптар оқу, діни фильмдер көру, мешітке келгенде дүние сөзін сөйлемеу амалдарын орындау арқылы зиярат етіп өткізу керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі бүгін, Қадір түнінің ғибадаттарын жамағатпен бірге атқару үшін «Нұр Астана» орталық мешітінде болады деп күтілуде. Мешітте түнімен айтылатын уағыздардың алғашқыларын астаналықтар мен қала қонақтары бас мүфтидің аузынан еститін болады. Міндетті амалдардан бөлек, халықтың сауатын ашу мақсатында діни тақырыпқа сұрақ-жауап өткізіледі, еліміздің зиялы қауым өкілдері ислам діні туралы әңгімелеп, пікірлерін айтады. Ал таңертең, мешіт қызметкерлері 5 мың адамға арнап сәресін береді.

Т.Оспанның айтуынша, Қадыр түнінде Астанадағы «Нұр Астана» орталық мешітінде және Ақтөбе мен Алматы қалаларының мешіттерінде атқарылатын ғибадаттар «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан түнімен көрсетілетіді.

Айта кетейік, Қадыр түнінен екі күн өткеннен кейін, яғни 29 тамыз күні Алла Тағала разылығы үшін жиырма тоғыз күн ораза ұстаған мұсылман баласы аузын ашады. Рамазан айы аяқталғаннан кейін, үш күн Ораза айт мерекесі атап өтіледі. Биыл Ораза айты 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек күндеріне сәйкес келіп отыр. Айт намазы Астана мешіттерінде таңертеңгі сағат 7.00-де оқылады.

Мүбәрак айы ішіндегі берекетті, сауабы мол түнді әрбір мұсылман құлшылықпен өткізетініне сенімдіміз!

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Барлық мұсылман қауымына Алланың нұры жаусын!


  2. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Алла тағаланың құдыретінің шексіз екеіне сенемін.

Пікір жазу