Әділхан ИМАНӘЛІҰЛЫ: Оразадан кейінгі ой…

Биылғы Рамазан бұрынғы оразалардан өзгерек, шынымен де сынақ айы болды. Бұлай деуіме себеп, «рамидза» сөзі күйдіру, ыстық болу, қатты әсер ету және ауырту деген мағаналарды берсе, осы жылғы шіліңгір ыстықпен тұспа-тұс келген Рамазан ауыз бекітуші мұсылманның иманын әбден сынақтың астына алғаны рас. Қазақстанның өзге өңірлерінде биылғы жаз қандай болғанын білмеймін, ал біздің оңтүстік өлкеде, оның ішінде Қызылорда қаласында ауа райы кей күндері 50 градустың арғы жағына кетіп қалып жатты. Күн шақшиғанмен қоймай, күні бойы соққан ыстық леп адамның бойындағы суды кептіріп-ақ жібереді. Бірақ Алланың разылығынан үмітті ораза тұтушы адамдар соған да шыдап, күн ысыған сайын жүректегі иманын күшейтіп, ауыз бекітіп жатты.

 Жалпы оразаның бір мақсаты – жағдайлары төмен, тойып тамақ ішпейтін, азық-түлік пен таза суға ауыздары жете бермейтін жарлы-жақыбайлардың жағдайын еске салу екендігі белгілі. Алайда, бұған дейінгі оразаларымда қатты қиналмағандықтан, мұның мәнін онша ұғына бермейтінмін. Биыл Қызылорда жерінде ауыз бекітіп, ораза дегеннің шын мақсатын енді ғана түсінгендеймін. Төбеден күн қақтап, 50 градус ыстықта таңдай кепкенде шөлде тұратын кісілердің, сондай-ақ, ауыз су мәселесі шешімін таппай тұрған жерлердегі халықтың жағдайын еске алдым.

 Алдыңғы жылы бір кәсіпкер ағамыз сонау Сенегал республикасында демеушілік жасап, халыққа құдық қаздырып бергендігін естіген едім. Сонда «Неге сонау Сенегалға құдық қазды? Өзіміздегі тұрмысы ауыр кісілерге неге көмектеспеді екен? Құдықтың орнына мешіт салмады ма?», – деп таңданыс білдіргенім есімде. Демеушілік жасауды тек қаржылай не материалдық көмек беру деп түсінетін маған ол кезде құдық қазу онша маңызды іс секілді көрінбеген еді. Сөйтсем, биылғы аптап ыстықтағы ораза кезінде сонау Африканың не өзені, не көлі жоқ құмды шөліндегі халықтың жағдайы, жұрттың құдыққа, қара суға зар болатыны ойыма оралып, әлгі ағамыздың жасаған ісінің себебін ұққандаймын.

 …Ауызашарға санаулы минуттар қалды. Дастарқан дайындалып жатыр. Үстел үстін көмкерген дәмді тағамдар көздің жауын алады. Оразадан басқа күндері қарын ашса, көз алдыңдағы тамаққа тамсанып қарайтынымыз бар емес пе, ал бұл жолы тамаққа емес, анау жерде тізілген мұздай минералды суларға аңсарым ауды да тұрды. Тамақты қойшы, су болса екен деймін. Адамға негізі керек азықтың бірі су екенін, ол тіршіліктің көзі екенін түсіндім. Сенегалдағы судан тарыққан, жалғыз құдықтан су алуға жиналып, таласып жатқан адамдар, шөліркеген бала-шаға, қатын-қалаш… бәрі көз алдыма келді.

 Ағамыз құдық қазып бергеннен кейін енді халықтың  қолы суға жетіп, мәз-майрам болысып, ел ақсақалдарының ол үшін дұға тілеп: «Я Алла, оның отбасына, істеген кәсібіне береке бер», – деп бата жасап, мөлдір суға қанған жұртшылық «әумин» деп тілектестік білдіргенін елес-теттім… Алла разы болсын!

 Африканы былай қойғанда, біздің елімізде де таза суға қол жеткізе алмай, ауыз су мәселесі шешімін таппай отырған ауылдар бар емес пе? Әлгі ағамыздың мәрттігі елімізді ауыз сумен қамтамасыз етуші мемлекеттік қызметтегілерге үлгі болса жақсы.

 ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Парламентте 2011-2013 жылдарға арналған бюджеттің жобасын ұсынған кезде сапалы ауыз сумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін 2011 жылға 64 млрд. теңге, жалпы үш жылға – 178,6 млрд. теңге қарастырылғанын естідік. Енді бұл істің де Алла сәтін салып, елімізде ауыз сусыз отырған ауылдар болмаса, халық судан таршылық көрмесе екен деп тілейміз.

 Әділхан Иманәліұлы,

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы,

«Ислам және өркениет», №25 (241), 1-10 қыркүйек, 2011 жыл

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу