МӘЗҺАБ — ЫНТЫМАҚ КЕПIЛI

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев:  «Аллаһ – хақ, пайғамбарымыз – Мұхаммед (с.ғ.с.), қасиеттi кiтабымыз – Құран болғанымен, әлем сүнниттерi төрт мәзһабқа бөлiнетiнiн бiлетiн боларсыздар. Бiз көптеген түркi халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан басты артықшылығы — Ислам қағидаларына қайшы келмейтiн ата-бабаларымыздың дәстүр-салттарының да кеңiнен қолданылуында. Мiне, сол себептi ханафилер жер жүзiнде ең көп тараған мәзһаб болып есептеледi. Менiң мұның бәрiн айтып отырғаным: дiн ұстараның жүзiндей өткiр нәрсе. Мұнда жаза басып, жаңылысуға болмайды. «Менiкi дұрыс» немесе «мен бiлемдiк» емес, түсiнiстiк, бiрлiк қажет. Бұл бiздiң ортақ мақсатымыз», — деген болатын.

Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны бiлдiредi. Шариғатта – арнайы тәсiлдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкiмдер мен көзқарастар жиынтығы «мәзһаб» делiнедi.

Шариғат үкiмдерiнiң қайнар көзi болып табылатын Құран мен хадистiң әрбiр сөзiнiң тiлдiк негiзгi мағыналарымен қатар, ауыспалы мағыналары да бар. Айталық, хадистердiң «сахих лизәтиһи», «сахих лиғайриһи», «хасан лизәтиһи», «хасан лиғайриһи», «әлсiз», «жалған», «мутауатир», «ахад», «мәшһур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкiм шығаруда үлкен әсерлi дәрежелерi бар. Бұларды кез келген қарапайым адам тереңнен талдап, ара-жiгiн ажыратып, шариғи үкiм шығара алмайды. Аллаһ Тағаланың өзi барлық мұсылмандарды мұндай ауыр жүкпен мiндеттемейдi. Керiсiнше, Құранда: «Бiлмесеңдер, бiлiм иелерiнен сұраңдар» («Нахл» сүресi, 43-аят.) деп бiлiм иелерiне жүгiнудi құлдарына жүктейдi. Сондықтан пайғамбарымыз бақилық болғаннан кейiн сахабалар мен табиғиндардың Хижаз аймағындағылары Абдуллаһ ибн Омардан, ал Куфадағылары Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды ғалым сахабалардан фәтуа сұрап, солардың айтқан үкiмдерiн негiзге алып, амал етiп отырды.

Ендеше, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды көздерi көрген сахабалардың және сахабалардың көзiн көрген табиғиндердiң өздерi дiни мәселелерде араларындағы бiлiмдiлерге жүгiнген болса, кейiнгi ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секiлдi Құран iлiмiмен қоса хадис iлiмiн, мантық-қисын, фиқһ негiздерiн, сахаба фәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами iлiмдердi жетiк бiлiп, әрбiр аятты зерделеп, мыңдаған хадистi мұқият зерттеген мүштәһид ғалымдардың  шығарған үкiмдерiмен жүруге қаншалықты зәру әрi мұқтаж екенi айтпаса да түсiнiктi.

Қазiргi таңда хадис кiтаптары алдымызда, қай хадистiң сахих, ал қайсысының әлсiз екенi де белгiлi. Олай болса, мәзһаб ұстанудың қажеттiлiгi қаншалықты? Алдымен осыған жете маңыз берген жөн.

Бiрiншiден,  мәзһаб ұстанбаймын деген адам хадистердiң сахихтығы мен әлсiздiгiн өз бiлiмiне сүйене отырып шешпей, хадис ғалымдарының хадистерге берген анықтамасына жүгiнiп отыр. Ал хадистiң сахихтығы мен әлсiздiгiн анықтау – әр хадис ғалымының хадистердi қабылдаудағы шарттары мен талаптарына, зеректiгi мен ыждаһаттылығына қарай өзгеруi мүмкiн. Сондықтан, кейде бiреуiнiң сахих дегенiн екiншi бiрi қабылдамауы ықтимал. Олай болса, әр хадистi өзi жеке зерттеп, оларды риуаят еткен хадис тiзбектерiндегi мыңдаған адамның  өмiрбаянын жеке-жеке тексерiп, сараламаған адам хадистiң дәрежелерiн бiлуде белгiлi бiр хадис ғалымдарының берген анықтауын мiсе тұтып отыр. Олардың мынау сахих дегенiне сахих деп, анау әлсiз дегенiне әлсiз деп хадиске берген үкiмiн ұстануда. Бұл дегенiмiз хадис iлiмiнде белгiлi бiр мәзһаб ұстанып отыр деген сөз. Ал ендi фиқһта белгiлi бiр мәзһаб ұстауға қажеттiлiк жоқ деген адам хадистiң сахихтығы мен әлсiздiгiн анықтауда да мәзһаб ұстанбауы тиiс. Ал ұстанады екен, онда фиқһ мәселелерiндегi мәзһаб ұстануға да қарсы шықпауы тиiс (Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһауани, Қауағиду Ъилмил-хадис, 466-457-бет. «Дарус-Салам» баспасы, Каир қаласы, 2000ж.).

Екiншiден, хадистердiң сахих, әлсiз секiлдi дәрежелерiнiң белгiлi болуы –үкiм шығару үшiн жеткiлiксiз. Себебi, ең алдымен хадистердiң қайсысының үкiмiнiң жалғасып, қайсысының мәнсұх болғанын бiлу қажет. Қайсысының қандай жағдайда айтылғанын бiлу үшiн мыңдаған хадистi толық оқып, ондағы нәзiк мағыналарды бiр-бiрiмен салыстырып, бүтiндей бiлген жөн. Ал, мұның бәрiн базардағы саудада тұрған, яки көлiк жүргiзiп жүрген қарапайым мұсылмандарды былай қойғанда, арнайы бес-алты жыл дiни iлiм алып шыққан маман да бiле бермейдi.

Үшiншiден,  фиқһта тек қана сахих хадистермен емес, кейде әлсiз хадиспен де амал етiледi. Мысалы, «әлсiз» делiнген хадис басқа жолдармен риуаят етiлсе, «Хасан ли ғайриһи», яғни басқа жолмен «жақсы» дәрежесiне көтерiледi. Ал мұндай хадиспен амал етуге әбден болады.

Мысалы, Омар ибн Хаттабтан риуаят етiлген хадисте былай делiнедi: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолдарын дұға ету үшiн көтерер болса, оны жүзiне сипамастан түсiрмейтiн едi» (әт-Тирмизи, 3308. Қосымша қараңыз: әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1923. Муснад Абд ибн Хамид, 40. әл-Муғжамул-әусат лит-Табарани, 7252. Субулус-сәлам шарху булуғул-Марам лис-Санғани). Сондай-ақ, Ибн Аббастан риуаят етiлген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): Аллаһ Тағаладан  тiлеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, iшiмен тiлеңдер және алақандарыңды жүздерiңе сипаңдар дедi» ( әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1924. Және қосымша қараңыз: Әбу Дәәуiд, Бабуд-Дуға. Муснад Абд  ибн Хамид, 717) -делiнген.

Жоғарыдағы келтiрген хадистердiң барлығының дәрежесi әр хадистi жеке алғанда әлсiз. Бiрақ әлсiз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бiрiн-бiрi қуаттағандықтан хадистердiң жалпы топтамасы «хасан» дәрежесiне жетедi. Ал, «хасан» дәрежесiндегi хадиспен амал етуге әбден болады. Сахих Бухариге «Фатхул-бари» атты 15 томдық түсiндiрме жазған Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани өзiнiң «Булуғул-Марам мин әдиллатил-әхкам» атты еңбегiнде жоғарыдағы бет сипауға байланысты Тирмизидегi хадистi келтiргеннен кейiн: «Бұл хадис басқа да жолдармен келген. Мысалы, Ибн Масғудтан. Сондықтан бет сипауға байланысты хадистердiң топтамасы бұл хадистiң «хасан» болуын қажет етедi» деген. Ғалым Мұхаммед ибн Исмағил әс-Санғани «Булуғул-Марамға» түсiндiрме етiп жазған «Субулус-Сәлам» атты кiтабында Ибн Хажардың осы сөздерiнен кейiн: «бұл жерде дұғадан кейiн бет сипаудың шариғатта бар екенiн көремiз» дейдi (Субулус-сәлам, лис-Санғани).

Сондай-ақ, кейде ханафи ғұламалары бiр мәселенi бiлдiретiн сахих хадистер көп бола тұра, ол хадистердi негiзге алмай басқа хадистерге сүйенгендiктен өзгеше үкiм берген. Мысалы, Ханафи мәзһабында намазда бiр-ақ жерде қол көтерiледi. Намазға бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбiр айтылғанмен қолдар көтерiлмейдi. Бұған байланысты сахих хадисте:

Алқама Абдуллаһтан риуаят еттi: Ол (Абдуллаһ ибн Мәсғуд): «Мен сендерге Аллаһ Елшiсiнiң намазын оқып көрсетейiн бе?» — деп намаз оқыды. Намазда екi қолын  бiр-ақ рет көтердi». Бұл хадис Насайиде келтiрiлген. Дәрежесi сахих. Және бұл хадис Ибн Әби Шәйбада да келтiрiлген. Оның риуаятындағы жеткiзген жеткiзушiлердiң бәрi Бухари мен Муслимнiң шартына сай. Бұл хадис тағы да  Ахмадтың «Муснадында» келген.

Ханафи ғалымдары рүкүғқа барарда және рүкүғдан қайтқанда қол көтерiлетiндiгiне  байланысты басқа сахих хадистердi емес, Ибн Масғудтың осы хадисiн негiзге алған. Себебi, Ибн Масғуд сахабалардың арасындағы ең көп фиқһ бiлiмiн меңгерген әрi жас жағынан да ең үлкенi едi. Сондай-ақ, қолды рүкүғке бара жатқанда және қайтқанда көтерiлетiндiгiне байланысты сахих хадистi риуаят еткен. Абдуллаһ Ибн Омардың өзi iс жүзiнде намазда бiр-ақ рет қол көтергендiгi сахих жолмен жеткен. Ендеше, Ханафи мәзһабында хадистi жеткiзген адамның хадисiн емес, iсiн негiзге алғандықтан қолдар алғашқы тәкбiрлерде ғана көтерiледi. Жоғарыдағы мысалдардан байқағанымыздай, белгiлi мәселеде сахих хадистердiң болуы үкiм шығару үшiн жеткiлiксiз.

Негiзiнде, Ислами мәселелер «Муттафақун а’лайһ», «Мухтәлафун фиһ» деп екiге бөлiнедi. Бiрiншiсi – нақты, бұлтартпас дәлелдермен дәлелденген барлық Ислам ғұламаларының бiр көзқарастағы мәселелерi. Мысалы, Аллаһтың даралығында, соңғы пайғамбардың Мұхаммед екендiгiнде, намаздың бес уақыттығында, т.б. осы сияқты мәселелерде жалпы мұсылмандар арасында еш талас-тартыс жоқ. Осы мұсылмандардың бiр көзқараста болған мәселелерiне қарсы шыққан адамға «сенiкi дұрыс емес, сен адасудасың» деп айта аламыз. Бiрақ «Мухтәлафун фиһ», яғни, мұсылмандардың әу бастан әртүрлi көзқараста болған тармақ мәселелерiнде белгiлi бiр көзқарасты таңдаған адам екiншi бiр Ханафи мәзһабын таңдаған адамға «сендердiкi дұрыс емес, тек қана бiздiкi дұрыс, бiздiң жол ақиқат жолы, сендер адасып жүрсiңдер» деп айта алмайды. «Бәлкiм, менiң таңдағаным, менiңше, дұрысырақ» деп қана айта алады. Өйткенi барлық мәзһабтың өзiндiк шариғи дәлелдерi болғандықтан, «тек қана менiкi дұрыс» деу – мұсылмандар арасында бүлiк шығарып, өзара қырқысуларына әкелiп соғады.

Сахабалардың да, одан кейiн келген табиғиндардың да арасында дiннiң кейбiр мәселелерiнде әртүрлi көзқарастар болмай тұрмайтын. Мысалы, олардың арасында пайғамбарымыздың (с.а.у.) миғражға рухымен, немесе рухымен қоса тәнiмен шыққандығы, ол жерде Аллаһ Тағаланы көрiп-көрмеуiне байланысты әртүрлi көзқарастар бар болатын. Бiрақ, бұл түрлi көзқарастар олардың бiрлiктерi мен ынтымақтарына зәредей де керi әсерiн тигiзбейтiн.

Христиандар мен еврейлер екеуi екi бөлек халық, дiндерi де екi бөлек. Ғасырлар бойы бiр-бiрiмен шайқасып, қырқысып келдi. Бiрақ осындай дiндерi де, ұлттары да екi бөлек бiр-бiрiмен ғасырлар бойы соғысып келген екi халық мұсылмандарға қарсы күресте тарихтарындағы соғыстарын, бiр-бiрiне деген ыза-кектерiн ұмытып, бiрiгiп ынтымақтаса бiлдi. Ал, ендi мұсылмандардың болмайтын тармақ мәселелерiнде қызыл кеңiрдек болып, бiр-бiрiн ренжiтiп, бүлiк шығаруларына не айтуға болады?! Барлық мұсылмандардың Жаратушылары бiр, Құрандары бiр, Пайғамбарлары бiр, сүннеттерi бiр, намаздары бiр, ораза-зекеттерi бiр, Қағба-құбылалары бiр, дұшпандары бiр, осындай сан жетпес ортақ мәселелерi бола тұра «намазда қолыңды Ханафи мәзһабы бойынша емес, бiздiкi сияқты байла, құнт дұғасын олай емес, бұлай оқы» деу сияқты маңызды емес түймедей мәселелердi түйедей қылып, ала көзбен қарап, «менiң таңдаған көзқарасыммен жүрмедiң» деп жүрегiн ыза мен кекке бұқтыруы қандай ағаттық десеңiзшi.

Ендi-ендi ғана тәй-тәй басып, мұсылманшылықты жаңадан үйренiп жүрген аз ғана халқымыздың арасында бәрiнен бұрын бiрлiк, ынтымақ қажет. Елiмiздегi мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанғандықтан халық арасындағы ауызбiрлiктi сақтау әрi ендi ғана намаздарын оқып үйренiп жүргендердiң ойын сан-саққа жүгiртпеу үшiн халқымыздың үйреншiктi мәзһабын насихаттауға атсалысайық.

Бейбiт қажы МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының

Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша өкiл имамы.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу