ҒИБРАТ — Дана ғалымның тапқырлығы

Ислам тарихында даналығымен, тапқырлығымен көзге түскен ғұлама ғалымдар аз болған жоқ. Солардың бірі имам Ағзам Әбу Ханифа. Аталмыш имам жөнінде, оның Ислам әлеміне қалдырған мұралары хақында көптеген еңбектер жазылып, жарық көргені де белгілі.Әбу Ханифаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, талқылаған ғалымдардың бірі имам Тахауи. Хадис ғылымында хафиз мәртебесіне жеткен ол сол ізденістерінің нәтижесінде, ханафи мектебіне шындап ден қояды. Тіпті, Мысыр өлкесіндегі ханафи мектебінің көрнекті өкіліне де айналады. Имам Тахауи өзінің ғибратты ғұмырында көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған. Соның бірі сенім бойынша жазылған ел арасында «Тахауи ақидасы» атымен кең тараған еңбегі.

Аталмыш кітап: «Бұл әһли сүннат уәл-жамағаттың үмбет фиқһ ғалымдары: Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит, Әбу Юсуф Яқуб бин Ибраһим әл-Ансари және Әбу Абдулла Мұхаммед бин Хасан әш-Шайбанидің мазхабына сай ақида түсініктемесі» (Шарх ақидат тахауия, Мұхаммад бин Мұхаммад бин Махмұд әл-Бабирти, дарул-бейрут, 16-бет), – деп басталған.

Бұлай жазуының себебі неде? Әбу Жағфар әт-Тахауи өзі хадисшілер имамы. Ол Әбу Ханифа және оның шәкірттерінің мектебі әһли сүннат уәл-жамағаттың негізі болғандықтан, оларды үмбет ғұламалары деп атап, өзі де ханафи мектебін таңдаған. Өйткені Әбу Ханифа сахабалар ғасырында дүниеге келген. Кейбір сахабадан риуаят еткен. Табиғиндер заманында тәлім алып, олармен ғылыми пікірталаста болып, әрі өзі де сол ғұламалар санатына жатқан. Бұл ғасыр ғұламалары дініміздің әсілін салып берген. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі айғақ. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы менің ғасырымда, сосын олардан кейін келетіндері, сосын олардан соң келетіндері. Кейін куәлігі айтқан сертінің алдын орап кететін және серті берген куәлігінің алдын орап кететін адамдар келеді» (Бұхари, сахабалар фазилеті, 3451), – деген екен.

Шафиғи мазхабының белгілі ғалымы Ахмад бин Хажар әл-Һайтами «Әл-Хайротул Хисан» кітабында мынадай оқиғаны баяндаған: «Әбу Ханифаны ұнатпайтын бір кісі келіп, одан: «Жәннатты үміт етпейтін, тозақтан, сондай-ақ, Алла Тағаладан да қорықпайтын, өлексе жейтін, рукухсыз және сәждесіз намаз оқитын, көрмеген нәрсесіне куәлік беретін, ақиқатқа ашуланатын, фитнаны (бүлікті) жақсы көретін, рақметтен қашатын, яһудилер мен насаралардың сөзін құптайтын адам жайлы не дейсің, бұл жөнінде хабарың бар ма?», – деп сұрады. Сонда Әбу Ханифа өз серіктеріне: «Бұл кісі хақында сіздер не дейсіздер?», – дейді. Олар: «Ол өте жаман адам, бұл кәпірдің сипаты», – деп жауап береді. Сол кезде имам Ағзам езу тартып: «Ақиқатында ол Алла Тағаланың сүйікті құлдарының бірі», – деді. Кейін сауал қоюшыдан: «Егер сұрағыңа жауап берсем, маған тіл тигізуді доғарасың ба?», – деп сұрады. Ол: «Иә», – дейді. Сонда имам Ағзам: «Ол жәннаттан емес, жәннат Раббысынан үміт етеді және тозақтан емес, тозақ Раббысынан қорқады. Алла Тағаланың әділдігі мен сұлтандығына жүгінуден қорықпайды. Балықтың өлексесін жейді. Рукухсіз және сәждесіз намаз оқу дегенің жаназа намазын оқиды және пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтады. Көрмеген нәрсесіне куәлік етеді дегені: Алла тағаладан басқа тәңірдің жоқтығына және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етуі. Ақиқат болған өлімге ашуланады, Алла тағалаға бойұсыну үшін. Ал, бүлік (фитна) мал-дүние мен бала-шаға. Рақмет – жаңбыр. Яһудилердің: насаралар түкке тұрғысыз деген, ал насаралардың: яһудилер түкке тұрғысыз деген сөздерін құптайды», – деп астарлы айтылған сауалына жауап берді («әл-Хайротул Хисан» кітабы, Ахмад бин Хажар әл-Һайтами, дарул-арқам, 93-бет). Сауал қоюшы имам Әбу Ханифаның терең біліміне тәнті болып, бұрын ол туралы естіп жүрген сөздері өсектен ары емес екендігіне көзін жеткізген еді. Бұл ғалымның терең білімін көрсететін теңіздегі тамшы мысал ғана.

Әбу Ханифа Мәдина қаласында Мұхаммед бин Әли бин Хусейн бин Әлимен (Алла тағала баршасынан разы болсын) кездескен оқиғасы бар. Мұхаммед бин Әли пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жиен ұрпағы. Ол хазреті Әлидің баласы Хусейннің немересі еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпағы ғұламаға: «Менің атамның (с.ғ.с.) хадистеріне қияспен қарсы шығып жүрген сенбісің?», – дейді. Әбу Ханифа: «Ондайдан Алла сақтасын! Сіз отырыңыз, өйткені атаңызға (с.ғ.с.) болған құрмет көрсетілуі ләзім деп отырғызып, өзі оның алдына шөкеге түсіп отырды. Солайша мән-жайды түсіндіру үшін Мұхаммед бин Әлиге: «Ер кісі әлсіздеу ме, әлде әйел баласы ма?», – деп сұрады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шөбересі: «Әйел», – дейді.

–  Әйелдің (мирастағы) үлесі қанша?

– Ер кісі үлесінің жартысы.

– Егер мен қиясқа жүгінсем, әйелге көбірек үлес берем ем, – деп, – намаз абзал ма, ораза ма абзал ма?, – деген екінші сауалын қояды.

– Намаз абзал, – деп жауап береді Мұхаммед бин Әли.

– Егер қияспен пәтуа шығарар болсам, етеккір әйелге оразаның емес, намаздың қазасын өтеуін бұйырар ем, – дейді имам Ағзам. «Зәр ауыр нәжіс пе, әлде мәни (ұрық) ме», – деген сауалына «Зәр», – деп жауап алған ӘбуХанифа: «Егер қияспен төрелік айтсам, мәниден кейін емес, зәр шыққаннан соң ғұсыл құйынуға бұйырар едім. Хадистен басқаны айтудан Алланың Өзі сақтасын. Мен хадистің қызметшісімін», – депті. Сол кезде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шөбере ұрпағы орнынан тұрып, ғұламаның бетінен сүйген екен.

Келесі оқиғада бір кісі теңгесін көміп, кейін қайда көмгенін ұмытып қалады. Сөйтіп: «Тауып беріңіз», – деп Әбу Ханифаға келеді. Имам: «Бұл фиқһ емес, алайда саған бір жолын айтайын. Бүгін түнде таңға дейін намаз оқы, сонда есіңе түседі», – дейді. Әлгі кісі түнде намазға тұрады. Түннің төрттен бірі енді өте бергенде теңгесін жасырған жер есіне түсіпті. Барып ақшасын тауып алып, қуанышы қойнына сыймай имамға келіп рахметін айтады. Сонда имам: «Сені шайтан түні бойы құлшылық еткізіп қоймайтынын білген едім. Бірақ сен Алла Тағалаға шүкіршілік ретінде құлшылығыңды түні бойы жасағаның жөн болар еді», – деген екен.

Әбу Ханифа өз заманында халыққа діни ұстаз болды. Сондай-ақ, белең ала бастаған түрлі кері ағымдардан халықты қорғаушы ғұлама да еді. Оған мысал, бірдже хауариждер Куфа қаласына кіріп келеді. Олар қаланың бетке ұстар ғұламасы Әбу Ханифаны іздеп барып оған: «Күпірліктен тәубе ет», – деп талап етеді. Өйткені хауариждер өз ұстанымына сай келмейтін басқа мұсылмандарды кәпір деп қабылдайтын. Тіпті олар хазреті Әлиді де (р.а.) кәпір деген адасушы топ болды. Сол кезде олардың сұрақтарына Әбу Ханифа: «Мен әрбір күпірлік атаулыдан тәубе еттім, – деп астарлы жауап қайырады. Мұны естіген біреу хауариждерге: «Әбу Ханифа «сендердің күпірліктеріңнен сақта деп тәубе етемін» деп тұр», – дейді. Сол-ақ екен, хауариждер имамды ұстап алады. Сонда имам Ағзам: «Менің сөзім сендерге қарсы екенін анық көздерің жетіп білдіңдер ме, әлде бір ой күдікпен бе?», – деп сұрайды. Олар: «Күдікпен», – десті. Әбу Ханифа: «Құранда: «…Расында кейбір күдіктер күнә…» («Хужурат» сүресі, 12-аят), – деп айтылған. Ал, сендердің ұстанымдарыңда күнә – күпірлік. Ендеше сендер де күпірліктен тәубе етіңдер, – деп хауариждерді аузына құм құйған екен.

Әбу Жағфар әт-Тахауи кейіннен ханафи мазхабын таңдап, сол мектеп өкілдерінің біріне айналады. Бұл шешімі жайлы Мұхаммед бин Ахмед Шурути: «Неге нағашыңызға қарсы шығып, Әбу Ханифа мазхабын таңдадыңыз?», – деп сұрайды. Сонда Әт-Тахауи: «Мен нағашымның Әбу Ханифа кітаптарына көп жүгінетіндігін көрдім, сол себепті ханафи мазхабын таңдадым», – деп жауап беріпті.

Даналығымен ерекшеленетін қазақ халқы да хақ жолды ұстануда осы бағытты таңдауынына жоғарыдағы жәйттер түрткі болғаны сөзсіз.

Руслан Қамбаров, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы, Астана қаласы

 Ислам және өркениет газеті №27 (243)

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу