ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ

Құрбандық араб тілінен аударғанда – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – Аллаһ тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын мал.

Діни кітаптарда Аллаһ разылығы үшін шынайы ықыласпен сойылған құрбандықтың алғашқы тамшы қаны жерге тамар-тамбас құрбан шалған мүміннің күнәлары кешірілетіні баяндалған.

Құрбандық шалудың адам баласы үшін біз білетін және білмейтін көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Солардың маңызды бірқатарына тоқталып өтелік:

а) Аллаһ тағаланың ризашылығына жақындатып, ақиретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Құрбандық шалуды Аллаһ тағаланың әмірі деп шынайы ықыласпен орындасақ, о дүниеде жүзіміз жарқын, мол сауапқа ие боларымыз сөзсіз. Мұны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былайша түсіндіреді: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ тағаланың құзырында қабыл болады. Сондықтан құрбандықты шын ризашылықпен шалыңдар».[1]

Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір басқа хадисінде Аллаһ ризашылығы үшін шалынған құрбандықтың әрбір қылы үшін сауап бар екенін былайша сүйіншілеген: «Сахабалар Расулуллаһқа (с.ғ.с.):
— Уа, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.), құрбандық деген не? – деп сұрайды.
Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
— Одан бізге қандай сауап бар?
Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар».[2]

Шындығында, Аллаһ тағала шалынған құрбандықтың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Оның еті немесе қаны Аллаһ тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ, ықылас бен ниетіміздің Жаратушыға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл жөнінде Құран кәрімде былайша баяндалады: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Аллаһ тағалаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».[3]

ә) Құрбандық шалу – Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) Аллаһ тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмаилды (ғ.с.) Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сыннан мүдірмей өткен-ді. Міне, құрбандық шалу сол бір ғибратты оқиғаның жарқын көрінісі.

б) Адам баласы құрбандық шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік етіп, күнәларына кешірім тілейді.

в) Руханияттан алшақ болған мына материалдық дүниенің қыспағында қалып, тарыққан ішкі дүниеміз бен көкірек сарайымыз құрбан айттағы шалынған малдардың аққан қандарын көрген уақытта психологиялық тұрғыдан әсерленіп, қайғы-қасіретті ұмытып, ыза, кек, дұшпандық сияқты сезімдерден арылып, өне бойың бір сергіп қалады.

г) Табиғатында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәні бар адам баласы құрбан айтта тек қана Аллаһ тағаланың ризашылығы үшін кедей бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қасиеттерінен арылып, олардың орнынан бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілділік сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттардың өсіп-өніп, жетілуі үшін су сепкен болады.

д) Күніне әлемде қаншама мал сойылуда. Бірақ, оның еттерінен көптеген кедей-кепшік мақрұм қалуда. Міне, құрбан айтта осы тұрмысы төмен, жағдайы нашар адамдардың жүзінде күлкі үйіріліп, шаттанады. Бір адамды қуанта білу қандай бақыт десеңізші! Аллаһ тағала ақиретте бәріміздің жүзімізді жарқын етіп, көңілімізді шаттандырсын! Әмин!

Құрбандық шалудың үкімі

Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбандық шалу – уәжіп.

Уәжіптігінің дәлелдері:

Аллаһ тағала Құран кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»[4] – деп, әмір еткен. Бұл құрбандық шалудың уәжіптігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту – кем дегенде құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.
Расулуллаһтың (с.ғ.с.): «Құрбандық шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим (ғ.с.) аталарыңның сүннеті», – деуі де бұл үкімді қуаттайды. Ал, «сүннет» сөзі «жолы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, құрбандық шалу – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан жол деген мағынаға саяды.

Құрбандық кімдерге уәжіп?

Құрбандық шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек:
1. Мұсылман болуы;
2. Құрбан айт кезінде жолаушы болмауы;
3. Негізгі тұрмыстық қажеттеріне жетерлік мал дүниесі мен қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Оның мөлшері – 80, 18 грамм алтын, не оның құнына тең келетін ақша. Негізгі қажетке тұрғын үй, көлік, киімдер өзіне және отбасы мүшелеріне бір жыл көлемінде жететін азық-түлік жатады.
4.Азат болуы.

Уақыты

Құрбандық шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзірлі себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбандығын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) осыған байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибн Азибтен жеткен риуаят бойынша:

«Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, одан кейін құрбандық шалу. Кім осылай жасаса, біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбандық шалатын болса, оның басқа күндерде сойылған малдан еш айырмашылығы жоқ», – десе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбандық шалса, оны қайта шалсын», – деп құрбан айт намазынан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Құрбандыққа шалуға жарайтын малдар


Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-жеті айлық марқа қозы, не тоқты бір жасар қой сияқты семіз болса, құрбандыққа жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал.

Елік, арқар сияқты жабайы аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сынды құстар құрбандыққа шалынбайды.

Бірігіп құрбандық шалу

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбандыққа шала алады. Ал, сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі, не жеті кісінің бірігіп шалуына болады. Құрбандықты ортақтасып шалған уақытта әрбір адам ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбандық үшін, ал екіншісінің ниеті басқалай болса, шалынған мал барлық ортақтасқандар үшін құрбандық болып есептелмейді.

Құрбандыққа жарамайтын малдар

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандыққа жарамайтын мал туралы: «Соқыр, ауру (жүре алмайтындай дәрежеде), ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды»,[5] – деген.
Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қияс (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Олар мыналар:
Бір көзі соқыр;
Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз;
Құлағы немесе құйрығы туғанынан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;
Тістерінің көбі түсіп қалған;
Емшектерінің басы жұлынып қалған;
Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Өкілдік

Құрбандық малын мүмкіншілігі болса, адамның өзі шалғаны абзал және сауабы да мол. Бірақ, басқа біреуді өкіл етуіне де болады. Оған: «Менің орныма құрбандық алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол кісінің атынан құрбандық шалады. Хазреті Әлидің (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) орнына құрбандық шалғаны жөнінде риуаят бар.

Құрбандық қалай шалынады?

Құрбандыққа шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Малды қинамай бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын».[6]

Малды құбылаға қарай жатқызып, дұға ретінде мына аят оқылады:
«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‹аламина лә шәрика ләһ».[7] «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін:

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһилхамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздайды.

Мал құрбандық ниетімен бауыздалуы керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, мейлі кедей болсын өзі шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігін – туған-туыс, не көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігін – кедей және мұқтаж адамдарға таратады, үшінші бөлігін отбасына қалдырады. Бірақ, шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына болады.

Аллаһ тағала Құран кәрімде былай дейді: «Құрбандықтың етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».[8]

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрбандыққа шалынған етті қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят еткен: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын сату – мәкрүһ. Егер сатылған жағдайда ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың ешқандай мүшесін қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.

Хазреті Әлидің (р.а.) былай дегені риуаят етіледі: «Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) түйелерді құрбандыққа шалған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды», – деді.[9]

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
-

“Ислам ғылымхалы” кітабынан, Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, Мухитдин ИСАҰЛЫ

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    kurban.ayt kai kuni bul jili


  2. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    assalamagaleikum!bul jili kurban ayt kay kunge saikes kep tur

Пікір жазу