Астанада Құрбан айт күндері құрбандық малдарын сату және сою «Алтын таға» базарында жүзеге асырылады

Астана қаласында Құрбан айт күндері құрбандық малдарын сату және сою Қосшы кентінің маңында орналасқан «Алтын таға» базарында жүзеге асырылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Еске салайық, Астана қаласы әкімдігінің шешімімен 2010 жылдан бастап Құрбан айт күндері санитарлық талаптарды сақтау үшін діни рәсімдерді атқаруға орындар арнайы белгінеді. Онымен бірге, құрбандық малдарын мешіттер мен тұрғын үйлердің аумақтарында, балалардың ойын алаңдарында сатуға және союға қатаң тыйым салынды.

Қосшы кентінен (Астанадан 16 шақырым) 2 шақырым жердегі «Алтын таға» мал базарында жүк машиналары мен жекеменшік көліктер тоқтайтын тұрақтар, қасапханалар мен ет бұзатын орындар дайындалды.

Сондай-ақ мұсылмандардың ыңғайы үшін айт күндері №27-ші автобустың бағыты Қосшы кентінен «Алтын таға» базарына дейін ұзартылады.

Биыл мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі — Құрбан айт мейрамы 6-8 қараша күндері атап өтіледі. Мейрам жыл сайын хижра — мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.

Мұсылмандар мейрамның алғашқы күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады. Биыл айт намазы елорда мешіттерінде таңертеңгі сағат 09.00-де оқылады. Айт намазы оқылғаннан кейін Аллаһ разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Ал осы күндері Меккеде қажылықтарын өтеушілер Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарады. АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу