Қымбат уақыттарды пайдаланып көптеген жақсы амалдар істеп мол сауаптарға ие болайық

Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән, оның құлы әрі елшісі, ұстазымыз әрі өнегеміз Мұхаммед пайғамбарымызға, оның жанұясына және сахабаларына Аллаһтың сәлемі мен салауаты болсын!

Расында Аллаһтың бізге берген нығметтерінің  бірі — бізге көптеген жақсылықтарға жететін әрі мол сауаптарға ие болатын маусымдарды нәсіп етуі. Яғни Рамазан айы, қадір түні, жұма күні және сондай-ақ берекелі уақыттардың бірі  Зуль-хижжа айының алғашқы он күні.

Бұл он күннің артықшылығын білдіретін көптеген  аяттар мен хадистер бар. Аллаһ  Тағала айтады: «Таңға және он түнге серт» -дейді. (Фажр сүресі 3-ші аят). Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде : «Он түн дегені зуль-хижжаның он түні»- деді.

Басқа аятта Аллаһ Тағала айтады: «Белгілі күндерде Аллаһты естеріңе алыңдар!»(Хадж сүресі 28-ші аят). Ибн Аббас(р.а)  :

Белгілі күндер — зуль-хижжаның он күні» — деді.

Сондай-ақ хадиске келетін болсақ,  пайғамбарымыз  айтады: «Аллаһтың алдында ең үлкен және  оны ең қатты жақсы көретін амал — осы он күндегі амалдар, сондықтан бұл күндерде тәһлил, тәкбір және тәхмидті көбейтіңдер»-дейді. (Табараний . Муғжамуль Кәбир.)

Ибн Ражаб айтады: «Аллаһ Тағала мүміндердің жүректеріне өзінің үйі Әль-Харамды көруді жақсы көргізді, бірақ  әрбір адам әр жылы оны көруге шамасы келмейтін болғандықтан  шамасы келген адам үшін оған өмірінде бір рет қажылықты парыз етті және он күндік маусымды (зуль-Хижжаның он күнін) қажылыққа барғандар үшін және бармағандар үшін бірдей қылды».

Арафа – зул-хижжа айының тоғызыншы күні, қажылықтың тоғызыншы күні (Биыл 5 қараша күніне түсті)

Айша анамыздан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһтың елшісі Мұхаммед (с.а.с.): «Аллаһ басқа күндері тозақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адамды құтқармайды. Ол (Аллаһ) оларға (адамдарға) жақындайды. Сосын періштелерге олармен (адамдармен) мақтанады да: «Олар нені қалайды?» – дейді», – деген (Муслим).

Талха ибн Убайдуллаһ ибн Кариздан (Аллаһ оған разы болсын), Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Шайтан Арафа күніндегідей кішкене, (күл-талқаны шығып) жеңілген, сорлы, ашулы болып көрінген емес. Мейірімділіктің түсуі мен Аллаһтың үлкен күнәларды кешіруінен ғана (шайтан) сондай халге түседі…», – деген (Мәлик).

Қажылыққа бармаған адамадар үшін Арафа күні мына істерді жасағаны абзал:

1. Арафа күні ораза тұту қажылықта болмағандар үшін сүннет.

2. Көп дұға жасау, Аллаһты зікір ету, Құран оқу, Пайғамбарға салауат айту және осылардың барлығын шын ықыласымен орындау.

Пайғамбар (с.а.с.): «Ең жақсы дұға – арафа күнгі дұға. Мен және пайғамбарлар айтқан ең жақсы (дұға): Лә иләһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һууа ъала кулли шәй-ин қадир», – деген (әт-Тирмизи). Мағынасы: « Алладан басқа тәңір жоқ, Ол жалғыз оның серігі жоқ, бүкіл мүлік Оныкі жіне барлық мақтаулар Оған ғана тән, Ол бүкіл нәрсеге құдыреті жетуші»

Сондықтан құрметті ағайын, келіңіздер осы күндерді пайдаланып Аллаһтың берген мол сауабына ие болып, күнәларымызды жарылқауын тілейік!

 

Орынтайұлы Қанат. Астана қаласы.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу