Қалижан ЗАҢҚОЕВ: Құрбандық құдайға жақындатады

Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы – Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін!

 

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дініне бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

 

Мұсылман адам қара басының қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені, «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы ке­тіп, ұйқысы қашады» деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

 

Қасиетті Құран кәрімнің «Хаж» сүресі, 28-аятында: «Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер», – деп айтылғанындай, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі де және өзгеге де жегізеді. Етті үшке бөліп, бір бөлігін шикілей тарату – мұстахаб. Ең дұрыс тәсілі: бір бөлігін мұқтаж жандарға (терісімен қоса) тарату; бір бөлігін өзіне қалдыру; бір бөлігін пісіріп жақын, туған-туыстарға жегізу.

 

Құрбандық шалуға жарайтын малдың шарттары мынадай: сойылатын түйе кемінде бес жаста, сиыр (бұқа) екі жаста, қой мен ешкі бір жаста болуы керек. Дегенмен, Әбу Ханифа мәзһабы бойынша, дене бітімі бір жастағы қойға тең келетін алты айлық тоқтыны да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі.

 

Құрбандыққа шалынатын малдың барлық ағзалары сау болуы керек. Демек, аяқтары, құлағы, құйрығы кесілген, көзі шыққан соқыр, майы жоқ арық, өзі жүре алмайтындай ақсақ болмауы қажет. Алайда, бірнеше тісі болмаса немесе құлағының, мүйізінің аздаған бөлігі кесілген және кішкене ақсайтын болса, шариғат құрбандыққа шалуға рұқсат етеді.

 

Сондай-ақ, құрбандық шалудың өз уақыты бар. Құрбандық айт намазы мен айт хұтбасы оқылып болғаннан кейін басталып, соңғы айт күнінің күні батқанша жалғасады. Айт күндерінің біріншісі де, екіншісі де, соңғы күні де құрбандық шалу үшін абзал уақыт саналады. Құрбандықты ақшам намазына дейін сойған жақсы.

 

Адамзаттың асылы (с.ғ.с.): «Бiрiншi орындайтынымыз – мерекелiк намаз, содан соң құрбандық. Кiм осылай iстесе, бiздiң сүннетiмiзге ергенi. Ал, кiмде-кiм бұдан бұрын құрбандығын шалса, ол жәй кездегi отбасы қажетi үшiн берiлген еттен айырмашылығы жоқ. Бұл құрбандыққа жатпайды», – деген екен.

 

Қасиеттi Құранда: «Раббың үшiн (айт намазын) оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят), – деп бұйырады. Сондықтан да, құрбандық шалмақ болған мұсылман әуелі айт намазына мешітке келіп, жамағатпен айттық намазды оқып, соңынан құрбандық шалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Менің үмметімнің ішіндегі ең жақсылары құрбандық шалады, ал жамандары мұны орындамайды», – дейді. Сондай-ақ, басқа риуаятта: «Құрбандыққа шалынған малдың алғашқы қаны жерге тамумен, құрбандық шалушының бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

 

Келесі бір хадисінде: «Құрбан күнінде адам баласы қан шығарудан сүйкімді ешбір іспен Ұлы Аллаға жақындай алмайды, қаны шыққан мал Қиямет күнінде (иесіне) мүйіздерімен, тұяқтарымен және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар».

 

Құрбандық шалар алдында міндетті түрде Алла тағаланың ризалығы үшін деп, құрбандық ниетін білдіру керек. Құрбандыққа шалынатын малды бауыздап жатқанда жануарды қинамай, өткір, қайралған пышақпен сою абзал. Мал союды жақсы білсе, өз қолымен сойғаны өте жақсы. Егер білмесе, тәжірибесі бар адамға сойдыру сауапты іс. Құрбандық шалушы адам мұсылман болғаны дұрыс.

 

Құрбандық шалудың реті мынадай: малдың аяқтарын байлап, сол жағымен құбылаға қаратып жатқызып, мына дұғаны оқиды: «Аллаһуммә һәзә минкә уә иләйкә, фатақаббәл минни», яғни қазақша мағынасы: «О, Раббым, мұны Өзің бердің, әрі Өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете гөр», – деп дұға етіп, «Бисмилләһи, Аллаһу Акбар» деп тамағынан орады. Өңеші мен екі күре тамыры кесілуі шарт. Малдың жаны шықпайынша, оның басы мен терісін денесінен бөлуге болмайды. Ескерту: егер құрбандық шалу кезінде союшы адам біле тұра «Бисмилләһи, Аллаһу Акбар!» деп айтпаса, онда ол малдың еті жеуге жарамсыз.

 

Жалпы, құрбандық мерекесі барлық діндердің тамырын қосатын, ортақ ғұрып саналады. Құранның құптауы бойынша, «Бисмиллә Аллаһу Акбар», «Алла атымен», «Алла ризалығы үшiн» деп құрбандық шалу ғибадаты барлық дiндерде де бар. Қасиеттi Құранда: «Бiз барлық үмбет үшiн, өздерiне берген малдан Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекiттiк. Өйткенi, Тәңiрлерiң бiр-ақ Тәңiр. Сондықтан оған ғана бойұсыныңдар» (22:34), – делiнген. Демек, жалғыз Алла тағаланың ризалығы үшін құрбандық шалу – тамыры терең ғибадат.

 

Қасиетті Құран кітабында құрбандық ғибадатына байланысты: «Әрине, Аллаға жететіні олардың (жасаған құрбандықтарының)  еттері де,   қан-дары да емес, сендердің тақуалық-тарың (ізгі амалдарың, ниеттерің)» (22:37), – дейді. Демек, Алла тағала біздің сойған малымызды емес, тақуалығымызды, ниетімізді қабыл етеді. Алла тағаланың мейір-шапағатына игі істерімізбен қол жеткіземіз. Құрбандық шалудың қасиеті – оның тағылымы мен тәрбиесінде. Сондықтан мұндағы  мақсат – мұсылманның  Алла әмiрiне бойұсынуын, ықылас-ниетiн, тақуалығын және Алла үшін, тілі, діні үшін, елі мен жері үшін ең қымбат нәрсесін қия білуін байқау, сынау.

 

Әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», – деп ескерткен еді. Бұл хадис құр­бан шалу мерзімін бейқамдықпен өткізіп алмауға үндейді һәм сараңдық танытып, бұйрықты орындаудан бас тартудың күнә екенін білдіреді. Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы сүннетіне аса байыппен қарап, шын ризашылықпен дұрыс шалынған мал Алла тағала разылығына қол жеткіздіруі мүмкін.

 

Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы достық пен ағайын-дықты нығайта түседі.

 

Ислам – 14 ғасыр бойы адамзатты ынтымақ пен татулыққа уағыздап келе жатқан дiн. Мерекелiк намаздан, шалынатын құрбандықтан, тiптi қажылардың қажылығынан да көзделген негiзгi мақсат – татулық, бiрлiктi, ынтымақты арттыру. Сондықтан, бұл күндерде шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып, бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына материалдық және рухани көмек берудi, сол жылы басына қайғы түскендердің үйіне арнайы барып, өткендерге Құран бағыштап, еске алуды, соңында қалғандарға сый-сияпат жасап көңiлдерiн көтерудi, сырқат таныстарына зиярат жасауды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.

 

Қалижан ЗАҢҚОЕВ,

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,

Астана қаласының Бас имамы

«Ислам және өркение», №31 (247), 1-10 қараша, 2011 жыл.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу