Құрбан айт қалай тойланған?

Адамды имандылық пен iзгiлiкке тәрбиелейтiн асыл дiнiмiз – Исламды бүгiнде Қазақстан халқының басым көпшiлiгi ұстанады. Мұсылман қауымы республикадағы өзге дiн өкiлдерiмен өзара түсiнiстiк орнатып, тату-тәттi ғұмыр кешуде. Тәуелсiздiк таңы атқалы қасиеттi қазақ жерiнде Ислам дiнi қайта қанат жайып, елiмiзде 2300-ден астам мешiт мұсылман қауымға қызмет көрсетуде. Бiле бiлсек, осылайша қазақы мұсылмандыққа оралуымыздың өзi Жаратқан иемiздiң өзi бұйыртқан Тәуелсiздiктiң арқасы екенi талассыз.

Құрбан айттың қадiр-қасиетi мен дiнiмiздегi орны жайында аз айтылып жүрген жоқ. Ал, осынау дiни мереке қазақ жерiне қашан келдi? Ата-бабаларымыз оны қалай тойлады? Бүгiнгi мұсылман мемлекеттерiнiң Құрбан айтты тойлаудағы ерекшелiктерi қандай? Қасиеттi мерекенiң қарсаңында осы сауалдарға жауап iздеген едiк.

Қазақ жерiне Құрбан айт мерекесi Ислам дiнiмен бiрге келдi. Этнографтардың пайымдауынша, алғашында түркi тектес тайпалар оны Құдайға ерекше құлшылық жасайтын күн ретiнде көрдi. Бiрақ мереке ретiнде қабылдай алмады. Дегенмен, Ислам дiнiнiң қағидалары мен жоралғыларының көп жағдайда Орта Азия халықтарының дәстүрiмен үндесiп жатуы бұл мерекенiң де сiңiсiп кетуiне әсер еттi. Тарихшылардың пiкiрiнше, Құрбан айттың мейлiнше халықтық сипатқа ие болуына бұл күнi Алла жолында шалынатын малдың төрт түлiктен болуы әсер еткен. Себебi, сол заманда бұл жануарлар  әр үйден табылатын.

Бертiн келе айт күнi туған-туыс, ағайын мен жекжатты iздеу, оларға қонаққа бару дәстүрге ене бастады. Әсiресе, IХ ғасырдың ортасынан ХIII ғасырдың басына дейiн Мәуереннахрдан бастап Жетiсу мен Қашқарға дейiнгi аралықта бұл мерекенi тойлауға баса назар аударылды. Өйткенi, сол кезеңде Қарахан мемлекетiнде Ислам мемлекеттiк дiн дәрежесiне ие болды.

Моңғол шапқыншылығынан кейiн айтулы мерекенiң тойлануы жайлы деректер тарихта өте сирек. Тек Қазақ хандығы орнаған кезеңнен бастап бұл дәстүр қайта жандана бастаған секiлдi. Оны тiлiмiзде бүгiнгi күнге дейiн сақталып келген айттау, айттық деген сөздерден, «Арсыздың айты алты күн» деген мәтелден байқаймыз.

Айттық — айт күнi «айттық» деп сұраған адамдарға берiлетiн сыйлық, кәде. Оны ақшалай да, заттай да беруге болады. Бұл айтты да, дәстүрдi де, сұраған адамды да құрметтеудiң белгiсi. Қазақтарда сыйлыққа тәспi, жайнамаз, тақия, кестелi орамал, зергерлiк бұйымдар берiлген.

Айттау — Құрбан айт мерекесi күндерi туған – туыс, ағайын мен жекжатты аралау, қыдыру дәстүрi. Ондағы мақсат жақын адамдардың амандығын бiлу, хал-ахуалын сұрау, үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсету.

— Тәуке ханның «Жетi жарғы» заңдар жинағында Құрбан айт туралы жазылған деректер кездеседi. Онда қасиеттi мерекенiң мән-маңызы, құрбандыққа қандай мал шалу, оның кiмдерге мiндеттiлiгi жөнiндегi шариғат талаптары мен айт күндерi араздасқан адамдар бiр-бiрiне кешiрiм жасау керектiгi жазылған көрiнедi. Қазақ халқы сонымен қатар бұл күндерi мағыналы ән-жыр айтып, алтыбақан тепкен. Құрбан айт көктемге тура келсе, Наурыз мейрамындағыдай ағаш отырғызып, бұлақтың көзiн ашқан. Кеңес Одағы дiнге тыйым салғанымен қазақ ауылдарында үйлерде айт намаздарын оқу, құрбандық шалып, арнайы дастархан жайып, ата-баба рухына бағыштап Құран аяттарын оқу дәстүрлерi сақталып қалған, —дейдi ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкiл имамының орынбасары Мұхамеджан Естемiров.

Мiне, қазақ халқы Құрбан айтты осылайша атап өткен. Ал, көптеген мұсылман елдерiнде бұл мемлекеттiң негiзгi мейрамдарының бiрi. Мәселен, Өзбекстан мен Тәжiкстанда бұл мерекеге орай үш күн демалыс берiледi. Ал, Сауд Арабиясы, БАӘ, Египет, Катар секiлдi елдерде бұл күнi көше бойында тегiн тамақ таратылады. Тiптi, қоғамдық көлiкте жүру мен  ұшақта ұшу да тегiн. Мемлекеттiң барлық салтанатты шаралары осы күнге орайластырылып, түрлi тұлғаларға берiлетiн сыйлықтар тапсырылады. Арабтар жылдың қорытындысын да осы мезгiлде шығарады. Жаңа ғимараттардың тұсауын кесу Құрбан айтқа байланысты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ол елдерде Құрбан айт мерекесiнде халықтың жаппай жаңа киiм алуы дәстүрге айналған.  Оның үстiне Сауд Арабиясына бұл күндерi қажылық рәсiмiн өтеуге миллиондаған адам келедi. Осының барлығы мерекенiң көркiн қыздыра түседi.

  Айдар ҚҰЛЖАНОВ. «Оңтүстік Қазақстан» газеті. http://oks.kz/Muragat/2011/170-171/Kurban.htm

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Салаумагалейкум медресеге 10-сынып бітiрiп окуга болады ма?

Пікір жазу