Алкогольсіз сыраға байланысты…

Кейде адам баласы Аллаһ Тағаланың мыңдаған халал тағамы тұрғанда неге соның ішінен санаулы харамына құмбыл түрады? Әрбір күнә өзінен кейінгі үлкенірек күнәның хабаршысы. Күнәлар баспалдақ тәрізді бірінен соң бірі жетелеп күпір жарына түскенге дейін пендені жетелей бермек.

Жалпы сыра деген не нәрсе өзі? Оның шыққан жері, ата-тегі не? Сыра әу баста шыққанда харам болып шыққан. Бейне бір казино ойындары тәрізді. Ендеше бұл сұрақ маған «казиноға барып, ондағы рулетка ойынын ақша тікпей ойнасам бола ма?» деп естілгендей болады. Мұндай ойындардың шығу мақсаты — адамды азғырған шайтанның тұзақтарының бірі ретінде рулетка ойынын ойнамақ тұрмақ сол казиноның ішіне де кіруге болмайды. Асылы сіз бүгін өзіңізге пәтуа шығарып сол рулетканы теңге тікпей ойнағанмен күндердің күнінде ақша тіккеніңізді де байқамай қаласыз.

Яки бұл сауал маған «құлағалы тұрған үйде тұруға бола ма?» дегендей естіледі. Құранда Аллаһ Тағала зинаға қатысты «зина жасамаңдар» демейді. «Зинаға жақындамаңдар» деп бұйырады. Өйткені зинаға жақындаған адам кез-келген сәтте соның арбауына түсіп қалуы мүмкін.

Исламда «Сәд зараъи» деген қағида бар. Бұл қазак тілінде «харамға жетелейтін кез-келген нәрседен қашық тұру» дегенге саяды. Мысалы Құранда Аллаһ Тағала: «Аллаһтан басқасына табынғандарға һәм олардың пұттарына тіл тигізуші болмаңдар. Өйткені олар да уәж қайтару мақсатымен не дегендерін білмей Аллаһ Тағалаға тіл тигізулері мүмкін»[1] дейді. Яғни бұл аятта мүшріктердің пұттарына тіл тигізуге тиым салынған. Негізінде пұттарды қор санау дұрыс іс-әрекет. Бірақ Аллаһ Тағалаға тіл тигізуге жол ашу жағынан тиым салынып тұр.

Ендеше, сіздің «алкогольсіз сыраңыз» да осыған ұқсайды. Яғни сол сырада спирт болмағанмен, ішкен адамды мас қылмағанмен бұл сыра түбінде өзінің тегіне тартып, сізді сол еліне қарай жетелеуі мүмкін. Бүгін алкогольсіз сыраны ішкен күн ертең кәдуілгі сыраны ішпесіне кім кепіл? Әрі бір күні елімізде халал шарап, алкогольсіз коньяк, халал шампан да шығуы мүмкін. Иә, бұл күндері ксйбір мұсылман елінде дәл осындай ішімдік түрлері жасала бастаған.

Бұған «шайтанның адамға оң жағынан жақындауы» деп айтылады. Шайтан бір мұсылманға келіп: «халал арақ-шараптан, коньяктан іш, харамынан ішпе! Өйткені сен тақуасың» дейді. Ал соны ішіп әбден үйреніп алған кезде шайтан оған: «Заты бөлек болса да аты бірдей ғой. Енді сенің таңдайтындай не қасиетің қалды» дейді.

Ал Пайғамбарымыз  (аләйһис-саләту уәс-сәләм):  «Кімде-кім бір елге ұқсайтын болса, онда ол солардан болады» дейді. Ішімдік атаулы мұсылманға жат өзге дін өкілдерінің ішімдігі. Һәм шайтанның айла тәсілінің қолтаңбасы. Атам қазақтың «арақ — атаңнан қалған ас емес» дегені де сол. Сондықтан алкогольсіз сыра адамды мас қылмаса да шыққантегіне қатысты «Сәд зараъи» қағидасы тұрғысынан харамға жатады.

Әрі Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Көп мөлшері мас қылатын ішімдіктің аз көлемі де — харам»[2] дейді. Сондықтан алкогольсіз сыраны спирттен кенде деп айта алмайсыз. Басқа хадисте: «Мас қылатын әрбір ішімдік — харам. Фарақ[3] мөлшеріндегі мас қылатын ішімдіктің алақанды толтырар мөлшері де — харам»[4] деп айтылады.

Ендеше, қазіргі кездегі ғұламалардың бірі — Усама Абдулкарим әр-Рифағи араб елдерінде шығарылатын алкогольсіз сыраның құрамын арнайы лабораторияға барып тексергенде оның құрамында 0,004 г спирттің бар екенін анықтаған. Олай болса, бұл сыра да кәдуілгі сыраның бірі. Сол себепті ол — харамға жатады.

«Отбасы Ғылымхалы» 42-бет.



[1] «Әнғам» сүресі, 108.

[2] Тирмизи. Сахих хадис.

[3] Фарақ дегенміз — 9,3 л.

[4] Тирмизи. Сахих хадис.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу