Жау жоқ деме, жар астында — Немесе қазақ жеріне де лаңкестіктің жеткені ме?

Бүгінде қазақ даласын әлем үркіп отырған алып құбыжықтың елесі кезіп жүр. Қандай құбыжық дейсіз бе? Ол – лаңкестік. Иә, кәдімгі алпауыт елдердің өзін үркітіп, «екі аяғын бір етікке тыққан» лаңкестік біздің де тереземізді қаққандай. Алғашында жігіттерімізді жендет етіп, шетел асырды. Сөйтіп тамырымызды басты, сыр бермедік. Биылғы жаздың жаймашуағында шу шығарып, шыдамымызды тексерген болды. Оған да бой алдырмай, «қазақ үшін лаңкестіктің ауылы алыс» деп өз-өзімізді сендіріп бақтық. Алайда, сол жолы әбден сасқанымыз сөзсіз. Тіпті, тентектерді құрықтаймыз деп алақандай ауылды әскери қалашыққа айналдырып жібердік. Әупірімдеп тыйсақ та, ешқандай бүлікшілермен байланыстырмай, «ұрлық жасаған қылмыстық топ» деп ауруымызды жасырдық. Соңында тосын сый жасап, ашық әдіске көшті. Алаңсыз елді дүрліктіріп, ала таңмен Атырауда екі бірдей жарылыс ұйымдастырып, жағамызды ұстатты.

Бұрын бір күнде бірнеше жарылыс тек шетелде ғана болатындай көрінетін. Сөйтсек, ондай бассыздықтар бізге де жетіпті. Десек те, алғашында бүкіл Алаштың қабырғасын қайыстырған бұл оқиғаны арнайы орындар қалай бағаларын білмей әуре-сарсаңға түскені белгілі. Бірақ халық ә дегеннен мұның бәрін лаңкестікке балап, ел іші дүрлігіп қалды. Сонда тұрақтылық пен төзімділікті ту еткен қазаққа да лаңкестіктің келгені ме?

 

Қазақстан қаншалықты қауіпсіз?

Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстанды бейбітшілік пен келісімнің мызғымас ордасына айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Соған сәйкес, әлемдік қауымдастықтар мен алпауыт елдер де «сізден асқан бейбіт ел жоқ» деп бағаларын беріп, арқамыздан қағып жатты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, сол сөздерге масайрап, арқаны кеңге сала бастадық. Сол-ақ екен, жаға астынан жау, бөрік астынан бөрі шығып, қауіпсіздігіміздің қай деңгейде екендігін байқатып кетті. Сыртымызды бүтіндейміз деп жүріп, ішкі жыртығымызды жамауды ұмыт қалдырғанымызды сонда байқадық.

Егер жыл сайын лаңкестік ин-дексін жариялап отыратын «Maple Croft» британ компаниясының дерегіне сүйенсек, Антарктида мен Гренландиядан басқа әлемнің барлық жеріне лаңкестіктің қаупі төніп тұр екен. Ендеше «қауіпсізбіз» деп жалпақ жұртқа жар сала бермей, етек-жеңімізді жиып, әлемге ортақ қауіптің алдын алу үшін амал еткеніміз жөн. Өйткені мұз құрсауында жатқан қос мекенге ғана тісін батырып үлгермеген лаңкестіктің қазақ сахарасында тамыр жаймауына ешкім кепілдік бермейді.

Кеңқияқ пен Шұбарши

Жоғарыдағы сөзіміздің ең басты дәлелі осы екі ауыл. Бұрын бұл ауылдар тек аудан, одан асса, облыс көлеміне ғана белгілі еді. Бүгінде бүкіл алашқа аты мәлім. Жоспарды орындап, жоғарыдан көрінуімен емес, әрине. Айдың-күннің ама-нында оқ атып, ойран салуымен. Қалың қазақты дүрліктіріп, «Кеңқияқ-Шұбарши оқиғасы» аталып кеткен сол ойраннан жер-гілікті халық әлі толық ес жия қойған жоқ.

Айта кетер жайт, алғашында бұл оқиғаға лаңкестік әрекет деп қарағанымызбен артынан ұрлық қылған қылмыстық топ екені анықталды. Егер осы уәжімізге сенсе, АҚШ сол оқиғадан соң дереу Қазақстанды лаңкестік қауіп төндіретін елдердің қатарына қоспас еді.

Жайық жағасындағы жарылыс

Қалай десек те, өз сөзімізге тек өзіміз сеніп, жазғы жараның аузы біте бастағандай болып еді. Бірақ қателесіппіз. Сырты ғана бүтінделген жара ішінен іріп, өзегіне у жинап жатқанын байқамаппыз. Нәтижесінде жараның аузы ашылып, зәр-запыраны шашылды. Тағы абдырап қалдық. Өйткені Атырау қаласында орын алған екі жарылысты ғаламтор арқылы «Халифат сарбаздары» атты лаңкестік ұйым мойнына алғаны жөнінде ақпар тарады. Мұндай мойындау елімізде алғаш рет тіркеліп отырғанын айта кеткен жөн. Яғни барлық іс-әрекет кәдуілгі лаңкестіктің сценарийі бойынша өрбіп жатыр. Алдымен аталған ұйым елімізде жуырда ғана қабылданған дін туралы заңға қатысты өз қарсылықтарын айтып, ескерту жасағаны жайлы ақпарат жеткені белгілі. Артынша Атырау аспанын дүркіреткен қос жарылысты сол ұйым өз мойнына алып, тіпті ол қазақ жігіттерінің құрған содырлық ұйымы екенін құзырлы орындардың өзі мойындап үлгерді…

Жалпы Жайық жағасындағы жайсыз жағдай бір бұл емес. Әріге бармай, биылғы ораза кезіндегі оқиғаларды алып қарасақ та жетіп жатыр. Дәл сол кезде өңірді үрей билеп, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында жан түршігерлік ақпараттар тараған еді. Нақты айтар болсақ, тамыздың соңында белгісіз бі-реулер агент арқылы ораза біт-кесін адамдарды құрбандыққа шаламыз деп елді дүрліктірген-ді.  Абырой  болғанда, мұның бәрі бұзақылардың кезекті «ойыны» екені анықталды. Соған орай, Орал қаласының әкімі теледидар арқылы сөз сөйлеп, елді сабырға шақырып, осы жағдай тағы қайталанса, тентектерге жаза қолданылатынын айтты.

Не істеу керек?

Иә, не істеу керек? Өздігінен өзгеге тиісіп көрмеген қазақты лаңкестіктің қара тізімінен сызып тастау үшін қандай шара қолданғанымыз жөн? Мұны тездетіп қолға алмасақ, іс насырға шабуы әбден мүмкін. Артынан «Қазақстан – ең қауіпсіз ел» деп түйін түйсе де, АҚШ-тың бір шалыс қадамымызға қарап қара тізімге қосқаны көңілге кірбің ұялатты.

Бүгінде Атыраудағы жарылыс-тарды ұйымдастырғандар белгілі болды. Алайда оларға сыртқы күштердің де әсері болуы мүмкін деген жорамалдар айтылып қалуда. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені соңғы кездері батыс тарапынан Исламды, мұсылмандарды қаралау, дінді лаңкестікпен егіз етіп көрсету секілді әрекеттер үдеп тұрғаны жасырын емес. Қазақстан – әлімсақтан мұсылман елі, сондай-ақ, біз биыл Ислам ынтымақтас-тығы ұйымына төрағамыз. Әлем назары бізге ауып тұрған шақ. Осы сәтті қалт жібергісі келмеген беймәлім сыртқы күштер қазақ жерінде болмаған лаңкестік әре-кеттер жасап, Ислам дүниесіне күйе жаққысы келуі де мүмкін. «Сақтансаң, сақтармын» дейді Құдай.

Иә, лаңкестік туралы айтқанда бірінші кезекте ойға дін, соның ішінде  Ислам  оралатындай  жағ-дайға жеткеніміз  рас.  Осылайша,  Алланың бірігуге жіберген дінін бөлінуге пайдаланғандар тыныш-тықты ғана үндейтін діннің тынымын алды. Нәтижесінде, лаң-кестіктен қорғану үшін ең бірінші қару-жарақты түгендеу емес, дінді дұрыстау қажет болды. Біз де осы бағыттағы негізгі қадамды содан бастадық. Яғни, дін істері комитетін агенттік қылып, өз алдына дербес ведомоство жасадық. «Ештен кеш жақсы» демекші, бұған да шүкір. Мұнан былай, арқасына ауыр жүк артып отырған агенттік бірлігімізді бұзып, іріткі салушы ниет-пиғылы жат ағымдардан елді тазартып, бұл бағытта жемісті еңбек етеріне сенеміз.

Жалпы орын алған олқылық-тардың орнын толтыру үшін әртүрлі пікірлер айтылуда. Тіпті, жаздыгүні тәртіп сақшыларына дінді оқы-тып, теолог-полицейлер дайындау керек деген де ұсыныс айтылды. Құптарлық! Орайы келгенде айта кету керек, тек тәртіп сақшыларына ғана емес, барлық мемлекеттік қызметкерлерге ағым-секталарды бір-бірінен айыратындай діни сауат ашуын міндеттесе деген ой келеді. Бірақ, бұл әзірге қол жетпейтін арман ғана. Себебі айтпаса да түсінікті.

Алда-жалда сақшылар медресе табалдырығын аттап, теолог-полицей дайындалар болса, ол қандай болуы керек? Әрине, ондай сақшы ең бірінші Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптауынан өтуі тиіс. Өйткені, аталмыш басқарма ғана ел мұ-сылмандарын бір тудың астына біріктіріп отырған әлеуетті діни бірлестік болып табылады.

Сонымен қатар, ауылдық жер-лердегі діни ахуалды да жіті қадағалап, назардан тыс қал-дырмау керек. Өйткені, «Кеңқияқ-Шұбарши» оқиғасының орын алуына басты себептердің бірі – осы олқылық еді. Демек, рухани құндылыққа жұтаған ауыл-аймақтың діни ахуалын көтеруде мемлекеттің тікелей араласуы кезек күттірмейді. Мүмкін, әу бастан шалғайдағы имамдарға, ең болмағанда, шайлығына жетерлік жалақы беріп, қыстың ызғарынан ықтайтын баспанамен қамтамасыз еткенде, бүгінгідей бас  жарылып,  көз шықпас па еді. Өйткені, тәуелсіздік алғалы бері ауылдық жерлерді мешітпен, білікті имамдармен қамтамасыз ету жағы кемшін. Мәселен, кеше ғана жарылыс болған Атырау облысында 26-ақ мешіт бар екен. Атырау қаласының «Еркін қала», «Балықшы» аталатын ірі ау-дандарында әлі күнге мешіт жоқ. Кейбір аудандардағы бар мешіттің өзі ескі-құсқы, ауылдың адам бара бермейтін шеткері жағынан орын тепкен, бір сөзбен айтқанда, халықты діни сауаттандыратын дәрежеде емес. Уағыз айтылмаған, намаз оқылмаған жерлерде рухани вакуум орнап, түр-түсі теріс ағымдар мұндай мүмкіндікті қалт жібермейтіні мәлім. Әйтсе де болар іс болды. Енді бұған қайтара жол бермеудің амалын қарастырған жөн. Ал бұл орайда барлық жауапкершілікті Діни басқармаға ысыра салмай, мешіттер қызметінің жақсаруына құзырлы орындар да атсалысуы қажет. Өйткені, оның заңдық мәртебесі жоқ, қоғамдық бірлестік, ал қаржылық тұрғыдан қолы тым қысқа.

Сондай-ақ, осы ретте ең басты назар БАҚ-қа аударылатыны белгілі. Өйткені, БАҚ арқылы ел арасына бақ орнатуға немесе сор әкелуге болатынын бәрі біледі. Демек, бұл жерде де көңіл аударарлық жәйт жеткілікті. Егер еліміздегі лаңкестіктің көзін біржола құртамыз десек, БАҚ-тың мүмкіндігін барынша пайдалану қажет. Демек, дін мәселесінде қалам тербеген БАҚ-ты бір ізге салып, Діни басқарма арқылы бақылап отырудың артықтығы жоқ. Тіпті, аталмыш басқарма атынан шығатын басылымдарды кең көлемде таратып, қазіргідей тек мешіт арқылы ғана емес, мектеп, кітапхана сынды жастар жиі шоғырланатын орындарға да жеткізсе, құба-құп! Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жергілікті әкімдіктер мен басқа да тиісті орындарға арнайы тапсырма бері-ліп, дәстүрлі дінді насихаттайтын басылымдарға жазылуды тұ-рақты үрдіске айналдырса, жат ағымдарға құрылған кезекті тұзақ болар еді.

Сол сияқты дінтану пәнін де қазіргідей атүсті ғана емес, тереңдетіп оқытудың пайдасы орасан. Қажет болса, пәннің жоспарын бекітуді Діни басқар-маның құзырына беру керек. Бұл ауадан алынған нәрсе емес, әлемдік тәжірибеде бар жәйт. Мәселен, Польшада дін сабағының жоспарын шіркеу басшысы бекітеді. Ондай болмаған жағдайда оқу орындарында бұл пәнді жүргізуге қатаң тыйым салынған.

Тағы бір айта кетер мәселе, бүгінде Қазақстан дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей қарыштап дамып келе жатқан мемлекет. Соған байланысты бізге сұқтанған көздер аз емес. Сондықтан әр қадамымызды аңдығандардың алдында ұятқа қалмас үшін, кез келген нәрсеге өзіне лайықты бағасын беріп үйренгеніміз жөн. Әйтпесе, яғни лайықсыз баға өзіне сай теріс нәтиже әкелуі де бек мүмкін. Кешегі жарылысты ескеріп, дереу қатаң заң қабылдаған жоғары жақтың аяқ алысы әзірге жаман емес. Енді осы жолдан жаңылмай, сүрлеуден сүрінбесе болғаны.

Алла тағала қасиетті Құранда: «Біз Исраилдың ұлдарына ескертіп қойғанбыз, егер біреу адам өлтірмеген не болмаса, жер үстіне арам істерді таратпаған адамды өлтірсе, ол барлық адамдарды өлтіргенге ұқсайды, ал егер ол адамның жанын сақтап қалса, онда ол бүкіл адамның жанын сақтап қалған сияқты» («Мәида» сүресі, 32-аят), – деп, ел арасына лаң салу былай тұрсын, жазықсыз бір жанның қанын төгу қаншалықты ауыр күнә екенін айтады. Ендеше, ел болып лаңкестікпен күрессек, егемен-дігіміз нығайып, елдігіміз беки түсері хақ. Ең бастысы, қазіргідей іріткі туып, бүлік болмас еді.

 

Еламан ҚОҢЫРОВ, «Ислам және өркениет» № 32.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу