Сыр бойындағы ежелгі қалалар

Гай Ле Стрэндждің 1905 жылы жарық көрген «Шығыс халифат елдері» («The Lands of the Eastern Caliphate») кітабындағы мәліметтер)
Негізгі тақырыпқа кіріспес бұрын Сыр бойындағы қалалар тарихына қалам тербеген адам жайлы сөз қозғағанымыз жөн болар. Мақаламыздағы қалалар жайлы мәліметтердің көпшілігі ағылшын тарихшысы Гай Лэ Стрэндждің (Guy Le Strange) «The Lands of the Eastern Caliphate» («Шығыс Халифат елдері») кітабынан және аз ғана бөлігі Бартольдтың «Орта Азиядағы түріктердің тарихы» кітабынан алынды.
Гай Ле Стрэндж 1854 жылы Англияда дүниеге келіп, 1933 жылы Кэмбриджде өмірден озған. Ол Британияда туылғанымен, өмірінің көп бөлігін шетелде өткізген. Анасымен бірге Парижге келген Гай онда шығыстанушы Джулиус Молмен (Julius Mohl) танысады. Джулиус Мол «Шахнаме» шығармасын француз тіліне аударған адам. Джулиуспен кездескен жылдары Гайдың шығыс тілдеріне деген қызығшылығы оянады. Содан ол Парижде шығыстанушы Станислас Гайардтың (Stanislas Guyard) араб тілі сабақтарына қатыса бастайды.
1877-80 жылдары Гай Ле Стрэндж Парсы еліне саяхатқа шығады. Мұнда 3 жыл болған ол парсы тілі мен әдет-ғұрпы, тарихы жайлы мол мағлұматтар жинайды. 1882 жылы Хаггардтың (Haggard) көмегімен парсы және ағылшын тілдерінде «The Vizir of Lankuran» кітабы, 1886 жылы «The Alchemist» еңбегі жарыққа шығады.
1900 жылы «Baghdad During the Abbasid Caliphate» («Аббаси халифаты тұсындағы Бағдад»), ал 1905 жылы бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған «Шығыс Халифат елдері» кітабы баспадан шықты. 1915 жылы Хамдилла әл-Мустауфа әл-Қазуинидің «Нәзһәтул Қулуб» кітабын ағылшын тіліне аударды.
Гай Лэ Стрэндж саналы ғұмырын ғылымға арнаған жандардың бірі болды.
Оның «Шығыс Халифат елдері» кітабы шамамен 600 беттен тұрады. 1905 жылы жарыққа шыққан кітап 1985 жылы араб тіліне аударылған. Аудармашылар – Башир Френсис, Коркис Аууад.
Біз бұл мақаламызда аталмыш араб тілінде шыққан шығармада кездесетін қазақ жеріндегі ежелгі қалалар жайлы мағлұматтарды бергелі отырмыз. Автор кітабының соңғы 34-бөлімін Сырдария өзенінің бойында орналасқан қалаларға арнаған. Атап айтқанда, Өзкент, Ош, Шаш, Исбижаб, Сайрам, Шымкент, Фараб, Ясы, Сауран, Женд, Йангикент, Тараз, Мерке қалалары жайлы мәліметтер бар.
Алдымен Сырдария өзені жайлы деректерге тоқталсақ. Кітаптың 520-бетінде былай дейді: «Жергілікті халық оны «Шаш» өзені десе, әл-Мустауфа «14 ғасырда моңғолдар оны «Гүлзариян» деп атайтын еді», – дейді. Ал арабтар «Сейхун» деп атаған». Бартольдтың (1869-1930) «Орта Азиядағы түріктердің тарихы» атты кітабында: «Өзенді түркілер «Сырдария» немесе «Сырсу» деп атаған», – делінген.
«Ибн Хауқалдың айтуынша, таудан аққан бұл өзен Арал теңізіне барып құяды. Араб саяхатшылары Сейхун өзенінде Жейхун секілді кемемен жүзуге болады дейді. Қыс мезгілдерінде ұзақ уақытқа өзеннің бетінде мұз қатады. Осы себепті оның үстінен арбалар жүре беретін» («Шығыс Халифат елдері», Бейрут, 1985 жыл, 520-бет).
«Сырдария мен Амудария «Сейхун», «Жейхун» аталмас бұрын «Жаксартекс» және «Оксис» деп аталған. Арабтар «Сейхун», «Жейхун» атауларын яһудилерден алуы мүмкін деген болжам ай-тылады. Яһудилердің жазбаларын-да Писон және Гихон деген өзендер жайлы мәлімет бар. Сейхун мен Жейхун осы сөздерге жақын болуы мүмкін, бірақ мағыналары белгісіз» (Бұл да сол кітапта, 477-бет).
Сондай-ақ, Гай Ле Стрэндж өз кітабында моңғол шапқыншылығы заманында Сейхун атауы қолда-ныстан шығып, өзен «Сырдария» деп атала бастағанын жазып кеткен.
«Исбижаб қаласы. Шымкенттің шығысында 8 миля қашықтықта орналасқан қала. Исбижаб Арыс немесе Бадам өзендерінің бойында орналасқан» (527-бет). «Исбижабқа байланысты Шуйлер өзінің «Түркістан» атты кітабының 1-томы, 75-бетінде «Исбижаб – ол қазіргі Шымкент қаласы», – деп айтқан. Ал «Тарихи Рашиди» кітабында «Исбижаб – ол Сайрам», – деп жазылған… Исбижаб таудың етегінде орналасқан. Тауға дейін небәрі 3 фарсах (1 фарсах – шамамен 5,5-6 шақырым, – ауд.). Қаланың айналасында бау-бақшалар болған. Сырты дуалмен қоршалған. Қалаға кіретін 4 қақпасы, орталығында базар, әкімшілік, түрме және мешіт болған. Әл-Мақдиси мұнда мақташылар базары болғандығын айтады. Базардағы дүкендер ай сайын жеті мың дирхам жинап, жетімдерге ішіп-жем, нан, азық-түлік тарататын болған. Исбижаб қаласы моңғол шапқыншылығынан кейін «Сайрам» деп өзгертілген. Әли әл-Язиди Әмір Темір жорықта-рында да бұл қаланы Сайрам деп атаған. (527-бет).
«Әли әл-Язиди өз жазбаларында «Чимкент» немесе «Чимикент» деген қаланы жазады. Әл-Мақдиси оны «Чимукет» деп атаған. Ол үлкен қоршаумен қоршалған, ішінде базар және мешіт болғандығын жазып кеткен» (527-бет).
«Сейхун өзенінің шығысында, Шымкент өзенінің төменгі жағында Бараб немесе Фараб қаласы болған. Кейінгі жазбаларда «Отырар» деп аталады. Әл-Мақдиси: «Бараб – ірі қала, 70 мың жауынгері бар. Қаланың ортасында қамал бар. Қалада үлкен мешіт және базар болған. Қазуини Фараб қаласында атақты мұсылман философы Әбу Насыр Әл-Фарабидің дүниеге келгендігін жазады… Уәсиж Фарабтан екі фарсах қашықтықта орналасқан қоршауы бар, кішкене қалашық. Орталығында мешіті мен базары бар.
Отырардан солтүстікке қарай бір күндік жерде Шауағир қаласы болған. Әл-Мақдиси Шауағирдың үлкен, көшелері кең, дуалдармен қоршалған қала болғандығын жазған. Орталығында базар және мешіт жұмыс істеген. Бірақ араб саяхатшылары Шауағир туралы мәлімет айтпайды. Шауағир Ясси қаласы болуы мүмкін деген пікірлер бар» (527-528-беттер).
«Әли әл-Язиди Яссы қаласы туралы да жазған. Яссы қаласы кейін «Хазреті Түркістан» деп аталғандығын баяндайды. Яссы қырғыз (қазақ) елдерінің басшыларының көмілген жері. Солардың ішіндегі шейхтарының бірі – Ахмад әл-Ясси (яғни Ахмет Яссауи – ауд.)… Бұл шейх 12 ғасырда дүниеден өткен. 14 ғасырда Әмір Темір оның қабіріне үлкен мешіт салдырған. Шейхтың қабірін зиярат ету үшін алыс өлкелерден көптеген адамдар келеді. Ясси «Шауағир» немесе «Шауағар» деп те аталған дейді кейбір саяхатшылар» (529-бет).
«Ясси немесе Шауағирден солтүстікке қарай бір күндік жерде Сауран немесе Сабран деген қала бар. Әл-Мақдиси бұл қаланың бірін-бірі қоршаған 7 дуалы болғандығын жазады. Қаланың орталығында үлкен мешіт болған. Әли Әл-Язиди Әмір Темірдің жорықтары кезінде қаланың Сабран деп аталғандығын жазады. Ал Йақут қаланың қорғандары өте биік болғандығын айтқан» (529-бет).
«Әли Әл-Язиди Отырардан солтүстікке қарай 24 фарсах жерде Сығанақ қаласының болғандығын жазады. Сығанақ қыпшақтардың елді-мекені болған. Бірақ бұл қала туралы алғашқы араб саяхатшылары мәлімет қалдырмаған» (529-бет).
«Сығанақтан терістікке қарай ұзағырақ жерде Жент қаласы болғандығы айтылады. Алғашқы араб саяхатшылары мен Йақут Женттің Түркістан аймағындағы үлкен мұсылман қаласы болған-дығын жазған. 12 ғасырда моңғол шапқыншылығы кезінде қаланың тас-талқаны шыққан. Сол уақыттарда Арал теңізі «Жент» теңізі деп те аталса керек…
Сейхунның Аралға құятын тұсында тағы бір қаланың болғандығы жайлы мәлімет бар. Арабтар ол қаланы «әл-Қорйату әл-жәдидә», яғни «Жаңа ауыл» деп атаған. Сол заманда түріктер оны «Янгикент» немесе «Янгишаһар» деген… Жент және Янгикент сол уақытта мұсылман қалалары болып есептелген» (529-бет).
«Исбижабтың солтүстік-шы-ғысында, 80 миля қашықтықта қазіргі Әулие-Ата қаласына жақын маңда Тараз қаласы болған. Тараз немесе әл-Тараз қаласының 10 ғасырда маңызы ерекше еді. Ибн Хауқал «әл-Тараз Қарлұқ мұсылмандарының сауда қаласы болған» дейді. Әл-Мақдиси «Қала өте үлкен әрі әдемі, бау-бақшалы, ғимараттарының терезелері көп болған» деп жазады. Қаланың 4 қақпасы, сыртында үлкен ор болған. Кіре-берісінде үлкен өзен ағып, ішінде базар және мешіт қызмет еткен. Әл-Қазуини сол уақытта айналадағы өзге қалаларда тараздықтар секілді сұлу ерлер мен әйелдердің болмағандығын жазады.
Тараздың шығысында 100 миля қашықтықта Берке немесе Мерке қаласы орын тепкен. Әл-Мақдиси қаланың қоршауы болғандығын айтады. Бұрын қалада христиандардың шіркеуі болған, кейін оны мешітке айналдырған» (530-бет).
Бартольд кітабында да Тараз немесе Талас деп аталған қалада үлкен шіркеудің болғандығы жазылады. «89 һижри жылы Таразға Исламның келуімен мұндағы шіркеу мешітке айналдырылған. Бұл мәліметтер христиан діні бұл жерлерге Исламнан бұрын келген дегенді білдіреді» дейді («Орта Азияда-ғы түріктердің тарихы», араб тіліне аударған Ахмад әл-Сағид Сүлеймен, Мысыр, 1996 жыл, 76-бет).
«Меркенің батысында, бір күндік жерде Құлан елді-мекені бар. Әл-Мақдиси «Құлан қорғаны бар үлкен ауыл, орталығында мешіт болған» деп жазады… Әбу әл-Фада 10-11 ғасырларда Түркістан хандығына қарасты Баласағұн қаласы жайлы мәлімет қалдырған» (530-бет).
Сыр бойындағы қалалар жайлы Гай Лэ Стрэндждің «Шығыс Халифат елдері» атты кітабында келген мәліметтер осындай. Біз бұл мақалада тек қазақ жеріндегі қалалар жайлы мәліметтерді ғана іріктеп бердік. Кітапта жоғарыда аталған елді-мекендерден өзге Орта Азиядағы Шаш (Тәшкен), Ош, т.б. қалалар жайлы да мәліметтер мол.
Ұлықбек Әлиакбарұлы,
www.kattani.kz сайтының администраторы,
арабист, дінтанушы
«Ислам және Өркениет» газеті»

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    tolik kitapti kaydan alsa boladi. kazakwa baspasi barma. nemese oriswasi.


    • Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

      Кітап ағылшын тілінде шығып, араб тіліне аударылған. Бұл азғана бөлігінің қазақ тіліндегі аудармасы ғана.

Пікір жазу