Исламтануға бөлінетін грант көбейеді!

Еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толған қуанышына қоса тағы бір сүйінші жаңалық жұртшылықты елең еткізді. Еліміздегі ата дініміздің дамуына үлес қосып, имандылықтың артуына ат салысатын мамандар даярлаушы «Нұр-Мүбәрәк» Египет Ислам мәдениеті университетіне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 100 грант бөлді. Бұл ашылғанына 10 болған оқу ордасы үшін ғана емес, баршамызға ортақ қуаныш екені ақиқат. Сондықтан біз Университет проректоры, профессор Шамшәдин Тұрсынұлы Керім мырзаға жолығып сұхбаттасуды жөн көрдік.

-    Елімізді түрлі діни ағымдар деңдеп, елді шатастырып, адастырып жатқан уақытта мемлекет тарапынан исламтанушы мамандарды даярлауға 100 грант бөлуі керемет жаңалық болды. Қуаныш құтты болсын!
-    Ия, көптен күткен Исламтану мамандығы өткен жылы мемлекеттік мамандықтар классификаторы тізіміне еніп, 100 грант бөлінді. Сондықтан,  осы оқу жылында біздің Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетіне талапкерлер исламтану мамандығы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің ережесіне сәйкес Ұлттық кешенді тест сынағы арқылы қабылданды. Конкурстық сараптауға 50-ден жоғары балл жинаған талапкерлер жіберілді. Алғашқы жыл болғанына қарамастан, яғни гранттық жеңілдіктердің бөлінгенін көп адам біле қоймаса да 1 орынға 2,3 талапкерден келді. Бұның өзі елімізде ата дінімізді оқып-білсек, осы салада қызмет етсек деген жастардың ұмтылысын аңғартады. Тағы бір ерекшелігі ауылдан келген балалар мен оралмандарға жеңілдіктер болды. Медреседен оқып келген 20 бала қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша қабылданды.
-    Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің де ашылғанына 10 жыл толыпты. Сонда осы кезге дейін қабылдау емтихандарын өздеріңіз өткізіп  келдіңіздер ме?
-    Ия, осы кезге дейін қабылдау емтихандарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен университеттің бірлескен комиссиясы сараптан өткізетін. Енді алдағы уақытта мемлекеттен грант бөлінуіне сәйкес, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ережесіне сай еліміздегі Жоғары Оқу орындарына қабылдау науқанында Бірыңғай Ұлттық тест сынағы арқылы өтеді. Сондықтан гранттан үміткер талапкерлер болса, осы кезден білімін шыңдай түсу керек. Биыл төртінші таңдау пәніне Дүниежүзілік тарихы белгіленді. Министрліктен алдағы уақытта да осы пәнді қалдыруды сұрап отырмыз. Тағы бір мәселе, тестік емтиханнан өзге қосымша сынақ арқылы да талапкерлерді сараптаймыз. Өйткені біз ол арнаулы сұхбат арқылы нағыз білім аламын, ата дініміздің жолында қызмет ететін деген жастарды жаңылмай таңдап, қолдау көрсетуіміз керек. Өздеріңізге белгілі талапкерлерден құжат қабылдау 20 маусымнан басталады. Мектепті биыл бітіретіндер тесттік емтиханды өз аудандарынан тапсырып, дайын сертификатпен келеді. Ал бұрынғы түлектер 20 маусымнан бастап, кешенді тестке жолдама алады. Құжат қабылдау, сұхбат емтихан, кешенді тест емтихандары енді шілде айында толық аяқталады. Сондықтан Нұр-Мүбәрәк университетіне түсем деуші гранттық жеңілдіктен үміткерлер қапы қалмай, ертерек қамданғаны абзал. Қабылдауға байланысты сұрақтар туындаса, (8 727)  302-09-40, 302-09-34 телефондарына хабарласып толық ақпарат ала алады.
-    Қолдау демекші, мемлекеттік гранттан өзге қандайда бір жеңілдіктер, қорлардың көмегі секілді жағдайлар қарастырылған ба?
-     Осы кезге дейін студенттер оқу ақысын өздері немесе қалталы азаматтардың қолдауымен төлеп келді. Ал тікелей елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Ислам мәдениеті және білімін қолдау қорының» жұмыс істегеніне көп болмаса да, өз тарапынан жыл сайын студенттерге грант белгілей бастады. Өткен оқу жылында 15, биыл 18 грант. Биыл 10 магистр, 8 бакалавриат бойынша. Бұлар 100 грантқа қосымша.
-    Ал ақылы оқу мәселесі қалай? Кейбір Жоғары оқу орындарындағыдай өзгеріп, секіріп тұратын әдеті жоқ па?
-     Біз осы кезге дейін өз тарапымыздан оқу ақысын төмен ұстауға тырыстық. Биыл да студенттер ақылы бөлімге 220 мың теңгеден төлеп жатыр. Енді ҚР Білім және Ғылым министрлігінің ережесіне сәйкес оқу ақысы мемлекеттік грант мөлшерінен кем болмауы керек. Биыл грант ақысы 340 мың теңгеге тең, бұл бакалаврлер үшін, ал магистранттарға 420 мыңнан асады, докторанттарға одан да жоғары. Әр жылда бұл төлем өзгеріп, өсіп отырады.  Біз де жаңа оқу жылынан яғни 2012-2013 оқу жылында ақылы бөлімге 1 курсқа министрліктің белгілеген мөлшер бойынша қабылдауға толықтай көшеміз. Оқу ақысы балаларға оңайға соқпай жатады. Бірақ осы кезге дейін 220 мың теңгемен келісім шартқа отырған студенттер, егер аяқ астынан инфляция болып еліміз қаржылай өзгерістерге ұшырамаса, әуел баста жасаған келісімшарт бабын оқу аяқталғанша сақтауға ұмтыламыз. Ал  грантқа түсіп, бірақ үлгерімі төмендеп кеткен бала болса, ол біріншіден шәкіртақыдан қағылып қана қоймай, гранттан да айрылуы әбден мүмкін. Оның гранты басқа білімді балаларға беріледі. Сондықтан өте жақсы оқып жүрген студенттер, ақылы бөлімнен грантқа өтуі бек  мүмкін. Алғашқы  курстың екінші семестрінен, 2-3 курстарға дейін мұндай  мүмкіндіктер болады.
-    Мысыр мен қазақ елінің мамандарынан құралған ұстаздар ұжымына тоқталып өтсеңіз және сіздерде исламтанудан өзге қандай мамандық түрлері қамтылған?
-     Біздің университеттің екі ел арасындағы келісімшартпен жұмыс істеу ерекшелігіне сәйкес, бұл бізге Мысырдан мүйізі қарағайдай оқытушы-ғалымдарды, профессорларды шақыруға жол ашып отыр. Қазір 60 ұстаздың 14-і мысырлық. Бұған қосымша, бүгін ғана Египеттен 5 ғылым докторы жаңадан келді. Олардың еңбекақыларын Египет Үкіметі қамтамасыз етеді. Студенттер әр сала бойынша ислам фиқһы, ақида, Құран бойынша білікті профессорлардан сабақ алады. 1 курстан бастап араб тілінде тікелей дәріс алып, ұстаздармен қарым-қатынас жасай жүріп тілге машықтанады. Жоғары курстарда ғалымдардан арабша лекция тыңдайды. Диплом жұмысына екі жетекші тағайындалады. Бірі - араб маманы. Бұл Құран тілі - Араб тілін жетік меңгеруге таптырмас мүмкіндік деп санаймын. Яғни ғасырлар бойы ғылымның қайнар көзіне айналған дереккөздерден, одан өзге күнделікті араб тілінде ақпараттарды пайдалануға, хадистерді, Құранды түрпнұсқадан оқып-түсінуге, аударуға қолы жете бастайды. Мұндай жағдай біздегі Исламтану, Дінтанумен қатар шет ел филологиясы: араб-ағылшын, ағылшын-араб тілі бойынша 4 салада білікті мамандар әзірлеуге зор мүмкіндік дер едім. Сосын дінтану, араб тілі бойынша  магистранттар оқытылады.
-    Өте жақсы. Биылғы оқу жылында мемлекет тарапынан грант бөлініп қана қоймай, зәулім ғимаратпен керегелеріңіз кеңейіп жатыр екен. Тағы да құрылыс жұмыстары жүріп жатқандай…
-    Ия, биыл жаңа оқу ғимараты пайдалануға беріліп, дәл іргеден 610 орындық жатақхана салынып жатыр. Ол Алла қаласа, қыркүйек айында беріледі. Жатақхана мәселесі бүкіл Алматыдағы өзекті мәселелердің бірі ғой. Алла қаласа, алдағы оқу жылынан бастап біздің бүкіл студенттерде жатақханамен қиындық болмайды деп отырмыз. Оның бір қапталы 150 орын қыздарға арналып салынуда. Өйткені бізде оқитын қыз-келіншектердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.
-    Әдетте қыз балалардың сабақ үлгерімі жоғары болып келеді ғой. Бірақ, дін саласында қызмет ету негізінен ер азаматтардың үлесінде. Сондытан нәзік жандар мемлекеттік жеңілдіктен қаншалықты үміттене алады?
-    Қазақ қыздарының білімге деген құштарлығы, еңбекқорлығы ерекше деп айтуға болады. Ол әр салада көрінеді. Исламтану мамандығы бойынша да қыздар арасында құлшыныс ерекше. Сондықтан оларға қатысты бізде ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен мемлекеттік грантты Үкімет еліміздегі мешіттерді сауатты, білікті имамдармен, жоғары білімді мамандармен қамтамасыз ету үшін бөліп отыр. Әрі ислам шарты бойынша мешіттерде жігіттер ғана имам болып қызмет атқара алады. Сондықтан мемлекеттік гранттық тапсырыстың басым бөлігі білектілердің еншісінде. Әрине болашақ ағартушы маман болғандықтан қыз балалар да қалыс қалмады.
-    Жалпы болашақ мамандарыңыз тек мешіт-медресемен шектеліп қалмай ма? Алдағы жоспарларыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз…
-    Қазір еліміздегі исламтану саласы күн сайын кеңейіп келе жатыр. Мемлекеттік мекемелер ашылып, ислами сарапшы, референттер, журналист-ағартушы, ұстаздардың қажеттілігі артуда. Дін жөніндегі агенттік құрылып, оның жер-жерлерде өкілдіктері ашылуда. Оның бәрі исламды білетін мамандарға зәру. Енді исламтану мемлекеттік қажетті мамандықтар тізімен енгеннен кейін, исламтанушы тек дін қызметкері болады деген сөз емес. Оған қоса болашақта ата дініміздің ақиқатын паш етер ғылыми-зерттеу саласының дамуына да көңіл бөлудеміз.
Сондай-ақ бізге өзге салада жоғары оқу орнын бітірген жандар да келеді. Екінші мамандық иесі ақылы негізде арнайы емтихансыз сұхбат арқылы қабылданады. Енді бұдан былай исламтану бойынша ең кемі 100 грант бөлінеді. Сондықтан бізде оқимын деген талапкерлер осы бастан қамданып, жазғы Бірыңғай Ұлттық тест сынағында жоғары балл алуына тілектеспін. Өйткені, бүгінгі талапкер ертеңгі еліміздің еңсесін тіктеп, рухын шыңдайтын қайраткерлер дер едім.

 Сұхбаттасқан Айша КЕҢЕСБАЙ

 журналист, http://www.muftiyat.kz/index.php?newsid=5328

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Мақаладағы пікірлерге RSS арқылы жазылу
  1. Мен діни білім алайын деген ниетім бар қалай етсем болады екен мен қыз баласы едім ол маған дінибілім алуыма кедергі болмас деген үміттемін.Қарағандыда неге діни мектептер немесе медреселер ашпайцды екен.Мен қатты осы жағынан қиналудамын

Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


5 + 4 =