Алапес, таз және зағип хақында

Бұл дүние – сынақ әлемі. Адам баласы бұл дүниеге сыналу арқылы жақсы-жаман екендігі анықталуы үшін келген. Құранда Аллаһ Тағала:

الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلاً وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ 

«Ізгі іс тұрғысынан қайсыларыңның пайдалы екендіктеріңді сынау үшін өлім мен тіршілікті жараттық» дейді.

Пайғамбарымыз ілгеріде өткен үш адамның басынан кешкендерін былайша әңгімелейді: «Исрайыл ұрпақтарынан үш адам болған еді. Бірі алапес, бірі таз, бірі көзі су қараңғы зағип. Аллаһ Тағала осы жандарды сынамақ болып, оларға адам бейнесіне енген бір періштені жібереді. Періште алдымен алапес адамға келіп: «Сен дүниеде нені ең жақсы көресің?»,- деп сұрайды. Әлгі адам: «Денемнің тазарып, сымбатты жігіт болып, ел-жұрттың менен жиіркенбеуін қалаймын!»,- деп жауап қатады. Періште оның денесін қолымен сипаған сәтте әлгі адамның дене-бітімі таза сымбатты болып шыға келеді. Періште оған: «Қандай малға ие болуды тілейсің?»,- дейді. Ол: «Түйеге»,- деп жауап қатады. Сол кезде оған он айлық буаз түйе беріледі. Періште: «Аллаһ Тағала мына малыңды берекелі етсін!»,- деп батасын беріп, жоқ болып кетеді де таздың жанына келеді. Періште оған: «Дүниедегі ең жақсы қалауың не?»,- деп сұрайды. Әлгі адам: «Басыма шаш бітіп, ел-жұртқа жағымсыз мына түрден құтылуды қалаймын»,- дейді. Періште әлгі таз адамның басын қолдарымен сипаған сәтте, тақыр басына ғажап шаш біте кетеді. Періште: «Қандай малды қатты жақсы көресің?»,- деп сұрайды. Әлгі адам: «Сиырды»,- деп жауап береді. Сол кезде дереу оған буаз сиыр беріледі. Періште: «Аллаһ Тағала малыңды берекелі етсін!»,- деп батасын беріп, көр зағиптың жанына келеді. Оған да: «Дүниеде ең көп нені қалайсың?»,- дейді. Әлгі адам: «Аллаһ Тағала көретін көз берсе, ел-жұртты көруді қалаймын»,- дейді. Періште оның көздерін сипаған сәтте, Аллаһ Тағала көруді нәсіп етеді. Періште сұрағын еселей түсіп: «Малдың қай түлігін жақсы көресің?»,- деп сұрайды. Әлгі адам: «Қой!»,- деп жауап береді. Оған да сол сәтте буаз қой беріледі.

Күн артынан күн өтіп, берілген малдары төлдейді. Көп өтпей-ақ бірінің қорасы түйеге, бірінің қорасы сиырға, бірінің де қорасы қойға толады.

Кейін періште алапеске оның бұрынғы түріне еніп келеді де: «Мен ешнәрсесі жоқ ғаріп жолаушы едім. Әрі қарай жүруге шамам жоқ. Дәл қазір Құдай Тағала мен сенен басқа жәрдем етер ешкімім жоқ! Саған мына көрікті бейне, тамаша тері мен мына малды берген Аллаһ Тағала үшін маған бір түйе беруіңді сұраймын! Болмаса бұдан әрі жаяу жүре алар емеспін»,- дейді. Әлгі адам: «Жо-оқ. Бұлай бола қоймас. Бұл малда талайлардың төккен тері бар»,- деп, ғаріптің бетін қайтарып тастайды. Періште сол кезде: «Мен сені танитын сияқтымын. Сен әлгі ел-жұрттың қарауға жиіркенген кедей адам емес пе едің?»,- дейді. Бірақ адам қасарысып: «Сен көп сөзді қой. Қай-қайдағыны айтып басымды ауыртпа. Бұл малдар ата-бабамнан мирас қалған»,- деп оны маңайлатпайды. Періште күйініп: «Егер сөзің жалған болса, Аллаһ Тағала сені бұрынғы қалпыңа түсірсін!»,- дейді. Осыдан кейін періште таздың жанына келеді. Оған да бұрынғы таз күйіндегі қалпына еніп көрінеді. Әлгі адамға айтқанын бұған да айтып, көмек сұрады. Бірақ бұл да міз бақпады. Періште бұған да: «Егер сөзің жалған болса, Аллаһ Тағала сені бұрынғы қалпыңа түсірсін!»,- дейді. Осыдан кейін періште соқырдың қасына келеді. Бұған да оның бұрынғы қалпына еніп, соқыр болып көрінеді. Бұған да: «Мен ғаріп жан едім. Жолаушылап бара жатырмын. Бірақ әбден қажыдым. Жолға қара жаяу шыға алар емеспін. Дәл қазір Аллаһ Тағала мен сенен басқа ешкім жәрдем ете алмас. Саған көрер көз берген Аллаһ Тағала үшін сенен бір қой сұраймын. Болмаса халімді көріп тұрсың, бұдан әрі жүре алар емеспін»,- дейді. Соқыр: «Мен де соқыр болатынмын. Хақ Тағала көз берді. Кедей едім, мал беріп, ен дәулетті етті. Малымнан қалағаныңды ал! Аллаһ Тағаланың атымен ант етейін! Дәл бүгін Аллаһ атымен не алсаң да, мен саған жолыңды бөгеп қой демеймін»,- деп адамгершілік танытады. Періште көңілденіп: «Малың өзіңдікі-ақ болсын! Сендерді Құдай Тағала сынаған еді. Саған ғана риза болды. Ал ана екеуі азапқа ұшырады»,- деп лезде ғайып болады»[1].

Бұл оқиға шын мәнінде болған. Бұған ұқсастар қазір де болып жатыр. Һәм қияметке дейін жалғаса бермек. Тіпті періштелер қазіргі уақытта да адам бейнесінде келіп сынай береді. Иә, алысқа бармай-ақ осыған ұқсас мысалдарды күнделікті өмірде жиі кездестіреміз. Бір адам ауылдан жарлы болып қалаға келеді. Базарда арбашы болып күнелтеді. Ауылда қара нанды қанағат тұтып күнелтетін әлгі арбакеш біраз жылдан кейін сол базардың қожайынына айналып шыға келеді. Бірақ «шық бермес шығайбай атанып», ешкімге қол ұшын бермейді. Бір жарлыға жүз теңгесін қызғанған ол жүз мың теңгені құмар ойынға жұмсай салады. Судың да сұрауы бар емес пе?! Алайда ұзаққа бармай бір күні бар байлығынан жұрдай болып көше тентірейді яки кенеттен қазаға ұшырап өліп кетеді. Артындағы ен дәулетінің қызығын басқалар көреді. Ал өзі болса жоғарыдағы хадисте айтылғандай қабірде азап көреді. Пайғамбарымыз бұл жерде үмбетін алғашқы екі кісідей болудан шошындырып, ақырғы адамдай болуға шақыруда.

Иә, біз, адамдар әуел баста бәріміз көр едік. Яғни, жаратылыста жоқ болатынбыз. Аллаһ Тағала бізді бар етті. Бар етіп қана қоймай, адам етіп, ақыл берді. Ардақты етті. Күллі періштені Адам Атамызға сәждеге жығып, ілім үйретті. Барша жаратылысты адамзатқа бағындырды. Әлемнің мән-мағынасы мен тылсым-сырын ашатын иман кілтін берді. Ендеше, осының бәрінің қадірін білмей тәкаппарланған қауқарсыз пенде райынан қайтпаса, сөзсіз күндердің бір күні алғашқы екеуінің кебін кимек.

«Пейішке жетелер пейіл» кітабынан. М. Исаұлы

http://www.muftiyat.kz/index.php?newsid=5444

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу