Бауыржан Оңалбаев: Пайғамбарымызға салауат айтудың артықшылығы

Ғаламның жаратушысы Алла тағала адамзат баласына өзінің ең соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с)-ді жіберіп,оған ең соңғы жарлығы Құран Кәрімді түсірді.

Алла тағаланың қасиетті кітабын біздерге түсіндіру үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұстаздық етті.Пайғамбарымызды (с.ғ.с)тану – жаратушыны тану , дінімізді дұрыс түсіну. Сондықтан Алла елшісінің ғибратқа толы ғұмырын  оқып-үйрену мұсылмандар үшін басты міндет болып саналады.

Жаратқанның  өзі «Біз сені күллі әлемге тек мейірім ретінде ғана жібердік»(Әнбия,21/107), «Біз сені күллі адамзат баласына ескертуші,әрі сүйіншілеуші ретінде жібердік»(Сәбә,34/28) деп,оған осы қасиетті міндетті жүктеген болатын.Алла елшісі мұсылмандарға ғана емес,барша адамзатқа ортақ пайғамбар еді. Құранда мінезі мадақталған пайғамбарымыз (с.ғ.с) ел сүйіспеншілігіне бөленген жаны жомарт жан болатын. Таныса да, танымаса да барлығымен амандасып,жұрттың бір-бірімен араласуына қозғау салатын және де сәлемдесуді жаюды үмбетіне өсиет етті.

Достарына қашанда адалдық танытатын. Досқа адалдығын мына бір жайттан аңғаруға болады. Мекке шаһары азат етілгенде, ол қасиетті қаласын жақсы көре тұра Мәдиналық бауырларына қайта оралған болатын.Адалдықта бұдан асқан үлгі табылар ма еді. Алла елшісінің асыл қасиеттерінің бірі кешірімшілдігі.Туған-туыстарына,сахабаларына мейірімді болумен қатар ол өзіне қастандық жасаған дұшпандарын да алдына келгенде кешіріп,олардың мұсылмандықты қабылдауына себепкер болған еді. Үмбетінің бақытын ойлаған мейірбан жан, үмбеті үшін миғраждан кері қайтып,қиын-қыстау шақтарда олармен бірге болуды қалады.

Алла тағала өзінің сүйікті елшісі туралы Ахзаб сүресінің 56-шы аятында былай бұйырды: -«Алла тағала мен періштелері әрдайым пайғамбарға салауат айтады. Әй,иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, жан-дүниелеріңмен сәлем жолдаңдар!» делінеді.Яғни пайғамбарымызға тек адамдар ғана емес,Алла тағаланың өзі де періштелері де салауат айтады.

Ал мұсылман үмбетінің пайғамбарға салауат айтуы — Алла тағаланың ерекше рақымына бөленіп, оның дәрежесінің көтеріліп,мерейінің үстем етілуін тілеуі болмақ.Бұл үмбетінің сүйікті пайғамбарына деген ізгі тілегі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ға салауат айтуымыз, мойнымыздағы қарызымыз.

Жақындығымыз бен оған деген сүйіспеншілігіміздің шынайы белгісі.Алла елшісіне деген шексіз алғысымызды тілек ретінде жеткізу.Оған өзіміздің жүректегі сағынышымыз бен құрметімізді салауат түрінде жеткізу болмақ.Алланың дінін үйретіп, жаратушымызбен табыстырған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) – ға салауат айту,әрбір мұсылманның пайғамбары алдындағы адал борышы.Үмбетінің әрбір істеген жақсылық сауаптары пайғамбарымыздың (с.ғ.с) да амал дәптеріне жазылып отырады.Сол себепті, оның «махмуд мақамы»биіктеген сайын биіктеп,ақыретте көптеген үмбетіне шапағат ете алатын болады.Салауат арқылы Пайғамбарға Алла тағаладан берекет,рақым тілеп, дәрежесінің көтеріліп,мейірімінің үстем етілуін сұрау – оның ақыретте шапағатына кенелуімізге себеп болады.Үмбеті салауат айтқан сайын оның биіктегі дәрежесі асқақтай түсіп, шапағат ету ауқымы кеңейе түседі.Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисте: «Қиямет күні адамдардың маған ең жақыны – мына дүниеде маған көп салауат айтқан адам»-деген.

Әннас (р.а) атты сахабадан келтірілген пайғамбарымыздың хадисінде: « Кімде – кім  маған бір рет салауат айтса,  Алла тағала оған он салауат айтады . Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе  көтеріледі»-деген. Сондықтан да Ұлы Жаратушының рақымына бөленіп, күнәләріміздің  кешіріліп , дәрежеміздің өсуіне себеп болар салауатқа пайғамбарымыз емес, керісінше  біздер зәруміз.

Салауат – қанша ғасырды артқа тастаса да үмбетінің пайғамбарына деген таусылмас сағыныш сазының жалғасы бола бермек.

 Бауыржан Оңалбаев

«Түлкібас ата» мешітінің бас имамы.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу