Ташимов Мадибек: Иманның мүмін өміріндегі маңыздылығы

Әр адамның алған тәрбиесіне, түсінігіне, өмір сүрген ортасына, және мінезіне байланысты жеке принциптері болады, яғни, әр адам әр нәрсені маңызды, құнды көреді.

Ал, Раббысын танып, оған иман келтірген мұсылман үшін принциптердің ең үлкені – иман құндылығы. Егер ойлансақ, бұл иманды ешкім өз күш-қуатымен, дүние-мүлкімен, мықтылығымен, кереметтілігімен, ақылдылығымен тапқан жоқ. Бұл – Алланың қалаған құлына сыйлайтын ұлы сыйы.

Тіпті, жер бетіне рахым болып жіберілген, Алланың сүйікті құлы әрі Елшісі Пайғамбар да (с.а.ғ.) адамдарға иманды сыйлай алмаған. Осы иман нығметін өзгелерге бере алу мүмкіндігі болса өзінің көкесі, қамқоршысы әрі сүйеніші болған Абу Толибке сыйлар еді.

Демек, иман – Ұлы да Құдірет Иесі Алланың өзі ғана таңдаулы құлдарына беретін ең үлкен нығметі екенін түсініп, осы нығметті өз дәрежесінде бағалай білуіміз керек, ағайын.

Иман – ол сондай бір күш, оны сезген адам Алладан басқа ешкімнен қорықпайды. Өзін қаруланған сезінеді, тіпті қолында, қалтасында ештеңе болмаса да. Пенде қайда жүрсе де жүрегіндегі иманы көктегі Жаратушысымен оны байлап, бойына сенім, үміт, тыныштық сыйлап өмірдің барлық сәттерінде оны бақытты етеді. Өмірдің қиындылықтарына, ащысы мен тұщысына және шайтаннан болған азғыруға шайқалмайды. Мүмін өз иманымен құрлық пен теңізден де, толқындар мен желдерден де мықты. Пайғамбарымыз (с.а.ғ.) бір сөзінде былай деген: «Егер сендер Алланы шынайы танысыңдар еді, дұғаларыңмен тауларды жоқ етер едіңдер»(әт-Тирмизи 1184).

         Иманның құндылығы – бізді дүние фитнасынан, оның қызыл-жасылына алданудан, ардақты өмірді мәнсіз, мақсатсыз өткізуден сақтайды.

         Егер пенденің иманы күшті болса, құдси хадисте келгендей:

» إن الله إذا أحب عبدا دعا جبريل فقال : إني أحب فلانا فأحبه . قال : فيحبه جبريل ، ثم ينادي في السماء فيقول : إن الله يحب فلانا فأحبوه ، فيحبه أهل السماء . قال: ثم يوضع له القبول في الأرض . وإذا أبغض عبدا دعا جبريل فيقول : إني أبغض فلانا فأبغضه . قال : فيبغضه جبريل ، ثم ينادي في أهل السماء إن الله يبغض فلانا فأبغضوه . قال : فيبغضونه ثم توضع له البغضاء في الأرض» . (رواه مسلم ).

Расында Алла егер пендесін жақсы көрсе Жәбірейілді өзіне шақырып: «Мен пәленшені сүйдім, сен де оны сүй», — дейді. Жәбірейіл: «мен де сүйдім» —  дейді. Сосын, Жәбірейіл аспан әлеміне түсіп бүкіл періштелерге(аспан иелеріне): «Алла  пәленшені сүйді сендер де оны сүйіңдер»,- дейді. Періштелер де оны сүйіп, жердегі бүкіл жаратылыс атаулы да оны сүйеді(жақсы ыңғай танытады). (Муслим).

         Осы иманның маңыздылығын көрсететін Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.ғ.) хадистеріне тоқталсақ :

«кімде-кімнің жүрегінде арпа салмағындай иман болса – тозақтан құтылады»;

«кімде-кімнің жүрегінде бидай салмағындай иман болса – тозақтан шығарылады»;

 «кімде-кімнің жүрегінде шаң тозаңындай иман болса – түбінде тозақтан шығарылады» — делінген.

         Байқасақ, тозақтан құтылуға, азаптан арылуға, мәңгі бақытқа жеткізетін – ол тек қана иман екен.

         Бақыт – билік, атақ, абырой , жиған малда емес! Бақыт – жүректегі иманда! Өйткені шынайы бақыттың көрінісі болған: жүрек тыныштығы, көкірек кеңдігі секілді асыл құндылықтарды тек иман ғана сыйлай алатыны сөзсіз.

         1 күйеу әйеліне: «мен сені бақытсыз етем» — дегенде, әйелі: «олай ете алмайсың. Өйткені – менің бақытым – менің иманымда, иманым жүрегімде, ал жүрекке Ұлы Раббымыздан басқа ешкімнің билігі жүрмейді» — деген екен.

         Иман сондай күш – егер ол күшейіп, бойымызды билеген, кәмілденген болса – мына уақытша өмірдің әрбір сәтсіздіктері пенде үшін нығметке айналады, әрбір тағдырдағы сынақтар – сыйлыққа айналып отырады.

         Түсінген адам үшін иман өте қымбат қазына.

Мысалы: гүлдің дұрыс өсуі үшін не керек?  Ол үшін құнарлы топырақ, су, жарық, жылу, керек. Сол секілді иманға да күтім керек. Ол үшін әрине білім және рухани қуат беретін ізгі амалдар керек.

         Әрбір күнә, харамға қарау, мұсылмандарды ренжіту – жүрекке қара дақ түсіреді және жүректің нұрын азайтады. Егер  нұр өшсе – иман әлсіреп, күреспейді. Сондықтан, нұр өшкен сәтте, сауап жасау қиынға соғып, харам және күнәлі істер әдетке айналады.

         Құранда Ұлы да Құдірет Иесі Алла иманды: сабыр, аманат,  шыншылдық, ізгі амал, құлшылық және ахлақпен тығыз байланыстырған.

          Егер иманымызды күтсек, ол нұрланады. Ертең қиын – қыстау кез басымызға туған кезде  тек иман ғана бізге көмектеседі.

         Ешбір адам өзге адамға пайда келтіре алмайтын Қиямет күні бізге пайда беретін – осы иман.

Мысалы: бір адамның анасы болса, тірі кезінде құрметтеп қадірлемесе, егер анасы қайтыс болса, анасынан айырылса қатты өкінері ақиқат. Иманды ерекше қадірлеп құндылығын білу керек, өйткені анадан да қымбат болған иманнан бір күні айырылсақ жағдайымыз не болмақ?!

Ендеше осы бақыт кепілі болған иманымызды күналардың күйесімен кірлетпей ардақты тұту мұсылманның әуелгі міндеті.

         Ізгі амалдар иманды нұрландырады. Ибн Аббас былай деген: «расында жақсылықтар жүзге нұр, жүрекке жарық, денеге қуат, ризыққа молшылық береді және Алла адамдардың жүрегіне оған деген махаббат салып қояды», — деген.

         Кез-келген нәрсенің қорегі болғанындай иманның да қорегін беру керек. Әрбір оқылған Құран, Раббымызды мадақтап ертелі-кеш айтқан зікірлер, құлшылықтар мен қосымша ізгі амалдар, Алла жақсы көретін жасырын және жария амалдар иманның қорегінен. Сонымен қатар бауырыңа кешірімді болу, Алла үшін кішірейе салу, Алла үшін дауысыңды түсіру, тілімізді ғайбат-өсектен таза ұстау, өзгеден өзіңді жоғары санамау, бауырыңның қызметінде болу, өзара жүректі жарастыратын амалдар жасау, бірінші болып кешірім сұрау – міне бұлар жүректің нұрын арттыратын, иманның құндылығын сездіретін ізгі амалдардан.

Иманды неғұрлым маңызды, құнды көрсек – Алланың алдында біздің де соғұрлым құнымыз болады, құрметті ағайын!

 

Шымкент қалалық Халифа Омар мешітінің наиб имамы

Ташимов Мадибек

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Ісіңіз оң болсын! Мадибек ағай!

Пікір жазу