Оңғар ӨМІРБЕК: Қияли емшісымақтардан сақтанайық!

Қазақта «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген аталы сөз бар. Оның мағынасын қазіргі жұрт дұрыс түсіне бермейді. Ұлы ғұлама Махмұт Қашқаридің жеткізуіне қарағанда «иек», яғни, «жік» жын-перінің атауы (Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы. 1998, 222 бет). «Жын иектеді» немесе «жек көру», «жексұрын» секілді сөздердің төркіні де осы «жік» сөзінен шыққан. Сөздің әлқиссасын жік шықтыдан бастауымызға себеп, жуырда Ақтөбеден дәл осы айтқандай «жік шықты, екі құлағы тік шықты». Дәлірек айтсақ, «Қазақстан-Заман» газетінде және «masa.kz» сайтында Сәуле Мешітбайқызы мен Нағашыбай Қабылбектің «Мыңдардың жүрегіне жол тапқан Қыдыр Ата емінің құпиясы неде?» деген тақырыппен өзін «Қыдыр ата» санайтын ақтөбелік қандасымыз Жанарыс Жақсылықұлының емшілігі жайлы көлемді мақаласы жарияланып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Енді сол «Қыдыр атасымақтың» қызықтарын талдап көрелік…


Мақаланың дені кей тұстарын айтпағанда негізінен емші Жанарыс Жақсылықұлын жеріне жеткізе дәріптеуге арналған.Ұзынқұлақтан естіп-біліп бардық деген авторлар  емшінің қасында болып, «Қыдыр атаның шарапатына» бөленген сыңайлы. Айтпағымыз бұл емес. Кім қай емшіге барып емделеді, әлбетте, ол өз еркі. Бізді қынжылтқан жәйт  мақаладағы діни сенімімізге селкеу түсірер сөз  тіркестерінің орын алуы.

Мысалы: «Қарапайым сантехник жігітке осыдан он алты жыл бұрынотыз үш жасында, бірінші маусым күні Қыдыр Атаның аруағы қонады. Онда Қыдыр Атаның сүйікті ұлы болғаны сүйіншіленеді. Осыдан кейін Жанарыс Алланың құдіреті күшті бұйрығын орындауға тәуекел етеді», деген жолдардың оқырманды теріс нанымға итермелейтіні айдан анық. Рас, халқымыздың діни танымында Қызыр (ғ.с.)-ға деген құрмет ерекше. Өйткені, Аллаһ тағала Қызыр (ғ.с.)-ға хикмет ілімін үйреткен. Ол (.ғ.с.) хал-хикмет иелерімен (құтып, ғауыс, ғайып ерен, қырық шілтен) рухани мәжіліс құрып, Қызыр (ғ.с.) ұдайы адамзат баласын даналыққа, ізгілікке үндейді. Жалпы, сопылық ілім бойынша оның (ғ.с.) батасын алу үшін Аллаһ пен адамның арасындағы жетпіс мың пердені (мақамдар) кешіп өтуі керек. Толық кемелдеген тұлға ғана Қызыр (с.ғ.)-нан изажат (халыққа қызмет ету дәрежесә) ала алады. Оған дейін Қызыр (ғ.с.) ешкімге де қарасын көрсетпейді (Қожа Ахмет Яссауи, Миратул-Кулуб. Тарихат тарауы). Ал, жетпіс мың мақам түгілі, жеті мақамнан өтпеген Жанарыс Жақсылықұлының өзін «Қыдыр Атаның сүйікті ұлы болғанын сүйіншілеуі», әлбетте, астамшылық! Қала берді, «Қыдыр Атаның аруағы қонды» деуі, теріс сенімге әкеп соғатын сандырақ. Себебі, ахлу сунна ақидасы бойынша біреудің әруағы келесі біреуге ешқашан қонбақ емес. Шариғат «танассуһ» (ренкорнация) түсінігіне қатаң тыйым салады («Фатир» сүресі,  37-аят).

Сонымен бірге, науқасқа диагноз қойғанына қарап, мақала авторларының «Қыдыр Атаның сүйікті баласын көріпкелге» балауы, нағыз ширкке шендестірілетін түсінік. Өйткені, қасиетті Құран кәрімде: «Ғайыпты Аллаһ тағала  ғана біледі» («Нәміл» сүресі, 65-аят) деп, Ұлы Жаратушыдан өңгенің тылсымды тануда шарасыз екендігі айтылған. Ал, бұл аятты Хақ Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде кім балгерге немесе көріпкелге барса, оның айтқандарына сенсе, (Мұхаммедке түсірілген) Құранға қарсы шыққаны, кәпірлік жасағаны» (Имам Мүсілімнің хадис жинағы) деп тәпсірлейді. Әрине, Аллаһ тағаланың сездіруімен салих құлдардың ғайыптан хабар алуы мүмкін. Бірақ, «айн-ал иаһин» (ақиқатты көру) немесе «илми ла-дуни» (тылсым туралы ілім) сатысына көтерілген нағыз  әулие-әнбиелер ғана тылсымды танып біле алады (Имам Ғазали. Мукашафтул-кулуб. 240-243 беттер).

Бұдан өзге тылсымды тануға жын-перілер де үйірсек келеді. Бірақ, ғайыптан хабар алуда жын-перілердің жәрдеміне жүгінуге шариғат рұқсат етпеген. Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріне көз жүгіртетін болсақ, жын-перілер тек өз мақсаттарына жету үшін тылсымнан сыр ақтарады. Айша (р.а.) анамыз жеткізген риуаятта: Адамдар: «Олар (палшылар) кейде сондай сөздерді айтады, сол рас болып шығады» – дегенде, Хақ Елшісі (с.ғ.с.): «Міне, сол сөз – жынның (аспаннан естіп) есінде сақтап қалған сөзі, оны палшының құлағына сыбырлайды да, палшы оған жүз өтірікті араластырады» (Имам Бұхари, имам Мүсілім) деп баяндалады. Яғни, жын-шайтандар адам баласын арбап, жадылап, хақ сенімнен адастыру үшін тағдыр тақтасын оқуға ұмтылып, ғайыптан хабар бергенсиді. Егер, емшінің амал-әрекеті осыған саятын болса, бұл барып тұрған адасушылыққа жатады.

Бұл, бұл ма? Жанарыс Жақсылықұлының: ««Мен адамды әбден тазартып аламын, ішін кетіремін емдеу үшін. Әйтпесе ем қонбайды. Мысалы қарапайым конфетпен қаншама әйелді туғыздым», деген сөзі тек адасу қана емес нағыз асылық та! Біздің имам Матуриди ақидасы бойынша бүкіл қимыл-қозғалыстардың иесі Ұлы Жаратушы болып саналады. Бұл жөнінде Құран кәрімде: «Сізді де, жасағандарыңызды да жаратқан Аллаһ» («Саффат» сүресі, 9-аят) дейді. Егер, адам баласы да жаратушылық қасиетке ие деген түсінікке келетін болсақ, онда сансыз жаратушылар бар болып шығады. Яғни, Жанарыс Жақысылықұлының: «Қарапайым конфетпен қаншама әйелді туғыздым» деген  сөзі шариғатқа жат.

Ал, мына бір мифтік көрініске не айтуға болады? «Кенет бала сұраған әйелдің «бұлттардың арасынан бала көріп тұрмын» деген сөзін естисің. Уақыт ақырын жылжып өте береді. Бір кезде Жанарыс «ұл ма, қыз ба керегі» деген төбеден түскендей айбарлы сөзіне тізесі дірілдеп, көзінің жасы моншақтаған жанның өтініші естіледі. Кенет Жанарыс Жақсылықұлы тебіреніп тұрған анаға қазір қос емшегінің иіп, құрсағының бүлкілдей бастайтынын ишаралайды. Ойнақы музыка да көңіл күймен қабысып кейде қазақша, кейде орысша шырқалып тұрады. (Сеанста шырқалатын қазақша музыканың дені жас әншілердікі). Бір уақытта әйел бойындағы өзгерістерді сезінгенін білдіргенде, Жанарыс Жақсылықұлы: «Балаларыңды қолыңа алып, бауырыңа бас», – деген бұйрық береді. Әлгі әйел кәдімгідей тілерсегі дірілдеп, «қос нәрестені» аялай ұстап омырауына басады. Осы сәтте Жанарыс Жақсылықұлы, орындығынан атып тұрып, айқайлап: «Баланы әкел» деп байғұс анаға тап береді. «Әрең дегенде тапқан баласынан» өлсе айырылар ма, еңіреп шегіншектеп қашқанын көрсең келіншектің».


Жанарыс Жақсылықұлының бұл қойылымы театр сайысында бақ сынаса, шаппай бас жүлдені иеленетініне бәс тігеміз. Оқып отырып, бейне ертегілер әлеміне сапар шеккендей боласың. Қойылымның «шынайылығы» үшін, бәлкім, Жанарысқа «Елге еңбегі сіңген әртіс» деген атақты беру керек шығар.

«Үмеге келген үндемей қоймайды» демекші емделушілер Жанарысқа  атан түйеге жүк болатын алғыстарын жаудырыпты. Ішінде базбіреулері мақтап-мақтап келіп Жанарыс атаны пайғамбарға дейін теңеп жіберіпті. Мақала авторлары күпірлікке қарсы шығудың орнына: «Ресейден арнайы Жанарыс Жақсылықұлын құттықтау үшін келген Иван Александрұлының, сөз арасында: «Посланик бога-Жанарыс ата» дегенін құлшылықтың қай түріне жатқызарымызды білмедік», деп дүдәмал күй кешіпті. Айналайын-ау, басқасы басқа, «Посланик бога-Жанарыс ата» дегені не деуге болады?! Өзін пайғамбарға теңегендерге қарсы уәж айтпаса, онда Қыдыр атасымақтың ниет-пиғылы белгілі болды. Аллаһ сақтасын! «Шымшық  өзін қыранмын…» дейді демекші ертең мұндай дәлдүріштер өзін құдайға теңесе де таңқалуға болмайтын шығар.

Жіпке тізе берсең, айта берсең, қиғаш-оғаш ұғым-түйсікке симайтын салған жолдар, күпірлік сөздер жетіп артылады. Оның бәрін талдап, алтын уақытымызды текке кетіргіміз келмейді.

Түйін

 

Бұл күнде уақыт талабы мен сұранысына орай емші-домшылар да өзгерген. Дінді жамылғысы, соны бетперде еткісі келеді. Тіпті, шала-шұрпы Құран оқыған болып, күбірлеп, үшкіріп, ем-домын жүргізетінін қайтерсің?! Тіпті өздерін «әулие» деңгейіне көтереді. Кезінде қалың ел тұрмыс тауқыметінен күйзеліп жатқанда өзін уәлі санаған Сары әулие, Ақ әулие, Қара әулиелер шығып, дүйім жұртты дүрліктіргені әлі есте. Енді, міне «Қыдыр ата» деген емшісымақ «әруақтардан аян алдым» деп елді емдеген боп, сенімімізге селкеу түсіруде. Рас, дертіне шипа іздеп шарқ ұрған шарасыз қара халықтың кейде амалсыздан осындай дүмшелікке ұрынатыны бар. Осы себептен де, қалың көпшілікке кінә артудан аулақпыз. Дегенмен, бұл біздің діни өреміздің әлі де өспегенін, баз-баяғы таз қалпында екенін әйгілесе керек. Сөз соңында айтпағым, мұндай қиял қуған түрлі емшілерге құдайындай иланған халықтың болашағы бұлдыр, ақыреті тұлдыр болмақ. Бәрінен бұрын, осыны естен шығарып алмасақ екен деймін…

Оңғар Өмірбек

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Айтқаныңыз тек ондайлардың біреуі ғана ғой. Мынаған не дер едіңіз. Отырар ауданы, Ескі Шілік ауылында Бибісара деген әйел бар. Емделуге барғанның бәріне бата береді.Бата алатын адам туған-туысын жинап, дастархан жайып, ол кісіні шақырады. Бата бергеніне кейде кесіп айтады, кейде бергенін алады. Ақша,дуние алады.Әр күні түнде «Ясин» суресін көтереді, байланып қалғандардың байлауын шешеді. бір күнге мың теңге.Бәрін жинап алып, аймықтағы әулиелерді қалдырмай аралайды. Айтуынша, оған мұны Арыстанбапқы түнегенде үйретіпті. Ташкеннен келген үлкен ишандармен білім жарысына тускенде олар мұны жоғары бағалапты.Жалпы осыған не дейсіз,аға

Пікір жазу