Құран және ғылым

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және орта азия мүфтилер кеңесінің төрағасы,

Бас мүфти

 Кейінгі ғасырларда ғана ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктердің Құран Кәрімде осыдан он төрт ғасыр бұрын яғни, микроскоптан, телескоптан мақұрым ғасырда қорытынды түрде дөп басып айтылуы бұл күнде батыс-шығыс ғалымдарын таңғалдырып, Исламға бас идірген. Бұл Құранды Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар жазбағанын, Алла тарапынан жіберілген иләһи кітап екендігін айқын білдіреді.

Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттеліп айқындалғаны мәлім. Ал Құран мұны он төрт ғасыр бұрын былай деп көрсеткен:

سُبْحَانَ الَّذِي خَلَقَ الْأَزْوَاجَ كُلَّهَا مِمَّا تُنبِتُ الْأَرْضُ

 وَمِنْ أَنفُسِهِمْ وَمِمَّا لَا يَعْلَمُونَ

«Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қып жаратқан Алла қандай пәк»[1].

Сондай-ақ, зерттеушілердің теңіздердің ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі Құранның «Рахман» сүресінде былайша баяндалады:

مَرَجَ الْبَحْرَيْنِ يَلْتَقِيَانِ بَيْنَهُمَا بَرْزَخٌ لَّا يَبْغِيَانِ

«Алла тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды»[2].

Иә, бір-бірімен қосылып жатса да, сулары араласпайтын теңіздердің жоғарыдағы аятта айтылған ерекшелігі жақында ғана мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының тоғысқан жерінен табылды. Ғасырлар бойы бір-бірімен түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әр түрлі болуы сол – екі теңіздің сулары бір-біріне араласпай ортада көрінбейтін бір қабырға бардай боп тұрады.

Жердің айналу бағыты жайлы Құранда:

وَتَرَى الْجِبَالَ تَحْسَبُهَا جَامِدَةً وَهِيَ تَمُرُّ مَرَّ السَّحَابِ صُنْعَ اللَّهِ الَّذِي أَتْقَنَ كُلَّ شَيْءٍ إِنَّهُ خَبِيرٌ بِمَا تَفْعَلُونَ

«Тауларды көріп, оларды тапжылмай тұр деп ойлап қаласың. Ал олар болса, бұлттардың көшуі тәріздес жылжуда»[3].

Алла тағаланың адамдардың ақиқат аясында өмір сүрулері үшін шырақ етіп түсірген қасиетті Құранның бұл аятында Жердің тек айналуы ғана емес, сонымен қатар оның айналу бағыты да таңғаларлық білгірлікпен айтылып кеткен. Қазіргі заман ғылымы қол жеткізген жаңалықтарының бірі – 3500-4000 м. биіктіктегі негізгі бұлт жиындарының қозғалыс бағыты әрқашан батыстан шығысқа қарай жылжитыны. Ауа райын болжау үшін көбінесе батыстағы жағдайға назар аударылуының себебі де содан.

Ал бұлт жиындарының батыстан шығысқа қарай қозғалуының негізгі себебі – Жердің айналу бағыты. Өйткені, жер батыстан шығысқа қарай айналатыны белгілі. Кейіннен белгілі болған бұл ғылыми ақиқат бірнеше ғасыр бұрын қасиетті Құранда айтылып қойған. Құранның тағы бір баға жетпес мұғжизаға толы аятында ана құрсағындағы сәбидің өсу кезеңдері атап айтқанда, алдымен сүйектер бітіп, кейін сол сүйектерді бұлшық еттер қаптайтыны туралы былайша баян етіледі:

وَلَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ مِن سُلَالَةٍ مِّن طِينٍ ثُمَّ جَعَلْنَاهُ نُطْفَةً فِي قَرَارٍ مَّكِينٍ ثُمَّ خَلَقْنَا النُّطْفَةَ عَلَقَةً فَخَلَقْنَا الْعَلَقَةَ مُضْغَةً فَخَلَقْنَا الْمُضْغَةَ عِظَاماً فَكَسَوْنَا الْعِظَامَ لَحْماً ثُمَّ أَنشَأْنَاهُ خَلْقاً آخَرَ فَتَبَارَكَ اللَّهُ أَحْسَنُ الْخَالِقِينَ

«Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға), сосын оны мудғаға (бір жапырақ ет көрінісіндегі жаратылысқа), сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын оны басқа бір жаратылыс жасадық. Алла – ең керемет Жаратушы»[4].

Ана құрсағындағы сәбидің өсіп-жетілуін зерттейтін эмбриология ғылымы – көпке дейін сүйектер мен бұлшық еттер бірге құралады деген қате тұжырымда болып келді. Тек технологияның дамуы нәтижесінде ақиқат айғақтарына қол жеткізіліп отыр.

Шынымен-ақ, физика ғылымы, су асты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін дәуірде Құранның бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы, оның мәңгілік құндылықтарға бай, Ұлы Жаратушының сөзі екенін көрсетеді.

Осындай көптеген Құран аяттарының кереметіне таңғалып, оның иләһи кітап екендігін мойындаған атақты батыс-шығыс ғалымдарының айтқан сөздерінің ғибраты мол. Мысалы: C.Харт: «Құран Алла тарапынан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи арқылы жіберілген», Жан Поуль Роул: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизасы – періште арқылы жіберілген Құран Кәрім», Виктор Имбердес: «Құран – бүкіл заң негіздеріне қайнар көз бола алатындай бай кітап…» десе, Доктор М.Букайле Құранның көптеген ғылыми жетістіктердің негізін қамтығандығын толық зерттеп және ондағы басқа да ақиқаттарға тәнті болып, мұсылман болғандығын, M.Родвел «Құранды оқыған сайын таңғалатындығын…» айтқан. Ал Гете: «Бұл кітап (Құран) мәңгілік қуат­күштің қайнар көзі болып қала бермек…», Капитан Кусто: «Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Алланың хақ сөзі» депті, Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – деп Құранның хақ екендігін айтқан.

Құран адамзаттың екі дүниелік бақыты үшін түскенін білсе де, көре алмай, Құранды пенде кітабы етіп көрсетіп, оны жоққа шығаруға тырысқан Құран дұшпандары қанша жанталасқанмен, оның мәңгілік жарығын өшіре алмасы анық. Құранда:

يُرِيدُونَ لِيُطْفِؤُوا نُورَ اللَّهِ بِأَفْوَاهِهِمْ وَاللَّهُ مُتِمُّ نُورِهِ وَلَوْ كَرِهَ الْكَافِرُونَ

«Олар Алланың нұрын ауыздарымен үрлеп өшіруге тырысады. Алайда Алла кәпірлер қаламаса да нұрын толықтырады»[5], – дейді.

Сондықтан да Құран жайлы сын айтып, сөз таластырмақ болғандар мәңгілік сөнбес нұрдан мақұрым қалмақ. Ал Қасиетті кітаптың хақтығына қалтқысыз сеніп:

رَّبَّنَا إِنَّنَا سَمِعْنَا مُنَادِياً يُنَادِي لِلإِيمَانِ أَنْ آمِنُواْ بِرَبِّكُمْ فَآمَنَّا

 «Раббымыз, біз «Раббыларыңа иман етіңдер» деп шақырған (Пайғамбар, Құран) шақырушыны естіп, дереу иман еттік…»[6] дегендер сол бір нұрдың бақытына бөленіп,

رَبَّنَا وَآتِنَا مَا وَعَدتَّنَا عَلَى رُسُلِكَ وَلاَ تُخْزِنَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ

 إِنَّكَ لاَ تُخْلِفُ الْمِيعَادَ

 «Раббымыз, бізге пайғамбарларыңа уәде еткендеріңді бер, һәм бізді қиямет күні қорлама. Күдіксіз, Сен берген уәдең мен сөзіңнен айнымайсың»[7] деп дұға етіп, ақыретте Ұлы Жаратушының уәдесі бойынша Оның таусылмас қазынасы мен сарқылмас сый-сыяпатына қол жеткізеді.

 Иә, Құран – жеті қабат ғаламзатты жоқтан жаратқан жалғыз Жаратушы Алла тағаланың мән-мағынасы шексіз, мәңгілік кітабы.

 

Құран Кәрім оқудың сауаптығы

Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана оқып үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге міндетті. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпте:

خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ الْقُرْآنَ وَعَلَّمَهُ

 «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз»[8], – деген.

Құрансыз өмірдің бос өмір екендігін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде береке, тыныштық болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы хадис-шәріпте былай дейді: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі, Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды». Яғни ондай үйде тыныштық болмайды.

Құрансыз дүниедегі ешбір нәрсе адам баласын бақытты ете алмайды. Отбасында тыныштық, татулықты тек Құран ғана бере алады. Әсіресе қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға зер салсақ, отбасы мүшелері арасындағы түрлі араздасулар, келіспеушіліктер, ұрыс-керістердің көпшілігі дін жолын ұстанбайтын, Құран оқылмайтын үйлерде, отбасыларда болады. Құран оқылған үйге Алла тағаланың шексіз мейірім, рахымы жауады.

Бұрын өткен ата-бабаларымыз заманында ажырасулар, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, әке мен бала арасында талас-тартыс өте аз ұшырасқан, себебі олар Құран жолымен өмір сүрген, Құранды үйреніп, бала-шағаларына үйретіп отырған. Әрбір мұсылман Құранды өзі оқи білген. Сондықтан отбасында береке, жақсылық, бір-біріне деген ізет, құрмет сақталған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер енеді. Шайтандар қашады. Үй-ішіне жақсылық, тыныштық енеді, жақсылық көп, жамандық аз болады. Бір үйде Құран оқылмаса, ол жерге шайтандар үйірсектеп, періштелер кірмейді, онда жайсыздық орнайды, жақсылық азайып, жамандық көбейеді», – деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құран қарайған жүректерге нұр береді» деп те ескерткен.

Құран адамды рухани күйзелістерден, пейілдің тарылуынан сақтайды. Құран өзіне ынтық жандар үшін – үміт бастауы. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір сыйлайды.

Пайғамбарымыз бір хадис-шәріпінде: «Құран оқу – көңілдің шипасы», – дейді.

Иә, Құран қай жерде болса да дертке дауа. Себебі, Алла тағала былай дейді:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاء لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ

«Әй, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат болған, жүректегі дертке дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау болған кітап (Құран) келді»[9].

Құран – рухани ауруларға да қарсы шипа көзі. Дәрі-дәрмекпен емделмейтін аурулар Құранмен шипа табады.

Мұсылман адам іштей құлазып, көңілін мұң басқанда дереу дәрет алып, Құран оқығаны жөн. Жабырқаудың жалғыз емі – Құран оқу, оқыған Құранды тыңдау.

Құран дауа ретінде түскен. Алла тағала: «Біз Құранда шипа болатын аяттарды түсірдік», – деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Құраннан шипа таппаса, оған басқа ем жоқ» деп ескетркен.

Құран Кәрімде шипалық қасиеттері бар бірнеше аяттар кездеседі[10]. Бұл аяттар – Құранның шипа көзі. Мысалы «Исра» сүресінің 82-аятында:

وَنُنَزِّلُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا هُوَ شِفَاء وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ َّ

 وَلاَ يَزِيدُ الظَّالِمِينَ إَلاَّ خَسَاراً

«Мүміндерге рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі» делінген.

Яғни Құранда баяндалған үкімдер – теріс ақида (сенім), жалған көзқарас және жаман мінез-құлық сияқты рухани ауруларға бірден-бір шипа көзі. Оның ішінде Алла тағаланың әмірін орындағандар үшін Құран – рақымдылық пен мейірімділіктің бастауы. Сондықтан Құран – әрі шипа, әрі Жаратушы Иеміздің пенделеріне түсірген рақымы.

Ибн Масғуд (р.а.): «Құран шапағат етеді, иесіне пайда тигізеді. Сондықтан кімде-кім Құранды жолбасшы етсе, ол оны жәннатқа жетелейді. Кімде-кім Құран жолын ұстамаса, бұл жағдай оны тозаққа сүйрейді» деген.

Бұл сөздің мағынасы: өзін оқып, үкімдеріне амал жасаған кісіге Құран Алла тағаланың алдында шапағатшы болады. Құран өзін оқымаған, үкімдеріне амал етпеген адамға да қарсы куә болады. Құранның бұл куәлігін Алла тағала қабыл етеді дегенді білдіреді.

Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) риуаят еткен осыған ұқсас тағы бір хадис-шарифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ «ص» مَنْ قَرَأَ حَرْفًا مِنْ كِتَابِ اللهِ فَلَهُ حَسَنَةٌ وَالحْسَنَةُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا. لَا أَقُولُ ألم حَرْفٌ وَلَكِنْ: أَلِفٌ حَرْفٌ وَلَامٌ حَرْفٌ وَ مِيمٌ حَرْفٌ.

«Алла кітабынан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар, ол он есе жақсылық болып жазылады. (Яғни, бір әрпіне он сауап беріледі). Мен әлиф, ләм, мим – бір әріп демеймін. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп деп айтамын»[11], – деген. Яғни әлиф, ләм, мимді оқыған кісіге отыз сауап жазылады. Сондықтан біз, мұсылмандар, Құран оқудың қасиетін жақсы түсіне білуге тиіспіз. Бір әріп үшін сонша сауап берілетін болса, Құран Кәрімді толық оқып шыққан кісіге қанша сауап жазылатынын ойлап көрейікші! Ендеше,кәне, қасиетті кітапты оқып, мол сауапқа кенелейік.



[1] «Ясин» сүресі, 36-аят.

[2] «Рахман» сүресі, 19-20-аяттар.

[3] «Нәміл» сүресі, 88-аят.

[4] «Муминин» сүресі, 12-14-аяттар

[5] «Саф» сүресі, 8-аят

[6] «Әли Имран» сүресі, 193 аят

[7] «Әли Имран» сүресі 194 аят

[8] Сахих Бухари, фадаилул Құран, 21

[9] «Юнус» сүресі, 57-аят

[10] «Жүніс» сүресі, 57-аят, «Тәубе» сүресі 14-аят, «Нахл» сүресі, 69-аят, «Исра» сүресі 82-аят, «Шуара» сүресі 80-аят, «Фуссилат» сүресі 44-аяттары

[11] Тирмизиден, хадис хасан сахих, фадаилул Құран, 16.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Алла риза болсын! Өте жақсы жазылған мақала!

Пікір жазу