Хайыз және нифас кітабы – НИФАС

Нифас - әйел кісі босанғаннан кейін келген қан осылай аталады. Босанған кезде баламен бірге немесе босанудан бұрын келген қан лас не үзір қаны. Жүкті әйел босанғанға дейін дәретін алып, намазын оқи береді. Ауруы себепті дәрет ала алмаса, тәйәммум жасайды. Яғни, әйел жүкті кезінде намазын кейінге қалдырмайды.

Нифастың ең аз уақытының шегі көрсетілмеген. Бір күн болуы да мүмкін, өйткені бұл жайында аят та, хадис те жоқ. Осыған байланысты қашан тоқтағанынша болады. Ханафи және ханбалилердің көзқарастары бойынша нифастың ең ұзақ мерзімі қырық күн, бұдан кейін көрінетін қан үзір қаны болып есептеледі. Бұған Умм Саламадан (р.а.) жеткен мына хадис дәлелге алынады: «Алланың Елшісінің (с.а.у) заманында нифас болған әйел (қанның тоқтауын) қырық күн, қырық түн күтетін еді». Шафиғи және мәликилерде нифастың ең ұзақ мерзімі алпыс күн. Алайда бұл мерзім негізінде қырық күн деп есептеледі.

Әйелдің босанғаннан кейін қан көрмеуі де мүмкін. Риуаятқа қарағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у) заманында бір әйел босанғаннан кейін нифас қанын көрмепті, сондықтан оған «зәту-л-жуфуф» аты беріліпті.

Қол, аяқ сияқты мүшелері білініп қалған нәрестенің түсуінен нифас жағдайы туып, ол он немесе он бес күндей жалғасады. Бірақ мүшелері пайда болмаған нәресте үшін нифас үкімдері жүрмейді. Түсік түскенде келетін қан үш күнге созылады. Егер бұрын ең азында он бес күн тазалық жағдайы жалғасқан болса, бұл етеккір қаны болады. Олай болмаса үзір қаны болып есептеледі.

Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, бала туған әйелден ешбір қан келмесе, нифас жағдайы да тумайды. Бұл кезде ғұсыл алу қажет емес, ораза ұстаса оразасы да бұзылмайды. Тек дәрет алса болды. Әбу Ханифа бойынша сақтық үшін бой дәретін алуы қажет.

Нифас уақыты ішіндегі қанның тоқтауы үзілісті білдірмейді, басында және соңында қанның пайда болуы бірінен кейін бірі аққан қан ретінде есептеледі. Қанның тоқтау мерзімінің он бес күннен аз не көп болуының айырмашылығы жоқ.

Шафиғи және мәликилерде екі арадағы таза уақыт он бес күннен асса «тазалық», қалғаны «етеккір» деп, ал тазалық жағдайы жарты айға жетпесе бәрі нифас болып есептеледі.

Егіз туған жағдайда нифас алгашқы нәрестенің туылуымен басталады. Шафиғилердің көзқарасы бойынша, бұл уақыт екінші нәрестенің дүниеге келуімен басталады. Бір баладан кейін келген қан етеккір уақытына тура келсе етеккір, керісінше болса үзір қаны болады.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: ,

Пікір жазу