Берік Қалдаров: Дәретхана әдептері

Жабир ибн Абдуллаһтан (р.а.) риуаят етілді: Расулулаһ (с.а.у.) бір хадисінде былай деген: «Жәннаттың кілті — намаз, намаздың кілті- дәрет».

1) Аллаһтың аты жазылған нәрсені дәретханаға алып кірмеу. Әнәс ибн Малик (р.а.) былай деді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүзік тағатын еді, жүзікте «Мухаммадун Расулуллаһ» деп жазылған болатын. Дәретханаға кіргенде, әлбетте жүзікті шешіп кіретін».

2) Адамдардың көзінен таса жерге барып, жасырынып дәретке отыру.

Жабир ибн Абдуллаһ (р.а.) айтады: «Біз Расулуллаһпен (с.а.у.) бірге сапарға шықтық. Расулуллаһ (с.а.у.) дәретке шыққан кезде, көрінбейтін жерге жасырынатын еді».

3) Дәретханаға кірерде немесе ашық жерде, киімін жинап отырудан алдын «Бисмилләһ» және «Әъузу билләһ» деп дауыстап айту.

Али (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім дәретханаға кірерде «Бисмиллаһ»ты айтатын болса, оның әуреттерімен жындардың көздері арасында перде пайда болады». (Имам Тирмизи).

Омар ибн Хаттаб (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәретханаға кірерден алдын: «Аллаһумма иннии әъузубикә минар рижсин нәжисил хобиисил мухбис. Ашшайтонир рожиим».

Мағынасы: «Аллаһым, әлбетте мен Сенің жәрдеміңмен нәжес, ыпылас, таза емес нәрселерден әрі шайтаннан пана тілеймін», деп айтуды әдетке айналдырған еді. (Табарани).

Жабир ибн Абдуллаһ (р.а) айтады: «Расулуллаһ (с.а.у.) дәретханаға кірмекші болса, мына дұғаны оқуды әдетке айналдырған-ды: «Бисмилләһ, Ей, Аллаһ! Мен Сенің атыңмен таза емес нәрселерден және шайтаннан пана сұраймын». (Науауи).

4) Дәретханада сөйлемеу

Дәретханада сәлемге жауап қайтарылмайды, азаншыға жауап берілмейді. Егер түшкірсе, тілімен емес ішінен хамд айтады. Ибн Омар (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәретханада еді. Бір адам өтіп бара жатып, Расулуллаһқа (с.а.у.) сәлем берді. Расулуллаһ (с.а.у.) оған жауап қайтармады». (Имам Муслим).

Мухажир ибн Қунфуз (р.а.) айтады: «Мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдына келіп, сәлем бердім. Ол кісі дәретханада екен, сәлеміме жауап қайтармады. Дәретханадан шығып, дәрет алды, сосын маған: Аллаһ Тағала атын таза емес хәлде зікір етуді ұнатпадым» деп менен кешірім сұрады. (Әбу Дауыд, Насаий, Ибн Мажа).

Әбу Сайд (р.а.) айтады: «Мен Расулуллаһтың (с.а.у.): «Екі кісі бір уақытта әуреттерін ашып, дәретте отырып, сөйлеспейді. Өйткені сол үшін Аллаһ оларды жазалайды» деп айтқанын есіткенмін.

Дәретханадан шыққанда осы дұғаны оқу мандуб: «Ғуфронакә. Әлхәмду лилләһил ләзии әзһабә ъәнни әләзә уә ъәәфәәнии».

Мағынасы: «Aллаһ мені кешір. Аллаһқа мақтау болсын, Ол менен зиянды кетірді және маған саулық берді».

Ибн Омардың (р.а.) риуаятында былай деп келеді: Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәретханадан шығып, мына дұғаны оқиды: «Әлхәмду лилләәһил ләзии әзәәқонии ләззәтәһу уә әбқонии фии қуууәтәһу уә дәфәъә ъәннии әзәәһу».

Мағынасы: «Аллаһқа мақтау болсын, Ол зат маған ләззатты тарттырды, оның қуатын менің бойыма дарытты және зиянды менен қайтарды». (Ибн ас-Сунний және Табараний).

5) Құбыланы құрметтеу.

Дәретке отырғанда құбылаға қарап та, құбылаға арқасымен де отырылмайды. Әбу Хурайрадан (р.а.) алынған риуаятта Расулуллаһ (с.а.у.) былай деді: «Кімде-кім дәретке отырса, құбылаға қарап та, құбылаға арқасымен де отырмасын!».

Әбу Аййуб әл-Ансаридан (р.а.) риуаят етілді. Расулулаһ (с.а.у.) айтты: «Дәретке барғаныңызда үлкен, яки кіші дәрет сындырсаңыздар, құбылаға қарап отырмаңыздар. Бірақ күншығысқа, немесе күнбатысқа қарап, немесе арқамен отырыңыздар».

6) Қатты жерден сақтану.

Дәретке барған адам өзіне кіші дәрет шашырамау үшін жұмсақ жерді таңдау керек. Әбу Мусадан (р.а.) риуаят етіледі: «Расулуллаһ (с.а.у.) дуал жанындағы жұмсақ топырақ үстіне дәрет сындырды, сосын: «Кімде-кім дәретке шықса, жұмсақ жай таңдасын»,- деді. (Ахмад, Әбу Дауд).

7) Тезектерден сақтану.

Дәретке шыққан адам жердегі шұңқырлар мен тезектерге дәрет сындырудан сақтану керек. Абдуллаһ ибн Саржастан риуаят етіледі. «Расулуллаһ (с.а.у.) тезектерге дәрет сындыруға тыйым салды». Бұл жайлы Қатададан (р.а.) сұралғанда, ол кісі: «Жердегі шұңқырлар және тезектер жындардың мекендері», деп жауап берді.

Абдуллаһ ибн Масъудтан (р.а.) риуаят етілді. «Расулуллаһ (с.а.у.) айтты: «Тезек және сүйекпен истинжа қылмаңыздар. Өйткені бұлар жындардан болған бауырларыңыздың азығы», — деді.

8) Адамдар жүретін жолдан, сұхбаттасып отыратын орыннан және саяжай ағаштардың астынан ұзағырақ жерге дәрет сындыру.

Әбу Хурайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: «Адамдардың лағнетіне себеп болатын екі нәрседен қашыңдар: адамдардың жүретін жолына және салқындайтын ағаштардың көлеңкесіне дәрет сындырудан». (Имам Муслим).

9) Моншада ағып тұрған немесе тоқтап тұрған суға дәрет сындырудан сақтану.

Абдуллаһ ибн Муғаффалдан (р.а.) риуаят етілді. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) кісі жуынатын жайда дәрет сындыруға тыйым салып, былай деді: «Уәсуәсәның көбі содан», — деді.

Ибн Сирин міне солардан бірі. Оған: «Уәсуәсәның көбі жуынатын жайда дәрет сындырудан шығады, делінген», деп айтылғанда, ол кісі: «Раббым-Аллаһ, оның серігі жоқ!» -деді.

Жабирдан (р.а.) риуаят етілді. «Пайғамбар (с.а.у.) тұрып қалған суға дәрет сындыруға тыйым салды». (Ахмад, Насаий).

Сондай-ақ Жабирдан (р.а.) риуаят етілді. «Пайғамбар (с.а.у.) ағып жатқан суға дәрет сындыруға тыйым салды». (Табарони).

10) Тік тұрып дәрет сындырудан сақтану

Тік тұрып дәрет сындыру әдепсіздік, әрі киіміне шашырап, тазалыққа кері әсерін тигізеді. Айша (р.а.) айтты: «Кімде-кім сендерге, Наби (с.а.у.) тік тұрып дәрет сындырды, десе, оған сенбеңдер. Ол кісі тек қана отырып дәрет сындыратын еді».

Омар (р.а.) риуаят етіп айтты: «Расулуллаһ (с.а.у.) менің тік тұрып дәрет сындырғанымды көріп айтты: «Ей, Омар! Тік тұрып дәрет сындырма! Содан кейін бір рет болсада тік тұрып дәрет сындырмадым».

Убайдуллаһ, Нафиъдан, Ибн Омардан риуаят еткен, ол айтады, «Омар (р.а.): «Мұсылман болғанымнан бері тік тұрып дәрет сындырмадым», — деді.

Расулуллаһтың (с.а.у.) тік тұрып дәрет сындыруға тыйым салуы таъдиб (әдеп) үшін, тахрим (харам) үшін емес. Өйткені, Абдуллаһ ибн Масъудтан (р.а.) былай риуаят етілген: «Әдепке қайшы келетін әрекеттердің бірі, тік тұрып дәрет сындыру». Және де кіші дәреттен сақтану. Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілді: «Расулуллаһ (с.а.у.) екі қабірдің жанынан өтті. Ол кісі айтты: «Бұл екі қабір (егесі) азапталуда. Үлкен ағаттық жасап азапталып жатқан жоқ. Міне бұның бірі сідігінен сақтанбайтын еді, екіншісі шағыстырып сөз тасып жүретін еді», — деді.

11) Ағзалардағы нәжесті қатты нәрсемен, мысалы, үш тас немесе кесекпен тазалау, сумен тазалау немесе екеуімен де, кесек және сумен тазалау мүмкін.

Абдуррахман ибн Язидтен риуаят етілді, ол кісі айтты: «Салманға былай деді: «Сендердің Пайғамбарларың сендерге барлық нәрсені, тіпті дәрет сындыру (әдептерін) де үйреткен!» — деді. Салман айтты: «Ия, солай! Пайғамбарымыз (с.а.у.) біздерді, үлкен немесе кіші дәрет сындырғанда құбылаға қарап отыруға, оң қолмен истинжа қылуға, үштен аз таспен тазалануға, тезек немесе сүйекпен тазалануға тыйым салды!».

Айшадан (р.а.) риуаят етілді: «Ерлеріңізге айтыңыздар, сумен истинжа қылсын — Мен (бұны айтуға) олардан ұяламын — өйткені Расулуллаһ (с.а.у.) солай істейтін еді», — деді.

12) Истинжаға (нәжесеттен тазалану) оң қолды қолданбау.

Хауса (р.а.) риуаят етеді: «Расулуллаһтың (с.а.у.) әдеті бойынша ол кісі оң қолын тамақ жеу, сусын ішу, киім кию, әрі бір нәрсе алу-беру үшін, ал сол қолын басқа істерге, мысалы, истинжа қылуда қолданатын еді». (Ахмад, Ибн Мажа, Әбу Дауыд.).

13) Дәретханаға кірерде сол аяқпен кіру, ал шығарда оң аяқпен шығу.

Айша (р.а.) риуаят етеді. Расулуллаһ (с.а.у.) дәретханадан шыққан кезде: «Аллаһқа шүкір болсын, менен зиянды кетірді, мені саламат қылды», деп дұға оқитын еді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. «Аллахнинг гузал исмлари ва исми аъзам» авторы: Рахматуллаһ Обидов. Зулайхо Обидова.

2. «Сунани Тирмизи» авторы: Әбу Иса Мухаммад ат- Тирмизи.

Берік Қалдаров

Төлеби ауданының бас имамы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу