ҚАН АЛДЫРУ НЕМЕСЕ СҮЛIК САЛДЫРУ қайсысы тиiмдi, қайсысы зиян?

Бүгiнгi медицина бастауын халық емшiлiгiнен алады. Көне замандарда адамдар қазiргiдей ғылым мен озық технологияны пайдалана алмаса да сол дәуiрге сай өзiндiк ем-домын жасаған. Шөп дәрiлер секiлдi халық медицинасы түрiнде бүгiнгi ұрпаққа жеткен шипалық тәсiлдердiң бiрi—қан алдыру.

Тарихқа үңiлсек, көне Месопотамия, Мысыр және Кiшi Азия өркениеттерiнде бiрқатар ауруларды қан алдыру арқылы емделгенi туралы деректер кездеседi. Бұған қатысты кейбiр мәлiметтер байырғы медицинадан сыр шертетiн Эбер папирустарында жазылған. Жер бетiндегi түрлi халықтар осы емдiк тәсiлдi қолданған. Әйгiлi Гиппократ пен грек медицинасының атасы Гелен өз еңбектерiнде қан алдырудың пайдасы жайлы айтқан. Тек тарихта жаугершiлiкпен  аты қалған моңғолдар да бұл халықтық ем ретiнде кең қолданылған деген деректер бар. Көне Қытайда да вакуумды әдiспен денеден қан шығаратын болған. Батыстың бiрқатар елдерi Германия, Англияда, бесiншi құрлық Австралияда, Канада мен Малайзияда қан алдыру тәсiлi кеңiнен зерттелiп, заманауи медицина аясында ел игiлiгiне жұмсалып жатыр. Бiрқатар мұсылман елдерiнде бүгiнгi таңда арнайы клиникалар жұмыс iстейдi.

Себебi, қан алдыру ислам медицинасының ажырамас бөлшегi саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) үнемi қан алдыратын болған. Жақында өңiрiмiздегi қала, ауылдардың 800-ден астам мешiт имамдары «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан облыстық «Қан орталығында» қайырымдылық мақсатта қан тапсырды. Абдул Хамид Қаттани атындағы облыстық орталық мешiтiнiң найб имамы Мұхамеджан Естемiров қан тапсыру сауапты iс, осы жақсы амал арқылы мұсылман Алла Тағалаға бiр қадам жақындап, рухани жағынан бойы тазаратынын айтады. Қан тапсырумен бiрге қан алдырудың да пайдасы туралы, әсiресе тән саулығы үшiн маңызы ерекше екенiн атап өттi.

— Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әркез қан алдыратын және оны үмметiне бұйырды. «Шипа үш нәрсемен болады. Бал жеумен, қан алдырумен және күйдiрумен» дедi Алланың Елшiсi. Алайда, емнiң соңғы түрiн жаратпайтын. Исра түнiнде миғражға көтерiлген уақытта әрбiр жетi қат көктен өткен сайын оған «Уа, Мұхаммед, сен өзiңе хижама (хижама — араб сөзi, қан алдыру, сору деген мағынаны бiлдiредi) жасатуың керек» делiндi. Бiр хадисiнде «Егер денеде ыстық көтерiлсе, қан алдырыңдар. Сонда ыстықтарың басылады» тағы бiрiнде «Хижама ұйыған қанды кетiредi, омыртқаны майысқақ етiп, жанарды ашады» дегендi айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бастың сақинасы ұстағанда, етiн ауыртып болмаса сiңiрiн создырып алғанда өзiне хижама жасайтын, —дедi найб имам. —Алланың Елшiсi аяқ қақсағанда табанынан қан алдыратын. Қан алдыруды айдың он жетiсi, он сегiзi, жиырма бiрi күндерi жасатқан абзал. Дәрiгерлер де айдың басы не аяғы емес, ортасынан кейiнгi «мерзiмдi» құптайды. Медицина мамандары ашқарынға, болмаса тоя тамақ жеп хижама жасатпаған жөн деп санайды. Моншадан кейiн екi-үш сағаттан соң алынған қан жiпсiген денеден оңай шығатын болады. Сондай-ақ, күндердiң арасында  дүйсенбi, сейсенбi мен бейсенбi  қолайлы келедi. Егер де қан алдырмаса болмайтындай жағдай туындаса, ай мен күнге қатысты ешқандай шектеулерге қарамайды.

Неге бүгiнгi таңда адамдардың көпшiлiгi қан алдырудан бойын аулақ ұстайды. Өйткенi, бұрынырақта осы iспен айналысатындар көп болған. Олар тазалық, залалсыздандыру дегенге аса мән бермейтiн. Соның салдарынан осы бiр халық емiнiң жаман аты шығып кетiп, дәстүрлi медицинада мойындалусыз қалды. Шын мәнiнде, мұндай тәсiлдiң денсаулыққа өте пайдалы екенiн он бес жылдан берi қан алумен айналысатын Еркiн Нұрбаев түсiндiрiп бердi. Ол Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлiмiнде дәрiгер болып қызмет атқарады.

— Емделудiң, сауығудың мұндай тәсiлi туралы көп нәрсе айтуға болады. Оның денсаулыққа тигiзер пайдасы ұшан-теңiз. Көптеген ауруларға таптырмас ем. Небiр кеселдердiң алдын алады, —деген ол сөзiн әрi қарай жалғай түстi. — Дегенмен, басқа да қасиеттерi әлi зерттелiп жатыр. Зерттелген сайын ғылым үшiн тосын сый болып жаңа сырлары ашылуда.  Денемiздегi сұйықтық оттегi мен көмiрқышқыл газын, қоректiк заттар мен гормондарды тасымалдайды. Ағзадағы зат алмасу процесiне қатысады. Денедегi температура мен қышқыл-сiлтiлi ортаны бiрқалыпты ұстап тұрады. Қорғаныш қабiлетiн күшейтедi. Яғни егер ағзаға микроб немесе вирус түссе, қандағы жасушалар оны тез арада жоюдың әрекетiне көшедi. Сонымен қатар, қан энкриторлық қызмет атқарады. Бұл дегенiмiз, керек емес қалдық заттарды керi тасымалдайды. Қанды медицина тiлiнде «сұйық дәнекер тiн» деп атайды. Ол плазма мен «қызыл түйiршiктер» лейкоциттен және эритроцит пен тромбоциттен тұрады. Соның iшiнде, эритроцитке тасымалдау қызметi жүктелген. Эритроцит жасушалары қанда төрт айдай өмiр сүредi. Содан соң ағзаның қоймасы саналатын бауыр мен көк бауырда жиналып, қоректiк затқа айналады. Қарапайым тiлмен айтқанда, ескi эритроциттердiң төрт айдан кейiн күнi таусылғанда, жамбас пен жiлiктiң кемiк майында жаңа жасушалар өмiрге келедi. Қан алдырғанда ағзамыз жоғалған сұйықтың орнын толықтыру үшiн қайтадан жасушалар өндiрiп, бүкiл резервтi iске қосады. Дене мүшесiнiң қай жерiнен қан алынса, сол тұстың микроциркуляциясы жақсарады. Себебi, арық-атыздарға қоқыстардың тұрып қалатыны сияқты, майда тамырларда да қанның ағысын бөгеп, жасушаларға қоректiк заттарды жеткiзуден тосатын ұйыған түйiршiктер болады. Хижамада осы ескi қан кетiп, орнына жаңасы келедi. Бұл өз кезегiнде жасушалардың қажеттi микроэлементтердi толық мөлшерде қабылдауына жағдай жасайды. Жақында микроорганизмдердiң адам ағзасында қалай тұрақтап, көбейетiнi туралы зерттеу жұмыстары жүргiзiлiптi. Анықталғандай, бактерияларға қоректену үшiн темiр ионы қажет екен. Алайда, ағзаның қорғаныш қабiлетi солай қалыптасқан, бактерияларға оны қаннан немесе тiннен «тартып жеу» оңайға соқпайды. Сондықтан да олар «нанымыз табылып қалар» деген үмiтпен кейбiр жасушалардың айналасына шоғырланады. Мiне, ауырсыну сезiмi пайда болған сондай жерлерден қан алынса  бактериялардың көзi оңай құртылады. Осы зерттеудiң арқасында қан алдырудың зор пайдасы анық көрiнiс тапты. Немесе тағы бiр мысал келтiрейiн. Ахмад Абу Сами есiмдi араб докторы қан алдырудың бауыр ауруларын емдеудегi керемет әсерiн былайша баяндайды: «Темiр адам ағзасында әралуан формада кездеседi. Солардың арасында өте ұсақ бөлшектi түрлерi бар. Олар жасушаның зақымдалуына әкеп соқтырады, соның салдарынан ағзаның қорғаныш қабiлетi әлсiрейдi. Сондықтан да қан құрамында темiрi көп науқастар емделуге қиын берiледi.  Зерттеулер көрсеткендей, егер адам бойынан хижама түрiнде әркез қан шығарылып тұрса, ауруды жазуға да оңай көндiгедi екен». Жалпы, мен өзiм он бес жылдық тәжiрибем барысында небiр таңғажайып сәттердiң куәсi болдым. Қан алдырған соң көру қабiлеттерi жақсарып, көзiлдiрiксiз газет-жорнал оқып кеткен небiр қарияларды көрдiм. Бiрде жасы тоқсанға кеп қалған шал  қан алдырды. Сонда «балам, анау тауға қарашы. Бұрын соны көрмейтiн едiм» дегенде қайран қалғам. Анам бұрын аурушаң кiсi едi. Айлап ауруханада жататын. Жыл сайын екi рет қан алып тұрғалы берi ауруды да, аурухананы да ұмытты. Бұл әдiс бiрiншiден, қан қысымын жақсы реттейдi. Сондай-ақ, атеросклероз ауруына шалдығудан сақтайды. Қандағы гемоглобин мен эритроцит тығыздығы азайып, соның нәтижесiнде жүректiң миға қанды күштiрек айдауына оң ықпалын тигiзедi.

Жалпы, қан алдырудың вакуумды ыдыспен жасалатын тәсiлiнен басқа да түрлерi бар. Мәселен, сүлiк салу немесе күре тамырдан  алдыру. Алайда, дәрiгерлер соңғы әдiстi қолданбауға шақырады. Өйткенi, күре тамырдан қан жiбергенде адам ағзасына қажеттi пайдалы элементтердi әжептеуiр жоғалтады екенбiз. Ал, капилярлы тамырлар арқылы жасағанда бiз керiсiнше, ескi қандарды сорып тастау арқылы жаңа жасушалардың пайда болуына жол ашамыз. Бiзге қан тапсырудың денсаулыққа не үшiн қажет екенiн түсiндiрiп берген жоғарыдағы әскери дәрiгер сүлiктен гөрi арнайы ыдыспен қан алдыруды артық көредi. Оның айтуынша, сүлiктiң бiреуi 10-15 грамм ғана қан сорады. Оның үстiне, қансорғышты бiрнеше адамға қолданылуы мүмкiн. Ондай емес деуге ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Кейде ем жасаушылар қитұрқы әрекеттерге басады-мыс. Сүлiктi ащы суға салып, сорған қанын құстырып, екiншi науқасқа пайдаланатын көрiнедi. Алайда, мұның барлығын Шымкенттегi «Гирумед» медициналық орталығының гирудотерапевi Зүбайда Күзембекова жоққа шығарды.

 — Бiзде науқастар тиiстi ем-домын қабылдап болған соң, денесiне салынған сүлiктi көздерiнше өлтiремiз немесе қолдарына ұстатып жiберемiз. Сүлiк салу жәй қан алдырудан қатты ерекшеленедi. Мұнда қан дененiң кез келген мүшесiнен алына бермейдi. Өзiнiң белгiлi бiр аймақтары бар. Содан кейiн, гирудотерапияда емдiк процесс қоса жүредi. Сүлiк қанды оңай сору үшiн әуелi бойынан гирудин деп аталатын сұйықтық бөледi. Қою қанды сұйылтатын оның құрамында жүзге жуық адам денсаулығына пайдалы ферменттер бар. Сүлiкпен емделу кезiнде ең бiрiншiден, ағзадағы зат алмасу процесi реттеледi. Адамның жүйке жүйесi жақсарып, тәбетi ашылады. Соның есебiнен қорғаныш қабiлетi күшейедi. Гирудотерапияның екiншi балама атауы «сиқырлы ем» делiнедi. Өйткенi, оның түрлi кеселдердi жазудағы жұмбақ сырлары ендi ашылып жатыр, — дейдi ол.

Дәрiгердiң айтуынша,  сүлiк салумен ағзадағы қан айналымы жақсарып, адамның дене қызуы қалпына келедi. Қандағы қант мөлшерi төмендеп, ұсақ қан қатпалары, яғни берiш жойылады, iсiкке қарсы ауырсыздандыру тетiктерi iске қосылады. Гирудотерапия бүгiнгi таңда гинекология, дерматология, хирургия, кардиология, урология, офтальмология, герентология мен неврология салаларында кеңiнен қолданылады. Әсiресе, сүлiк операциялардан кейiн науқастардың тез жазылуына мүмкiндiк бередi. Қансорғыш құрттарды гинекологиялық ауруларға қарсы қолдану барысында әйелдердiң кеселдерден айығып қана қоймай, гормондық зат алмасу процестерiнiң де жылдам қалпына келетiнi байқалған. Сүлiк созылмалы жатыр ауруларының алдын алумен қатар, кей жағдайларда негiзгi ем ретiнде де қолданылады.

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi, мамандар  адамдарға мына жайттардан құлағдар болуы керектiгiн ескертедi. Қан алдырмай тұрып қан қысымын өлшетiп алу қажет. Темекi тартуға, iшiмдiктi пайдалануға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, су мен  тұзы өткiр тамақпен көп қоректенбеген абзал. Мүмкiндiгiнше денеге күш түсiретiн ауыр жұмыстармен айналыспаған жөн. Ең басты қағидасы гигиена талаптарын қатаң сақтап, тәжiрибелi мамандарға қан алдырған  дұрыс.

Тағы бiр ескеретiн жайт, егер адам қан аздықпен ауырса, жүрек талмасы болса қан алдырмаған жөн. Мамандар сонымен қатар, аяғы ауыр әйелдерге, қан қысымы төмен адамдарға және кiшкентай балаларға емделудiң мұндай әдiсiн жасатпауға кеңес бередi.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ.

Оңтүстік Қазақстан газеті, №62-63, 21 cәуір,  2012   жыл.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу