Пікір: Жеткізе айтудың жемісі мол

Халқымызда «Жүректен шықса жүрекке жетеді» деген тамаша бір қанатты сөз бар. Оны жақында жалпы ұлттық республикалық сүйікті газетіміз «Егемен Қазақстанға» Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас муфти, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің сұхбаты жарияланды. Бұл бүгінгідей алмағайып, алғау-далғау ауыспалы кезеңде адамдардың, оның ішінде момын-мұсылмандарға дұрыс бағыт-бағдар беретін, жол сілтейтін, санасын сілкінтіп, көзін ашатын орынды сұхбат болған екен.

Бас муфтиіміз дініміздің нағыз іздеушісі де жоқтаушысы да, әрі насихатшысыда дер едім. «Ислам адамзаттың асыл тәжі» дөп айтып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз тегіміз түркі, дініміз ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін Қасиетті кітап- Құран кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек. Дінімізді, ділімізді, тілімізді сақтау-ұлттығымызды мемлекетімізді сақтау» деп жалпақ жұртқа ашықта, айқын айтқан сөзі есте тұр. Мұхаммед пайғамбарымыдыздың(с.а.у) исі мұсылмандарға арнаған мынадай өсиеті бар: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйренген және үйреткен кісі». Сол өсиетті жүзеге асыруға белсене араласып, осы игі мақсат жолында бойындағы бар білім-білігін, қабілет-қарымын жұмсап жүрген кісілердің Аллаһ тағала алдағы кезде де жолына нұр шашады деген сенімдеміз.
Несін жасырамыз, осы сұхбатта да аталып көрсетілгендей, біздің аға ұрпақ- аға-апаларымыз асыл дінімізді құбыжық етіп көрсету қоғамында өмір сүріп, тәрбие алуына тура келді. Кері тәрбиенің кесірлі ықпалы біраз ұрпақтың санасын улады. Осындайда қазақтың қанатты сөзі «Ауру батпандап кіріп мысқылдап шығады» дегені еске түседі. Бір дәуір жетпіс жылдан астам сананы улаған, тұла бойды меңдеген ауру бірден кете қойсынба, бірте-бірте шығады, тазаланады, жазыларына бек сенеміз. Қазірше адасқан ұрпақ өзінің түсінігінің төмендігінен бөтен діннің жымысқы артынан еріп жүргенін жасыра алмаймыз. Одан шығудың айқын да бірден-бір жолы дінбасымыздың үлгісіне сай ашық сөйлесу, көзін жеткізу, кеңінен түсіндіру болса керек. Осы жолдан танбауымыз, тынбауымыз қажет-ақ. Жоғарыда келдтіргенімдей «жүректен шықса, жүрекке жететінін» басты назарда ұстаған жөн.

Қазақстанның қиыр жері болып саналатын біздің ауданның да өз ерекшеліктері бар. Біріншіден еліміздегі жер көлемі аз болғанымен, тұрғындары аса көп, 300 мыңнан асады деп есептелуде. Бір қуанарлығы олардың дені мұсылмандар, яғни ислам дінін ұстанушылар. Бірақ айналамызды Өзбекстан Республикасы қоршап жатыр. Оларда асыл дініміздің басқа ағымдарын жақтаушылар шыққаны да жасырын емес. Кейде жақын болған соң біздің таяз ойлы жастарымызға да әсері тиіп жатады. Біз қазіргі таңда соны болдырмау жолында күресудеміз. Бұған тек молдалармен ғана емес, ауданның қоғамдық ұйымдарын да тартудамыз. Ауданда өтетін алқалы жиындарға қатысып, сөзге шығу, көпшілік арасында ашық айту өз жемісін беріпте жатыр. Көп жерлерде тойларға ішімдік қоймау, адамды жерлегенде тамақ бермеу, ысырап жасамауға ұмтылушылық байқалады. Десе де біздің тарапымыздан да кемшіліктер бар екенін ашық мойындауымыз керек. Әсіресе, ауыл молдалары жалтақтау, уағыз сөздерін тек жаназа үстінде, не мешітте, намаз кезінде ғана айтумен доғаратындар бар. Дінбасымыз секілді бұқаралық ақпарат құралдарына дейін пайдалану жағы нашар болып жатады. Осы кемшіліктерді жою жолында көбірек тер төгу қажет екенін түсініп отырмыз. Бұлда газеттегі сұхбатты оқыған соң түйіп отырған әсерлер дер едім. Білімдіден шыққан сөз, білімдіге болсын кез деген сөздің ақиқаттығына тағы бір көз жеткізгендей болдық.

Газетте жазылған мақаланы оқыған соң адамға бір ерекше сезім билейді екен. Сөздің құдіреті, сөздің қасиеті деген осы болса керек. Бізге беймәлім талай ғұламаларымыздың есімдерін білдік, іс- әрекеттерімен танысып, ғибрат алдық десеңізші. Дінбасымыздың ғұламалығына, тынбай, ерінбей-жалықпай ізденуінің айқын жемісі екені сөзсіз, сол еңбегі үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Дінбасымыз аман болсын, шығармашылық жолына табыс тілейміз.

Қорыта айтар болсақ, дін асыл қазынамыз, сол қасиетті қазынаға кір жұқтырмау, қара түсірмеу басты парызымыз. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында «Дін-адам жанымен моралінің саласы. Жастарды жалған діни топтар ықпалынан қорғау жөнінен тиімді  шаралар кешенін қалыптастыру қажет» деп талап қойып, міндет жүктеу өзгелер сияқты біздерге де үлкен жауапкершілік жүгін жүктеп отыр. Бұл дегеніміз сөзіміздің салмақты да шынайы, ісіміздің нақты да нық болуын талап етеді деп түсінеміз. Осы мақсат жолында аянбай жұмыс істеуге шақырамын.

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Аудандық «Мақтаарал» газетінің редакторы:

Жолбарыс Тілеуұлы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу