Мұхамеджан Естеміров: «Қызға қырық үйден тыйым»

Дана халқымыз: «Қыз өссе – елдiң көркi, гүл өссе – жердiң көркi»,  «Шешесі отырып,  қызы сөйлегеннен без», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, ата-бабаларымыз қыз баланың тәртібі мен тәлім тәрбиесін жоғары бағалап, қыздарды адамгершілікке, ізгілікке, әдеп-тілікке, ар-ұяттылыққа, нысаптылыққа, мәдениеттілікке, тәртіптілікке, еңбекшілдікке, сұлулыққа, сымбаттылыққа баулып отырған. Әрбір ата-ана Аллаһ тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Дініміз Исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп). «Дүниеге қыз келген уақытта, Аллаһ тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын»,-дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Аллаһтың жәрдемі болады» (Набит бин Шурайттан Табарани риуаят еткен). «Қыздар – олар мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Аллаһ тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» (Анастан Дилми риуаят еткен). Ата бабаларымыз қыз балаларамыз, апа қарындастарымызға тәлім тәрбие беру ісінде асыл дініміздің маржан сөздерін арқау еткені белгілі. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деп аталатын тәрбие бар. Еліміздің ертеңі осы асыл аналарымыз бен қарындартарамыздың қолында екені анық. Солндықтан жастарға тәрбие беруде дәстүрдің озығы мен тозығы бар демекші заман талабына сай озық тұстарын ұтымды пайдалану керек. Қыздарымыздың ибалы һәм иманды, тәрбиелі болуына пайдасы тиер деген оймен ес біліп, етек жиған әрбір қыз өзі барған әрбір үйде мынадай қырық істен тыйылу керек немесе барған үйлері тыю керек деп қараған. Олар:

1. Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе, жалғыз қыдыруға тыйым.

2. Үлкендер алдында жарыса сөйлеуге тыйым.

3. Талтайып отыруға тыйым.

4. Шалқайып жатуға тыйым.

5. Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жеккөрінішіті болмауды әрқашан ойлап жүр.

6. Орынсыз іске ұрынудан тыйым.

7. Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама.

8. Әурет жерлеріңді жауап, ашық-шашық жүруге тыйым.

9. Өзгелерге тіл және қол тигізуге тыйым.

10. Кісіге қарап керілуге, есінеуге тыйым.

11. Дастарқан үстінде әдемі отыр, әдепті сөйле. Орынсыз сөзден тыйым.

12. Ұрлық-қарлыққа тыйым.

13. Жаназа оқылып жаткан жерден айналып кетпе. Адамды жерлеуге бара жатқандардан озба, жолын кеспе.

14. Бұраңдауға, қылымысуға тыйым.

15. Қызыл іңірде жатып, түске дейін ұйықтауға тыйым.

16. Жалқаулыққа, ластыққа тыйым.

17. Кісі алдында қасынуға, киім ауыстыруға тыйым.

18. Аш болсаң да, тоқ болсаң да құдайынды ұмытпа.

19. Бейәдеп сөз айтудан тыйым.

20. Үйге, мешітке, қасиетті орындарға оң аяқпен кіру керек.Үлкендердің  атын атауға тыйым.

21. Ішімдік-шегімдікке тыйым.

22. Ұрыс-керіске тыйым.

23. Беттен алып, төске шабуға тыйым.

24. Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі тәңірінің бұйрығында да жоқ нәрсе.

25. Біреудің байлығына, дүние-мүлкіне, ақшасына сұқтанба.

26. Түнде суға жалғыз баруға тыйым.

27. Жат жыныстылармен араласып жатуға тыйым.

28. Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеме, қозғалма, тұрып кетпе.

29. Тарс-тұрс жүріс, қарқ-қарқ күлкіге тыйым.

30. Ерді қорлауға, зорлауға тыйым.

31. Адамды және жан-жануарларды тебуге тыйым.

32. Бүйірін, жағын таянуга тыйым.

33. Тәкаппарлыққа, сайқы-мазаққа тыйым.

34. Тамақты өз алдыңнан алып же, кісі алдындағы қол созба.

35. Шектен тыс жасанып, сылануға тыйым.

36. Қызғаншақтыққа, күншілдікке тыйым.

37. Менмендік пен өзімшілдікке тыйым.

38. Алдап-арбауға тыйым.

39. Көрсеқызарлыққа, нәпсіқұмарлыққа тыйым.

40. Тойымсыздыққа тыйым.

Осы айтылған маржан сөздерді бойына сіңірген екі дұниенің бақытына бөленері хақ.

 Мұхамеджан Естеміров

Түркия, Болу қаласынан

арнайы «Ислам және өркениет» газеті үшін

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу