Әбдібек Аралбайұлы: «Аңсау»

Жылдар мен айлар,сағат,минуттан құралған-

Өмірден қайтты бақиға жақсы бір адам …

Өзінің халын ойламай күнде Алладан-

Ұрпақтарына өмір мен бақыт сұраған .

Жарқырап тұрған өшті де жанар шырағы ,

Бөтен боп қалды мекені болған тұрағы.

Үйдегі әрбір тұтынған бұйым, тірлігі —

Аңсаған жанның есіне салып тұрады.

Мінезі жайсаң,меймандос жанның бірі еді,

Аңырап қалды артында ері-тірегі.

Қиналып қатты жатса да көнбей ажалға-

Беріспей тулап жатты мен сүйген жүрегі .

Не деген осал ажалға адам баласы ,

Жап-жақын екен бесік пен табыт арасы…

Екі жыл қалған еді ғой «алтын тойға» да

Тасмейір ажал жеткізбегенін қарашы .

Опасыз жалған өтті де кетті жорғалап,

Жарымды жоқтап мен қалдым жасым сорғалап.

Бұл жалғандағы жақыным-жарым кеткен соң-

Қаусырып қайғы жалғызды енді торламақ .

Дауасыз кесел жан-жақтан қысты қабаттап,

Қиналды жаны бір жәрдем күтіп алақтап .

Қолдан түк келмей бейшара болып тұрдым мен,

Ара тұра алмай келген ажалға жалақтап…

Осылай бітті жұбайлық өмір қас-қағым ,

Қызықпай өттік байлығына біз басқаның .

Тап-таза ғажап біз өмір сүрген екенбіз ,

Саралап байқап енді – енді біле бастадым .

Тіршілік мәні , әнім де еді сәнім боп ,

Сол кісі демеп жүрдім мен елге мәлім боп .

Жан шымырлатар тамаша жырлар арнар ем,

Әттең-ай соны үздігіп тыңдар жарым жоқ .

Шақырды-ау ерте атасы менен енесі,

Жетелеп әлде, кетті ме әке елесі.

Көрпесін қымтап жылытар мендей кім енді ?

Сұп-суық көрде жатыр-ау мұздап денесі…

Ол барда жүрдім бұлт шалмай көңіл-аспанды,

Қанағат еттік жалғанға мың сан астарлы .

Білдірмеп еді әкем мен анам жоқтығын ,

Жетімдік нағыз мінекей басталды…

Топырақ мамық торқа боп мәңгі тербесін,

Жаннаттың нұры қабірдің ішін кернесін .

Кемпірдің қалған артында шалдың жағдайын-

Отағасылар, Алла басыңа бермесін .

Сол тілек бірақ,қайтейін,қабыл болмады,

Сор пешенеге жазылған шығар ол дағы .

Жырымды алғаш тыңдаушым еді түнде де,

Тотыдай тынып өтермін енді тордағы…

Қызық жас шақтың куәсі жерге көмілді,

Таусылды мәңгі ғажайып күндер көңілді.

Базары тарқап сүрлеуге соңғы түскенде-

Бағалайды екен адамзат тәтті өмірді .

Аңсайды жүрек қия алмай қиял шарықтап,

Тойымсыз көңіл тағы бір көрмек анықтап.

Әруаққа енді айналған менің Алтыным-

Төбемде, мүмкін, тұрған да шығар қалықтап …

Хош,енді мәңгі аяулым,шабыт-бұлағым,

Басымнан өтті алапат-дүлей бір ағын…

Аурудан шаршап қиналған менің жарыма-

Бере гөр Алла, жұмақтың жауһар тұрағын !..

Әбдібек Аралбайұлы «Түлкібас ата» мешітінің баспасөз тілшісі.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу