Б.Әліпбекұлы: «Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!»

Бейбіт қажы Мырзагелдиев,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

өкіл имамы, дінтанушы

 

Қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын!

Мейірімді, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Мүбәрак Рамазан айы үстіміздегі (2012) жылғы 20 шілдеден 18-тамыз аралығы болып жалғасады.

Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға толық  негіз бар.

Рамазан — барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Бұл ай барша адамзат баласына рахметті ала келеді. Осы айда бір айы бойы ораза тұту парыз етілді. Рамазан айынның фазилаты жайында Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламның хадистері бар.

              Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.

             Рамазан — айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады.

Ораза ұстаған адам Құдайға жақын болады. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қасиеттерге бой ұсынады.

        Бұл айдың кереметтері жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Кімде кім ораза тұтса және Аллаһ разылығы үшін шын ықыласпен мақтанбай тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды» деген.

 

          «Ораза» сөзінің мағынасы

 Араб тілінде оразаны (әс-соум) деп атайды. «Ораза» сөзі тіл саласында «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдіреді.

          «Ораза» сөзінің шариғи мағынасына келер болсақ, ол: құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.                                          

Оразаның негізгі шарттары:

а)  Әуелі рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі; Ниеті: «Ниет еттім қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Аллаһ тағала қабыл етсін, Әмин!» делінеді.

ә)  Таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.

   

Рамазан айының айырықша белгілері:

а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;

ә) Бұл айда ораза ұстау – пенденің  өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;

б) Аллаһ тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.

Оразаның пайдасы:

в) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады. Яғни Аллаһ тағаланы таниды;

г) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;

д) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;

е) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;

ж) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.

 

Оразаны  қандай амалдар бұзады?

а)    Күндіз ішіп-жеу, сусын қабылдау;

б)    Ауыз бекіткен кезде әйелімен жыныстық қатынаста болу;

в)  Әйелдердегі ай сайын келетін етеккір; Бұл кезде ораза ұстау уақытша тоқтатылады.

г)   Ғайбат сөз айту, біреуді балағаттау.

        Ескерту: Білмей тамақ жеп қойған болса, оның оразасы ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта береді. Хадисте: «Кім де кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Аллаһ оның тамақтандырған болады» делінген.

Әйел кісілерге байланысты  тәртіптер:

а)  Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айы өткеннен  соң өтеп береді.

ә) Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.

Қадір түнінің қасиеті

          Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің сұлтаны Қадыр түні.

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадыр кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары  көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған  түн.

            Қадыр кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері  мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді», және де «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».

Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы  бойынша Қадыр кеші рамазан айының 26 -нан 27  қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш — жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.

Тарауих намазы

            Тарауих намазы ер мен әйелге бірдей сүннет мүәккада саналады. Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының  маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын шын ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– деген. Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкаттан тұрады, екі рәкаттан он рет ниет жасап оқиды. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ, үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасын Аллаһ тағала кері қайтармайды. Ата-ананың перзенті үшін жасаған дұғасы. Ораза ұстаған адамның және жолаушының тілегі», – дейді.

Құран оқығанның сауабы

        Аллаһ тағала айтқан: «Рамазан  айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім кітабы адам адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін  жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тиып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады». Жалпы, рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.

Рамазан – мырзалық пен мейірбан айы

       Хадисте: «Кімде кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді» делінген.  Бұл айда әр адам өзінің қал жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе сауабы мол.

Ауызашар және сәресін ішу мәселесі

             «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке  жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» және   «Аллаһ тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді» және бір хадисте «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресіде береке бар» деген.

 

        Оразашының екі қуанышы бар

        Оразашының екі қуанышы бар, бірі кешкісін ауыз ашарда, екіншісі Жаратқан Аллаһ тағаланың алдында тұрған сәтте. Аллаһ тағала айтады: «Адамзат не істесе де өзінікі, бірақ оразадан басқасы, ораза менікі. Мен оның есесін өзім беремін. Ол Мен үшін ішіп-жеуін, нәпсісін тыйды ғой» деген. Аллаһ тағала қиямет күні оразашыны жәннаттың арнаулы қақпасына кіруге шақырады. Хадисте: «Жәннатта сегіз есік бар. Оның бiр есiгінің аты – Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін», – дегенде, олар есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi», – деген.

            Құрметті мұсылман бауырлар! Аллаһ тағала қасиетті Рамазан айындағы оразаларымыздың қабыл етіп, барлық игі істерімізді сауапқа жазып, ел аман жұртымыз тыныш болсын, Әмин!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бейбіт қажы Мырзагелдиев,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

өкіл имамы

 

ҮНДЕУДЕН ТҮЙГЕН ОЙ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет жуырда ғана министрліктер мен түрлі сала жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен жалпы ел халқына алдағы қасиетті Рамазан айына байланысты үндеу арнады. Үндеудің мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 20 маусым күнгі № 336 санында, «Ислам және өркениет» газетінің ағымдағы жылғы санында, т.б. басылымдарда жарияланды.

Дінбасы Өз үндеуінде қазақстандық барша мұсылманды қасиетті айда ораза ұстауға, қайырымдылық жасауға шақыра отырып, негізгі екі мәселеге тоқталды. Оның біріншісі, Рамазан айы барысында сауда, жол, коммуналдық ақы бағаларын қымбаттатпай, керісінше бағаны мейілінше 10 пайызға дейін төмендету болса, екіншісі, үйден, әрбір адамның өзінен арақ-шарапты, харамды барынша аластату.

Дінбасының осынау үндеуі ел көлемінде қабылданады деп үміттенеміз. Өйткені, Аллаға мың сан шүкіршілік, халқымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Ненің жаман, ненің жақсы екенін түсінетін халқымыздың бұл мәселеде қателіктерге жол бермейтіндігі анық.

Қазіргі кезді бұдан 15-20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстыра алмайсың. Шындығында ол кезеңдер елімізде дін жұмыстарының енді ғана жанданып, бел ала бастаған кезі болатын. Бүгінде имандылық қағидаларын оңды түсінген азаматтарымыздың қарасы молайып, мешіттеріміздің саны артып, намазхандарымыздың күннен күнге көбейіп отырған жайы бар. Медреселер мен мешіттердің жанындағы ірілі-ұсақты сауат ашу курстары қалыпты жұмыс жүргізуде.

Дінбасының қасиетті айда харамнан сақтану жөнінде үндеу жасап келе жатқаны бірінші рет емес. Хазірет әр жыл сайын ел халқына осындай үндеулерін жасап отырады. Өз кезегінде олардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылып та жатқаны аңғарылады. Себебі, Рамазан айы ішінде көше бойларындағы кафе-барлар мен мейрамханалардың, тойханалардың, ойын-сауықтық өзге де орындардың тыныс табатындығы белгілі.  Имандылықты ту етіп ұстаған халқымыз да өздерінің жиын-тойларын Рамазан айында жасамайды. Ұлық айды ұлылықпен, пәк күйінде өткізуге тырысады.

 Биылғы жылғы Рамазан айы елімізде өзіндік ерекшеліктермен келіп отыр. Кеше ғана 6 шілде – Астана күні мерекесіне орай, қасиетті жұмада елімізде ғана емес, күллі Орта Азияда теңдесі жоқ «Хазірет Сұлтан» мешіті ашылып, пайдалануға берілді. Мешітті ашқан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір мезгілде 10 мың адам еркін сиятын Аллаһ үйіне осынау атаудың тегін берілмегенін атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінде мешіттің барша түркі дүниесінің ұлы ұстазы болған хазреті сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің есімін иеленуімен Астанаға түркістандық киелі рухтың орнағаны айтылды.

Дінбасының «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 5 шілдедегі № 375-376 санында «Имандылық ұйытқысы. Елбасы салдырған мешіттер» тақырыбымен жарияланған көлемді мақаласында бұл мешіт туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Мешіттің сәулеттік келбеті мен безендірілуінің шығыстық та, ортаазиялық стильде де емес, негізгі классикалық қалыпты сақтай отырып, қазақстандық ерекше стильде салынғаны, құрылыс жұмыстары барысында қазақтың көп салалы ою-өрнектерінің молынан  пайдаланылғаны, дін мен дәстүрдің өзара тоқайласқаны айтылады.

Осы мақаланы оқи отырып, Елбасымыздың мемлекет істерін жүргізуден бөлек, елімізде көптеген мешіттерді салдырып, оған ұйытқы бола білуге уақыт тауып, жұмыс жүргізгенінің куәсі болдық. Республикамызда ондаған ірі мешіттердің салынуына көмек көрсетіп, мұрындық болған мемлекет басшысының осынау үлгісінен өңірлердегі барлық басшылар да өзіндік жол қалыптастырып, дінге деген көмектерін ары қарай да көрсете береді деп сенеміз.

Мешіт – ынтымақ пен бірліктің, бауырмашылдық пен имандылықтың, тазалық пен руханияттың өзара астасатын жері, Жаратушы Аллаһ тағалаға құлшылық жасайтын орын.

Аллаһ үйінің осынау қызметтері мен бағыт-бағдарын әлі де толыққанды түсінбей, жаңсақтыққа барып жүрген кейбір бауырларымыздың мешітті тек намаз оқитын немесе Құран оқытып кететін орын ретінде ұғынатындығы көңіл құлазытады. Ізгіліктің, имандылықтың, тазалықтың, бауырмашылдықтың, ар-ұяттың мешіттен бастау алатынын көзіқарақты әрбір азамат түсінуі тиіс деп ойлаймыз.

Қорытындылай келе айтарымыз, Елбасының дін жұмыстары барысындағы ісі үлгіге, Дінбасымыздың үндеуі жалпыжұртшылықтық қолдауға айналсын! Әрбір қазақстандықтың ісі берекеге, үйі мерекеге толсын деп тілеймін.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу