Хайыз және нифас кітабы – ТЕРМИНДЕРГЕ ҚЫСҚАША ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

1. Парыз - орындалуы нақты, бұлтартпас дәлелдермен бұйырылған іс-әрекетгер мен міндеттер. Мысалы, дәрет алу, күнде бес уақыт намаз оқу, Рамазан айында ораза ұстау, т.б. Парыз амалдары айн және кифая болып екіге бөлінеді.

а) Парыз айн - әрбір мұсылманға тікелей жүктелген, орындалуы міндетті амалдар. Мұндай парыз айн амалдарын біреудің орнына біреу өтей алмайды. Мысалы, күнде бес уақыт намаз оқу, Рамазан айында ораза ұстау т.б.

ә) Парыз кифая — мұсылмандарға бөлек-бөлек емес, жаппай бұйырылған істер. Сондықтан мұны кейбір мұсылмандар орындаған кезде өзгелер бұл жауапкершіліктен құтылады. Егер ешкім орындамаса, барлық мұсылмандар кінәлі болады. Мысалы, жаназа намазын оқу, Құран Кәрімді жаттау, біреуге куәгер болу, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю, қоғамға қажетті мамандықты игеру т.б.

2. Уәжіп - орындалуы дәл парыз амалы секілді талап етілмеген, бірақ қуатты дәлелдермен анықталған іс-әрекеттер мен уазипалар. Мысалы, үтір, айт намаздарын оқу, құрбан шалу, т.б.

3. Сүннет - жаксы мінез, жол, Аллаһ Тағаланың заңы, үйреншікті жолы. Терминдік мағынасы — Пайғамбарымыздың (с.а.у) парыз бен уәжіптен бөлек өзі жасаған, кейде «жасаңдар» деген және бір кісінің жасап жатқанын көріп, оны орындауға өз ризалығын білдірген іс-әрекеттері. Сүннет үш түрге бөлінеді:

а) Бекітілген сүннет (Суннат муәккәдәһ) -Пайғамбарымыздың (с.а.у) үнемі істеп, анда-санда тәрк еткен парыз немесе уәжіп емес амалдары. Мысалы, таң, бесін, ақшам намаздарының сүннеттері, дәрет алған кезде ауызға су алу, мисуак пайдалану т.б.

ә) Бекітілмеген сүннет (Суннат ғайру муәккәдәһ) — Пайғамбарымыздың (с.а.у) көбінесе орындап, кейде орындамаған сүннеттері. Екінті (аср) және құптан намаздарының алғашқы төрт рәкәғат сүннеттері т.б.

б) Артық сүннет (әз-Зәуәид) — Пайғамбарымыздың (с.а.у) өзінің күнделікті іс-әрекеттері мен әдептілік амалдары. Мысалы, тамақ ішіп-жеу, киінуде ұстанған жолы, ақ киім киюді қалауы, шаш пен сақалын қынамен бояуы, әр нәрсені оң жақтан бастауы т.б.

4. Мұстахаб - ұнамды, жағымды амал. Пайғамбарымыздың (с.а.у) кейде жасап, кейде жасамаған, бұрынғы өткен салихалы кісілер ұнатып жасаған істер. Мысалы, дуһа намазын оқу, таң намазын айналаға жарық түскенге дейін, жаздың ыстық шілдесінде бесін намазын салқын түскен уақытқа дейін кешіктіріп оқу, т.б.

5. Мубах - Аллаһ Тағаланың немесе Пайғамбарымыздың (с.а.у) істеп-істемеуді мұсылманның өз еркіне калдырған істері. Сондай-ақ, фиқһ кітаптарында жиі кездесетін «халал», «жәйіз» және «мутлақ» сөздері де осы мубах терминімен бірдей мағынада қолданыла береді. Мысалы, тамақ уакыты мен түрін таңдау т.б.

6. Харам - Ислам дінінде орындалуы мен пайдаланылуына қатаң түрде тыйым салынған іс-әрекеттер. Мысалы, кісі өлтіру, құмар ойындарын ойнау, ғайбат сөйлеу, арақ-шарап ішу, біреуге жала жабу, зина жасау т.б. Харам тікелей немесе жанамалы болып екіге бөлінеді:

а) Тікелей харам (харам лизатиһи) — заттың немесе іс-әрекеттің өзінің затына тән жамандығы мен ластығы себепті харам етілуі. Мысалы, зина жасау, ұрлық қылу, өлген хайуан етін сату, доңыз етін жеу, арақ-шарап ішу, өз туысына үйлену т.б.

ә) Жанамалы харам (харам лиғайриһи) — негізінде адал болғанымен харам етілуі сыртқы, уақытша себептерге байланысты болған іс. Мысалы, әйелдің әурет жеріне қарау, жұма намазы кезінде жұма намазы міндетті ерлерге сауда-саттық жасауға тыйым салынуы.

6. Мәкруһ - Алла Тағала мен Пайғамбарымыз (с.а.у) істелуіне нақты және тиісті түрде тыйым салмаған, бірақ орындалуы ұнамсыз, жағымсыз іс-әрекеттер. Мысалы, дәрет алғанда, жуынғанда суды ысырап ету, дәрет алу кезінде орынсыз сөйлеу, т.б. Мәкруһ амалдар харамға жақын және адалға жақын мәкруһ болып бөлінеді:

а) Харамга жақын мәкруһ (тахримән мәкруһ) — Алла Тағала мен Пайғамбарымыз (с.а.с.) істелінуіне нақты тыйым салған іс .

ә) Халалға жақын мәкруһ (тәнзиһан мәкруһ) — Алла Тағала мен Пайғамбарымыздың (с.а.у) тыйымы нақты болмаған істер. Мысалы, намаз оқу үшін мешітке баратын адамның пияз немесе сарымсақ жеуі. Біздің мазһаб бойынша харамға жақын мәкрүһ уәжіптің, ал адалға жақын мәкрүһ мәндубтың антонимі ретінде қарастырылады.

7. Муфсид - басталған бір құлшылықты бұзатын іс-әрекет. Мысалы, намаз оқып тұрып сөйлеу, ораза екенін біле тұра тамақ ішіп-жеу т.б.

8. Рұқсат - жеңілдік, Алланың құлдарын кешіруі және кажеттілікке байланысты уақытша жарамды үкімдер.

10. Шариғат - құлшылық амалдар және жазаға байланысты діни үкімдер жиынтығы.

11. Мужтаһид – діннің фиқһ саласын терең меңгерген, заман талаптарына сай Құран және Сүннеттен дәлелдер келтіре отырып, үкім шығаруға қабілетті жететін ғүлама.

12. Мүкәлләф - діни бұйрықтар мен тыйымдарға жауапты болған ақыл иесі, дені сау әрі балиғат жасына толған мұсылман.

13. Әһли суннә уәл-жамәъә (сүнниттер) — Құран Кәрім мен Пайғамбар сүннеті негізінде амал ететін мұсылмандар.

14. Илмул-кәләм - иман негіздерін зерттейтін дін ғылымы.

15. Истинжә - үлкен және кіші дәрет сияқты нәжіс, лас нәрселердің шыққан жерлерін тазалау.

16. Мутахайира - сырқаттығы немесе аңдамауы себепті етеккірі келетін күнді ұмытқан әйел.

17. Истихаза (үзір қаны) — жатырдың ішіндегі тамырдан сырқатқа байланысты етеккір не нифас мерзімінен тыс уақытта келетін қан.

18. Истибра - кіші дәрет сындырғаннан кейін оның қалған тамшыларынан тазалану. Бұл жүру, жөтелу немесе сол жаққа жантаю, ия болмаса аяқтарды қимылдату, секіру және т.б. қимылдармен орындалады.

19. Мадмада - ауызды сумен шаю.

20. Истиншақ - тазалау үшін мұрынға су алу.

21. Истинсар - мұрынға алынған суды сіңбіріп тастау.

22. Үзір - дәретті тоқтаусыз бұзатын дененің мазасыздығы.

23. Фарсах - ертедегі ұзындық өлшемі. Үш мильге, яғни 5544 метрге тең.

24. Мазһаб - діни мектеп, ілім, түсінік.

25. Мәзи - шәһуатпен ойлану кезінде немесе төсек қатынасында жыныстық мүшеден шыққан жеңіл ақ сұықтық.

26. Мәни - жыныстық мүшеден шәһуәтпен атылып шыққан қою ұрық сұйықтығы.

27. Фиқһ - бір адамның өзіне пайда немесе зиян болатын амалдық үкімдерді білуі. Тағы бір анықтамасы: кісінің нақты дәлелдерге сүйене отырып, құлшылықтарға, амалдарға және жазаларға қатысты шариғат үкімдерін егжей-тегжейлі білуі.

28. Фақиһ - фиқһ ілімінің білгірі.

29. Мәсих - (арабша «сүрту» ).Дәрет алғанда бастың ширегіне, аяққа киілген мәсіге т.б. сулы қолмен сүртіледі-мәсіх тартылады.

30. Мисуак - ағаштың жас бұтағынан жасалынатын тіс тазалайтын таяқша. Мисуакпен тіс тазалау-сүннет.

31. Ижмәъ - (арабша «жинау») фиқһ ғалымдарының белгілі бір мәселеде бір тоқтамға келуі.

32. Ифтитах тәкбірі - (арабша «ашу») намаздағы алғашқы тәкбір.

33. Истиғфар - (арабша «кешірім сұрау») Алладан кешірім,жарылқау сұрау.

34. Иддет - (арабша «бірнеше, мерзім») талақ етілген немесе ері қайтыс болған әйелдің күтетін уақыты.

35. Тәйәммум - (арабша «қалау, ниет ету») су болмаған жағдайда таза жер жынысымен бет пен екі қолды сипау.

36. Нәжәсәт – нәжіс сөзінің көпше түрі. Намаздың дұрыс болуына кері әсер ететін нәрселер.

37.   Хәдәс - дәретті бұзатын нәрселер. Екіге бөлінеді:

а) Кіші хәдәс — адамның алдынан және артынан шығатын нәжістер.

ә) Үлкен хәдәс — жыныстық қатынас пен денеден ұрықтың шығуы.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: 

Пікір жазу