ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ: Үндеуге үн қосқандарға үлкен алғысымды білдіремін

ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ, 

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ  МЕН

ОРТА АЗИЯ МҮФТИЛЕР  КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ,  

БАС МҮФТИ 

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Міне, көптен күткен ұлық ғибадат – ораза да бітіп, халқымыз айт мерекесін тойлағалы жатыр. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, шілде мен тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ықылысты пенде үшін кез келген құлшылық жеңіл. Өйткені, Алла тағала мүбәрак Құранда құлдарына жеңілдік қалайтынын баяндаған.

Қасиетті Рамазанның қарсаңында министрліктер мен түрлі сала жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен жалпы ел халқына жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын. Биыл да осынау мүбәрак айда түрлі мекеме басшылары мен кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жаратушы Иеміздің мейірімін тілеп, азық-түліктің, қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердің, киім-кешектің, құрылыс заттары мен жанар-жағар майдың, мектеп формасы мен оқулықтарының, демалыс лагерлері мен шипажайлардың, мейрамханалар мен асханалардың бағасын 10 пайызға түсіріп, жеңілдік жасауға шақырдым. Қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық қызмет төлемақылары мен телекоммуникациялық байланыс тарифтері де осылай төмендетілсе деген тілек білдірдім. Ол еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Осы орайда үндеуге үн қосып, игі бастамаға қолдау білдірген жанашыр азаматтарға алғысымды айтқым келеді. Үндеу жолданған күннен кейін көп ұзамай Жамбыл облыстық ауруханасы қасиетті Рамазанның құрметіне науқастарға бір күн тегін тексеруге жағдай жасағаны жайлы хабар жетті. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының «Таң такси» ЖШС жұма күндері сағат 13:00 мен 14:00 аралығында жұма намазына баратын намазхандарды тегін тасығаны туралы жағымды жаңалықты естіп қуанып қалдым. Сонымен қатар Ақсай мен Орал қаласына қатынайтын таксилер де жолақысын 30 пайызға дейін төмендеткені көңілімізге қуаныш сыйлады. Мұндай мысалдарды көптеп айта беруге болады. Бір Алматы қаласының өзінде 100-ге жуық кәсіпорындар бағаны төмендеткенінен хабардарлмын.  Бір сүйсінерлігі, өзге ұлттың өкілдері де үндеуге қолдау білдірді.

Әу баста кәсіпкерлер бұл бастамаға қалай қарайды екен деген ой болған. Тіпті маған: «Мүфти хазрет, неге 10 пайыз, 30 пайыз демейсіз бе? Мен 30 пайызға дейін төмендетуге шамам келеді», – деп ізгі ниетін білдірушілер де көптеп кездесті. «Қоғамда иманды азаматтарымыз баршылық екен ғой» деп шат-шадыман болдық.

Халықтың қамы үшін бағаны төмендетіп, үндеуге қолдау білдірген ел азаматтарына алғысымды айтамын. Алла тағала ол кісілердің жұмысына береке беріп, баршамызды екі дүниенің бақытына бөлегей!

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу