Руслан ҚАМБАРОВ: Пайғамбарымызға жасалған пасықтық

Атың шықпаса, жер өрте
Қазақ атам: «Атың шықпаса, жер өрте», – дейді. Бұл елге пайдамды тигізейін немесе жақсылық жасайын деп емес, арам пиғылмен жұртты дүрліктіретін пасық жан-дарға қаратыла, кейіп айтылған айыптау сөз.

«Құдайдан безгеннен без» дегендей арам пиғылды адамдар үшін ешбір қастерлі ұғым, қасиетті дүние жоқ. Мұндай пасықтар айыр тілімен пәк жандардың ар-намысын шағып, рақат алады. Солардың бірі деп «Мұсылмандар пәктігі» атты бейнефильмді түсірген арандатушыны айтуға болады. Өйткені, ол адамзаттың ең ардақтысына тіл тигізді.

Әлем жаралғалы Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қадірлі жанға тіршілік атауы куә болмағаны хақ. Жердің бетін басқан ең ардақты да ең абзал жан сол. Мұхаммед (с.ғ.с.) – Құдай тағаланың ең сүйікті құлы. Пайғамбарлардың мырзасы. Екі дүние сұлтаны. Оның ар-намысының пәктігіне, жүрегінің адалдығына қас дұшпандарының өзі куә болған.

Бұл арандатушылық бір діннің екінші дінге жасаған қысастығы емес. Ол өз дінін шынайы құрметтейтін адам да емес.

Себебі, Құран Кәрімде Иса (ғ.с.) өз үмбетіне сүйіншілеп: «Сол уақытта Мәриям ұлы Ғиса (ғ.с.): «Әй, Израил ұрпақтары! Шын мәнінде мен, сендерге Алланың Елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін «Ахмед» атты пайғамбарменен сүйіншілеймін», – деген…» («Саф» сүресі, 6-аят), – деп айтқан ескертпесі бар. Сондықтан да өз пайғамбарын ардақтайтын, өз иләһи кітабын қадір тұтатын, өзін құрметтейтін христиан өкілі бұл сүйінші хабарды біледі һәм арандатушылыққа бармайды.

Сонымен бірге, аталған жағымсыз бейнефильм де ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) абы-ройына ешбір нұқсан келтіре алмайды. Өйткені, Алла тағала қадірлі еткен жанның абыройына ешбір пенде дақ түсіре алмаса керек.

Оның абыройы асқақ
Ибн Һишамның «Сиратун набауия» еңбегінде құрсағына бала біткен Әминаға түсінде: «Расында сен адамзат төресіне жүкті болдың. Дүниеге әкелсең: «Жалғыз (Аллаға) сыйынамын, әрбір көре алмаушыдан сақтасын», – деп дұға ет те, есімін Мұхаммед қой», – деп аян берілгендігі айтылған.

Иә, «Мұхаммед» – мақтаулы деген мағынаны білдіреді. Ол адам баласының ең қадірлісі. Құран Кәрімде: «Сенің абыройыңды көтермедік пе?» («Шарх» сүресі, 4-аят), – деп айтылған.

Бұл аят жөнінде Ибн Касир тәпсірінде Қатада: «Алла тағала оның есімін бұл дүние мен ақыретте биік етті. Өйткені, сөз бастаушы, тілін кәлимаға келтіруші, намазға мұсылмандарды үндеуші: «Мен Алла тағаладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етемін», – деп оның (пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімін атаумен бастайды», – дейді.

Әбу Сағид (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Маған Жәбірейіл келіп: «Менің және сенің Раббың: «Сенің есіміңді қалай биік еттім, білесің бе?», – деп сұрады. Мен: «Алла білуші», – дедім. Ол: «(Алла тағала) Менің атым аталса, сенің де атың ескеріледі», – деп жауап берді», – деп айтылған.

Мұсылман баласының ұранында «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі» деп оның аты Жаратқанның есімімен бірге ауызға алынады. Сонымен қатар, ұлық құлшылық намазда да пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аты аталып, оған салауат пен берекет дұғасы оқылады. Міне, бұл пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәртебесінің ұлықтығына ең үлкен айғақ.

Осы мағынаны қоштап ақын сахаба Хассан бин Сабит (р.а.):
«Қосты Алла пайғамбар атын
Өз есіміне,
Азаншы бес уақытта
«куәлік етем» деген кезде.
Ұлық ету үшін Өз атынан
бөліп берді,
Ашр Иесі Махмуд,
ал ол Мұхаммед еді», – деп жырлаған.
Иә, бес уақыт намазға шақырушы азаншы да Алла тағаладан басқа құлшылыққа лайық тәңір жоқ екендігін айтқан соң, «Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік етемін» деп жар салады.

Ал, «Мұхаммед» Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі – Махмуд (мақтауға ең лайықты Зат) есімінен туындаған.
Расында, дұшпаныңның өзі ұрпақсыз қалады.

Жаратқан Алла пайғамбары-мыздың (с.ғ.с.) есімін әуелгі және кейінгі үмбетке мәртебелі етті. Өйткені, барлық пайғамбарларға соңғы елшіге иман етуді және өз қауымын да соған шақыруды бұйырған. Сондықтан, пайғамбарлар сардарына тіл тигізу үлкен күнә. Салдары өте ауыр. Мұндай пасықтық әрекетке барған бейбақ екі дүниеде де опық жейді. Бұл Алла тағаланың уәдесі. Құран Кәрімде: «Расында дұшпаныңның өзі ұрпақсыз қалады» («Кәусәр» сүресі, 3-аят), – деп уағда еткен.

Жоғарыдағы аяттың түсу себебі ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұлы шетінеуімен байланысты. Мекке мүшріктері Ас бин Уайл, Уқба бин Әбу Муғит бұған: «Оны қойыңдар, ол ұрпақсыз адам, ізбасары жоқ. Егер қайтыс болса, аты өшеді», – дейді. Бұл аят осыған жауап боп көктен түскен уахи еді.

Тәпсіршілер аят сол кезде пайғамбарға тіл тигізген адамдарға және де келешекте тіл тигізбек болғандарға қаратыла айтылған иләһи пәрмен екендігін баяндаған.

Түйін
Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қиссасындағы құмырсқа уақиғасы естеріңізде болар? Құдайдан безген қауым жас Ибраһимді лаулаған отқа лақтырады. Алланың пайғамбарына жәрдем етпек болған жәндік аузына су алып, таудай жалынды сөндірмекке әрекет етеді. Құмырсқаның бұл қимылына таң қалған басқа жандар: «Сенің қауқарың жетпейді, қой», – дегендей сөздер айтады. Сонда құмырсқа: «Менің міндетім – шама-шарқым жеткенше оны қорғау, қалғанын Аллаға тапсырамын», – деген екен.

Мұсылман бауырлар, сіз бен біздің міндетіміз де өз шамамызша пасықтарға жауап беру. Пай-ғамбарымызды (с.ғ.с.) қорғап сөз айту. Жауапсыз қалу – ең әуелі иманымызға сын.

Анас бин Малик (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ешбірің мені өз ата-анасынан, бала-шағасынан және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше (кәміл) иманды болмайсыңдар», – деген. Иә, кәміл иманды болмақ үшін әз-пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жанымыздан артық сүюге міндеттіміз. Бұл дегеніңіз – оның (с.ғ.с.) сүннеттерін сүйіспеншілікпен орындау және ғибратты ғұмырын сүйсіне оқу, басқаларға да оны үлгі ету.

Ал, дін және пайғамбар сияқты қасиетті ұғымға тіл тигізген әрбір пасыққа: «Олар Алланың нұрын ауызбен өшіруді қалайды, кәпірлер жек көрсе де, Алла нұрын тәмамдайды» («Саф» сүресі, 8-аят), – деген Құран Кәрім аятымен жауап бергім келеді.

Руслан Қамбаров,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Ислам және өркениет газеті

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники


Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


7 − 5 =