Б.Қалдаров: Келеңсіздіктермен күресті өзіңнен баста

Адам қауымдасып өмір сүретін жаратылыс. Қазақта мұны «адамның күні адаммен» деп тамаша жеткізген. Сондықтан қоғамды адамның денесіне ұқсатуымызға болады. Қандайда бір мүшеңнің ауырсынуы бүкіл тұла бойыңа әсер еткені сияқты, қоғамда орын алған қандайда бір келеңсіздік міндетті түрде айналасына әсер етпей қоймайды.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастар арасындағы қылмыстық істердің қатары күн сайын өсіп келеді. Бірін-бірін пышақтау, атыс-шабыс сияқты араздастықтардың арты орны толмас қайғылы оқиғалармен аяқталып жатыр. Олар бүткіл өмірін болмашы ғана ашу-кектің тізгініне ұстатып, қас қағым сәтте гүлдей өмірін күлге айналдырып алғанын байқамай да қалады. Осындай келеңсіз істерге барғанда ертеңгі күнін мүлде қаперден шығарып, өзін ғана ойлайды. Бірақ ол әрекетінің бір қауым елге кесірі тиетінін, яғни ата-анасы, туған-туыстары, жолдастарына да опық жегізетіні ұмыт болып қала береді. Міне, басты мәселе осында. Бірдің кесірі мыңға тиедінің кері келеді. Осылайша ол өз туыстары ғана емес, барша елді дүр сілкіндіріп, назарын өзіне аудартады. Мұның кейде кейбір келте ойлайтын, өмірге бей-жай қарайтындар үшін өмірлік үлгі болатыны тағы бар. Сондықтан ел арасындағы туындап жатқан келеңсіздіктердің алдын алып дереу емделмесе күндердің бір күні дәл сондай келеңсіздік сіз бен біздің шаңырағымыздан сығаламайтындығына ешкім де кепілдік бере алмайды. Мына бір ғибраты мол мысал қарап отырудың опық жегізетінін көрсетеді:
Қабырғаның жарығынан қараған тышқан, қожайын мен әйелінің бір қорапты ашып әбігерге түсіп жатқанын көреді. «Ішінде жейтін нәрсе бар ма?» деп аңдып тұрғанда, ол тышқанның қапқаны болып шықты. Дереу бақшаға қарай жүгіріп, хабарландыру берді:
Үйде қақпан бар!
Үйде қақпан бар!
Тауық қыт-қыттап, басын көтерді де:
- Оу, тышқан-ау маған не дейсің. Ол сенің басыңа туған үлкен пәлекет. Оның маған түйірдей де зияны жоқ қой, — деді.
Тышқан зарын қойға айтады:
Үйде қақпан бар!
Үйде қақпан бар!
- Өкінішке орай менің қолымнан ештеңе келмейді. Бірақ саған дуға қылғаннан басқа шарам жоқ, — дейді.
Амалы таусылған тышқан зарын өгізге айтады:
Үйде қақпан бар!
Үйде қақпан бар!
Өгіз де:
- Тышқан-ау, саған жаным ашығаннан басқа ештеңе істей алмаймын. Оның үстіне мұның маған ешқандай қатысы да жоқ, — деді.
Тышқан басын жерге басын салбыратып қайтудан басқа амалы қалмады. Ол енді сол қапанға түсіп қалмаудың амалын тауып алысуды ойлады.
Кешкісін үйден айқайлаған ащы дауыс шықты. Қапқанға біреу түскендей болды. Дауыс шыққан жаққа қарай жүгірген бағбанның әйелі қараңғыда қақпанға улы жыланның құйрығы қысылып қалғанын көрмей қалады. Жылан оны шағады. Бағбан әйелін ауруханаға жеткізеді. Әйелі үйіне әлсіз күйде жеткізіледі. Дене қызуы көтерілген әйелге жеңіл-желпі тамақтан басқа беруге болмайтынын түсінікті. Тауықтың жылы сорпасы. Дереу тауықты қазанға салып, қайнатады. Жылан шағып алған әйелдің жағдайын сұрап келушілер көбейгендіктен қой союға тура келеді. Бірақ жағдайы күннен күнге нашарлап, өлімге алып барады. Ақыры келген қонақтарға өгізді сояды. Ал тышқан осы болған жайттың барлығын сырттай бақылап қана отырыпты.
Сондықтан ол менің шаруам емес деп қол қусырып отырмай қоғамдағы келеңсіздіктермен күресу әрбір жанның міндеті. Аллаһ Тағала Рағыд сүресінің 11- аятында мынадай бір заңдылықты білдірген:
«Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Аллаһ, оны өзгертпейді». Қауымның өзгеруін адамның әрекетіне қалдырған. Егер орын алған олқылықтармен өзіміз күреспесек, әрекет бізден болмаса кері кетеріміз сөзсіз. Ол үшін ең алдымен қауымның әрбір мүшесі өзінен бастауы керек. Әнфал сүресінің 8- аятында былай деп келеді: «Өзін өзгерпегенді Аллаһ өзгертпес». «Мен қоғамға қандай көмек бере аламын» деп айту үшін де адамның іштей дайындығы, өзгеруі қажет. Яғни өзінің өзгеруі тиіс. Мұндай адамдар істің ретін тауып, босқа уақыт жоғалтпайды. Ойымыз түсініктілеу болу үшін істің ретін шатастырып әуреге түскен кісінің өмірден түйгенін келтіре өтелік: «Мен бойымда қаным тулап тұрған жас кезімде, яғни есепсіз арман-қиялдың тереңіне сүңгіп жүргенімде дүниені өзгерткім келді. Жас келіп, бойдан әл-қуат кете бастағанда дүниені өзгерте алмайтындығыма көзім жеткендей болды. Сосын жастықтың әсерімен туындаған арман-қиялдарымды кішкене азайтып, өз мемлекетімді өзгертсем де жетер деген шешімге келдім. Бірақ ол да өзгеретінге ұқсамады. Бойымды кәріліктің дерті билеп, оны мойындаған шағымда бойымдағы бар күш-жігерімді жинап, тек қана жанұямды, өзіме табын адамдарды өзгертуге тырысып көрдім. Бірақ өкінішке орай, бұл әрекетімнен де түк шықпады. Ал дәл қазір өлімнің аузында жатқанымда, алдымен өзімді өзгерткенімде ғой, оларға үлгі болып жанұямды өзгертуге болатындығын аңғардым. Кім біледі бәлкім дүниені де өзгертуге болар еді». Міне, өзін өзгерте алған адамдардан құралған қоғамның Аллаһтың алдында мәртебесі өсіп, үлгілі қоғамға айналары хақ.
Ендеше Аллаһтың түсірген Құран Кәрімнің белгілі бір адамдардың оқитын кітабы емес, адамзатты тәрбиелеу үшін жіберілгенін ұғынып, сондағы көрсетілгендермен жүрер болсақ, бәрі де жолға қойылған болар еді. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай делінген:
«Мен сендердің көздеріңе көрінетін нәрсемен де, көрінбейтін нәрсемен де ант етемін. Құран, сөз жоқ, мәртебелі Аллаһтың сөзі.
Ол – ақынның сөзі емес, ал сендер оған өте аз сенесіңдер.
Ол – сәуегейдің де сөзі емес, ал сендер оның тағылымын аз тыңдайсыңдар.
Ол – күллі әлемнің иесі тарапынан түсірілген.
Егер (пайғамбар) бізге кейбір сөздерді бұлғақтатса, сөз жоқ, біз оны қатты жазалар едік. Біз оның күре тамырын қияр едік, сендердің ешқайсың да оны құтқарып қала алмас едіңдер.
Құран, сөз жоқ, тақуалар үшін тағылым-насихат». (Хаққа 69/38-48)

Төлеби ауданының бас имамы Б.Қалдаров

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу