Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Ибраһим Пайғамбардың сүннеті»

Ибраһим Пайғамбардың сүннеті…

Әбсаттар қажы Дербісәлі

Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың [1] кімнің ақ екенін анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығы қабыл болғандығы айтылады [2]. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаһқа ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуіріне дейін келіп жетті.

Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Аллаһ Тағалаға жалбарынады. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген қарттық шағында қабыл болмасы бар ма?! Зарыға күткен перзенті сондай тәтті, қылықтары да тым сүйкімді. Өзіне қолғабыс етуге жарап, қуанышы мен көзайымына айналған кез еді. Күндердің бірінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқандығын көрді. Өз бауыр етің балаңды өз қолыңмен өлімге қайтіп қиярсың?! Мына түстің мұншалықты мысымды басқаны несі?! Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жеткізген Ибраһим пайғамбар бұл белгіні орындауға бекемденді. Не де болса нар тәуекел! Аллаһтың берген жаны Аллаһқа аманат.

Баласына мейірлене көз тастады. Көңілі толқып, жүрегі елжіреп қоя берді. Әттең-ай, бала деген мұншалықты ыстық болар ма?! Жоқ! Шайтанның азғыруына көнбеген жөн. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз орындалуы тиіс. Көңілін көптен қобалжытқан жайды баласына ретін тауып айтпақшы болып оқталғаны сол еді, тұтығып, тілі күрмеле берді. Ақыр соңында тәуекелге бел буды. «Балам, түсімде Аллаһтың әмірімен сені құрбандыққа шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?» – дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді. Жүзіне тесіле қараған күйі: «Әкетай, еш тартынба! Хақ Тағаланың бұйрығын не болса да орында. Мен де сабырлық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет!», – деді қасқая.

Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес, Ұлы Жаратушыдан келгенін жете ұғына білді. Сол үшін де қыңқ деместен, кессең мойным міне деп пышаққа түсті. Әттең, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Сонда да жалтармады. Аллаһтың әміріне толықтай мойынсұнды. Соңында сын-сынақтан да сүрінбей өтті-ау. Аллаһтың өзі аян білдірді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!». Иә, Аллаһ Тағала сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады. Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Әйтпесе, Аллаһ тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Аллаһ Тағалаға құлының ақ-адал ниеті мен кең пейілі-ақ жеткілікті. Иә, солай. Қартайып көрген қызығы, жалғыз тұяғы, асылдың сынығы, құлдығы Исмайыл үшін Ибраһим (а.с) нені де болса құрбан етуге бар еді. Өйткені, оны өте қатты жақсы көретін. Ал Аллаһқа деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда басым болуы керек еді. Аллаһ соны ұқтырды. Аллаһ жолында, Аллаһтың үкімін орындауда басқа дүниелік ештеңенің оның орнын баса алмайтындығын көрсетті. Бұл сынақтардың ең ауыры еді. Бірақ ең мағыналысы да [3].

Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазірет Мұхаммедке де (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жетті. Осы кезден бастап құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылықтың түріне айналды.

Мекке кезеңінде түскен «Кәусар» сүресінде «Расында біз саған Кәусарды бердік. Ендеше, сен де (осы жақсылыққа шүкіршілік ретінде) Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» [4] деген бұйрық бар. Осы бойынша дұха (сәске) намазын [5] оқу және құрбан шалу әуелі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жеке өзіне парыз етілген болатын [6].

Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жатқан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді [7]. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, жергілікті халықтың бұрыннан келе жатқан екі мерекесі бар еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол мерекелердің мәнін білуге құмартты. Олар бұрынғы жәһилия кезінен бері осы күндерде мерекелеп, көңіл көтеретіндіктерін айтты. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Аллаһ тағала осы екі мерекенің орнына одан да артық екі мейрам сыйлады, олар: құрбан айт пен ораза айты», [8] – деп ендігі жерде мұсылмандардың мерекесі осы екі күн екендігін ұқтырды. Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар сүйікті ұлы құрбандықтан аман қалғанда қуанып, осы күні мерекелеп, өзіне түсірілген қошқарды құрбандыққа шалғандығын жоғарыда атап өттік. Ал, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) еркек кіндіктінің орнына «Кәусар» [9] берілгендігі әрі сол үшін шүкір ретінде намаз оқып, құрбандық шалу арқылы осы күнді атап өту керектігі аят арқылы білдірілген. Яғни, Ибраһим пайғамбарға өзінен тарайтын екі ұрпақ берілсе [10], Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) иман жолы арқылы шынайы ұрпағы, яғни үмбеті сый ретінде берілді. Кәусардың мағынасы «үмбеттің көптігі» дегенге саятындықтан, бұл жоғарыда айтылған сөзге нақты дәлел бола алады. Ұрпағын жалғастыратын Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өз ұлдары шетінеп кете бергенімен, миллиардтаған үмбетінің өзі оған шынайы ұрпақ болды [11].

1. Адам атаның (а.с.) екі ұлы
2. Мәида, 5/27
3. «Құрбан айт» кітапшасы, 2007ж.
4. Кәусар, 108/1-1-2
5. Күн найза бойы көтереліп тас төбеге жеткенге дейінгі кезеңде
оқылатын нәпіл намаз
6. Зейлаи, Насбур-раиә, 4/206
7. Әбу Дауд, Адахи 1; Нәсәи, Дахаиа 2; Муата, Тахара 113
8. Әбу Дауд, Салат 239,245; Нәсәи, Ыйдәйн 1; Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, 3/103
9. Кәусар — араб тілінде «көп, мол» дегенді білдіреді. Осыған байланнысты кейбір тәпсір ғалымдары аяттағы «кәусар» сөзін мұсылман үмметінің көптігі деп түсіндірсе, кейбір ғалымдар жұмақтағы «кәусар» атты өзен деп тәпсірлеген.
10. Ысқақ пен Исмайыл
11. М. Хуб, Хер йөнииле құрбан, Измир, 2006, 32-33-б.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу